Болатбек Қапанұлы жайлы бір үзік сыр
1966 жылдың жазы. Ұлан ауданының Шымқора ауылына көшіп келген жасөспірімнің жан-жағына жалтақтай қарап, дос-жарандар іздейтіні белгілі. Жат жерді жерсінбей жүрген кезімде мені орта бойлы, ашаң жүзді бала жігіт өзіне жақын тартып, өзімен бірге оқитын сыныптастарымен таныстырды. Бір таңқалғаным, жаңа танысымның екі бірдей есімі бар екен. Құрдастары Совет десе, ұстаздары Болатбек деп атайды, оның сырын артынан білдік, сөйтсе, әке-шешесі Совет деп атап кетіпті. Сол кезден бастап Болатбек екеуміздің достығымыз нығайып, қарапайым, пысық, кез келген іске ұқыпты жігітпен қарым-қатынасамыз жалғаса берді.
Шымқорадағы Жамбыл атындағы мектепті бітірген Бөкең алғашқы еңбек жолын Өскемен көлік жөндеу зауытында токарь болып бастайды. Келер жылы Өскемен педагогикалық институтының химия-биология факультетіне оқуға түседі. Институт қабырғасында жүрген кездің өзінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. 1970 жылдың жазында жоғары оқу орны жанынан құрылған “Арай” атты студенттік құрылыс отрядының командирі Болатбек Қапанұлы басқарған жалын жігіттер Катонқарағай ауданында мал қораларын, малшылардың тұрғын үйін салып берді. Тарбағатай ауданының “Қазақстан” кеңшарында да қарқынды еңбек етіп, ауданда еңбек етіп жатқан құрылыс отрядтары арасында бірінші орынды иеленген. Қатарынан үш жыл бойы Болатбектің жігіттері облыс аймақтарында ондаған ғимараттардың салынуына мұрындық болды. “Достар” атты құрылыс отряды Катонқарағай ауданының Чернов ауылында сандаған үйлерді тұрғызды. Қазір де сол үйлердің маңдайшасына жазылған “Достар” деген жазу алыстан менмұндалайды. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Болатбек Иманғалиев жолдамамен осы ауданның Чернов ауылындағы орта мектепте оқушылардың мектептен тыс тәрбие жұмысының ұйымдастырушысы болып еңбек жолын бастайды. Қашан да тыным таппайтын ізденгіш, жас мектептің жоғары сынып оқушыларынан құрылыс отрядын ұйымдастырады. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалардың денсаулығына зиян деп отрядтың құрылуына қарсы болғандар да табылмай қалған жоқ. Алайда, іскер, жас ой еңбегі мен дене еңбегінің адамның сергек болып, оқуды да тамаша оқитынын іспен дәлелдеді. Ізденгіш, білікті жас көзге түсіп, ол аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметіне шақырылды. Артынша, біраз уақыттан кейін бірінші хатшы қызметіне жоғарылатылды. Ол кезде аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметі ірі лауазым болатын. Бүкіл ауданның кадрларын дайындау және іріктеу оңай шаруа болмаса керек. Жасы отызға да толмаған Б. Иманғалиев Катонқарағай ауданында атқарылған көптеген игілікті істердің ұйытқысы бола білді.
Партия, комсомол қызметінде ысылған жас көзге түсіп, дипломатиялық академияны бітірген соң, Сыртқы істер министрлігінде жауапты қызметтер атқарады. Моңғолия мен Қытай Халық Республикасының елшіліктерінде де ілкімділігімен көзге түседі. Қытай, моңғол тілдерін жап-жақсы үйреніп алады. Білім министрлігінде де лауазымды қызметке ие болады. Ал 1999 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарып келеді.
– Елші мен консулдық қызметтің ара-қатынасын ажырата алмауымыз мүмкін. Ал шын мәнінде бұл қызметтер ұқсас. Елші мемлекетіміз бен халқымыздың шетелдердегі абыройы мен көркі, намысы деуге әбден келеді. Білім мен әдептілік, саяси сезім мен ұстамдылықтың қатар болуы, сын сәттерде өзінің жақсы қасиеттерімен көріне білуі кейде үлкен мәселелердің шешімін табуына ықпал жасауы да мүмкін. Әдетте елшіні Елбасы тағайындайды. Ал консулға келсек, ол шетелдер мен өзімізде жұмыс атқаратын дипломатиялық қызметкер санатында. Консул штаттық немесе кәсіпкерлік және штаттан тыс, тіпті құрметті деп екі түрге бөлінеді. Кейінгісіне шетел азаматтары да тағайындалуы мүмкін. Мынаны білгеннің артықшылығы жоқ. Консулдық дәреженің төрт тобы бар (1963 жылғы Вена консулдық қарым-қатынас конвенциясына сәйкес). Олар: бас консул, консул, вице-консул және консулдық агенттер. Консул шет мемлекеттерде анықталған консулдық аймақ көлемінде ғана жұмысын атқара алмақ, – дейді Болатбек Қапанұлы.
Келер жылдың қазанында Сыртқы істер министрлігі консулдық департаменті қызметінің Өскемен қаласындағы консулдық бөлімшесінің құрылғанына он жыл толмақ. Шырайлы Шығыста аталмыш қызмет түрінің құрылуында көп мағына жатыр. Біріншіден, бұл шекаралық өлке, түсті металлургия мен индустриясы дамыған жерде алыс-жақын елдермен сауда-саттық және дипломатиялық қарым-қатынас жасау игілікті іс. Сондықтан болар, облыс әкімдігі консулдықты кұруға аса қызығушылық танытқан. Сондықтан болар, қызмет кабинетін жөндеп, қажетті құрал-жабдықтарды, көлік те берген.
Елбасы Н. Назарбаевтың еліміздің сыртқы саясатын экономикаландыру туралы нұсқауын орындау мақсатында СІМ еліміздің аймақтарымен бірігіп, жұмыс істеуге көңіл бөлуі жемісін беруде. Өскемендегі консулдық өткен жылы бір жарым мың адамға виза ашқан. Жылына осыдан ғана төрт миллион теңгедей қаржы құяды екен. Биыл жыл басынан 610 визалық қолдау беріліпті. Консулдықтың Өскемен әуежайында да консулдық қосыны қызмет көрсетуде. Оның жұмысын да үйлестіріп отырған Болатбек Қапанұлы. Екінші сыныпты кеңесші, дипломатиялық лауазымы бар Б. Иманғалиев осы саладағы ізденісін жетілдіре бермек.
“Кедендік одақтың бірігіп жұмыс істеуіне байланысты, біздің міндетіміз ауырлай түспек. Оның үстіне, кенді Алтай орталығы туризм өлкесіне айналатын түрі бар, демек, шетелден келетіндер саны арта түспек”, – дейді Болатбек Қапанұлы.
Алпыстың асқарына шығып отырған Болтабектің жазу, сызуға деген құштарлығы да құптарлық. Өз өлкесін жырлаудан тынбай келген азамат бірде бізге былай деп сыр шерткен еді:
“Арқалы жігіттер қиялшыл болады, әрі түсті жиі көреді. Әлі есімде. 1958 жылы әкем Қапан маған екі тірі қоянды сыйлады. Мен оны өсіруге ұмтылдым. Қос қоянды өсіріп, санын қырыққа жеткізіп мектепке сыйладым. Артынан мектеп жанынан қоян фермасын ұйымдастырдық. Шағын ғана 20 үйлі Мырзат аулының ұстазы Шынжы Жұмақанов ағамыз осы жайлы аудандық “Социалистік майдан” газетіне мақала жазып жіберіпті. Түсімде сол мақаланы қолыма ұстап алып, әр үйдің терезесін қағып: “Шынжы ағамның біз туралы жазған дүниесін оқыдыңдар ма?”, – деп сүйінші сұрап жүргенде ұйқыдан оянып кетіппін. Бұдан кейін жазуға деген құштарлық оянды”.
Кіндік қаны тамған Ұлан ауданының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Болатбек Қапанұлының ұзақ жылғы көздің майын тауысып, тарих қойнауына сүңгіп, мұрағат шаңына көміле отырып, тапқан тың жаңалықтары мен сарғайған газет қиындыларын алдымызға алып келген еңбегі шын мәнінде зор еңбек болса керек.
“Нәрін, дарын, бәрін берген – туған жер” деген тарихи-танымдық, деректі роман жүгін арқалап тұрған кең өлшемді 700 беттік құнды еңбек көпшіліктің жоғары бағасына ие болды. Негізінен алғанда бұл еңбек Егінсу ауылдық округінде дүниеге келген атақты адамдар, егеменді еліміздің өркендеуіне көп еңбек сіңірген қарапайым еңбек адамдары, замандастарымыздың жарқын бейнесі, ата-бабамыздың салт-дәстүрін қастерлейтін парасатты, иманды ауыл азаматтарының бейнесін сомдауға тырысқан. Кітаптың бірінші бөлімінде ел билеген болыс-билер, батагөй бабалар, ұлағатты ұстаздар, ғалымдар мен ақын-жазушылар жайлы қалам тербетілген. Кезінде Ұлан кеңшарының атағы шыққан. Оны басқарған азаматтар туралы да кітаптар кеңінен жазылған. 1937 жылдары құрбан болған боздақтар, келешегі сұрапыл соғыстан туған жерге оралмаған ағалар, тың игерудегі ерлік жасаған азаматтар жөнінде де мағлұмат бар. Академик Зәки Ахметов, Сәрсен Аманжолов, генерал Шәкен Жұмағұлов, Шерияздан Елеукенов, Күләш Құнантаева, Алтай Аманжолов, ақын-жазушылар Тұрғазы Нұқай, Мүсілім Құмарбеков, Серік Ғабдоллаұлы, тағы басқалар жайлы деректер кітаптың ажарын ашып тұр. Шымқора ауылында аталмыш кітаптың тұсаукесері болған кезде жерлестері Болатбек Қапанұлының ұзақ жылғы еңбегіне разы болып, ақ батасын берді.
– Ұлы Жеңістің 65 жылдығына Б.Иманғалиев лайықты тарту жасады. Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров туралы естелік кітабын ұстазы Сиезхан Құдабаев екеуі шығарып, оқырмандарына ұсынды. “Анамдай әлпештеген асқар Алтай” атты жинағы басуға әзір тұр. Бұл кітаптың жазылуының өзіндік сыры бар. “Еуразияның кіндігі, көк түріктердің алтын мекені, қасиетті Өр Алтайдың төрінде еңбек еткен жылдар менің қанатымды қатайтты, сол өңірдегі асыл азаматтар әлпештеп, өмірдің өткелдерінен абыройымен өтуіме барлық жағдайды жасады. Катонқарағайдан шыққан қазақтың марқасқа жазушылары Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімхан, тағы басқалардың туған мекені жайлы жазған шығармалары қандай өміршең десеңізші, – деп ағынан жарылады Болатбек Қапанұлы.
Жақында консул Болатбек Қапанұлы Катонқарағай ауданының әкімі Арман Бекбосынов пен аудандық мәслихат хатшысы Дүйсен Бралиновтан жеделхат алды. Онда Б.Иманғалиевтың ауданда атқарған көп жылғы еңбегіне лайықты баға беріліп, мерейтойы қарсаңында Катонқарағай ауданының құрметті азаматы атағы берілуімен құттықтапты. Несі бар, алғыс арқалаған азаматтың еңбегі ескеріліп жатса, ол құрметке лайық болғаны да.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Өскемен.