22 Қыркүйек, 2010

Кедейшілік негізі – жұмыссыздықта

749 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Газеттің кешегі нөмірінде хабарлағанымыздай, 20 қыркүйек, дүйсенбі күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 65-ші сессиясы өз жұмысын бастады. Оған 140-қа жуық елдің мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ бірқатар мемлекеттің сыртқы істер министрлері қатысуда. Ал қазақстандық делегацияны Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастап жүр. БҰҰ Бас Ассамблеясының 65-ші сессиясы ашық деп жария­ланған соң, сессия отырысына төрағалық етуші швейцариялық Иозеф Дайстың хабарламасынан бұл сессияда осыдан он жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі Мыңжылдық саммитінде қабылданған құжат – Мыңжылдықтың даму мақсаттары негізгі тақырып болатыны бірден аңғарылды. Көп кешікпей сөз БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға берілді. Тәжірибелі саясаткер регламент­тен аспай, өзінің ой-тұжырымын сал­мақтылықпен ортаға салды. Бас хатшының атап өтуінше, осы еңселі ғимаратта осыдан 10 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі саммиті өтті. Онда ұйымға мүше мемлекет­тер­дің басшылары Мыңжылдықтың даму мақсаттарын нақтылап, мем­лекеттер өздеріне міндеттемелер қабылдады. Содан бергі уақыт ішін­де кедейшілікпен күрес, ба­ла­ларды мектепке тарту, ана мен ба­ланың өлімін қысқарту бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Шешен сондай-ақ шешімін күткен мәселелердің бар екеніне де тоқталды. Бас хатшының сөзіне қарағанда, кейбір мемлекеттердің халқы аштықтан әлі арыла қойған жоқ. Жас балалар мен қыздар ауыр жұмыстарға жегіледі. Осыған байланысты Пан Ги Мун осы жылы Африкадағы оншақты елде сапармен болғанын, ондағы жағдайдың қиын екенін, олар көмекті қажет ететінін алға тарта келіп, осы және басқа проблема­ларды көп болып қолға алғанда ғана шешуге болатынын атап өтті. БҰҰ Бас хатшысы атап өткен мәселелер қаржы-қаражатсыз шешілмейді. Сондықтан болар, бірқатар халықаралық қаржы ұйым­дарының басшыларына сөз берілді. Мысалы, Бүкіләлемдік банк төрағасының келтірген мәлі­метіне қарағанда, бүгінде банк 180-ге жуық мемлекетпен жұмыс істейді. Бұдан 30 жылдай бұрын дамушы елдердің 20-25 пайызы­ның экономикасы қиын жағдайда болатын.  Соңғы жылдары олар­дың саны екі есеге азайды. Даму­шы елдерге банк пайыздық өсімсіз несие беріп келеді. Африка құр­лы­ғындағы мемлекеттердің эконо­ми­касында өсім байқалады. Соң­ғы үш жылда африкалықтар эко­номикасының өсімі 5 пайызды құрады. Дегенмен, ондағы ха­лықтың көпшілігі кедейшілік  жағ­дайда өмір сүріп жатыр. Сон­дықтан оларға шағын бизнеспен айналысуға жағдай жасау керек. Ал Халықаралық валюта қоры­ның директоры Доминико Кан­ның хабардар етуінше, кедейліктің негізі жұмыссыздықта жатыр. Әлем­дік қаржы-экономикалық дағдарыс  жағдайды  тіпті қиын­да­тып жіберді. Дүние жүзінде 33 миллионнан астам адам жоқ­шылықтың зардабын тартуда. Халықаралық қаржы ұйым­дары басшыларының сөздерінен соң, БҰҰ Бас Ассамблеясы сес­сия­сының  пленарлық отырысы басталды. Отырыста Франция Президенті Николя Саркози, Өз­бекстан Президенті Ислам Ка­римов, Боливия Президенті  Эва Моралес, тағы басқа да мемлекет­тердің  басшылары сөз алды. Франция Президенті  мыңжыл­дық­тың даму мақсаттары айқын­далғалы  бері бірқатар мәселе­лерде ілгері басушылықтың бар екендігіне, сондай-ақ жаһандық қаржы  дағдарысының екінші рет қайталануына жол беруге  бол­май­тындығына, егер қайталанса, ол бүгінгіден де жаман қиындықтарға соқтыратынына тоқталды. Өзбектан Президенті Ислам Каримов өз сөзіне негізінен Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдайды арқау етті. Өзбекстан басшысының сөзіне қарағанда, бүгінде дінаралық, этносаралық жанжал жиі көрініс беруде. Әсі­ресе, Ауғанстандағы жағдай күр­делі. Оны тұрақтандырудың бала­ма жолын қарастыру қажет. Бұған Ислам Каримов Өзбекстанның “6+3” атты ұсынысын қолға алу керектігін айтты. Бұдан кейін Өзбекстан Президенті Қырғыз­стандағы оқиғалар жөніндегі өз ойын ортаға салды. Президенттің пікірінше, Қырғызстандағы төң­керістен кейін этносаралық қақтығыс орын алды. Жүздеген адам опат болды, босқын атанды. Оған Қырғызстан  билігі кінәлі. “Өзбекстан сол күндері 100 мың­ға жуық босқынды қабылда­ды, – деді ол осы жайында. – Ше­карамызда біз тұрақтылықты сақтадық. Соның арқасында этносаралық жанжалға жол бе­рілмеді. Қазіргі кезде Қырғызстан көршілерімізден, халықаралық ұйымдардан гуманитарлық көмек алып жатыр”. Осылай дей келіп Ислам Каримов БҰҰ-дан Қыр­ғыз­стандағы жанжалға байланыс­ты тәуелсіз сарапшылар жіберуді өтінді. Ал Қазақстанның кедейші­лік­ке, аштыққа және гендерлік тең­сіздікке қарсы күресте қолға алып жатқан іс-шаралары жеткілікті. Еліміз БҰҰ-мен ынтымақтастық аясында әлемдік экономиканы басқарудың жаһандық механизмін қалыптастырып, кедейшілікті азайту ісінде елдер арасында инте­грацияны дамыту есебінен әлеу­меттік әділеттілікті қамтамасыз етуді жақтап келеді. Демокра­тиялық, ашықтық және заңдылық қағидаттары негізінде халық­аралық қаржы институттарын бас­қаруды реформалау, халықаралық қаржы ұйымдары шешім  қабыл­дау кезінде дамушы елдердің де дауыс беруін жүзеге асыру қажет деп есептейді. Сонымен қатар, жаңа  гендерлік архитектураны ұлт­тық негізде және халықаралық деңгейде дамытуға күш жұмыл­дыруда. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясы­ның аясында  дүйсенбі және сей­сенбі күндері сессияға келген бір­қатар  шетелдік жауапты тұлғалар­мен екіжақты  кездесулер өткізді. Мемлекеттік хатшының әріп­тесі, Қытай Сыртқы  істер ми­нистрі Ян Цзечимен болған кез­десуінде екі елдің ынтымақтас­тығын әрі қарай тереңдету мәсе­лелері талқыланды. Қытай дип­ломаты қазақтың “Алыстан ар­балағанша, жақыннан дорбала” деген мақалын келтіре отырып, Қазақстан – Қытай газ құбыры құрылысының екінші кезеңі басталғанын, бұл екі елдің стра­тегиялық әріптестігінің нақты көрінісі екендігін атап өтті. Тараптар сондай-ақ Қырғызстанға көмек беру жөнінде де пікір алмасты. Бұл елге ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер де көмек қолын созатын болады.  Сонымен бірге, дипломаттар келесі жылы ШЫҰ-ның құрылғанына 10 жыл толатынын да атап өтті. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, “Егемен Қазақстан” – Нью-Йорктен.