28 Қыркүйек, 2010

Бауыржан туралы сөз

1228 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Тұлғалар толғанысы Қазақ – сөз қадірін бөлекше бағалаған халық. Қандай жиынның да ажарын ашатын, бәсін асыратын сөзді биік қойып, оны айтқан адамды ардақ тұтып жатады. Сондай сөздің бірі өткен жұма күні, Тараз қаласында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Баукең жайында “Аңыз бен ақиқат” сынды атақты кітап жазған, Бауыржан даңқын еселеуге өз үлесін қосқан көрнекті қаламгеріміз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың сол жиында сөйлеген сөзін оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз. Қымбатты достар! Бәріңізге бас иемін. Кешегі Ұлы Отан соғысында 786 күн майданның алғы шебінде болып, зеңбі­рек­пен фашистерді аянбай атқылап, сол сұрапыл соғыстан аман қалып, бүгін 88-ге келіп, селкілдеп отырған шағымда мы­нау мәртебелі мінбеден сіздердің жар­қын жүздеріңізді, күлімдеген көздеріңізді көріп тұрғаныма қуаныштымын, бақыт­ты­мын, баймын, бауырларым, туыстарым! Неге мен сіздерді “туыстарым” деп тұрмын? Менің туған жерім: Шығыс жақ – Абай елі. Бірақ, Жамбыл облысын туған жерімдей жақсы көремін. Оның екі түрлі се­бебі бар. Біріншісі – 1943 жылы май­дандағы 100-қазақ атқыштар бригадасы жауынгерлерінің атынан Қазақстандағы Жамбыл атамызға ұзақ өлеңмен хат жаздым, “Атамыз Жамбыл ақынға” деген. Жәкең “Жүз жасаған жүректен” деген ұз­ақ өлеңмен бізге жауап қайырды, батасын берді. Сол батаның қуатымен мен күні бү­гінге дейін жер басып жүрмін. Сол үшін! Екінші себебі – мен Жамбыл елінің ұлы азаматы, батыр Бауыржанның іні-до­сы болдым. Сырластым, сыйластым. Бау­кеңді кейбіреулер: “үйтті”, “бүйтті” деп жа­мандап газетке жазып, күстаналап жүр­ген кезде, бір адам араша түспеген уа­қыт­та мен оның адамгершілігін, азаматтығын, батыр­лығын бүкіл қазақ халқына паш етіп, роман жаздым. Міне, осы екі оқиға өзімді Жам­был облысының адамдарымен туыстырады деп ойлаймын. Біраздан кейін, кемеңгер Бау­кеңді көргендерді көруге де зар боларсыздар. Бүгін таңертең сағат 7-де серуенге шы­ғып, қала араладым. Бәйдібек, Дулати ескерткіштерін көрдім. 100-атқыштар бри­гадасының атақты снайпері, мергендік винтовкадан 300-дей фашисті жайратқан дос-ағам Ыбырайым Сүлейменов көше­сімен жүрдім. Ол ағам туралы “Кеден тү­бінде” деген повесть жазғанмын. Содан кейін Баукең ағамның көшесін іздедім. Таба алмадым. Біреулерден сұрастырып едім: “Бауыржан көшесі қаланың шетінде, бір кішкентай орам ғана (переулок) шолақ байталдың құйрығындай” деді. Мен өкініп қалдым. Облыс, қала әкімдіктері Бауыржан Момышұлы көшесін орталыққа шығарсашы деп ойладым. Енді нақты әңгімеге көшейін. Бұл – қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына арналған ғылыми конфе­­ренция. Мен ғалым емеспін. Сондықтан сіз­­дер менен ауыз тұшырлық ғылыми ба­яндама дәметіп, нәумез болып қалма­ңыз­д­ар. Менікі жай бір-екі ауыз сөз ғана. Со­ны­мен бірге мен Бауыржанды зерттеуші де емеспін. Баукең туралы бір ғана “Ақи­­қат пен аңыз” деген кітап жазған қарапайым кісімін. Баукең туралы бір емес, 100 кітап жа­зуға болады. Жазылып та жатыр. Жазыла да береді. Ол 100 автордың әрқайсысы әлі жет­кен­ше Баукең бойындағы асыл қасиеттер­д­і өз түсінігінше толғайды. Мен өз кітабымда Баукең бойындағы отаншылдықты (патриотизм), Отан үшін жан аямаған ерлікті, қанына сіңген кейбір ұлттық қасиеттерді көрсетуге тырыстым. Әрине, оның бәрін толық түгендеп көрсете алдым деп айта алмаймын. Бау­кеңнің бойындағы толып жатқан қадірлі қасиеттер кітаптан тыс қалып қойды. Баукеңнің бойында қандай қасиеттер бар еді? Баукең ең алдымен АҚЬІН болатын. Соғыста жүргенде де көп өлеңдер жазды. Мәселен, “Серігім”, “Жазушыға”, “Қалы­бек аға”, “Біреулерге”, “Омарбекке”, “Жар­дың мұңы”, “Ғ-ға”, “Ана тілін ар­­дақта”, “Достыма”, “Толғау”, тағы басқа. 1944 жылы 15 ақпанда жазған “Ана тілін ардақта” деген өлеңінде былай дейді: Көшеде бояу ерін сылқылдаған, Былдырлап, орысшалап жырқылдаған. Ұмытып ана тілін, салт-санасын, Не қалды тілімізден жыртылмаған. Отбасы түсініксіз жатқан былдыр, Газетте қазақ сөзі аз, шылдыр-мылдыр. Оқысаң алып кітап шым-шытырық, Опырмау, сандырақ па, бұл не былжыр. Ержеткендер сөйлейді орысшалап, Кім отыр сөз құрылысын қынап-сынап. “Мамасы” мен “папасы” шүршіт болып, Күйдірді-ау, шүршітшілеп, бала жылап. Бұл – Баукеңнің бұдан 66 жыл бұрын жазған өлеңі. Жарты ғасырдан асса да ескірген жоқ. Сол мағыналы, маңызды қал­пында. Баукең бұдан 65 жыл бұрын көтер­ген ана тілінің мәртебесі туралы мәселе енді ғана қолға алынып, ұлттық үлкен өзекті мәселеге айналып отыр. Одан кейін Баукең ЖАЗУШЫ атанды. “Москва үшін шайқас” атты ғажап психологиялық әскери романның авторы болды. “Ұшқан ұя” деген этнографиялық роман жазды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Басқа да толып жатқан әскери эсселердің, әңгімелердің авторы. Бұдан кейін Баукеңді әскери ТА­РИХ­ШЫ деп атауға да бо­лады. Оның үстіне Баукеңді ФОЛЬ­КЛОР БІЛГІРІ деп және атау орынды. Фоль­клор білгірі болғандықтан, ол өзінің тамаша мақал-мәтелдерін шығарды. Ең соңында Баукең ҚАЗАҚ ӘСКЕРИ ӘДЕБИЕТІНІҢ НЕ­ГІЗІН САЛУШЫ болды. Мем­ле­кет бол­ғаннан кейін әскери әде­биет керек. Әскери әдебиет – патрио­тизмнің мәйегі. Баукеңнің бұл қасиеттерінің бәрін тәптіштеп жеткізу үшін бір кітап жазған жазушы ғана емес, нағыз кәнігі БАУЫРЖАН­ТА­НУ­ШЫ болу керек. Бауыржановедтеріміз бар. Бі­рін­шісі – аса құрметті про­фес­сор Ме­кем­тас Мырзахметов бауырымыз. Ол қазір Баукеңнің 30 томын жи­нақ­­тап жа­рық­қа шығарып отыр. Қал­ған он томын және жарияламақ. Осы 30 томды ой­дағыдай етіп шы­ға­р­ып берген “Өнер” баспасының (ди­ректоры Әшірбек Көпі­шев мырза) қыз­меткерлеріне де зор алғыс айтуымыз абзал. Қазір елімізде Бауыржан аттас адамдар көп. Баукең менімен бір әңгімесінде: “Қа­зір Қазақстанда 10-11 мыңдай Бауыржан бар екен деп естідім”, де­ген еді. Ол бұдан 35 жыл бұрын бо­латын. Қазір шәкірт те, ұстаз да – Бау­ыр­жан, сайлаушы да, де­пу­тат та – Бауыржан, солдат та, полков­ник те – Бауыржан. Прем­ьер-Министрдің бір орынбасарының аты да Бауыржан болды. Аспандағы ұшқыш та, жердегі таксист те – Бауыржан. Жерде де, көкте де – Бауыржан. Орыста Иван есімі қандай көп болса, қазақта Бауыржан есімі де сондай шығар деймін. Бұл – Бауыржан аты ешқашан да өш­пейді. Ол қазақ халқымен мәңгі бірге өмір сүреді деген сөз. Баукең өмірден өткен 28 жыл бойына оған арналған өлеңдер, естеліктер, эссе­лер, мақалалар үздіксіз жазылып, жария­ланып келеді. Баукең туралы бірнеше фильм шықты. (Мәжит Бегалин, Вла­ди­мир Татенко, Тұрар Дүйсебаев, Халила Ома­ров, т.б.) Баукең шығармалары бой­ынша кандидаттық, докторлық, диссер­тациялар қорғалып жатыр. Радио күн сайын жақ жаппай Баукеңнің атын атайды. Өзгелердің кейбірінің ғана мүшел жасқа толған күн­дерінде (70, 80, 90, 100) бір-бір мақала бері­леді. Онда да артында қалған жоқтаушысы (пысық әйелі, өжет ұлдары) болса ғана. Содан кейін сап басылады да қалады. Ал Баукеңнің жоқтаушысы – халық. Өткен 28 жылды айтпағанда, Баукең­нің биылғы 100 жылдығы қарсаңында ау­дандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда, көптеген бейресми газет­тер­де оған арнап басылған мақалалардың са­ны 500-600-ден аспаса кем емес деп ой­лай­мын. Тіпті 1000-ға жуықтауы да мүм­кін. Сондықтан да тілімізде “Бауыр­жа­ниада” деген жаңа термин қалыптасты. Міне, нағыз ұлылық деген осы болар! Нағыз феномен деген осы шығар! Әкенің ұлы, рудың ұлы, ұлттың ұлы дейтін азаматтар болады. Әкенің ұлы көп, рудың ұлы бірсыпыра, ал ұлттың ұлы дәрежесіне жететіндер аз болады. Сол аздың бірі – Баукең! Өлгендердің бәрі ұмытылады. Шебер де, шенеунік те, бай да, батыр да, шешен де, көсем де ұмытылады. “Өлсе” де өл­мейтіндер аз. Солардың бірегейі – Бау­кең! Қалалардағы тас мүсін Бауыржандар, көшелердегі қола мүсін Бауыржандар, му­зейлердегі гипс – Бауыржандар, кітап­ханалардағы кітап – Бауыржандар, жеке үйлердегі портрет – Бауыржандар оны әрқашан ел есіне түсіріп тұрады. Бау­­ыржанның патриоттық рухы қазақ дала­сын тынбастан кезіп жүретін болады. Қазір де кезіп жүр. ІІ Биыл Баукеңнің өмірден өткеніне 28 жыл. Сол бір қаралы күн әлі күнге дейін менің есімде. Рақымжан Қошқарбаев маған телефон соғып, Баукеңнің қайтыс болғанын хабарлады. – Қазір Совмин ауруханасының мәйітханасына келіңіз. Баукеңнің денесін үйіне алып барамыз. Қасыңызға бір-екі адам ерте келіңіз, – деді. Мен ересек екі ұлым Арнұр мен Жан­нұрды ертіп, мәйітханаға келдім. Рақым­жан мәшине әкеліп, күтіп тұр екен. Ра­қым­жан, мен және менің екі балам төр­теуміз Бау­кеңді мәйітханадан алып шығып, Карл Маркс пен Гоголь кө­ше­лерінің қиылы­сындағы, Панфиловшылар паркімен іргелес, үлкен моншаның қа­сын­дағы үйіне алып келдік. Жазушылар одағында комиссия құ­рыл­ды. Оған мен де шақырылдым, Ра­қым­жан екеуміз де болдық. Қаралы ко­мис­сияның төрағасы болып атақты ақын, Бауыржан­ның бала досы Әбділда Тәжі­баев бекітілді. Баукеңді жөнелту шаралары белгі­лен­ді. Д.Ф.Снегин екеумізге Баукең қабірінің басында сөз сөйлеу ұсынылды. Мен бас тарттым. – Баукеңді өлді деп айтуға аузым бармайды, – дедім. Менің орныма Тахауи Ахтанов сөйлейтін болды. Ертеңінде Баукеңнің денесі Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрынан шығарылды. Қоштасуға келген адамдарда қисап болған жоқ. Көп адам театр сыртындағы алаңды кернеп тұрды. Баукеңнің табыты тұғырдан алынып, есікке қарай әкетіле берген кезде қатты жылаған дауыс шықты. Баукеңнің келіні Зейнеп табыт төмен түсіріліп, сыртқы есіктен шыққанша аяулы атасын жоқтап дауыс айтты. Зейнептің дауысы жиналған жұртты қатты тебірентті. Батырдың денесі салынған табыт театрдан шыққанда күн бұлттанып, аспан тұнжырап тұрды. Қаралы катафалкке ілесіп, Кеңсай зиратына қарай бет қойдық. Рақымжан екеуміз Рақымжанның мә­шинесіне мінген едік. Алда Рақымжан­ның әйелі мен жүргізуші, артқы салонға Рақымжан екеуміз жайғастық. Мәшине қозғала бергенде Рақымжан мені құшақ­тап, еңіреп жылады. – Кең дүниеге сыймаған арысымызды тар табытқа қалай жатқыздық, қара жерге қалай қиямыз? – деп өксіді. Мәшине ішінде құшақтасқан екеуміз де еңіреп келеміз. Бізге алда отырған Рақымжанның әйелі басу айтты. Зират басында алдымен Д.Ф.Снегин, артынан Тахауи қаралы сөз сөйледі. Еке­уі­нің де сөзі жан тебірентер жақсы болып шықты. Табыт қабірге түсірілерде оркестрмен ілесе арнайы барған әскери взвод авто­маттан үш дүркін оқ атып, салют берді. Бір ғажабы – жердегі салюттен кейін аспанда күн күркіреді. Себезгілеп жауын жауды. Жердегі адамдармен қосыла аспан да жылап тұрған сияқтанды. Осыдан 28 жыл бұрын Баукең өмірден осылай аттанған еді. Баукеңнің өмірбаянын барша қазақ халқы, бүкіл дүние жүзі біледі. Оларды қайталап жатудың қажеті жоқ. Мен бүгін, Баукеңнің 100 жылдық тойы күні Бауыржан Момышұлының әскери даналығын, адами парасатын танып, ерекше бағалаған 6-7 адамның ат­та­рын атағым келеді. Олар: генерал Пан­филов, полковник Серебряков, генерал Чистяков, армия генералы Рокоссовский, маршалдар Баграмян, Жуков, Васи­лев­ский еді. Панфилов Баукеңді туған бала­сынан артық көрді. Кеңес Одағының Ба­тыры атағына ұсынды. Полковник Се­ре­бряков та Баукеңді Батыр атағына екінші рет ұсынды. Әртүрлі әділетсіздік себеп­термен Баукеңе Батыр атағы берілмеді. Чистяков Рокоссовскийге өтініш ай­тып, Баукеңді полк командирі етті. Екеуі де Баукеңді ерекше бағалады. Маршал Баграмян Баукеңнің ерліктеріне, біліміне бас иіп, қос маршал Жуков пен Васи­лев­скийдің алдына ертіп барды. Қос мар­шал­дың алдында Баукең олардың тактикалық, стратегиялық қиын сұрақтарына мүдір­мес­тен жауап берді. Олар Баукеңнің білі­мі­не қатты сүйсінді. Сүйсінгендіктен де Жуков: – Сен нағыз азамат екенсің! – деп Баукеңді әзілдеп арқасынан түйіп қалды. Қос маршал қолма-қол Баукеңді 9-шы гвардиялық дивизияның командирі етіп тағайындады. Бұл Ұлы Отан соғысының соңғы айлары еді. Баукең генерал бола алатын ба еді? Бола алатын еді. Генерал тұрғай маршалға жетуге де лайық еді. Болдырмаған кім? Не? Шовинистік бюрократизм. Соғыстан кейін Баукең әскери акаде­мияны үздік бітірді. Академияны үздік бі­тіргендер корпус немесе дивизия коман­­дирі болып тағайындалуы тиіс еді. Ге­нерал атағына ие болатын еді. Бірақ, Ке­ңес Ар­миясы кадрлар басқармасының бас­тығы шовинист генерал Ф.И.Голиков Бау­кеңді бригада командирінің орын­ба­сары қызме­тіне жіберді. Ол қайдағы бір қазақ полков­нигінің Александр Бектің шығармасы арқылы бүкіл дүние жүзіне аты шыққанын көре алмады. Баукеңнің академияны үздік оқып бітіргенін және ұн­ат­пады. Мен сені төменгі қызметке жіберіп, көзіңе көк шыбын үй­мелетейін деп ойлады. Бұл Бау­кеңді қорлау еді. Бірақ, Баукең сол қорлық қызметті абыроймен атқарып, артынан Калинин қала­сындағы (қазіргі Тверь) “Тыл жә­не жабдықтау” академиясына ор­ди­нарный профессор қызметіне жіберілді. Сол кезде Баукеңнен лекция тың­даған капитан Иван Мака­рович Голушко кейін генерал-пол­ковник дәрежесіне жетті. Өзі­нің өзгеше ұстазы Бауыржан Мо­мышұлына “Солдаты тыла” деген естелік кітабында өте жоғары ба­ға берді. Шәкірті генерал-пол­ков­ник болғанда, ұстазы маршал бола алмайтын ба еді? Бола алатын еді. Баграмян сияқты. Бірақ, Баукеңнің генерал немесе маршал болуына ең күшті екі деталь жетпей қалды: ЖАҒЫНУ мен ТАБЫНУ деген. Бауыржан Момышұлының ата­ғын Кеңес Одағына танытқан Александр Кривицкий болды. Ол “Красная звезда” газетіне баталь­он командирі “Момышұлының көк дәп­тері” деген үлкен мақала жариялады. Бау­ыржан есімі Кеңес Одағына ең алдымен осылай тарады. Ол мақаланы оқығаннан кейін Александр Бек Бауыржанды Холмда тұрған жерінде іздеп барып, “Воло­ко­ламск тас жолы” деген атақты кітабын жазды. Ол кітап бүкіл дүние жүзіне тарап, Бау­кең есімі барша әлемге аян болды. Ал Бау­кеңді бүкіл қазақ халқына кеңінен та­нытқан “Ақиқат пен аңыз” деген роман-диалог деседі. Мұны мен емес, бүкіл жұрт айтады. Бұл кітап қазақ, орыс, украин, чех және басқа тілдерде 1 миллионға жуық тиражбен тарады. Былтыр, “Жазушы” баспасы қазақ тіліндегі 7-ші басылымын жарыққа шығарды. Әйтсе де Баукеңді бүкіл дүние жүзіне де, қазақ халқына да та­нытқан аталған авторлар емес, ең алдымен оның өзінің ерен ерлігі, биік парасаты, жалынды жігері. Полковник Бауыржан Момышұ­лының ұлтына қалдырған мұрасы 40 том екен дедік қой. Ал жоғарыда аталған атағынан ат үркетін Ф.И.Голиков кейін маршал ата­ғына жетті. Ал оның ұлтына қалдырған мұ­расы “Мәскеу шайқасында” (1967) де­ген жалғыз кітап қана болды. Біздің Баукеңнің қалдырғаны 40 том. ІІІ Баукең туралы көп адамдар жазды. Та­лай ақындар өлеңдер арнады. Солардың кейбіреулері Баукеңнің 100 жылдығына арналған осы конференцияға қатысып отыр. Олар: әкесі туралы 3 том ро­ман-эссе жазған Бақытжан бауырым Бауыр­жан баласы Момышұлы, атасы туралы “Шуақты күндер” деген тар­тымды кітап жазған Зейнеп Ахметова Бауыржан келіні, Баукең туралы бірнеше естелік кітаптар жариялаған Мамытбек Қалдыбаев, Баукең туралы “Ноқтаға басы сыймаған” деген тамаша пьеса жазған Шерхан Мұр­таза, жа­лынды эсселер мен әңгімелер жазған Елен Әлімжанов інім, бас бауыржаншы Ме­кемтас Мырзахметов және оның серік­тері, тағы басқалар. Олардың бәрінің аттарын толық атау үшін талай уақыт ке­тер еді. Өлісі бар, тірісі бар. Со­лардың осы конференцияға қатысып отыр­ған­да­рына Баукеңнің үзеңгілес інісі, жау­ынгер жолдасы, адал досы ретінде және Бау­­кең­мен бірге дүние жүзілік екінші соғысқа қатысқан қарт майдангерлердің соңғы тұяғының бірі ретінде шын жүректен алғыс айтамын. Баукең туралы өлең жазғандар өте көп қой, ал поэма жазған бір ғана ақын бар. Ол жасы биыл 80-ге шығып отырған Мыңбай Рәш ақсақал. Өз поэ­масын ақын домбыраға қосып, Баукеңнің алдында жырлап беріп, батырдың өз аузы­нан алғыс алған. Ақын былай деп толғайды. Жаралған жаны дауылдан, Шыққан қазақ ауылдан. Тайсалу білмес жауыңнан, Намыстың ұлы Бауыржан. Қырқадан қырға қараған, Алып туған анадан. Кастро көкке көтеріп, Қолбасы оны санаған. Ақын ақсақал осы тойда отыр. Ол кісіге де алғыс айтайық. Сонымен бірге, Баукеңнің 100 жылдық тойын бүкілхалықтық той етіп, үлгілі өткізіп отырған облыс басшыларына – Қанат Бозымбаев пен Мейрамбек Төлеп­берген інілеріме және бұл іспен жан сала шұғылданған басқа азаматтарға ақса­қал­дар атынан алғыс білдіремін. Осы тойдың ойдағыдай өтуін қада­ға­лап, қамқорлық жасап отырған адам – сүйікті Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев. Баукеңе Кеңес Одағының Ба­ты­ры атағын алып берген Нұрекең болатын. Зоопаркке кіріп, айбынды арыстанның аузындағыны алған сияқты, Кремльге кі­ріп, алпыс екі айлалы жезтырнақ Горба­чев­тің қолынан Баукеңе Алтын Жұлдыз алып шығу оңай шаруа емес еді. Ол үшін қаншама күш, жігер, қайрат қажет болды десеңші! Сол қайрат табылды ғой біздің Нұрекеңнің бойынан. Ұлт абыройы үшін жасалған мұндай ерен ерлікке қалай қуанбассың, қалай риза болмассың?! Егер Нұрекең бүл Алтын Жұлдызды алып бермесе, Баукеңнің бүгінгі 100 жылдық тойы мұндай дүркіреп өтпес еді деп ойлаймын. Горбачев Баукеңе ғана Батыр атағын берді. Артынан, бір кездескенімізде, Нұре­кең маған: “Горбачев Батыр атағын Баукеңе ғана берді. Рақымжан, Қасым ағаларымызды өзіміз ойластырамыз ғой”, деді. Айтқанын орындап, Нұрекең кейін өз Жарлығымен Қасым Қайсенов пен Рақымжан Қошқарбаевқа “Қазақстанның Халық қаһарманы” атағын берді. Баукеңнің “Алтын Жұлдызын” батыр­дың отбасына Нұрекеңнің өзі тапсырды. Сонда Нұрекеңді ортамызға алып, Бау­кеңнің жакындары: Бақытжан, Зейнеп, Ержан, Дмитрий Снегин, Шерхан Мұртаза және мен бәріміз суретке түстік. Ол сурет кейбір кісілердің қолында болуы керек. Бір данасы менде сақтаулы. Баукеңе Батыр атағының берілуі бүкіл қазақ халқының қуанышына айналды. Сол ерен еңбегі үшін Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына бүгін, Баукеңнің 100 жылдық тойында, бәріміз алғыс айтып, амандық, денсаулық, мәңгілік абырой тілейік. Ұлтымызға Бауыржан Момышұлындай универсал ұл берген, Нұрсұлтан Назар­баевтай дана Президент берген қазақ халқынан айналайын. Ардақты Баукеңнің барлық жерлес­те­рінің: қыздарының, келіншектерінің, кем­пірлерінің, сәбилерінің, шалдарының, жас жігіттерінің бәрін құшақтап, беттерінен сүйемін. Баукеңе бүкіл қазақ халқы қарыздар: ерлігіне, еңбегіне, ерендігіне, ұлылығына, ұлтжандылығына қарыздар. Аға досым Баукеңе мен де қарыздар­мын. Баукең туралы “Ақиқат пен аңыз” де­ген кітап жазып, Абай атындағы Мем­лекеттік сыйлық алдым. “Қазақстанның халық жазушысы” деген құрметті үлкен атаққа ие болдым. Баукеңнің бүгінгі 100 жылдық тойына шашу ретінде көтергенімше – бір чемодан кітап әкелдім. Олардың әрқайсысының бірінші бетінде: “Қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлының 100 жылдық тойына шашу” деген сөздер бар. Автордың қолы қойылып, мөрі басылған. Қабыл алыңыздар. Құрметті достар! Екінші дүние жүзілік соғыстың соңғы солдаттарының бірі есе­бінде, қазақ халқының қазіргі қартта­ры­ның бірі ретінде, Баукең туралы жазылған “Ақиқат пен аңыз” роман-диалогының авторы ретінде, Баукеңнің 100 жылдық тойына жиналған қауымға өз батамды беруіме рұқсат етіңіздер. Батам мынадай: Қазақстан картасындағы Жер аман болсын! Ол жерді мекендеген Ел аман болсын! Ол елдің негізін құраушы Қазақтар аман болсын! Қазақтармен қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан Қоңсылар аман болсын! Қазақтарды да, қоңсыларды да өсіріп, өркендетіп, көбейтіп, Көркейтіп отырған Аналар аман болсын! Аналардан туған Балалар аман болсын! Баладан өсіп, ер жетіп, ат жалын тартып мінген Азаматтар аман болсын! Қазақ халқын ұлт санасында сақтап келе жатқан Ана тіліміз аман болсын! Қазақ халқының алтын бесігі Ауылымыз аман болсын! Мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатын сараптап, Ұрысқа ұрындырмай, соғысқа соқтықтырмай, Қазақстанды бейбіт өркендеу жолымен Алға бастап келе жатқан Президентіміз Нұрсұлтан аман болсын! Қазақ халқының ұлы перзенті: батыры, ақыны, жазушысы, кемеңгері, тарихшысы, ғалымы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық тойы құтты болсын! Осы ұлы тойды көрген, қызықтаған, оны ойдағыдай өткізуге үлес қосқан аза­мат­­тар – бәрлеріңіз сіздер аман болыңыздар! Жүз жасқа жетіңіздер. Әумин! Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы.