24 Қыркүйек, 2010

Тілек - халықтан, еңбек - елбасынан!

838 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
НЕМЕСЕ ВОЛОКОЛАМСК ТАС ЖОЛЫНЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕ Ер Баукеңнің мерейтойы қарсаңында осыдан бес жыл бұрынғы Мәскеу сапары қаз-қалпында еске түсіп отыр. * * * Мәскеу қаласы үшін жан алысып, жан беріскен атақты 8-ші дивизияның қаһар­мандары, Кеңес Одағының Батыр­ла­ры генерал-майор Иван Васильевич Панфилов пен полковник Бауыржан Мо­мышұлының ескерткішін орнату жө­ніндегі Елбасы тапсырмасын орындауға жамбылдық бас­шы­лар қауырт кіріскен. Ер Баукеңнің ескерткішін орнату жөніндегі ой о баста Мәскеудегі “Мұра­гер” мә­дени орталығының төрағасы Жәнібек Елекбаев пен халықаралық Жа­зушылар одағы ұлттар әдебиеті бойынша атқару ко­митетінің төрайымы Тұрсынай Ораз­баева­дан бастау алыпты. Бірақ ес­керткішті қоя­тын жерге келгенде күт­пеген мәселе пайда болып, көкейдегі кө­рікті ой тығырыққа тіреле берген. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев сол тұста Ресей Фе­дера­циясына жұмыс сапарымен барып, қазақ диаспорасымен кездеседі. Сол кез­де­суде мәскеулік қазақтар Елбасына ер Бау­кеңе ескерткіш орнату жөніндегі ұсы­ныс­тары­ның сөзбұйдаға салынып, әртүрлі сыл­тау­лармен орындалмай келе жатқанын ай­тады. Елбасы көмектесуге уәде береді. Міне, осыдан кейін мәселе “жер орыс­тар­дан, ескерткіш қазақтардан болсын” деген тұрғыда оң шешім табады. Сол ескерткіш осыдан бес жыл бұ­рын Жеңістің 60 жылдығы тойланып жатқанда, Елбасының Мәскеу сапарына орай дайын болды. Дайын болғанда, Волоколамск бас­шылығы қала орта­сы­нан орын тепкен ме­мо­риалдағы батыр-боздақтардың аты-жөндері жазылған тұғыр тастарды цемент­пен сыламақшы болған екен, Момышұлы мен Панфи­лов­қа ескерткіш орнатуға бар­ған жам­былдық сәулетшілер мен құрылыс­шылар оларды да Қордайдың қызыл гранитімен әрлеп, жалтыратып берді. Мәскеуден батысқа қарай созылған атақты Волоколамск тас жолының бойы орман, тоғайға толы. Жасыл жазықтар мен дөңдер де көз суырады. Көлшіктер де бар. Қа­рағайдан қиып салған ескі үй­лер 1941 жылдың қаһарлы күзін еске түсіреді. Бау­кеңнің баласы Бақытжан мен келіні Зейнеп батыр жазбаларынан белгілі деревня аттары ұшырасқан сайын елең етіп, тарихи оқи­ғаларды еске алып, толқи сөйлейді. Жаны нәзік жеңешеміз көзіне кеп қалған жасты орамалының ұшы­мен сүртіп қояды. Бақытжан ағамыз Баукең сияқты маңғаз, сабырлы. Жеңе­шеміз он рет сөйлегенде, ол бір рет те жақ ашпайды. Атылмаған жанар­таудай айтар ойы жандүниесінде бұғып жатқан сияқты. Біздің де жандүниеміз астан-кестең. Ресейліктер Нелидово селосынан 28 панфиловшыға арнап музей ашыпты. Екі елдің тарихи жадына ортақ музейге қой­ылған экспонаттардың көбісі Қазақ­стан­нан әкелінген. Оған Қазақстанның Ре­сейдегі елшілігі мен Мәскеудегі қазақ диаспорасы көп атсалысқан көрінеді. Нелидово село­сынан ат шаптырым жер­дегі Дубосеково разъезінде 28 панфилов­шыға арналған алып монумент мен­мұн­далайды. Биік дөң­нің үстіне орнатылған 6 арыс (жауынгер) қадау-қадау боп, алыс­қа көз салып тұр. 6 саны – панфиловшылар құрамының 6 ұлттан тұратынын білдіреді екен. Нұрсұлтан Әбішұлы Қызыл алаңдағы 60 жылдыққа арналған шеруден кейін кейін осы Дубосеково разъезіндегі алып ескерткішке гүл қойып, ерлік пен елдіктің ұранына айналған батырлардың рухына тағ­зым етті. Сап түзеген қатаң күзет жа­қындауға мүмкіндік берме­ген­діктен, алыс­тан көргенімізге шүкір дедік. Елбасы одан кейін Нелидово селосына келіп, 28 пан­филовшылар музейіне аялдады. Президент мұнда генерал-майор Панфиловтың қызы Мая Иван­овна­мен және батыр Баукеңнің ұлы Ба­қытжан мен батырдың келіні Зей­неппен жолығып, тұлпардың тұяқтарына ескерт­кіш заттар сыйлады. Батыр Баукеңнің ұлы Бақытжан Елбасынан алтын сағат алса, Панфиовтың қызы Мая апай қа­­зақтың ұлттық нақышымен өрнектелген қымбат әшекей бұйымдарына қатты қуа­нып қалды. Гүл шоғына да шүкір дейтін қарапайым халықтың өкілі мұндай бағалы сыйлықты күтпесе керек, сірә. Елбасы сапары бұдан кейін Воло­колам­скіде жалғасқан. Бұл – ірге­тасы сонау 1135 жылы қаланған ежелгі қала. Мәскеу облысының губернаторы Борис Громовпен бірге осы тарихи ме­кенге кел­ген Н.Назарбаев мемориалдық кешеннің төрінен орын алған генерал-майор Иван Панфилов пен гвардия полковнигі Бауыр­жан Момыш­ұлының ескерткіш-бюстерін ашты. Волоколамск тұрғындарының Қа­зақстан Президентін тапжылмай күтуіне қарап, олардың жайдары жүзінен Қазақ­станға және Қазақстан Президентіне деген құрметті байқадық. Елбасы да реті кеп тұрғанда Волоколамскінің ежелгі тұрғын­дарымен және Мәскеудегі қазақ диас­порасы өкілдерімен емен-жарқын әңгіме­лесіп, іргелі екі ел болып ұлықтап отырған рухани қуаныштарын бөлісті. – Мінеки, заман түзеліп келеді, – де­ген Н.Назарбаев сонда өзіне құрмет көр­сеткен Волоколамск тұрғындарына қарап. – Заманмен бірге елдің әлеумет­тік жағ­дайы да жақсаруда. Қарттар мен жастарға жағдай жасалып жатыр. Екі елдің арасын­дағы достыққа да сызат түскен жоқ. Түсір­мейміз де. Жеңіске деген құрмет – соғыс және еңбек арда­герлеріне деген құрмет! 28 панфилов­шылар ерлігі жастарға үлгі. “Ресей ұлан-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, арты­мызда Мәскеу” деп бүкіл жауын­герлерге ұран тастаған Панфилов, Клочков және Момышұлының ерлігі ешқашан ұмы­тыл­майды. Бірақ, өкінішке қарай, қазақ халқының мақтанышына айналған қа­һарман Бауыржан Момышұлына көпке дейін Кеңес Одағының Батыры атағы бе­ріл­мей келгені белгілі. Сондықтан мен 1990 жылы Горбачевке хат жазып, сол атақты алып беруге тікелей атсалыстым. Өйткені, 28 панфиловшылар мен ер Баукеңнің ерлігі бүгінгі достығымыздың да алтын көпірі болып қала бермек... Мәскеу облысының губернаторы Б.Громовтың жылы лебізі де әлі күнге дейін есте. Жеңіс туралы ойларын ұлттар достығымен байланыстыра келіп ол: – Қаһарлы соғыс кезінде жауын­герлер кімнің қандай ұлтқа жататынына қарамай, бір-бірімен дос, бауыр және жолдас боп кеткен еді. Құрметті, Нұр­сұлтан Әбішұлы! Сіз­дің бүгінгі Волоко­ламскіге жасаған ар­найы сапарыңыз сол достықты одан ары нығайта түседі. Біз 28 панфиловшылар мен батыр Бауыржан Момышұлының ерлігін әрқашан мақтан етіп, ержүрек қазақстан­дықтардың патриоттығын ұрпағымызға үлгі, өнеге ете береміз, – деген. Елішілік сапарларда Елбасы – елін, ал елі – Елбасын төбесіне көтереді. Воло­коламск кездесуінде Елбасы тұлғасы мүлде аспандап кетті. Ол Ресей Федера­циясының Президенті В.Путиннің қабылдауынан, Мәскеу облысы губер­наторының ілтипа­тынан, Ресей халқы­ның ыстық ықыласынан да анық байқалған. Мәскеудегі қазақ диаспорасының көш­басшысы Жәнібек Елекбаев Қа­зақстаннан келген қонақтарға үш күн бойы тік тұрып қызмет жасады. “Егемен Қа­зақ­стан” газетіне “Ер Баукеңнің қызы Елена” деген “айқай­ла­ған” тақырыппен ма­қала жазамын деп Ба­қытжан көкем мен Зейнеп же­ңешемді аз-кем өк­пе­ле­тіп алған екенмін, “өкпе шәйі орамал кеп­кен­ше” деген, қабағымыздың қырыс-ты­рысы жол-жөнекей жазылып жүре берді. Мәскеу іргесіндегі орман арасында Жәнібектің үлкен үй-жайы бар, аула­сынан шөккен нардай боп қазақтың ақ­шаңқан киіз үйі зорая көрінеді. Киіз үй іші кірсе шыққысыз. Дастарқан басын­дағы әңгімені Бақытжан бастаған. Бәкең реті келгенде Зейнеп жеңгеміздің “ли­дерлігін” әдемі әзілмен “шымшылап” алады екен. – Бірде Қызылорда қаласындағы “Күрішшілер сарайында” үлкен кездесу бол­ды. Ол кезде “творчестволық есеп беру” деген бір “мода” шыққан. Дүкен­бай сол сапарға бізді де қоймай ертіп апарды. Кез­десуде бір ақсақал шықты да, өңірі толған орден-медаль екен, Дүкенбай екеумізге менсінбей қарап: – Дүкең мен Бәкеңнің көңіліне кел­месін, мен Зекең туралы сөйлеймін, – деді. – Зекеңі – Зейнеп. Қарасам, Дүкен­байдың ерні көгеріп бара жатыр. Сонда мен: “Оу, аға, Дүкеңді білмеймін, ал мұн­дайға менің құлағым да, етім де үйреніп кеткен. Туғаннан “тұлпардың тұяғы”, “алтынның сынығы” деп келеді, ал мына Зейнептің кітабы шыққалы бері “Зейнептің күйеуі” деген “дәрежеге” де жеттім. Сондықтан көпшіліктің алдында уәдемді берейін, бұдан былай бұл Зейнептің атына кір келтірмеймін, – деп едім, бәрі ду күліп жіберді. Көп тыңдап, аз сөйлейтін Бақытжан көкем “снайпер” сияқты, отырып-оты­рып ұрымтал тұс келді-ау деген тұста ай­татынын бір-ақ тарс еткізеді. Біраз күліп алған Бәкең жеңгеміз жайлы айтпағын одан әрі жалғады. – Сол кездесуден кейін аудандарды аралай бастадық. Шиелі, Жаңақорғаны бар, әйтеуір, барған жерімізде бәрі келі­сіп алғандай Зейнепті “келіндердің сим­волы” дейді. Ана жерге барсақ та “символ”, мына жерге барсақ та “сим­вол”. Соңғы кездесу – Сырдарияда болды. Ол жерде де “символ” деп келе жатыр еді, мен шыдай алмай сөздерін бөліп: – Кешіріңіздер, енді көзім жетті, “Қызылорданың үш “символы” бар екен. Ол – маса, шеңгел және Зейнеп” деп ем, кездесуге жиналғандар ду күліп жіберді... Жәнібектің Мәскеу маңындағы киіз үйінде гуілдесіп отырғандар да ду күлді. Аға тапқырлығын растап жеңге жаны да жаз боп кеткен. “Бәріңді біраз желпінтіп алдым ғой, сол да жетер” дегендей, Бәкең ендігі сөзін салмақтай сабақтаған. – “Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп” дегендей, атойлап ұрыс салған жерінен әкемізге ескерткіш ашылып, оның құрметіне Елбасы қатысып, оның соңы Жәнібек бауырымыздың үйіндегі дастар­қанға ұласып, ақ түйенің қарны жарылып жатқан соң көңілді отырайық деген уәж ғой. Осылай басымызды қосып, шүйіркеле­сіп, күліп отырғанымыз батыр әкелер ерлігінің арқасы. Құдай ендігі ұрпаққа соғысты көрсетпесін! Шейіт кеткендердің рухы мен тірі жүрген қарт жауынгерлердің ақ тілегі қолдап жүрсін! Еліміз тыныш, ас­па­нымыз ашық болсын, бүлдіршіндер ба­қыт­ты болсын! Өмірлі болсын! Орыс елінің орталығынан киіз үйді көргенде, жүрегім жы­лып, толқып кеттім. Керемет, қазақ туыр­лығы мен түндігінің иісі Мәскеу орма­ны ішінен де бұрқырап тұр. Ел-жұртымыз аман болсын! Ел ішінде біз де аман болайық! Бақытжан көкем “осымен мен бол­дым” дегендей әңгімесін кілт доғарып, томсырая қалды да кезекті, өзі айтпақшы, “келіндердің символы” – жеңгеміз Зейнепке берген. – Бір кісі менің ата туралы жазған “Шуақты күндер” атты кітабымды алып, келініне сыйлапты да: “Мә, балам, мы­на­ны оқы. Баукеңнің келініндей бол!” депті. Ол да атасымен әзілі жараса беретін келін болса керек: – Баукеңнің келініндей болу үшін Бау­кеңдей қайыната керек қой, – деп са­лыпты. – Сол секілді мен де шынымды айтып жүремін: бүгінде біреуге Бәке, біреуге Зәке боп, біреуге аға, біреуге жеңеше боп, төр­ден орын бұйы­рып жүрсе, соның барлығы атаны сүй­ген, атаны ардақтаған ел-жұртымыздың шапағаты. Әйтпесе, мынау қазақ деген іргелі елдің ішінде мені мың орап алатын небір керемет аналар мен келіндер бар. Менің бақытым сол, атаның шаңыра­ғына келін боп түсуім. Аз уақыт болса да қолына су құйып, шәйін қайна­тып беруім. Бүгінде соның шарапатын көріп жатырмын. Құдайға шүкір, үлкен отба­сында өстік, тәрбие алдық, одан кейін университетте оқыдық, бірақ шынымды айтсам, сол университетте бес жыл оқы­ған сабағым қазір есімде жоқ. Ал, бірақ, атаның алдында тапсырған сынағым, ата университеті – академияға бергісіз болды. Бүгінде жастарға айтып жүрген өнегем де, үлгім де, шындап келгенде, ата өсиеті. Қазір ойлап отырсам, қайран атам, “мен бұған айтайын, бұл өзінен кейінгіге айт­сын” деп кеткен екен ғой, көрегендікпен. Лұқпан хакім, рас болса, мың жасапты дейді. Бірақ ол кісі өмірінің осын­дай мағыналы сәтін бір жасқа балаған екен. Нұрсұлтан Назар­баев Кремльде елу жыл “сүр” боп жатқан атаның “Жұлдызын” жұлып алып бергенде, Аллаға ризашылы­ғы­мызды айтуымыз керек, елдің қуаны­шында шек болған жоқ. Сонда аз сөйлесе де саз сөй­лейтін Бәкең: “Нұреке, тілек ха­лықтікі, еңбек сіздікі болды” деп еді. Шы­нында, халықтың қалауын орындады Нұ­рекең! Өйткені о дүниелік боп кеткен­діктен атаға Жұлдыздың керегі жоқ бола­тын, кәстөмінің өңіріне де қадап, сүйсініп қарай алмады, бірақ сол Жұлдыз жарқырап кеп халқының жүрегінен орын алды. Халықтың мерейі өсті. Елбасының жеделхатындағы: “Баукең Жұлдызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күн”, деген әдемі сөзді біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Мәскеу-Тараз-Мәскеу.