Сол бір ән
Атақ-даңқ дегеніңіз оның түсіне де кірмеді. Ол осы бір абстракциялық шартты ұғымның бар екенін білді, біле тұра соны қажетсінбеді. Ол тек қана өнер, таза өнер төкті. Сол өнерді өгейсітетін өгей ұлдар бар екенін білмеді. Бәрін өзіндей көрді. Сөйтсе, өмір өтетінін, талай жылдар өзегін өртейтін өлермендер бар екенін білмепті. Зейнетке шыққанда баяғыда Өзағаң алып берген комсомолдың сыйлығынан басқа дәнене де жоқ еді. Кейін Шәмшіге атақ та, даңқ та бәрі өзі келді. Ол ұлықтардан есік пен төрдей мәшине сұрамады, ішіне бір совхоздың халқы сыйып кететін үй де салмады. Ол барақат өмірді әннен іздеді, әннен жанына сая тапты. Оның әрбір әні дүниеге келген күн халқы үшін мереке болды.
Ол Абай атам секілді мыңмен жалғыз алысқан жоқ. Қолына бақан алып, бес қаруын сайлап күреске шықпады. Ол іштей ғана қарапайым қалпымен күресті. Көптің ішінде тұрып та өзін жалғыз сезінді. Ол рухани жалғыздықпен жағаласып өтті. Ол Жамбыл мен Шымкенттің ой-шұқырын кезіп, Ақандай кісікиіктеніп жүргенде де жалғыздықтан құлазыды. Бірақ оның рухы мықты еді. Жалғыздық жұтып қояды деп үрейленген жоқ, осы процестің ұзаққа созыла беретінінен, кейбір әріптестерінің үнсіздігінен қорықты. Шәмші де өзгелер секілді, қоғамның қасіретін бастан кешті. Ахмет Жұбановтың кезінде Мәскеуге, Бішкекке қашқаны секілді, Шәмші де өмірінің көбін астананың салтанатты сарайларында емес, ел ішінде өткізді.
Қазақ музыкасының Мұқағалиындай болған Шәмшіні біз неге айта береміз, неге ұмытпаймыз, неге жақсы көреміз?
Қаншама қылкөпірден өтсе де адамдық арын биік ұстап, халқын рухани жетілдіруді, рухын көкке көтеруді ғана мақсат тұтып, парасатын пендешілікке айырбастамаған, “өйтіп едім, бүйтіп едім” деп міндетсінбеген, өнерден басқа өмір жоқ деп білген. Соншама талантты, жер жарар атағы бола тұра қарапайым өмір кешудің нәзира үлгісін көрсетті Шәмші.
Шәмшінің әндері болмаса дүниенің дидарына дақ түсіп, аяулы сезімдер әлдеқашан жоғалып кететіндей еді.
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз
(Мұқағали).
Таланттардың бәрі жалғыз...
Шәмші де жалғыз...
Қазақ ұлысында мықтылар, жақсылар мен жайсаңдар кеше де болған, бүгін де бар, ертең де туа береді. Соның бәрі де биік, бәрі де бекзат еді дейміз бе? Кесімді пікір айту қиын. Дегенмен де, осынау бойындағы ұлық өлшемдерді пендешілігі жеңгендері де, шын мәніндегі ұлт мүддесі үшін күрес жолында бас сауғалап кеткендері де болды. Бұл, әсіресе, қазақтың қасірет шеккен 60-70-ші жылдарынан бермен қарай байқалған құбылыс еді. Біз 30-50-ші жылдар туралы көп айттық, көп жаздық. Ал, күні кешегі жетпісінші жылдардың жылымығы туралы ештеңе айтпаймыз.
Кеңестік Қазақстанның бар саласында дәстүрді жою, дәстүрсіз өмір сүру осы жылдардағыдай кең өріс алып, науқанға айналған жоқ. Осы кезеңде өнер сахнасына жарқ етіп Шәмшінің шығуы әлгі “кемелденген” саясаттың шырқын бұзып еді. Қалай болғанда да қазақтың бағына Шәмші туды. Ол қазақ әніне кеңес үкіметінің ата жауы дәстүрді алып келді. Сөйтіп, ол ресми идеологиядан амалын асырғысы келіп, қазақ әніне жаңашыл дәстүр енгізді. “Басқа жұртта, мәселен, орыста “орыс вальсі, романсы, император вальсі” бар, қазақта неге болмайды?” деді Шәмші.
Қазақтың атағы дардай оркестрлерінің репертуарын орыстың, Еуропаның шығармалары жанши бастағанда Шәмші атқа мінді. Қазақтың музыка өнеріндегі ежелгі дәстүрі одан әрі жалғасын тапқанда ғана, елдің рухани бүтіндігін сақтап қалуға болатындығын Шәмші сұңғыла түсінді. Әрине, басқа да ірі композиторлар болды. Әрісін айтпағанда, берісі М.Төлебаев, А.Жұбанов пен С.Мұхамеджанов, Н.Тілендиев және т.б. композиторлардың жөні бөлек еді.
Таланттың, тұлғаның жолы ешқашан даңғыл болған емес. Оның өмірі қайшылықтарға, күрестерге толы. Әңгіме біз соны қалай жазып жүрміз дегенге келіп саяды. Талант деген телегей-теңіз ұғымның алуан мағынасының бірі – тағдыр, шындық шығар. Ендеше, сол талант өміріне қатысты шындықты шыңғыртып айта алып жүрміз бе? Біз олар жөнінде айтылар әңгіменің бетін ғана қалқып жүрген жоқпыз ба? Халқымыз өзінің біртуар тұлғалары жөнінде (әдебиет, мәдениет, өнер, ғылым, т.б.) әбден біліп болды деп ойлайсыз ба? Ендеше, оқырманға олар жөнінде бұрынғыдай көлгірсу, таптаурын емес, терең, ашық әңгіме керек.
Ертеректе Есенин Пушкинді оқу үшін талант қажеттігін қайта-қайта пысықтап айтқан еді. Сол кісі айтпақшы, талант туралы туынды да талантты жазылмауға хақысы жоқ. Талантты туындыда ақыл-ой, парасат, сезім секілді пәлсапалық, яки эстетикалық категориялар әрдайым егіз өрілетіні сөзсіз.
Шәмші туралы аз жазылып, аз айтылып жатқан жоқ. Бірақ жетпей жатыр дедік. Неге? Қазақта әнші де, күйші де көп. Арғысын айтпағанда, бертіндегі Сыдық, Әбілахат, Нұрғиса, Бекен, Садық, көзі тірі Ілия... Әрқайсысының өз орны бар, бір-бір биік. Ал, соның ішінде тірі күнінің өзінде Шәмшідей аңызға айналғаны аз. “Бұл ғаламда тек екеуміз ғана жарыса алар едік”, деп Гетенің сонау Шығыстағы Қожа Хафизге назданғанындай, Шәмшімен өз заманында таласа, жараса алатын талант өте сирек еді десек, ешкім де мұнымыз жөнсіз демес.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары, заңғар биікке ұшып шыққан Шәмші әндері мың жылда да сол қалпынан айнымай, талмай қанат қаға берері сөзсіз. Бұл не құдірет дерсіз?!.. Оның да сырын түсіну қиын емес, әрине. Шәмші жақсы мағынасындағы “ұлтшыл” адам болды. Елін, жерін айқайламай, үнсіз сүйді. Соның дәлелі емес пе, алпысыншы жылдары орыстың романстары төрткүл дүниені қалай шарласа, Шәмші әндері де қазақ рухын дәл сондай биікке алып ұшып, алыс-жақынға даңқы кетті. Қазаққа қырын қараған заманда мұндай табысты еншілеу, өзгені өзіне мойынсұндыру оңай емес еді. Солай екен деп Шәмші “төр менікі” деп кеуделемеген, ділмәрсіп биік мінберлерден сөйлемеген, “анау әнім, мынау әнім былай туды” деп көлгірсіп әңгіме айтып тұрып алмаған. Тек қана жаза берген, жаза берген. Біреулер атақ-даңққа кенеліп жатты. Шәмші болса Тәңірінің берген артық сыйына іштей тәубешілік жасап жүріп жатты. Атақ-даңқ оны өзі іздеп тапты.
Шәмші десе, көз алдыңа бір көгілдір кеңістік келеді. Әттең, қадірін енді білетін кезде сол кеңістікте аққу боп ұшып, қаз боп қалықтай алмағаны өкінішті-ақ. Қолдан жасалатын өкініштерге не шара?!
Халықты өзіне сүйіндіре білген адамның өмірін әр қырынан жазуға болады. Ол – таусылмайтын қазына, ұлттың байлығы десек, өркениетті елдер талантты адамының отырған орнын орманға, мұражайға айналдырып жібереді. Үкіметтің қаулысын күтіп, қашан біреу еңіреп мақала жазады екен деп отырмайды. Мәдениеті өскен елдерде мұндай шаруа өз ретімен, жөнімен жүзеге аса береді. Ұлы адамдардың қаламсабы, күйсандығы, тағы да басқа тұтынған қымбат заттары, тіпті ішкен тамағы, т.б. бөлекше қасиеттері туралы тынбай жазып жатады. Жұрт содан тағылым алады, ой түйеді. Осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.
К.Паустовскийдің “Алтын раушан” кітабында айтылғанындай, Шиллер жазғанда аяғын легендегі жылы суға малып отырады екен, Федин теңіздің шуылын тыңдайтын көрінеді, Гетеге хатшысы ескірген газеттер тігіндісін әкеліп береді екен. Ал, біздің Шәмші не істеуші еді? Оны ешкім білген жоқ.
Әрине, енді біліп жатыр. Кеш болса да, Шәмшіге көрсетіліп жатқан құрмет аз емес. Бұл толғанысты жазудағы мақсат – таланттар тағдырынан әркім де тағылым түюі тиіс.
***
Сонау бір жылдары әр жерде аса қауіпті топ Қазақстанның солтүстігіне көз алартып, арам ниетін астыртын жүзеге асырғысы келіп, аласұрып жатқанда сол бір ән туып еді.
Сол ән қаншама жылдан бері шырқалып келеді.
Сол ән қай кезде де қазақ рухын көтеріп, тұтастығын сақтап келеді. 1986 жылдың Желтоқсанында ескен ызғардың да бетін осы ән қайтарып еді.
Қайсыбір жылы “Ертөстік” балалар хоры шет елдің бірінде болғанда, өңшең қарадомалақ сол әнді бозторғайдай шырылдап айтқанда, тіпті, шетелдіктер жылап тұрды деседі.
Жырақта жүрген мыңдаған қазақ атажұртты аңсағанда, бір үйге жиналып алып, сол әнді айтады деседі. Оларды атажұртқа алып келген де сол ән көрінеді.
Бүгінде әскерден қайтқан сарбаздар туған елге сол әнді айтып қайтады.
Иранда өмірі өткен қазақтың бір етікші шалы жұмысын сол әнмен бастап, сол әнмен аяқтап, сақалынан жас сорғалайды деседі. Сол ән қазақты ұстап тұрған секілді.
Ән тарихы – ел тарихы.
Біреулерге оп-оңай келе қалғандай көрінетін тәуелсіздіктің іргетасын қалаған да осындай рухтағы әндер еді. Мұндай ән жазып, тірі жүру ол кезде ерлікке барабар еді. Сол бір ән кешегі кесепат күндерден бүгінге қазақты бауыры бүтін, аман жеткізген секілді.
Сол бір ән болмаса, біз ән таба алмай қалатын секілдіміз.
Марқұм автордың өзі де бірдеңені сезді ме екен, “Енді мұндай ән тумайды” депті.
“Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек”, деп Шәкәрім қажы айтпақшы, шындығында өзгерек еді.
Сол бір ән – “Менің Қазақстаным” еді.
Енді жылдар өткен соң барып осынау қуатты әннің мемлекеттің Әнұранына айналуы да тегін дейсіз бе? Қай елде болсын мемлекеттің рәміздерін жасаған адамдар зор құрметке, мәртебеге ие. Сондықтан да, Шәмшінің де сол қошеметке кенелетініне еш шүбә жоқ.
Талант – халықтың байлығы, бақыты. Ендеше, сол бақытты аялай білейік.
Қали СӘРСЕНБАЙ.