25 Қыркүйек, 2010

Санаткер

922 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Асыл азамат, жайсаң жур­на­лист-жазушы Серік Әбдір­айымұлы ешқашан жұптары жазылмаған, өзі секілді “жанары жәудіреген жеті жетімнің” бірі, Алаш ардағы – Ақ­селеу Сейдімбектің жамбасы жерге тигеніне қырық күнге қарағанда қаламдас һәм қияметтік досының соңынан бақилыққа кете барғанын бүкіл жұрт біледі. Одан бері де бір жылға бет бұрыппыз. Қайран өмір-ай десеңізші, жақсының орнын жоқтау, іріліктің көлеңкесін іздеу – сол Серік Әб­дір­айымұлының өз өнегесі еді. Көзі тірісінде кім таразыласын, ақырғы “Самғау” жинағына кірген шығар­маларын бүгін oқып байқасаң – “бірі кем дүние-ай...” деген күр­сіністі жолдарды жиі жо­лық­тырасың. Онда не сыр, не се­беп болды екен деп тағы ойлана­сың... Алпысын аттандатпай, пайғамбар жасына жақындағанда, әулие-әнбиелі жерлерді жағалап, зиярат шегіп кеткені ше... Қу тірлік әлденені сездірді ме екен? Дүрбелең дәуірлер туып, қоғам жүзі құбылған сәттерде адами құн­дылық атаулы қайта қаралып, әр­қи­лы тез-таразы мен сүзгі-сараптан өтіп жатады. Әсіре белсенді әлеу­меттің тарапынан барды мансұқтау, баяндыны мойындамау секілді кереғарлық кеулейтін кездер де кезі­геді. Уақытында Абайды, Ыбы­райды, Шоқанды, Алаш арда­гер­лерін “пролеткульт” парықсыз­дары тарих кемесінен түсіріп тастағысы келген жоқ па еді; бұл жаға жыр­тысқан текетіресте бәрібір парасат­ты жұрттың туы жығылған жоқ. Ездің күйесінен ердің киесі басым шықты. Осындай өзекті, өткелек мезеттерде ақиқаттан айнымау, анығын айту – имантаразы іс. Міне, заманалар арасына өзінің нә­тін де, ниетін де көпір ғып төсеген қа­ламгерлердің бірі – Серік Әбдір­айымұлы. Талантты ақын Ибрагим Исаев оған көзі тірісінде арнаған өлеңдер циклінің әлдебір жерінде: Кездер келгенде Дала мен Тауды жалғайтын, Азамат керек жала мен жаудан қорғайтын. Жол салу керек қарсы алу үшін күндерді Болашақтардың бетінде таңба қалмайтын, – деп жазыпты. Расында да, “болашақтардың бетінде таңба қалмайтын жол салу­ды” ұйғарған Серік Әбдірайымұлы дәл, дер шағында қазақтың хәкім қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ар-абыройына, сол арқылы қазақтың тапталған намы­сы мен нарқына сөзімен қорған, қалқан бола білді. Қарақан басы­ның қамын күйттеген жоқ. 1986 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінің екі нөмірінде Оралхан Бөкейдің нар­тәуекелге бел бууының арқа­сында “Ақиқат айтылмай қалмай­ды” деген бас тақырыппен жария­­ланған сыр-сұхбатты жүрек сыр­қатынан аурухана төсегінде таңы­лып жатып қағазға түсіргенін екінің бірі біле бермейді. Абай айтқан “әрекеті – харекет” сұржағалылар өздері түзген тізім бойынша “Қо­наевтың 286-нөмірлі туысқаны” деп таныған Серік Әбдірайымұлын тергеудің астына алып, нақақтан-нақақ қызметінен қуылуына “негіз” қалайды. Бұл барып тұрған бейбастақтық еді, өйткені – Шерхан Мұртаза жазбақшы: “Серік Әбдірайымұлы сол Димекең биік тақта отырған кезде одан қолдау көрген жоқ, жа­ны­на да жолаған емес”. Ал “Жа­лын” баспасының өзі басқарған музыка және өнер бас редакция­сынан 1979 жылы енші алып, ірге көтерген “Өнер” баспасына жетек­шілік жасай жүріп, ол бұл саланың білгірі ғана емес, ұлт мұрасы мен мұратының жоқшысы, жанашыры екендігін әбден әйгіледі. Жоспар­лы, жүйелі жұмыстың нәтижесінде “Өнердегі өнегелі өмір” сериясы­мен шыққан Ә.Қастеев, Ш.Ай­манов, К.Байсейітова, Қ.Жандар­беков, С.Қожамқұлов, Қ.Телжанов, Ж.Еле­беков жөніндегі кітаптар көпші­ліктің көзайымына айналды. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның қазақ қолөнері туралы үш томдығы оқыр­ман олжасына айналады. “Қыз Жі­бек”, “Біржан-Сара”, “Ал­па­мыс”, “Қыз Жібек”, “Жалбыр” опе­ра­лары­ның ұшты-күйлі жоға­лып кетуі ықтимал партитуралары тасқа басылды, сондай-ақ көпке танымал күй ноталары, ән жинақтары жарық көрді. Әргі-бергі тарихқа тіл бітірген “Қазақстан” фото­альбомы да қолға түспес құнды қа­зы­налардың қа­тарына қосылды. “Ана за­манда хал­қым үшін өйтіп едім, бүйтіп едім...” деп кеуде со­­ғып күпінген жоқ. Задында, кі­ші­лік пен кісіліктің әртүрлі сипат-сыр­­лары бар ғой. Ізет пен ілтипаттың ай­ғақтары да алуан­дықпен белгі бере­ді. Осы тұрғыдан ойлағанда, Серік Әбдірайымұлы­ның сүйегіне сіңісті, жан-жүрегіне жарасты өз болмыс-бітімі менмұн­далайтын. Алдын кесе аттамайтын, құдірет тұта қадірлейтін аяулы ағаларының есімдерінің бастапқы буынына “аға” деген сөзді жалғап айтатын әдемі дағдысы бар-ды: Нұрағаң (Нұрғиса Тілендиев), Қалағаң (Қалтай Мұхамеджанов пен Қалдарбек Найманбаев), Шер­­ағаң (Шериаздан Елеукенов пен Шерхан Мұртаза), Сейдағаң (Сей­д­ахмет Бердіқұлов)... Әрі олардан көр­ген жақсылығын тізіп-түген­деуден жалықпайтын. Қарымды қаламгердің тұғырлы тақырыбы осы төңіректен айрықша өріс тауып, өре танытты. “Қайталап ай­тайын, менің ағалардан аузымның салымы бар”, – дер еді ол пікірін тиянақтай түсіп. Міне, ҚазМУ-дің журналистика факультетіндегі ұлағатты ұстаз­дары­ның, яғни Әбағасының (Әбіл­файыз Ыдырысов), Тауағасының (Тауман Амандосов), Темағасының (Темір­бек Қожакеев) ықпалымен өзі бітірген оқу ордасында 1974 жылдан бастап сабақ бере бастаған. Теория мен тәжірибені ұштасты­рып, негізгі қызметінен қол үзбей студенттердің шығармашылығын шыңдағандар­дың сапында әр жылдары Камал Смайылов, Нұр­махан Оразбеков, Шәрібек Есмұр­заев, Жарылқасын Нұсқабаев, Мәт­кәрім Әкімжанов, Ержұман Смайыл, Жанболат Ауп­баев, Ал­тын­бек Сәрсенбаев, Әшір­бек Аман­­­келдиев, тағы сол сияқты журналистика жампоздары болды. Осы шаһбаз шоғырдың ішінде 35 жыл бойына үздіксіз дәріс оқыған Серік Әбідрайымұлы ғана шығар деп ойлаймыз. Және, бір қызығы, білімін бұлдап, ең болмаса “ғылым кандидаты атансам” деп ешқашан өңмеңдеген емес. Әйтпесе, ауди­торияға бір бас сұққан соң, ізін суыт­­пастан “дәрежелі ғалым” болу­дың амалын ойластыра бастайтын­дар аз ба? Оның орнына, Серік Әбдір­айымұлы сүйікті оқу ордасына тиесілі пайдасын тигізіп, баспа ұйымдастырып берді. Құр­метті профессорлықты да оған басқа білім шаңырағы сыйлады. Журналистика академиясының академигі, Гумани­тарлық акаде­мия­ның толық мүшесі атанды. “Адам ісімен жасайды. Алға­нымен емес, бергенімен санат­қа кіреді” деп жазыпты ол эссе­лерінің бірінде. Оның осындай ынта-ыждағатымен “Санат” бас­пасы тіршілігін бастапты. Сөйтіп, тәуелсіздікке табан ілік­тір­ген тұста тыңнан тыныс, жаңа­дан жол ашқан Серік Әбдірайым­ұлы баспагерлік білігін молынан байқатты. “Сапа белгісі бар жігіт­тің” (Ақселеу Сейдімбек) бастама­лары баянды, ұмтылыстары ұйтқы­лы болды. “Санат” баспасынан алғашқы он жылдың айналасында ғылым­ның 32 саласы бойынша 6 тілде жарық көр­ген төрт жүзден астам дүние жұрт­­тың игілігіне жарапты. Ең алды­мен Алаштың айтулы оқымыс­ты­лары Т.Шонанұлының, С.Аспан­дияров­тың, М.Ты­ныш­баевтың, Х.Дос­мұха­медов­тың, Е.Бекмаханов­тың, Е.Ысмайылов­тың, Т.Тәжібаев­тың, С.Аман­жолов­тың, Ә.Қоңырат­баев­тың ел сусаған еңбектері кітап сөре­лерінің көркін келтірді. Қазақ тари­хының қайнар­ларына үңілткен Мұ­хам­мед Хайдар Дулати, Қадыр­ғали би Қосымұлы, Алексей Лев­шин­­нің жазба жәді­герлері зиялы қауым­ның зәрулігін қанағаттан­дырды. Академик Зейнолла Қабдолов­тың ұзақ жылдар бойғы терең шығармашылық толғағынан туған “Менің Әуезовім” роман-эссесінің алғашқы кітабы, көрнекті қай­раткер-ғалым Шериаздан Елеу­кенов­тің үш-төрт жыл мұғдарында өзі айтпақшы “суайт-саудагер­лердің” суырмасында сиырқұйым­шақ уәдемен жатып қалған “Мағ­жан” монографиясы осы баспадан оқырмандарына жол тартты. Екеуі де тәуелсіз Қазақстанның мемле­кеттік сыйлығымен марапатталып, баспаға да, басқаға да абырой әперді. Қаншама кісілердің кітаптарын, былайша айтқанда, “қыр соңынан қалмай қуып жүріп сұрап алып”, су тегін жариялады. Олардың арасында елге мәшһүр жазушы, ақын, ғалымдармен қоса, руханият әлеміне қарай аяғын енді ғана тәй-тәй басқан көкөрім, көзқуаныш талапкерлер де бар. Асан Қайғының дуалы аузымен айтқанда, “әр бұтасының түбі – бір кесек ет”, қайырлы да құтты қоныс Үшаралдың перзенті Серік Әб­дірайымұлы туған ағасы Жарыл­қасын екеуі жүзге жуық жасаған қос аналары – Дәрия мен Айжан кейуаналардың мейірлі шуағына мейлінше шомыл­ған­дықтан бо­­лар, өзінің бітімі де жы­­лылыққа, жақ­сы­лыққа кенен-тұғын. Ол әсіресе жас­тардан қамқорлығын аямайтын, қуана ая­лайтын; “айна­лайын” деп еміреніп, елжіреп тұратын. “Ешқашан дауыс көтергенін естімеппін. Ағат кеткен тұстарымыз болса да “айналайын” деп ақылын айтатын, өзінің ой-пікірін әдемі, жүрекке мәңгі ұялардай етіп жеткізетін...”. Бұл – ізін басқан әріптес інісі, танымал журналист Ерғали Сағаттың лебізі. “Адалдықтан аспай, қашан көрсең де “оу, айналайын”-ын аузынан тастамай, мол денесімен ырғала қозғалып, құшағын айқара ашып, күліп келе жатқан Серағаң­ды көресің...”. Бұл – шапағаты тиген шәкірттерінің бірі, ұстаздық жолын қуған бауыры Сансызбай Мәдиевтің сөзі. Қайраткерлік қажырымен және қайырымымен жақсы атын жұр­ты­на аманаттаған Серік Әб­дір­айым­ұлының соңындағы әдеби-пуб­ли­цистикалық мұрасын бір түгендеп, тәптіштеп қою – оның шарапатын көріп, шуағына кенелген жандарға ғана емес, сөз бағасын білетін баршаға азаматтық парыз. Серік Әбдірайымұлы қаламгер­лігінің бір қыры – аудармашы­лығы. Бұл ретте түрік жазушысы Орхан Кемалдың “Тұңғиықта” ро­ма­нын, Федор Шаляпиннің “Пер­де жамылған пенде” мемуарын, Пауль Куусбергтің “Монолог” эссесін, Борис Васильевтің “Ман­сап пен махаббат”, Олег Серовтың “008 агенттің күйреуі” хикаяттарын шеберлікпен тәржімалағанын айтсақ та жетіп жатыр. Осыдан бес-алты жыл бұрын баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде Серік Әбдірайымұлы әу басында Қонаевқа 108 сауал ұсын­ғанын, оның 34-інің жауабы ғана жұртшылық талқысына жеткенін, ал қалыс дүние қатталып жатқан қоржынның аузы әлі ашылмағанын тілге тиек еткен еді. Және соның негізінде “Күнді көлегейлей алмай­сың” атты кітаптың әзір тұрғаны туралы гәптің де шетін шығарған. Дінмұхамед Ахметұлының “Қал­ғанын өзің таяқ жемейтін уақытта бастырарсың” дегенін де ескерте кеткен. Бәлкім, әлқиссасы “Өтті дәу­рен осылай”, “Ақиқатты аттауға болмайды” сияқты естеліктерде басылған желілі әңгіменің жалғасы содан қылаң беріп қалар деген үміт жоқ емес. Сондай-ақ, үшінші курста оқып жүрген кезінде-ақ қабілетіне ден қойған Телағасының (Тельман Жанұзақовтың) қамқорлығымен “Лениншіл жас” газетінің редак­ция­сына қызметке алынып, қары­мымен ел қаратқан жүйрік журна­лист осы басылымның шығарма­шы­лық штабының бастығы – жауап­ты хат­шысы дәрежесіне жеткенше талай сүрлеу, түрлі сынақтан өткені анық. Тырнақалды танымал туындылары – “Арман­дас­тар” мен “Боз кілем” очерктері жарияланған сәттен бастап спорт және дене тәрбиесі бөлімін меңгер­г­ен тұста боксшы Ә.Нұрмаханов, палуандар Ә.Ай­ханов пен А.Бұғы­баев, футболшы­лар Т.Сегізбаев пен Қ.Ордабаев, тағы басқа тарлан тұлғалар жайында жазған эсселері мен суреттемелері – өз алдына бір қырман. Енді соларды жиыстырып, жұптап, жеке жинаққа айналдырса, үлкен сауап болмақ-дүр. Осы мәселе құнтталса, өзімен аттас Серағасы, академик Серік Қирабаев айтпақшы, “ойы да, бойы да биік азамат” – Серік Әбдір­айым­ұлының рухы риза болып, тірілердің жансарайы байи түсері кәміл. Амантай ШӘРІП, “Астана ақшамы” газетінің бас редакторы