1976 жылдың аспанды қалың бұлт жайлаған, жаңбырлы, назды да сазды қазан айы. Алматы қаласындағы Композиторлар үйінің шағын концерттік залында жас композитор Кеңес Дүйсекеевті КСРО Композиторлар одағының мүшелігіне ұсынуға байланысты оның шығармалары тыңдалып, талқыланбақшы. Комиссия төрағасы – Сыдық Мұхамеджанов, хатшысы – осы жолдардың авторы. Мәселеге үлкен маңыз берілуі сондай, комиссия отырысына Ғазиза Жұбанова, Құдыс Қожамияров, Кенжебек Күмісбеков, Борис Ерзакович, Нағым Меңдіғалиев, Базарбай Жұманиязов, Мансұр Сағатов сынды тұлғалы суреткерлер шықырылды.
Сыдық ағамыз комиссия отырысын бастай бергенде есікті біреу қақты. Есік ашылғанда, Шәмші Қалдаяқовтың жүзі жартылай көрініп, “Жолдастар, кіруге рұқсат па екен?” – деген сөзі естілді. “Ә, Шәмші, бүгінгі күннің Ақаны, Біржаны төрге шық, жайғас!” – деп Сыдық ағамыз ағынан жарылды. “Рахмет, Сықа!” – деп залдың босаға жағына барып, жайғаса беріп: “Мен бүгін ұзынқұлақтан Кеңес Дүйсекеев деген інімнің музыкасы тыңдалады деген соң атымның басын күшпен бұрып келдім”, – деді ол. Бұл сөзі бәрімізге бұлттың арасынан сығалаған күн сәулесіндей әсер етіп, көңілімізді бір жадыратып тастады.
Сыдық ағамыз қысқа да нұсқа сөзінде бүгінгі күні жас композиторлардың талантты бір тобы шыққанын, олар жоғары кәсіби білім алған, бесаспап өнерпаздар, соның маңдайалдысы Кеңес Дүйсекеев екенін айта келе, оның жаңа эстрадалық туындыларын мұқият тыңдап, пікір айтуға шақырды. Кеңестің “Қазақфильм” студиясы түсірген кинофильмге жазған музыкасы (Юрий Силантьев басқарған Бүкілодақтық радионың эстрадалық-симфониялық оркестрінің орындауында) және Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Ақжол Мейірбековтің орындауларындағы “Қаракөз-айым”, “Еркеледің сен!”, “Сәлем саған, туған ел!”, “Домбыра туралы баллада”, тағы да басқа әндері тыңдалды. Бұған 40 минуттай уақыт кетті. Комиссия төрағасы дархан аға Сықаң: “Бүгінгі отырысқа атының басын күшпен бұрып, Шәмші Қалдаяқов келіп отыр. Бірінші сөзді соған берсек, қарсы болмайсыңдар ғой?!” – деп залды бір сүзіп шықты да: “Ал Шәмші, алғашқы сөз сенде!” – деді.
Шәмші сөзін алыстан бастады. “ХІІ ғасырда өмір сүрген Майқы би деген бабамыз айтқан екен:
“Таздан жарғақбас туады, Кедейден малбақпас туады. Соқырдан көрмес туады, Сараңнан бермес туады!” – деп. Бүгінгі ән жазып жүрген композитор бауырларымыздың басым көпшілігі, көңілдеріңізге келсе де айтайын, осындай адамдардың ұрпағы сияқты. Мәні де, сәні де жоқ әлсіз, нәрсіз дүниелер. Жолдастар, біз Мұхиттың, Біржанның, Сегіз Серінің, Естайдың, Кененнің ұрпақтары емеспіз бе?! Тың эпопеясы кезінде мына отырған классик Сыдық Мұхамеджанов ағамыз Қуандық Шаңғытбаевпен бірлесіп, “Әйтеуір сол қыз бір сұлу”, “Тербеледі тың дала” әндерін жазса, біз – Жұмекен Нәжімеденов екеуміз “Менің Қазақстаным” деген дүниені тудырдық... Ал, Кеңес ініме келетін болсақ, байқаймын, қара домбыра мен қобыздың қасиетті үнін, нақтылай айтсақ, Сыр өңірінің көне үнін бүгінгі эстрада гармониясымен әдемі үйлестіріп, керемет сөйлетіп отыр. Мұндай жаңа әуен, оркестровкадағы күшті ұлттық үн мен бояу бірімізде де жоқ екенін мойындау керек, жолдастар. Сырт қарағанда, ән шығару оңай сияқты. Сондықтан болар, бүгінгі күні онымен Әбілахат айтпақшы, “до” мен “ре”-нің арасына такси жалдайтын адамдар айналысып, нан тауып жүр. Олар композитор деген мамандықтың бағасын кетіріп, халықты әбден ығыр қылды. Мейлі, бола берсін, қанша тықпаласаң да тыңдарман оларды қабылдамайды. Кеңес бауырым, туындыларыңның әуені, ритмі, әсіресе, жастар аудиториясына арналғандықтан, әр жаңа туындыңа үлкен жауапкершілікпен қарап, оның мазмұн-тақырыбына мұқият болғайсың. 4-5 жылдың ішінде әндерің халық арасына кеңінен тарады. Өзіңді, Кеңес айналайын, көріп, ән дүниесіне бізден кейінгі оқығаны мол талантты ұрпақ келгеніне қуанам. Композитор жақсы әнді күнде тудыра бермейді. Дұрыс ән тумаса, өзіңді-өзің күштеме. Өз ісіңе берік болып, мақтаса – таспайтын, тасса – аспайтын азамат бол деп батамды берсем Кеңеске қалай қарайсыз, Сыдық аға”,.. деген еді ол.
Кеңес шын мәнінде бақытты адам, себебі композитор ретінде оған алғаш бағыт-бағдар сілтеген адам академик Ахмет Жұбановтың өзі болатын. Алматыдағы №2 эксперименталды мектеп-интернатының 7 сынып оқушысының әлі буыны қатпаған балаң шығармаларынан болашақ композитордың қуатты да шуақты үнін тану – көріпкел Ахаңа ғана біткен қасиет еді.
Көне төлтума өнеріміздің тұнған жері Сыр бойы десек, Кеңес шығармашылығындағы осы қасиетті үн оның өзегі, жаны. Қазақтың талай дарынды ұлдарын (Нағым Меңдіғалиев, Нұрғиса Тілендиев, Мәкәлім Қойшыбаев, Кенжебек Күмісбеков, Әбдімомын Желдібаев) үлкен өнер жолына қанат қақтырып, демеуші-қамқор болған абыз Ахмет Жұбановтың қолдауы – Кеңестің киелі шамшырағы болып, бар саналы өмірінде қотара-қопара еңбек етуіне күш берді.
Ұлы Отан соғысынан кейін туған ұрпақ – Кеңестің замандастары. Олардың ішінде – Сейдолла Бәйтереков, Тілес Қажығалиев, Алмас Серкебаев, Төлеген Мұхамеджанов, Алтынбек Қоразбаев, Мұрат Құсайынов сынды бесаспап композиторлар тобы. Бұлар арнайы композиторлық жоғары білімі бар, музыканың барлық саласында өздерін емін-еркін сезінетін кәсіби мамандар. Сондықтан бүгінгі күні Мұқан Төлебаев пен Ахмет Жұбанов бастаған алыптар тобының дәстүрі жіксіз жалғасты десек, артық айтпаған болармын.
Кеңес үні басқаларға мүлде ұқсамайтын қазақтың ықылым замандағы интонациялық әуен ерекшелігі болып жетті. Оның отандық ән әлеміне әкелген мұндай сілкіністі жаңалығы бәрімізге бұлтты шаққан найзағайдай әсер етті десем, әсіре айтпаған болармын. “Қаракөз-айым”, “Еркеледің сен”, “Асыл ана”, “Сәлем саған, туған жер”, “Домбыра туралы баллада”, “Өкінбе сен”, “Ғашықтар жыры”, “Ойлайсың ба, жаным”, “Астана”, “Қош, аман бол, туған жер”, “Қазағымның күйлері-ай”, “Дастарқан”, “Өмір-өмір”, “Алғашқы махаббат”, т.б. туындылары осыған дәлел болып, өзінің төлтумалық қасиетімен айшықталып, ерекшеленеді.
Кеңестің бұдан басқа шығармаларында да осы көрініс кеңінен, тереңінен өзінің жалғасын тапты. Яғни, бұларда Алтын Орда, Дешті Қыпшақ заманындағы қазақ халқының дәстүрлі музыка өнерінің интонациялық, екпіндік-ырғақтық, орындаушылық ерекшеліктері үнемі бой көрсетіп отырады. Демек, көне эпикалық сарын мен тылсым лирикалық саз құстың қос қанатындай бірде самғап, бірде төмен құлдырап, қайта шапшып-шырқап, бітіспестей қақтығысқа түсіп, ақыры кең құлашты, терең тынысты мәңгі тіршіліктің жасампаз гимнінде ғарыш кеңістігін шарлайды...
Қақтығыстағы драматургия арқылы шығарма мазмұнын өрістету, ширату композитордың аспаптық-симфониялық туындыларында жиі қолданылатын әдіс. Бұл тұрғыда мен К. Дүйсекеевтің “Жалаңтөс батыр” симфониялық поэмасын жалпы қазақ композиторларының симфониялық музыка саласындағы қол жеткізген тамаша табысы дер едім. Онда Жалаңтөс Сейітқұлұлының ерен ерлігі, жасампаз еңбегі, жарқын бейнесі суреттеледі.
Кеңес бойындағы Жаратқан ием берген асыл қасиет – алған бағытынан қайтпайтыны, қойған мақсатына жетпей тынбайтыны, шыққан биігіне тоқмейілсімейтіні, ойы мен ісі домбыраның қос шегіндей үндестікте болуы, шеберлігін үнемі ұштай білуі. Осының айғағы ретінде үлкен симфониялық оркестрге балаң жігіттің 1974 жылы жазған “Концерт-симфониясын”, 33 жылдан кейін, яғни 2007 жылы дүниеге келген “Астана” симфониясын салыстырсақ, композитордың өзіне қойған талабының мейлінше биік те қатал екенін тану қиын емес.
Кеңестің соңғы жылдары жазған әндері хас шебердің қолынан шыққан, шынайы көркем шығармалар қатарындағы дүниелер. Мұнда композитор қолтаңбасы біршама өзгеріске түскен: әндер тақырыбы мазмұн жағынан тереңдеп, әуен сазы сабырлылық пен парасаттылық тұғырында орын тепкен. Ендігі кезде композитор шығармалары адамның ішкі жан дүниесіне терең үңілуге, дербес Қазақстанның рухани құндылықтарын, оның ішінде жастарымыздың отансүйгіштік сезімін тәрбиелеуге арналады десем, қателеспеген болармын. Бұл туындылар эфирден жиі беріліп, көрермен көңілінен берік орын алғанының куәсі болып жүрміз.
Әншінің қанатын қатайтатын нәрсе – әрине, жақсы ән. Кәсіби дәрежесі биік, ұлттық бояуы анық та қанық Кеңес әндері бүгінгі эстрада жұлдыздарының үш буын өкілдерін үлкен өнер жолына шығарды десем, еліміздің мәдени-рухани саласына бар күшіңді салып еңбек етіп, сол еңбегіңнің мәйегін туған халқың татып жатса, ел перзенті үшін бұдан артық бақыт болмас, сірә!
Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор.