Президенттің Қазақстан халқына үстіміздегі жылғы Жолдауының ерекшелігі таяу онжылдықтағы еліміз дамуының стратегиясы айқындалғандығында болып отыр. Ол Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиялық жоспарының құрамдас бөлігі болып табылады, ал оның бірінші кезеңін біз аяқтадық.
Мемлекет басшысының жүйелі де терең ойластырылған саясаты арқасында Қазақстан экономикада зор табыстарға қол жеткізіп, әлемдік дағдарыс кезеңінде өзінің тұрлаулылығын көрсетті. Өткен онжылдықта макроэкономикалық сипаттағы міндеттер шешілді: нарықтық экономиканың заңнамалық базасы жасалып, айтарлықтай шетелдік инвестициялар тартылды, Ұлттық қор және даму институттары қалыптасып, осы заманғы қаржы және бюджет жүйесі құрылды. Бәсекеге қабілетті және сұранысы мол шикізат салаларын дамытуға екпін түсірілетін стратегияны дұрыс таңдау біздің мемлекетімізді экономикалық даму қарқыны жағынан еуразиялық кеңістікте көшбасшылыққа шығарды.
Қазір еліміздің алдында индустриялық-инновациялық экономиканы дамыту, әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекетінің қатарына ену жөніндегі мүлдем жаңа, әлдеқайда ауқымды міндеттер тұр.
Біздің міндетіміз – Мемлекет басшысының барлық кесімдері мен тапсырмаларының орындалуына қатал мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру.
Үстіміздегі жылы бақылау жүйесін жетілдіру жөнінде үлкен кешенді жұмыс жүргізілді. Мәселен, Президент Әкімшілігінің бастамасы бойынша 2010 жылғы 27 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің кесімдері мен тапсырмаларын қол қоюға әзірлеудің, келісудің, ұсынудың және олардың орындалуын бақылаудың ережесі бекітілді, бұл ереже екпінді алдын ала бақылауға, мемлекеттік органдар бірінші басшыларының дербес жауапкершілігін арттыруға ауыстыра отырып, бақылау жүйесін түбегейлі түрде күшейтеді.
Қазірдің өзінде біз қабылданған Жарлықтың нақты қайтарымын көріп отырмыз. Мәселен, жүргізілген жұмыс нәтижесінде Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау мерзімінің ұзартылу саны 1,8 есе азайды. 255 тапсырма (43%) бақылаудан алынса, олардың 190-ы (75%) орындалуына байланысты бақылаудан шығарылған. Бірқатар тапсырмалар қаржы дағдарысына, өзектілігін жоғалтуына орай бақылаудан алынған. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық тұрғыдағы 322 тапсырманың 258-і (81%) бақылаудан алынып, 64 тармағы жұмыс үстінде қалып отыр.
Барлық мемқызметшілер ағымдағы жұмыс қаншалықты жеңілденгенін, қағазбастылық азайғанын сезініп үлгерді. Бірақ та енді Президент Әкімшілігі тарапынан Елбасы тапсырмаларын дер кезінде және сапалы орындауға деген сұраныс күшейетін болады.
Мемлекет басшысының 600-ден астам тапсырмасын бас-басына тексерудің қорытындысы бойынша 345-і Президент Әкімшілігінің бақылауында қалдырылды. Мемлекеттік органдар Елбасының әрбір тапсырмасы бойынша бақылаудың кезеңділігін, аралық мерзімдерін ескеріп, сондай-ақ әрбір кезең үшін дербес жауаптыларды анықтай отырып, “Жол картасын” (Шаралар жоспарын) әзірлеуі тиіс.
Енді бақылау қызметі таза парақтан басталады деуге болады. Қағидаттық тұрғыда жауапкершілік деңгейін анықтауға деген көзқарас өзгерді. Жаңа Жарлық бойынша мерзімді ұзартуға бір реттен артық жол берілмейді, ал қайталап ұзартылатын болса, жауапкершілік бұрын қолданылып келгеніндей, қатардағы қызметкерге емес, енді саяси мемлекеттік қызметкерге жүктеледі.
Бақылау туралы жаңа Жарлықтың қабылдануы барлық мемлекеттік органдардың атқару және бақылау қызметін түбірінен қайта құрады. Қазір мемлекеттік органдар аппараттарында кең ауқымды түсінік жұмыстары жүргізіліп, оқыту семинарлары өткізілуде. Енді жедел жұмыс көп ретте мемлекеттік органдар қызметін тікелей үйлестіретін Премьер-Министр Кеңсесіне байланысты. Ал мемлекеттік органдардың өздерінде Мемлекет басшысының аталған кесімдерін тиімді іске асыру жөніндегі басты рөл жауапты хатшыларға жүктеледі.
Сонымен қатар үстіміздегі жылы Президент Әкімшілігі Мемлекет басшысының кесімдері мен тапсырмаларын, соның ішінде жауапты хатшылардың мәртебесі мен өкілеттіктері туралы Жарлығын орындау мәселелері бойынша мемлекеттік органдар қызметін мақсатты тексеру жүргізуді практикаға енгізді.
Мемлекеттік органдар қызметін бақылау мен оның тиімділігін арттырудың тағы бір елеулі құралы Мемлекет басшысының №954 Жарлығымен бекітіліп, орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі енгізілді. Бұл Жарлық өткен жылы қабылданған “Стратегиялық жоспарлау туралы” Жарлықтың қисынды жалғасы болып табылады.
Үстіміздегі жылы алғашқы мемлекеттік органдардың: Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Ақмола облысы әкімдігінің қызметін бағалау басталды. Келесі жылдан бастап барлық дерлік мемлекеттік органдар бағалауға жатқызылатын болады.
Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады: жүргізетін салада/мәселеде/өңірде стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу; Президенттің, Президент Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кесімдері мен тапсырмаларын орындау; бюджеттік бағдарламаларды іске асыру; мемлекеттік қызмет көрсету; қызметкерлерді басқару, сондай-ақ ақпараттық технологияларды қолдану.
Мемлекеттік органдар қызметін бағалау қорытындылары Мемлекет басшысына ұсынылатын болады, сондай-ақ анықталған олқылықтарды жою мақсатымен мемлекеттік органдар жетекшілеріне жолданады.
Тұтастай алғанда, бұл жұмысты Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдерінен тұратын сараптау комиссиясы үйлестіреді. Бұл ретте мемлекеттік органдар қызметін бағалау жөніндегі жұмысқа тәуелсіз сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады. Бағалау нәтижелері міндетті түрде БАҚ-та жарияланады.
“Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесінің бюросында сөз сөйлегенде Мемлекет басшысы бүкіл үкіметтік емес сектормен және БАҚ-пен өзара іс-қимылдың жаңа тетігін түзу қажеттігін атап көрсеткен еді. Бұл қоғамдық күштерді алға қойылған міндеттерді тиімділікпен іске асыруға топтастырады. Осы тұрғыдан келгенде Жарлықты іске асыру Қазақстанда азаматтық қоғам қалыптасуы жолындағы тағы бір қадамға айналады, үкіметтік емес ұйымдар мәртебесін арттырып, оларға мемлекеттік органдар қызметін бағалауға қатысу, сол арқылы олардың жұмыс сапасына ықпал ету, оларды әлдеқайда мөлдір және қоғам үшін түсінікті етуге мүмкіндік береді.
Осылайша жоспарлау – бақылау – атқарылуын бағалау қағидаты бойынша мемлекеттік бақылаудың сындарлы жүйесі түзіледі. Мұндай алгоритм Мемлекет басшысының тапсырмаларын, бағдарламалық құжаттар мен мемлекеттік органдар дамуының жоспарын кешенді және дер уақытында орындауды қамтамасыз етеді.
Бүгінде Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің жауапкершілігі еселеп артады. Өңірлерде ауқымды, әлеуметтік маңызды бағдарламалар: “Жол картасы”, “100 мектеп, 100 аурухана”, жедел индустрияландыру бағдарламасы іске асырылуда. Олардың нәтижелілігін қамтамасыз ету үшін әр әкімнің жұмысына объективті баға берілуі қажет. Бұл Президент Әкімшілігінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғамның міндеті. Халық “өз қаһармандарын”, бірінші кезекте қала мен аудан деңгейіндегі қаһармандарын білуге тиіс. Халықтың көптеген өзекті мәселелерінің шешілуі басқарудың нақ осы буынына көп байланысты.
Өңірлер дамуының динамикасын бағалау үшін Президент Әкімшілігі осы жылдан бастап тоқсан сайын рейтинг жүргізеді, ол ресми статистикалық мәліметтерге негізделетін болады, мұның өзі баға берудегі субъективизмге жол бермейді. Рейтингтердің мәліметтері өңірлік БАҚ-тарда жарияланады. Осылайша жұртшылық кейбір жалған сарапшылардың тапсырыспен шығарылған “рейтингтік” ақпараттарына сүйенбей, жергілікті орындардағы істің объективті жағдайын білетін болады.
Рейтингтің негізгі мақсаты – өңірлерде оң тәжірибелерді анықтау және оны республиканың бүкіл аумағына тарату. Сайып келгенде тұрмыс деңгейі жоғары өңірлер үздік баға алады. Рейтингтік бағалау әкімдер арасында жарысушылықты дамытуға жағдай жасап, жергілікті атқару органдарын белсенді жұмысқа ынталандырады.
Мемлекет басшысы әр өңірдің проблемаларын жақсы біледі. Еліміз бойынша жүйелі сапарларда бола отырып, Елбасы халықпен көптеген бейресми кездесулер өткізеді. Адамдардың пікірлерін, өңірдегі, елдегі олардың тұрмыс дейгейін жақсарту, мемлекеттік аппарат қызметінен қайтарымды арттыру жөніндегі ұсыныстарын мұқият тыңдайды.
Жергілікті орындардағы шенеуніктердің іс-қимылына шағым көп түсетіні жасырын емес. Президент Әкімшілігіне ғана өткен жылы 17 мыңнан астам, ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Біздің талдау көптеген мәселелер жұмыс тәртібімен, алғашқы инстанцияда шешіле алатынын көрсетеді. Тұжырым мынадай: жергілікті жерде кейде мәселені аяғына жеткізбей жатады.
Президент Әкімшілігі бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуде. Нақтылап айтар болсақ, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының дербес блогтары мен Қазақстан Республикасы Президентінің веб-сайтындағы азаматтардың өтініштеріне талдау жасалуда; Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторлары өңірлерге шығып, азаматтарды қабылдау жүргізуде. Шенеуніктердің дөрекі немесе әдепсіз сөйлесуінің, азаматтар өтініштерін елемеушіліктің анықталған барлық жәйттері бойынша атқарып отырған лауазымынан босатуға дейін қатаң шаралар қолданылады. Мысалы, азаматтар тарапынан бірнеше қайтара түскен шағымдардан кейін Ақмола облысындағы Шортанды ауданының әкімі жұмысынан алынды. Мемлекеттік қызметші этикасын бұзғаны үшін өткен жылы Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер, соның ішінде облыс әкімінің орынбасары да бар, жұмыстарынан айырылды.
Әкімдермен наурызда өткен кеңесте Президент әлемдегі жетекші елдердің индустриялық серпілісі тек 30 пайызға ғана ақшаға, үштен бірі стратегияға, тағы үштен бірі аппараттың тиімділігіне байланысты болғанын атап өтті. Өңірлер реформалардың қарқынына ілесе алмауда, оларда жұмыс әлі ескіше жүргізіледі. Ал орталықта өңірлердің проблемаларын жете білмейді. Сондықтан да Президент Әкімшілігіне кадрлар ротациясын жүргізу тапсырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында осы жылдың сәуір-мамырында жүргізілген кешенді ротация аясында 115 мемлекеттік әкімшілік қызметкерлер, олардың ішінде “орталық-өңір” кестесі бойынша – 52, “өңір-орталық” кестесі бойынша 63 қызметкер тағайындалды. Орталықта және өңірлерде басшы лауазымдарға қазіргі кезде 18 саяси қызметкер бекітілді.
Тұтастай алғанда, талдау орталық пен өңірлер арасындағы кадрлар ротациясы қоғамда оң үндестік тауып, кадр әлеуетін жаңартуға ынталандырып отырғанын көрсетті. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ұсынған ақпараттарына қарағанда, ротация бойынша жолданған мамандар жақсы сипатталып отыр.
Бұл ротация бір реттік акция емес екендігін атап өткен жөн. Мемлекет басшысының тапсыруы бойынша ол жүйелі негізге қойылып, жыл сайын жүргізілетін болады. Мұның өзі түрлі деңгейде реформалар қарқынындағы сәйкессіздікті еңсеруге, орталықта және жергілікті орындарда жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді. Өйткені, білім мен тәжірибенің жүйелі алмасуы жүріп, жұмыс стилі байытылады. Мұның нәтижесі басқару қызметкерлерінің сапасын жақсартып, сол арқылы мемлекет алдында тұрған міндеттерді табысты іске асыру болуы тиіс.
* * *
Бүгінде әрбір мемлекеттік қызметкер өз орнында алға қойылған міндеттерді шешіп, өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы керек. Жастарды өз Отаны үшін, оның болашағы үшін жауапкершілік рухында тәрбиелеу қажет. Сонда Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған барлық міндеттер нақтылыққа айналатын болады.
Серікжан ҚАНАЕВ, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдық-аумақтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі.