24 Қыркүйек, 2010

Елдің елдігіне сын

658 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Елдің елдігі атты қисынды тіркес қазақ өмірі ерекшелігінен туған. “Көппен көрген ұлы той” деген сияқты төтенше жағдайда сынға түскен халық бірлігін мадақтайтын тәртіптен тараған. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруды көздейтін айрықша ауыр қиындықта қалың ел боп қайрат көрсеткен, тек ұлтымызға ғана тән мінезге сүйсінгендіктен қалыптасқан, тілімізге ерте заманнан сіңісті бек қасиетті сөз. Синонимі – бірлік, татулық. Осы екеуін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халық алдында сөйлеген сайын айтудан жалықпайды. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ ұйымына мүше 55 мемлекеттің басшылары, сондай-ақ 65 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысатын Саммиттің өтетіні хақында арнайы үндеу жасағанда: Қазақстанға бүкіл әлемнің назары қадалатын болады, біздің еліміздің тарихында бұрын болып көрмеген жаһандық форум “елдің дамуына жаңа серпін беріп, қазақстандықтардың бірлігі мен патриотизмін әлдеқайда нығайтады” деп берік сенім білдірді. Бұл сенімнің астарында тағы да сол елдің елдігі ұғым-үлгісі жатыр. Мемлекет басшысының тікелей тапсырма­сы­мен жуықта Алматыда Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бір топ жазушылармен және бұқаралық ақ­парат құралдары басшыларымен кездесті. Кез­десудің де негізгі тақырыбы Саммит болғанда, неге екенін, “Абай жолы” роман-эпопея­сының “Өрде” атты тарауы есіме оралды. Нақ­тылап айтқанда, Бөжей асы жайлы әңгі­месі. Ол оқиға этнографиялық эпизод сықыл­ды болса да, тарихи жәдігердің нақ өзі ғой. Тобықты руы және үмеге шақырылып, асқа сауын айтылған Қарқаралының арғыны, Жетісудың жалайыры, садыр-матайы, семіз-найманы, ылдидың уақ, бурасы, Дағандының керейі бар, талай рулар үшін ғана маңызды оқиғаға байланысты баяндалғанымен, сол жәдігер шын мәнісінде бүкіл Қазақ елінің елдігін, мәдени керім келбетін күллі әлемге әйгілі етіп даңқын асырған үздік көркемдік суретке айналды. Сондай бір сурет былайша көмкерілген. “Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сай­лапты. Барлық ат күміс ертоқыммен ерттел­ген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек ора­мал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұ­лар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнел­генде, өлке бойы жайнап кеткендей болады... Астың күндізгі етін осы үйлер түгел жеп болған кезде, Байсал үлкен бір ақ боз атқа мі­ніп, қасына қырық-елуден топ ертіп, қолына үлкен биік ағашқа орнатқан қарақшыны алып, атой беріп шықты. Қонақтар атқа мінсін, әзірленсін деген белгі. Енді бәйге, күрес, ат үсті сауық басталмақ...” Астың ғажайып көріністері отаршылардың жүрегін күйік күлшесін жегендей қыжылдатса, е, ондай көрікті, тойымды тұрмысың болғанда Кеңес өкіметінің не қажеті болды сен қазаққа дегізсе, ол кездегі студент біздердің жүрегі­мізге патриоттық сүйіспеншілік ой-сезім екті. Ұлттық мақтаныш ұялатты, біздердің де елден ерек өз мәдениетіміз бар екенін, революцияға дейін надан, қараңғы ел болмағанымызды миымызға құйды. Осының бәрін жадымда жаңғыртқан се­беп­ті енді түсінгендеймін. Ол мына Саммитке қатысушы тамам шет елдің игі жақсылары бүгінгі азат, тәуелсіз Қазақстанды анық танып білсе екен, соның арты ел дамуына жаңа серпін беріп, ұлттық мерейімізді асырса екен деген тегеуірінді арман болуға керек. Саммит жөнінде, оған орайлас мәселелер туралы ой бөліскенде көңілге тағы да ұлы Әуезовтің сол Бөжей асы қарсаңында Зередей ананың образы арқылы айтқан кеңесі қайсы­мызды да жігерлендірмей қоймайды. Ұзын-ырғасы ендігі өрбіп өскен қазақ ұрпағына арнап айтылғандай. “Байлауын байладың. Енді, түге, жат жи­ын­ның алдында жас балаларымның жақсы та­лабын жер қылмаңдар... (Құнанбай әулетінен асқа баратын жас Абай бастаған топты айтып отыр – Ш.Е.) Балаларым мен келіндерім, сендер де төбеңмен жүр! Отымен кір, күлімен шық қонағыңның! Ердің сыны шабуыл мен шаптығуда емес – кішіпейіл мейірде! Шал­дықсаң да қабақ шытпа! Қуанып, жарқырап жүріп күт! Дабырайып, желігіп те кетпеңдер! Жым-жырт, момын жүріп күтіңдер!” “Төбеңмен жүріп күт!” Бұл ғибраттың екі айдан соң Астанаға жи­налатын қонақтардың күтіміне қатысы жоқ деп айта алмайсың. Ал енді Бөжейдің наға­шы­ларын күткен жас Абай өнеріне келсек, ондай “қапысы жоқ, оқшау сый жасау” – бұл, әрине, ақыл – жастан, асыл – тастан де­мекші, бүгінгі ұрпақтың творчестволық қия­лы­нан туатын олжа болмақ... Мен өз басым, жасым ұлғайғандықтан, мейман күтушілердің арасынан табыла қоймаспын. Бірақ бізде шет елден келушілерді құнттап, майпаздап күтетін тәжірибе жеткілікті деп ойлаймын. Сонау 1973 жылы Алматыда Азия, Африка елдері жазу­шыларының конференциясына жиналған шет елдік қаламгердердің шығармаларын қазақ тіліне аударып, кітап етіп шығарып, қолда­рына табыс еткеніміз, кітап көрмесін ұйым­дас­тырып, Қазақстанның сол кездегі эконо­мика, мәдениет саласынан қол жеткен табыс­тарын баяндайтын жаңа фотосурет альбомын жасап дегендей, мейман бағымына білек сы­ба­нып қатысқаны­мыз сияқты жайларды айтып отырмын. Сол конференцияға қызу қарбалас дайындық үстінде байқалғаны, ұйымдасты­ру­шылық ісінен титтей де мүлт жібермеу керек­ті­гі. Жазушылар форумына қатысушылардың алпыстан аса аударма кітабы шығарылды. Соның біреуінің ғана уақытында жарыққа шық­пау қаупі төніп, масқара шелегін кие жаз­дадық. Тәржімашының әне берем, міне берем деп созып-созып, жеме-жемге келгенде бұл аударма қолынан келмейтіндігін мойын­дауы кеселінен күллі Баспа комитеті болып күйіп-пістік. Кітап авторы атақты Расул Гам­затов болатын. Сол шайырдың мемуарлық шы­ғар­ма­сын Ғафекең, даңғайыр ақын Ғафу Қайыр­бе­ков бір жарым мың жол өлеңімен қоса бір апта ішінде аударып үлгермегенде басшылықтың кәрін былай қойғанда, біз өзімізді өзіміз кешірмейтін өкініште қалатын едік... Саммитке әзірлік күндері әдебиет пен өнер қайраткерлерінің шабытты, шадыманды сыр ашатын кезеңі болғанға не жетсін. Ғабит Мүсіреповтің мына бір сөздері бүгінгі мін­берден естіліп тұрғандай: “Ер қазақ халқының талай ғасыр, талай белге созылған елдік күрестерінің қандайын алсаң да, ақын сөзі – өлең, соның бәрінің басы-қасында болып келді”. Мемлекеттік хатшымен дидарласуда қаламгерлер алдағы еліміздің елдігі сыналатын бір белес – Саммитке өз тарапынан үлес қо­суға, қандай ісіне болсын жаппай жұмылуға әзір екендіктерін айтып, бірауыздылық біл­дірді. Халыққа Президент идеяларын жет­кізуге уәделесіп, қаламгерлердің саяси белсенділігін арттыра түсуге бағытталған пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Солардың ішінде мен өз тарапымнан көркем сөздей қуатты қарудың мүмкінші­ліктері толық пайдаланылып отыр ма деген тақырыпта пікір қозғауға тырыстым. Қазақ әдебиеті – ұлтымыздың ұйықтамай­тын жүрегі. Аттас газеті, “Жұлдыздай” жур­налы – сол жүректің тілі. Одағы – ұйтқысы. Осы­лардың бәрінің басы қосылып біріккенде қазақ қоғамының сөзін ұстайтын бүгінгі Асанқайғысы, Абайы. Бір кезде ашынып, “Оян, қазақ!” деп айқайға басса, енді ұлтын ойлауға үндейді. Қазақ даласының Ұлытау, Қаратау, Ала­таудай биік перзенттерін ұлықтағаннан өзге пи­ғылымыз жоқ. Орыс тілін білмейтін әйел­ден қазақ тілін білмейтін бала туып жатса, “Алтынның қолда барда қадірі жоқтың” кері. Бала кезімізде ауыл тойында әйел, еркек жаппай отыра қалып боз ала таңға дейін ай­тысатын. Өйткені қазақ халқы – ақын халық. Сол асыл сөзге асық қасиетімізді бағалай бі­лейік, көздің қарашығындай сақтайық. Сонда біз жаһан жұртының арасынан қай халықтан кем соқпайтын өреден көрінеміз, көзге түспей қоймаймыз... Елбасы үндеуін бүкіл Қазақстан жұртына, ел арқауы – қазақ қауымына қоса, орыс, ұй­ғыр, татар, корей, тағы да басқа туысқан ағайын­ға арнағаны белгілі. Соған орай ұйғыр жазушысы Ахметжан Әшіров: Қазақстан – біздің Отанымыз. Бұл біздер үшін айқын ақиқат. Ендеше Отанымыз алдына Елбасы қой­ған міндетке сай болу, еліміз халық­тарының достығын нығайту біз үшін ауа мен судай қажет нәрсе, деді. Меніңше, кеңесте айтылған сөз декла­ра­ция күйінде қалмай, үлкен іске атсалысудың ендігі зәрулі міндетін нақтылай түсуіміз жөн. Әсіресе орыс жазушы әріптестерімізге қолқа саламыз. Олар Қазақстандағы орыс ағайынға бүгінгі күрт өзгерген ахуалды айтып түсіндіре білуге керек. Айталық, бір кездерде қазақ тілі­не немқұрайды қарау жайы болғаны жасырын емес. Ал бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның өмір шындығы алдағы тығыз уақыт ішінде мем­лекеттік тілде ел халқының баршасының сөй­леуін талап етіп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың Саммит “қазақтандықтардың бірлігі мен патриотизмін әлдеқайда нығай­тады” деген сөзінің маңызды бір қыр-сырын осылай түсінген ләзім. Мұндайда қосымша бедел сөз керек болса, ол жағы, құдайға шүкір, жетерлік. Бұдан жар­ты ғасырдан аса бұрын, 1957 жылы Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің V пленумында Мұх­тар Әуезов сөзінің елеулі бөлігін орыс жастарына арнап былай деп еді: “...Орыс студенттеріне айтарым мынау: егер сендер орыс тілі мен орыс мәдениетінен басқа ештеңе білмейтін болсаңдар, әрине, жақсы емес. Егер сендер өздерің жүрген ортада, өздерің тұратын қалада, өз респуб­ликаңда, айталық, біздің Қазақстанда жасал­ған мәдени байлықтарға қызықпайтын бол­са­ңыздар, ол кешірілмес күнә. Бұл – жоғары оқу орындарында оқитын орыс жолдастарға өзінің мәдениетін биік өрімдеуге кепіл, ұлы достықты одан әрі тереңдете түсуге кепіл”. Қазақ мәдениетін, тілін білу мен орыс-қазақ достығын бір-бірімен ажырағысыз байланыста қарастырған ұлы жазушымыздың лебізін тыңдаған я онымен танысқан сол кездегі студенттер ендігі зейнетке де шығып кеткен шығар. Әттеген-ай, олардың басым бөлігі бүгінге дейін қазақ тілінде ләм демейді десем, қателеспеймін. Мұхтар Әуезов – орыс халқына кеңінен танымал суреткер. Оған “Абай жолы” роман-эпопеясы үшін Лениндік сыйлық берудің жалынды жақтастары алдымен орыс совет ақын, жазушылары болатын. Сондай бұлжы­мас жарқын фактілерге сүйеніп Қазақстанда шығатын орыс тіліндегі әлі де сан жағынан басым бұқаралық ақпарат құралдары қазақ тілін білгеннен баисың, кемімейсің бедерінде орыс ағайын арасында насихатын ұстартса, нұр үстіне нұр. Мұның керектігін бір топ шығысқазақстандық орыс жерлестеріміз Өскеменде Қазақстан-Ресей форумын өткізуге қарсы наразылық білдіріп хат жазғаны тағы да айқын көрсетеді. Хат иелері бүгінгі шындық жағдайдан ха­ба­ры шамалы екенін байқатады. Не заманның мүлде өзгеріп кеткенін түсінгісі келмейді. Екі ел президентіне хат арнаған болып, іс жүзінде Ресей президентіне шағынып отыр. Қазақ­станның ішкі істеріне сұғын деп айтақтағысы келген. Қос президенттің VІІ өңіраралық фо­румы аясындағы кездесулерінің жарқын достық пейілде ойдағыдай өтуі “жер-су атын өз­герттің”, “Өскеменде Абай ескерткішін ор­наттың” деген сияқты арандатулардың жолы кесілгенінің, Қазақ елінің жартысынан астамын қасақана құртқан, қазақты тілінен, ділінен, дінінен айыруға шақ қалған қызыл империяның отаршылдық дәуірінің келмеске кеткенінің тамаша дәлелі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуі тәуелсіз Қазақстанның бірлігін, ұйымшыл­дығын, халықтар ынтымағын нығайта түсудің толғағы жеткен талабынан туындайды. Елдің елдігі сынынан бұл жолы да мүдірмей та­бысты өтетінімізге, Қазақстан халықтары достығының жаңа, әлдеқайда биік деңгейіне алып шығатынына мықты кепілдік береді. Үндеу мазмұнын ғылыми негізде айтып түсіндіру абзал. Бұл, – тағы да қайталап айтса ар­тықтық етпейді, – орыс баспасөзіндегі қаламгерлердің, орыс жазушы әріптестеріміз атқармақ айбынды да ар-инабатты іс. Оның тәсілдері сан алуан. Мысалға ұлттық ерек­шелікті алайық. Әлі күнге бөтен тілге есеміз кетіп отыр­ға­нына байланысты ма, машық боп кеткен­діктен де шығар, осы мақаланың тақырыбын орыс тіліне аудармақ болып біраз әурелендім де, ақыры қойдым. Тіркестің орысша бала­масын табу қиынға соқты. Сөздік қоры мол тілдерге тән заңдылық нәтижесі... “Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа”. Француздар қазір елінде паранжы киюге тыйым салып жатыр. Ал арабтар әйел жұр­ты­ның бетін ашық ұстауын шектен шыққан көргенсіздікке балайды. Атам қазақ жолы жіңішке әйелдің үстіне киген көйлегі тізесінен жоғары жағын жауып тұруын мақұл көрген. Шошқа етін пісіріп алдыма қойса, жүрегім көтеріліп, қызыл кезең асыруға бата алмай­мын. Есесіне шошқа етін шыжғырып жеуші­лердің тыжырынатын қазы-қартаны анда-санда апыл-ғапыл соғып алғанға не жетсін деп отырамын. Осындай жағдайдың бәр-бәрінің түпкі себебі, бір халықтың екінші халықтан артықшылығында я кем жаратылғанында емес, ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-салт, мәдениеттің ұлттық сара жолмен дамуынан бас алатын дарагерлік. Елдің елдігі деген ұғым түбірі тереңде жатыр. Л.Н.Гумилев айтпақшы, “Әрбір этнос­тың өзіндік ішкі құрылымы және өзіндік қайталанбас қасиет-бітімі болады”. Осыны түсіне білу керек. Президент үндеуі тәуелсіз Қазақстанның бүгінгісі мен болашағына асқақ үмітпен қастерлеп қарауға баулиды. Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.