24 Қыркүйек, 2010

ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

477 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ЕЛ БІЛІМІ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында білім беру саласына ерекше мән беріп, айтулы міндеттерді алға тартқаны белгілі. “2020 жылға қарай қалалық, сол секілді ауылдық жер­лердегі барлық балалар мектеп жа­сына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтылатын болады” дей келіп, “Балапан” арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырған еді. Сол секілді 12 жылдық оқыту моделінің табысты жұмыс істеуі үшін қажетті шараларды қабылдау керектігін, кәсіптік-техникалық білім беру мен жоғары білім сапасын көтеруді де міндеттеген болатын. Міне, осындай жұмыстар туралы ой өрбітіп, нақты дәлелдерге жүгінер болсақ, соңғы жылдары білім беру саласында үлкен өзгерістердің, қол жеткен жетістіктердің аз еместігін аңғаруға болады. Соның бастысы Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Отаны­мыздағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдар­ла­масының жобасы дер едік. Бұл жобада елі­міздегі білім берудің барлық жүйесі жаң­ғыртылып қана қоймай, эко­номиканы дамыту, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды т­о­лық қамту, 12 жыл­дық­қа көшу “На­зарбаев интеллектуалды мектебі” және “Бе­йім­дік ме­к­теп” же­лі­лерін да­мы­ту, жоғары білім беру саласында бәсекелестікті өрістетіп, білім мен ғылымды кіріктіру, бір сөзбен айтқанда, өзіміз қосылған Болон процесі шеңберінде атқарылатын жұмыс өлшемдерін орындау. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының баяндамасында көрсетілгендей, Отанымыз 2009 жылы адами даму индексі бойынша 182 елдің ішінде 82-ші орынға тұрақтапты. Ал сауаттылық жағынан көрсеткішімізге келетін болсақ, ол 99,6 пайызды құрайды екен. Мемлекетімізде 7801 мектеп жұмыс істесе, онда 2,5 миллиондай оқушы білім алып жатыр. 1991-2006 жылдары республикалық бюджет есебінен барлығы 133 мектеп қабырғасы қаланған болса, 2007-2011 жылдары 245 білім ұясы салынып пайдалануға берілмек. Ал сол оқушылардың 18-іне бір компьютерден келеді екен. 2001 жылы ғаламтор желісіне мектептердің 23 пайызы қосылған болса, биыл бұл көрсеткіш 98 пайызға жетіпті. Қашықтықтан оқыту желісін жүйелі жүзеге асыру мақсатында 2007 жылдан бері мектеп желілеріне интерактивті құралдар орнатыла бастаған еді. Қазір ондай интерактивті кабинеттер 3385-ке жетіп отыр. Осындай ыждағатты жұмыстың нәтижесінде оқушылардың білім алу деңгейі жоғарылап келе жатқанын Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытын­ды­сына қарап аңғаруға болады. Мәселен, соңғы екі жылды салыстырар болсақ, 2009 жылы сынақ тапсырған оқу­шылардың орта балл көрсеткіші 74,9 балл болса, биылғы жылдың қоры­тындысы 84,8 баллға көтеріліп отыр. 35 оқушы 125 балл жинаса, 100-ден жоғары балл алған мектеп бітірушілер 12 пайызға көбейген. Елбасы тапсырмасына орай, Отанымызда 3 тілді білім беретін 35 мектеп жұмыс істесе, онда 3749 оқушы тіл ұстартып, математика, физика, информатика, химия, биология, экономика, география пәндерін ағылшын тілінде оқып жатыр. Ал “Назарбаев интеллектуалды мектептер” желісі қазірдің өзінде Астана, Көкшетау, Семей қалаларында тиянақты білім беруде. Ондай мектептер бірте-бірте еліміздің барлық өңірлерінде ашыла беретін болады. Биыл Астана, Талдықорған, Өскемен қалаларында жаңа білім ұялары іске қосылатын болады. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатқанына, оның оң нәтижелеріне дәйек келтірер болсақ, 2007 жылы ондай оқу орындарының саны республикада 830 болса, 2010 жылы 882-ге артып, жұртшылықтың талабына орай 52 колледж бен лицей есігін үміткерлерге айқара ашты. Президенттің биылғы Жолдауында көрсетілген “Балапан” бағдарламасы аясында 2014 жылға дейін атқарылатын жұмыстар жүйеленген. Бұл 5 кезең бойынша іске асады. 2014 жылға қарай еліміздегі мектепке дейінгі тәрбие есігін ашатын ұл мен қыздың 70 пайызы қамтылса, одан кейінгі кезең ішінде 100 пайыз ұрпақ балабақшада тәрбиеленетін болады. Бұл көр­сеткіш туралы соңғы жылдар­дағы толық мәліметті “Мек­теп­ке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту” деген кестеден алуға болады. Мұндай ауқымды шараларды тек мемлекеттің қаржысымен атқарып қана қоймай, жеке меншік есебінен де жүзеге асыру мәселесін Елбасының міндеттегені мәлім. Осыған орай, “Жол картасы” аясында күрделі жөндеуге жататын балабақшалардың тізімі жасал­ған. Шағын орталықтар мен балабақшалар ашылған кезде олар “Алғашқы қадам” (1 мен 3 жас), “Зерек бала” (3 пен 5 жас), “Біз мектепке барамыз” (5 пен 6 жас) атты бағдарламалар бойынша жұмыс істемек. Осындай ауқымды істер қаржымен атқарылатыны анық. Бұл тұрғыдан келгенде Президент еліміздің мықты болашағы болып саналатын білім мен ғылымға тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап ерекше назар аударып, қаржыны жыл сайын көбейтумен келеді. Бұл жас ұрпақтың білімді болуына, кадр дайындау ісіне ерекше көңіл аударып отырғанын көрсетеді. Бір ғана мысал келтірер болсақ, 2008 жылмен салыстырғанда 2009 жылы білім беруге бөлінген қаржы 9,5 пайызға артқан. Яғни 641,1 миллиард теңгеден 702 миллиард теңгеге көбейген екен. ЮНЕСКО-ның арнайы баянда­масында көрсетілгендей, 2009 жылғы жаппай білім беру мониторингі бойынша Қазақстан әлемдегі 29 елдің арасында бірінші орынға қол жеткізді. Сол секілді TІMSS-2007 зерттеуінің нәтижесіне көз жүгіртер болсақ, Отанымыздың мектеп оқушылары математика пәні бойынша 5-ші орынды иеленген. Ал жаратылыстану пәндерінен қол жеткен көрсеткішіміз 11-ші орынға тұрақтапты. Бұған қоса, биыл ТМД елдерінің арасында біздің мем­лекетімізде алғаш рет Халықаралық мате­матикалық олим­пиада өткені белгілі. Бұл мемлекетіміздің абыройын асырып қана қоймай, оқушы-лары­мыз­дың білім-білігінің мықты екенін де дәлелдеп берді. Жүзден аса елдерден келген командалардың ішінде бесінші орынға тұ­рақтап, 3 алтын, 2 күміс медальмен бірге, 1 мақтау грамотасына қол жетті. Дарынды бала­лардың төрткүл дүниеде үздіксіз өтіп жататын халықаралық деңгейдегі білім сайыстары мен олимпиадаларда 62 медальға ие болсақ, оның 8-і алтын, 17-і күміс, 37-сі қола медаль. “Білім туралы” Заңның “Педагог қызметкерлердің мәртебесі” туралы тарауында “... келешекте мұғалім мамандығы ең беделді әрі жоғары ақы төленетін мамандықтардың бірі болуы керек” деп көрсетілген болатын. Міне, осы талапқа сай ұстаздардың беделін көтеру, өзінің ісіне жауапкершілікпен қарау мәселесі жиі қозғалып келеді. Шынында, мектептің алтын діңгегі – ол мұғалім. Жас ұрпақ мұғалімге қарап бой түзейді. Осы жағынан келгенде, аталмыш заңда мұғалімдерге біраз жеңілдіктер қарастырылған. Соның бірі бастауыш сынып мұғалімдеріне апталық нормативтік оқу жүктемесінің 20 сағаттан 18 сағатқа дейін төмендетілуі дер едік. Бұған қоса, ұстаздар еңбек демалысына шыққанда міндетті түрде бір айлық жалақы көлемінде жәрдемақы төле­не­тінін де айта кетсек дейміз. “Дипломмен – ауылға” бағдарламасы бойынша жас ұстаздардың өздері қанаттанған елді мекенге барып, қызмет ету үрдісі қазір кең қанат жайып келеді. Айталық, өткен оқу жылында ұстаздар қатары 7242 жас мамандармен толықса, олардың 5056-сы ауылды жерге барды. Жалпы, заңда коммуналдық қызмет көрсетуге, шығыстарды жабуға және тұрғын-жайларды жылыту үшін отын сатып алуға жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша белгіленген мөлшерде бюджет қаражаты есебінен ақшалай өтемақы төлеу қарастырылуда. Ал “ЖОО-ның үздік оқытушысы” атағын алған­дарға мемлекеттік грантқа төле­нетін қаржы айлық есептік көрсеткіштің 2000 еселенген және “Үздік мұғалім” атанғандарға айлық есептік көр­сеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде мемлекеттік грант бөлініп келеді. Мұндай игілікті іс 2006 жылдан бері жүзеге асуда. Биылғы ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі Астана қаласында халықаралық деңгейдегі “Назарбаев университетінің” ашылып, алғашқы талапкерлерін қабылдағаны дер едік. Бұл университет ұлттық білім беру жүйесінің артықшылығы мен әлемдік үздік ғылыми ағарту тәжірибесін үйлесімді түрде біріктіретін Қазақ­стан­ның ұлттық бренді болып есептеледі. Білім ордасы төрткүл дүниедегі ең үздік жоо-ның 30 топқа кіретін университеттерімен ынтымақтастық жөнінде 11 келісім-шарт жасасты. Қазір университетте білім алып жатқан талантты жастарға 500 грант бөлінгенін айта кетсек дейміз. Бұған қоса, күн санап көркейіп келе жатқан елордамыздың ажарын ашқан тағы бір оқу орны Қазақ ұлттық өнер университетінің жасақ­талуы болса, бұл оқу орны­ның құрамына “Шабыт” шығармашылық үйінің берілуі де елеулі оқиға. Осы заманға сай сән-салтанаты келіскен ғима­раттың ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев қатысып, келешекте ұлттық өнеріміздің мәрте­бесін арттыратын үлбіреген ұлымыз бен қызғалдақтай қызымызға ақ батасын берді. Отанымыздағы жоғары оқу орын­дары осыдан үш жыл бұрын 176-ны құраса, қазір саны 145-ке төмендеп отыр. Кезінде қаптап кеткен филиалдар жабылып, сан сапаға ауыса бастады. Әлемдік білім кеңісітігіне кірудің басты жолы, соған сай білім беріп, тәрбие үйрету десек, бұл істегі оң өзгерістердің барын аңғару қиын емес. 2007 жылы бірде-бір жоғары оқу орны ха­лы­қ­аралық аккре­дитациядан өтпесе, қазір ондай сыннан өткен білім ордалар саны 5-ке жетіп отыр. Отанымыздағы айтулы жоғары оқу орындарының, әсіресе ұлттық универ­ситеттердің ректорын Елбасының бекіту үрдісінің қалыптасуы бұл оқу орындарының беделін көтерумен бірге уақыт өлшеміне сай білім берудің деңгейін көтеруге өлшеусіз үлес қосуда. Республикадағы байырғы оқу орындары әсіресе, өткен ғасырдың өзінде университеттік білім берудің алтын діңгегіне айналған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университеті, өзге де санаулы оқу орындары қазір әлемдік деңгейге көтерілді деуге негіз бар. Биыл мемлекетіміз Еуропа аймағына ену, яғни Болон процесіне қосылу арқылы да жедел жаңару жолына бет алып отыр. Аталмыш оқу орындарының ішінде осыдан бірер жыл бұрын 75 жылдығын атап өткен, қазақ зиялы­ларының білім алуына, қалыптасуына ерекше үлес қосып келе жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биылғы жетістіктері ерекше атап өтуге тұрарлық. Мысалы, еліміз бойынша “Алтын белгіге” бітірген оқушылардың 1000-ы осы білім ордасында оқуға тілек білдіріпті. Бұған 700 халықаралық олим­пиа­да­ның және бай­қау­лар­дың жеңімпаздарын қосуға болады. Жалпы саны 3200 мем­лекеттік грант иегерлері қазір осы білім орда­сында оқуда. Осы арада ойымызға АҚШ президенттерінің бірі айтқан: “Америка университеттері Аме­рика бай болғандықтан күшті емес, керісінше университеттері күшті болғандықтан күшті” деген сөзі оралып отыр. Шынында, универ­си­тет­тегі білім мықты болса, ке­ле­шек ұрпақтың білігі уақыт тара­зы­сында басым тұратыны сөзсіз. Сонымен, еліміздегі бү­гінгі білім берудің шық­қан биігі мен алдағы мін­деттері тікелей Ел­басының тап­сыр­ма­сымен жүзеге асып жүйелі шешімін тауып келеді. Оған жо­ға­ры­дағы дә­лел-дәйек­тер мы­сал бо­ла ала­ды. Сүлеймен МӘМЕТ. * * * ЖАРҚЫРАЙДЫ ҚАПШАҒАЙДЫҢ ОТТАРЫ Тарихтан өзіндік бағасын алған, бүгінде өнеркәсібі өркендеген Қапшағай қала­сының іргетасы 1970 жылдың шілде айында қаланыпты. Асау Іле аңғары бөгеліп, осы кезден бастап су жинала бастаған. Қапшағай бөгенінің энергетикалық және ирри­гациялық маңыздылығы мен жалпы демалыс орны екен­дігіне халықтың күн өткен сайын көзі жетіп, ел игілігіне айналып келеді. Осылайша қалада су электр станса­сының басталуына орай “Жаңа Іле” кенті ретінде бой көтерген “Қапшағай” сөзі көне түркі тілінде “тар шатқал, қысыңқы жер” дегенді білдіреді екен. Айт­қандай-ақ Алматы мен Талдықорған арасын жал­ғайтын қаладағы бөген тар шатқалды қақ жарып, көпір арқылы жалғасады. Оның тарихы тым әріден баста­латынын да айтқан жөн. Алғаш қалада су электр стансасын салуға Ертістен “Иртышгэсстрой” тресі әкелініп, алғашқы шаһардың қазығы қағылып, шатыры тігілгенін көпті көргендер әлі де ұмытпапты. Қазіргі кезде қаланың айналасындағы Шеңгелді мен Заречный селолық округтеріне қарасты елді мекендердегі халық саны күрт өсуде. Биыл қалалықтар қанатын кеңге жайған Қапшағайдың 40 жылдық мерекесін атап өтті. Осы аймақпен тағдырларын табыстырған оның төрінде жарқын із қалдырғандар атбасын бұрып, мерей сәтте-ақ тілектер ағытылды. Олар асау Іле толқынының күш-қуа­тының халыққа қызмет етуіне өлшеусіз үлес қосқан мем­лекет және қоғам қайраткері, Алаш­тың ардақтысы Дінм­мұхамед Қонаевқа орнатылған ескерт­кішке гүл дестелерін қойып, рухына тағзым етіп, жаңарып, жасарған шаһар келбетін тамашалауға мүм­кіндік алды. Алматы қаласына иек артқан Қапшағай өнеркәсіп орындарының күрт дамуымен де ерекшеленеді. Ал, алдағы кезде осы екі қала арасында төрт бірдей қанаттас қала­лардың бой көтеретінін ескерсек, аймақтың нұрлы болашағы көз алдымыздан өтеді. Бүгін де оның келе­шегінен мол үміт күткендер ағылып келіп, өндіріс орын­дарындағы жұмыс күшін толықтырып отыр. Өйткені, қала Елбасы Жолдауына орай инвестиция тарту арқылы ірі кәсіпорындар жұмысын жан­дандырған. “Арна” жаңа индус­триялық-өнеркәсіптік аймақ негізінде шаһар эко­номикасын толықтырудағы өнеркәсіп ны­сандарының ма­ңызын ерекше айтуға болады. Олардың ішінде құрғақ құ­рылыс қоспаларын дайын­дайтын, жылу сақтайтын плиталар мен балық өңдейтін, металл, пластмасса бұйым­дарын жасайтын, тағы басқа кәсіпорындарда мыңдаған адам жұмыспен қамтылған. Бірінші кезегі ашылған фармацевти­калық зауыт, шағын электр стансаларын құрастыратын кәсіпорын құрылысы, жылы­жай кешені, тағы басқа ірі нысандар бой көтеріп, өткен жылы инвестиция тарту көлемі 14,2 млрд. теңгеге жеткен. Жыл басынан бергі мүмкіндіктерді екшей келе бұл бағытта 15 млрд. теңге тарту жоспарланса, меже биігінен көрінуге мүм­кіндік мол. Өндірісті дамытпайынша экономиканы көтерудің мүм­кін еместігін уақыт дәлелдеп отыр. Қапшағай­лықтардың әлеуметтік жағдайларының өсуі мен көрсетілетін қыз­меттің жақ­саруына аталған саладағы оң істер негіз қа­лауда. Биылғы өткен мерзімде өнеркәсіп саласындағы жалпы өнім 9,5 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыс­тырғанда 2,4 млрд. теңгеге артқан. Ша­һар­дағы мәдени-тұрмыстық орын­дардың саны мен сапа­сына көңіл бөлін­ген. “Жол ка­ртасы” бағ­дарламасымен кө­шелер жөндеуден өтсе, аулалар көр­кейтіліп, бала­лардың са­уықтыру алаңдары мен аял­дамалар ретке келті­ріл­генін көреміз. Тұрғын үйлердің сырты жөн­деліп, шаһарды безен­діруге де жан-жақты назар аударылған. Қапшағай қала­сының әкімі Наурызбай Таубаев Мемлекет бас­шысының Жол­дауында атап көр­се­тілген тап­сырмаларды жүзеге асыруда біршама жұ­мыстардың жүйе­лен­генін жеткізді. Осын­дағы су электр стан­саларын құрастыратын кәсіпорындардың, құрылысқа қажетті материалдар шығаратын зауыттардың бюджетті толықтырудағы үлестері ерекше айтылды. Қа­зіргі кезде “Қап­шағай құрылыс” жауап­кер­шілігі шектеулі серік­тестігіне бетон да­йындау үшін тапсырыс өсіп отырғаны да бекер емес. Осындай іргелі істермен қатар ауыл ша­руа­шылығын дамыту, ха­лықты жергілікті өнім түрлерімен қамтамасыз ету мәселесіне де екпін берілуде. Осы мақсатта Шеңгелдідегі суармалы егістік көлемін арттыру арқылы дәнді дақыл, пияз, қант қызылшасы мен бақшалық, соя, төрт түлік өсіру мәселелері шешімін тапқан. Ша­руалар өндірген өнім­дерін күзгі жәрмеңкеге әкеліп, тұрғындар алғы­сын алуда. Егістік алқа­п­тың берерін арттыру үшін тамшылата суару технологиясы, гол­лан­диялық ин­но­вация­лық әдістің тиімділігі пайда­ланылуда. Қапшағайдың бүгінінен ертеңі нұрлы екені шындық.  Оған жыл санап жасарған шаһардың келбеті мен сап түзеген тұрғын үйлер, балабақша, мектеп, тағы басқа нысан құры­лы­сының қосылғаны дәлел. Иә, жапан далада жаңғырған Қапшағайдың аты алысқа кеткен. Мерейлі сәтте қап­ша­ғайлықтармен кездескен облыс әкімі Серік Үм­бетов те жаңа ғасырдағы шаһардың өркендеуіне байланысты ойын өрбіт­ті. Қалада туризмді да­мытудың мол мүмкіндігі бар. “Жаңа Іле” демалыс аймағы мен серіктес қалалардың құрылысы да осы мекеннің бола­шағының кемелдігін көрсетеді. Алдағы жылы Алматы мен Қапшағай, серіктес төрт қала мен теңізді жалғайтын алты жолақты жол құрылысы басталатынын да жеткіз­ді. Осы күні қалалық­тарға құрылысы аяқтал­ған мәдениет үйінің көгілдір лентасы қиылып, сал­танатты жиын осында жалғасты.  Сонау жыл­дары Қапшағай қаласын салуда өзіндік қолтаң­басын қалдырған Асқар Құлыбаев, еңбек ардагері Тоқтар Әкішов және бас­қаларға құрмет көр­сетілді. Қаладағы “КНАУФ гипс Қапшағай” кәсіп­орнының директоры Александр Ефименкоға Алматы облысының құрметті азаматы атағы берілуі де орынды. Зауыт жүздеген адамды жұмыс­пен қамтумен бірге өңірде­гі мәдени-көпшілік шараларға белсене арала­сып келеді. Олар өн­дір­ген өнімге еліміз ғана емес шет мемле­кеттер де тапсырыс беріп отыр. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. * * * Алтайдың жер қойнауын төрт ел игермек Қазақстан, Қытай, Ресей және Моңғолия мемлекеттерінің шекаралары шектесетін үлкен Алтай аумағындағы геологиялық барлауды бірлесіп игеру жөнінде игілікті шара қолға алынды. Осыған арналған халықаралық конференцияның жұмысы үш күнге созылды. Оны облыс әкімдігі,  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, “Тау-кен-Самұрық” ұлттық ком­па­ния­сы, ҚР Минералды ресурстар академиясы мен Қазақстан, Ре­сей, Қытай және Моңғолия ел­дерінің салалық министрліктері ұйымдастырды. Облыс әкімі Б.Сапарбаев “Алтай” технологиялық паркінде конференцияның пленарлық мәжілісін ашты. –Облыс экономикасы тау-кен өндірісі саласымен тікелей бай­ла­ныс­ты екені сіздерге жақсы мәлім. Шығыста кен игерудегі ин­вестиция 819,4 млн., ал барлау бойынша 26,2 млн. доллар болды. Көрші мем­лекеттерде де қаржы дағ­дарысына байланысты осы саланы дамытуда кемшіліктерге жол берілді. Сондықтан бірігіп іс атқарсақ, биік белестерге шыға­ты­нымыз сөзсіз, – деді өңір бас­шы­сы. Қытайдағы Наньцзин инсти­тутының ғалымы Дун Юн Гуань Шыңжаңда жүзеге асып жатқан № 305 атты ұлттық жоба жайлы айтып берді. Сонау 1984 жылы басталған бұл жобаның мақсаты аймақтың геологиялық қырын зерттеуге, кенді тиімді пайдалануға арналған. Ал Ресей ғалымы     А.Зайцев Шы­ғыстың солтүстік көршімізге қарайтын ми­нералды-шикізаттық базасының да­муына тоқтала кетті. Алтай аум­ағында пай­далы қаз­баларға бай зерт­телмей жатқан қазба байлықтары жеткілікті көрінеді. ҚР Минералды ресурстар академиясының ака­демигі Гинаят Бекжанов осы жерде жанғыш тақта тастардың кен орны бар екенін тілге тиек етті. Со­нымен бірге, Моңғолиядан келген ғалымдар да гео­логиялық қазба байлықтарын бір­лесіп игеру жө­нінде құнды ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, электро­энер­гетикалық ресурстар бойынша, оның ішінде мұнай мәселесінің маңызды болып отырғандығы аталып, тақтатас тау жынысы, жағармай және басқа да химиялық тағамдар жайында әңгіме өрбіді. Бұл бағытта қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қол­да­уымен “Ертіс” әлеуметтік-кә­сіп­керлік корпорациясы Қазақстан мұнай және газ институтының мамандарымен бірлесіп, Кен­дірліктегі тақтатас тау жынысының жаңа кен орындары бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Конференция жұмысында Қа­зақстан, Ресей, Қытай мен Моң­ғолия елдерінен мәселеге қызы­ғушылық танытқан 200-ден аса сарапшы мамандар қатысты. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен. * * * ҚАЛДЫҚТАР ҚАУПІ АЗАЙТЫЛУДА Облыс орталығының  өнер­кәсіптік солтүстік шеткі аумағында орналасқан  өндіріс­тердің бірі “Павлодар мұнай-химия зауыты” акционерлік қоғамы деп аталады. Зауытта  4 мыңдай адам еңбек етеді. Жы­лына 7,5 миллион тонна мұнай өңдейді. Қысқы аяздарда  қат­пайтын мұндай мұнай бізге құбыр арқылы Ресей жақтан  келетіні белгілі. Бұдан бұрын біз  зауыттың 58 пайыздық үлесі мемлекет меншігіне өтті деп жаздық, бүгіндері жанар-жағармай арзандай ма деген жұртшылық талабы да орын­далғандай. Олар өз зауытымыздан өндірілетін өнімінің бағасы бірте-бірте тұрақтанады деп сенеді. Бұл күндері зауытта мұнайды қайта өңдеудің жаңа технологиялық үдерістері қол­данысқа енді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Германиядан  мұнай қал­дығын қайта өңдеу жөніндегі қондырғы сатып алынып, іске қосылды. Сонымен қатар,  мұнай өнімдері бензин мен дизель отынының қолданыстағы стан­дарт­тарынан Еуро-5 стандарт­тарына көшуге мүмкіндік беретін жаңа зертхана пайдалануға берілді. Бүгінде кәсіпорын Еуро-2, Еуро-4 сияқты  халықаралық стандарттарға сай  өнімдер шығаруда. Ал, жуықта зауыт өндіріс қалдықтарын жинайтын алаңды іске қосты. Бұл алаңның негізі осыдан отыз жыл уақыт бұрын зауыт салынған кезде бірге жасалып құмды кеніш деп аталыпты. Алаңның пайдаға жарағаны бұл ең алдымен,  еліміздің Экологиялық кодексі талаптарының орындалғаны болып табылады. Яғни, қазылған терең орлардың ішіне тасталатын мұнай өнімдері мен құрылыс заттарының қалдықтары арнайы полиэтилен қаптамалармен оралып, залал­сыздандырылады. Көмілген қал­дықтардың беті  топырақпен жабылып, кейін бұл жерлерге шөп шығып, өсімдіктер өседі. По­лиэтиленге оралған қалдықтар зиян­сыз, жерасты суларына да, қоршаған ортаға да әсері болмайды. Жалпы, зауыт қоршаған ортаны қорғау шара­ларына деп биыл 500 мил­лион теңгедей қаражат бөлген көрінеді. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар. * * * КӨМЕК КҮТКЕН КӘСІПКЕРГЕ КЕҢЕС Экономикалық өрлеу кезеңінде кәсіпорындар ақшалай түсімнің ұлғаятынына кәміл сеніп, өндірісті дамыту үшін аса ірі көлемде кредиттер алды. Бірақ дағдарыс кезінде кәсіпорын кірісі күрт төмендеп кеткендіктен, бүгінде олардың көбі банк алдындағы міндеттемелерін уақытылы және толықтай өтеуде қиыншылықтарға тап болып отыр. Даму перспективасы анық компанияларға мемлекет кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін төлеуді өз міндетіне алып, қол ұшын беруге ниет танытты. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының екінші бағыты – кәсіпорындарды сауықтыру бойынша кәсіпкерлердің сұранысы мейлінше жоғары болғандықтан, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ бағдарламаның әлеуетті қатысушылары үшін практикалық ұсыныс (банктердің кредит комитеттерінің жұмыс тәжірибесі негізінде) әзірледі. “Бизнестің жол картасы -2020” бағдарламасын іске асыруға қатысты қажетті барлық қосымша ақпаратпен www.dkb.damu.kz сайтында танысуға болады. Кәсіпорынды сауықтыру жоспарын әзірлеу бойынша ұсыныс Бұл ұсыныстардың мақсаты сауықтыру жоспарын әзірлеуде көмек көрсету болып табылады. Назарға құжат мәтінінің мағы­насы мен құрылымдануы бо­йынша банктердің кредит коми­теттерінің жұмыс тәжірибесіне негізделген ұсыныстар ұсынылып отыр. Бұл ұсыныстар сауықтыру жоспарының қолданыстағы нор­мативтік актілермен белгіленген мағынасына қойылатын талап­тарды толықтырып отырады. Сауықтыруға өтініш бере отырып, ең бастысы, кәсіпорынға субсидияның мемлекет тара­пынан және қайтарымсыз негізде берілетінін есте сақтаған жөн. Мемлекет осы қаражатты басқа мақсатқа да пайдалануы мүмкін еді. Мысалы, жаңа балабақша, мектеп, аурухана құрылысына және бұрыннан жұмыс істеп тұрғандарын жаңалауға дегендей. Сол себепті, мемлекет кәсіп­орынға субсидия бере отырып, оның қайтарымы ретінде үстеме құны жоғары дайын өнімдер шығаруды ұйымдастыру, өнімнің сапасының және бәсекеге қа­білет­тілігінің артуы, кә­сіп­орынның ашықтығы мен инвес­тициялық жағынан тартымды­лы­ғының артуы, жаңа жұмыс орындарын құру, бюд­жетке түсетін салықтық түсімдердің өсуі сияқты қарым­тасының болаты­нына сенеді. Бөлінген субсиди­я­ны дұрыс пайдалану нәтижесі кәсіпкер жауа­п­кер­шілігіне байланысты болмақ. Мемлекет тарапынан субси­диялауға бөлінетін қаражат шектеулі және барлық өтінімдерді қанағаттандыру мүмкін емес. Сол себепті кәсіпкердің кәсіпорынды субсидиялау туралы мәселені конкурстық негізде уәкілетті органдардың қарастыратынына әуелден дайын болғаны абзал. Оның өзінде, экономикалық және әлеуметтік қайтарымы жо­ғары болатынына сенім артатын преспективалары анық кәсіпорындар мен жобаларға басымдық берілетін болады. Субсидиялау мерзімі ішінде “Даму” қоры “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының қаржылық агенті ретінде кәсіп­орын мен жобаға мониторинг жүргізетін болады. Өзге аспек­тілермен қатар кәсіпорын­ның шын мәніндегі көрсеткіштерінің ықтимал көрсеткіштеріне қан­шалықты сәйкес келетіні, субси­диялаудың кәсіпорын­дардың сауықтыру жоспарында көрсетіл­ген проблемаларын қаншалықты шешетіні, кәсіпорынның (жо­баның) экономикалық және әлеуметтік қайтарымының қан­шалықты екендігі тексеріледі. Мониторинг қорытындысы бойынша субсидиялауды жалғас­тырудың мақсатқа сай келуі немесе оны тоқтату туралы шешім қабылданады. Сол себепті сауықтыру жоспарына субсидия алу үшін ғана керек құжат немесе жарнамалық проспект деп қарамау керек. Сауықтыру жос­парын сапалы дайындау кәсіп­орын басшылығының кәсіби біліктілігінен хабар береді. Нашар әзірленген жоспар пысықталу үшін кері қайтарылады немесе мүлде қабылданбайды. Сауықтыру жоспарының мақ­саты – кредитор-банкке, уәкі­летті ұйымдарға және мемлекеттік органдарға сауықтыру бойынша жоспарланатын іс-шаралардың тиімділігі және кәсіпорынға субсидия берудің орындылығы және мемлекеттік қолдаудың өзге шаралары туралы принципті қорытынды жасауға мүмкіндік беретіндей жеткілікті ақпараттар ұсыну. Сол себепті сауықтыру жоспарының осы мақсатқа сай келетін оңтайлы көлемі мен маз­мұны кәсіпорын басшы­лығының жауапкершілігінде. Құжатта: 1) субсидия алу үшін өтініш беру себептері және мақсаттың қисынды негіздемесі, банктен және мемлекеттен сұралатын қолдау шараларының түсінікті дәлелдемесі; 2) сауықтыру бойынша бас­шылық тарапынан жоспарла­натын іс-шаралардың негізділігі мен тиімділігі және кәсіпо­р­ынның одан әрі даму перс­пективалары; 3) кәсіпорын ахуалына (іске асырылатын жобасына), оған қоса оның қаржылық жағдайына, бәсекеге қабілетті өнім шығару және сату мүмкіндігіне және өзіне алған міндеттерін орындау мүмкіндігіне сауатты жүргізілген талдау; 4) рыноктың салалық және профильді сегменттерінің қазіргі жағдайы мен беталысы, жақын бәсекелестер, негізгі клиенттер мен жеткізушілер туралы ақпарат көрсетілуі тиіс. Уәкілетті тұлғалардың шешім қабылдаулары үшін сауықтыру жоспарында ақпарат жеткілікті болуы қажет. Сонымен қатар шешім қабылдау үшін ешқандай жеңілдік бермейтін артық ақпаратты қосудың қажеті жоқ. Экономиканы жаңғырту мәселе­лері жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамына әртүрлі министрліктер мен ведомство­лардың өкілдері кіреді. Олардың өздері үшін профильді емес салалардың ерекшеліктерін егжей-тегжейлі оқып-білулеріне уақыттары жетпейді. Сондықтан сауықтыру жоспарында берілетін ақпарат анық, қисынды және бірізді болуы тиіс. Мәтін кәсіби жағынан сауатты, дегенмен салалық маман емес оқырман­дардың оны түсінулері үшін мейлінше ықшам және қара­пайым баяндалуы тиіс. Егер кестелер, сұлбалар, диаграммалар мен суреттер құжатты қабыл­дауды және түсінуді жеңілдететін болса, онда оларды пайдалануға болады. Осы орайда төменде сауықтыру жоспарын дайындау кезінде орын алатын кемшіліктер де келтіріліп отыр. 1) Нашар жазылған мәтін, ақпарат беру кезінде қисын­сыздықтың орын алуы, қайта­лаулар және мағынасы түсініксіз сөздер, құжат мәтінінің келесі бөліктерінде келтірілген мағ­лұматтарды оған сілтеме жаса­мастан қайталау және т.б. 2) Кәсіпорын неліктен кредит өтемін орындай алмайтын дәрежеге жетіп, дағдарғандығы жөніндегі себептердің жеткі­ліксіздігі. Кәсіпорынның дағда­рысты ахуалынан хабар беретін факторлар ретінде (мысалы, кәсіпорын өніміне сұраныстың төмендеуі, ақшалай түсімнің күрт төмендеп кетуі, айналым капиталының болмауы) себептер көрсетіледі, бірақ осы фактор­лардың себептері, олардың кейбіреуінің ішкі сипаты (өнім түрлерінің аздығы, баға саяса­тының әлсіздігі, шыға­рылатын өнімідерінің бәсекеге қабіле­т­сіздігі) және басқалар ескерілмей қалады. 3) Кәсіпорынның және іске асырылатын жобаның салалық және өзіндік өзгешелігін түсінуге мүмкіндік беретін мәселелердің толықтай ашылмауы. Әдетте, әр кәсіпорынның табысқа қол жеткізудегі өзіндік салалық айырмашылығымен қатар ішкі ерекшеліктерімен айқындалатын бірнеше факторлары бар. Оларды ашып көрсету және дәлелдеу қажет. 4) Қаржылық-экономикалық талдау сапасының төмендігі немесе оның мүлде болмауы. Мысалы, қаржылық есептіліктегі өзгерістер (баланс валютасы қанша пайыз артты, ақшалай түсім қанша пайыз төмендеп кетті және т.с.с.) жай ғана атап өтіледі. 5) Ұйымдық құрылым, басқару органдары, менеджмент жүйесі, шешім қабылдау тәртібі және тұтастай алғанда, кор­поративтік басқару тәжірибесі туралы ақпараттың болмауы. Менеджмент сапасын, сонымен қатар бірінші басшының және қаржы директорының (бас бухгалтердің), ал қажет болған жағдайда негізгі менеджерлердің білімі мен жұмыс тәжірибесін бағалауға мүмкіндік беретін ақпараттың толық ашылмауы. Менеджменттің жоба іске асы­рылып жатқан саладағы және қарастырылуға ұсынылған жо­баларды іске асырудағы тәжі­рибесін сипаттап көрсету керек. 6) Мәтіннің шешім қабылдауды жеңілдетпейтін ақпаратпен – жалпы ақпаратпен (мысалы, компания тарихын және кәсіпорынның интернет-сайтындағы жарнамалық сипаттағы мәтіндерді суреттеу), рынок немесе кәсіпорын бо­йынша өзектілігі жоқ ақпаратпен, арнайы техникалық деректер мен өнімді суреттеудің, нақты кәсіпорынды немесе жобаны түсіну үшін маңызы жоқ кестелер мен коэффициенттердің шамадан тыс көптігі. Үдерістің (жобаның) жалпы сипаттамасын беріп және қарастырылатын мәселеге қатысы бар шешуші сәттерге ғана баса назар аударған жеткілікті. Мысалы, егер кәсіпорынның техникалық жағынан жарақ­тандырылуы бизнес табысының негізгі факторы болып табылатын болса, жабдықтардың қай елде шығарылғанын, олардың қыс­қаша сипаттамасын немесе жоғары технологиялық деңгейін растайтын өзге ақпарат қажет. 7) Мәтін мен сөйлемдердің әр жерінде кездесетін деректер арасындағы алшақтық, сонымен қатар негізгі мәтіндегі ақпараттың қоса берілген қаржылық есептілік деректерімен сәйкес келмеуі. Ақша көрсеткіштерін мәтіннің әр жерінде және қосымшаларында түрлі өлшем бірліктерімен (теңге, үтірден кейін теңге және тиын, мың теңге, АҚШ долларымен), соның ішінде өлшем бірліктерін көрсетпестен келтіру. Барлық сауықтыру жоспары үшін ортақ бір валютаны (дұрысы млн. теңге) таңдаған және оны кіріспеде және әрбір қосымшада көр­сеткен жөн. Тағы бірнеше тәжірибелік ұсыныстар 1) Орын алған пробле­маларды және олардың шын мәніндегі себептерін жасыруға немесе бұрмалауға тырыспау. Ол әруақытта көрініп тұрады және оқыған адамға жағымсыз әсер етеді. 2) Егер кәсіпорын хол­дингтерге және топтарға тиесілі болса, оны да көрсеткен жөн. Бас компанияны және еншілес кәсіпорындарды атап өту қажет. Бизнес иелері, олардың басқару үдерісіне және шешім қа­былдауға қаншалықты тартыл­ғандығы да ашық көрсетілуі тиіс. Кәсіпорынның немесе оның иесінің жобаның іске асырылуына өз қаражатымен қатысатындығын және қандай көлемде қатысатынын атап өткен абзал. Егер қатыспайтын болса, оның себебі нендей дегенді де айтқан дұрыс. 3) Рынок жағдайын, оның мүмкіндіктері мен ақпарат дереккөзін көрсете отырып, рыноктың сол сегменттерінде жұмыс істейтін өзге кәсіп­орындардың (тікелей және жанама бәсекелестер) қызмет көрсеткіштерін көрсету керек. Кәсіпорынның бәсекелестік артықшылықтары да көрініс табуы тиіс. 4) Кәсіпорын мен жоба экономикасын түсіну үшін жеткілікті ақпарат қажет. Кіріс және шығыс баптары барынша егжей-тегжейлі ашып көр­сетіліп, қажет болған жағ­дайда баланстың негізгі баптарының толық жазылғаны жөн. Саты­лымның маусымдылығы, өзіндік құн, жобаның өзін өзі ақтап, табыс таба бастайтын кезеңі туралы деректер келтірілсін. Өз айналым капиталына деген қажеттілік туралы талдау, осы қажеттіліктің қалай қанағаттан­дырылатынын көрсету керек. Жүзеге асырылған және жос­парланатын инвестициялар жөніндегі ақпаратты ашып көрсету маңызды. Күрделі шығындардың қандай көздерден қаржыландырылғанын және қосымша қаражат қажет болатын-болмайтынын көрсету керек. Егер кәсіпорында ин­тернет-сайт бар болса, оның мекен-жайын компания туралы жалпы бөлімде көрсету қажет. 5) Ұсынған болжамды деректер нақты көлемі мен сатылым бағасы көрсетілген күйде айқын негізделуі шарт. Жоспарланған бизнестің суб­сидия алғаннан кейін бірден “қарқынды өсуі” келеңсіздіктен хабар беруі де ықтимал. Шамалы және бірқалыпты өсу қарқыны (5-15%) біршама шындыққа жанасымды. Егер, осыған қарамастан, сатылым едәуір өсетіндей болса, онда осындай болжамды түсіндіретін уәж, құжатпен куәландырылған дәлелдер болуы тиіс. 6) Кәсіпорынды сауықтыру мақсатында жоспарлайтын ұйым­дық және өзге өз­ге­рістердің экономикалық мәні болуы керек, ал сұралатын қолдау шаралары кәсіпорынның нақты қажеттілігіне сәйкес болуы тиіс. Пайыздық мөл­шерлеменің төмендеуінің кә­сіпорын экономикасына қалай әсер ететінін нақты сандармен көрсетіп, қажет болса салыс­тырмалы диаграмма құру керек. 7) Құжатты ресімдеуге лайықты көңіл бөлінуі тиіс. Сауықтыру жоспарының барлық мәтіні бойынша әріптердің бірыңғай мөлшері мен кескіні болғаны жөн. Беттердің нөмір­ленгенін, керек жерлерде қосымшаларға сілтемелердің және ақпарат дереккөзінің бар-жоғын тексеру керек. Кесте­лер­дің келесі бетке тасымалданбауы тиіс. Сұлбаларды, кестелерді, таблицалар мен беттің едәуір көлемін алатын өзге материал­дарды қосымшаға орналас­тырған жөн. 8) Әркім өзін кәсіпорын мен ол сала туралы еш хабары жоқ оқырман ретінде сезініп көріп, құжатты қайта оқып шығуы керек. Оны әріптестерге де оқуға беріп, қажет болса, құ­жатты пысықтап, аяғына дейін өңдеп шығу қажет. Материалды әзірлеген Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ. * * * Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі           www.mіnfіn.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет министрлігі      www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі                                                           www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі   www.mіt.kz Экономикалық даму және              www.mіnplan.kz сауда министрлігі - Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі          www.memr.gov.kz Статистика агенттігі                            www.stat.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі                                        www.auzr.kz