“Маған кез келген банкир үшін ең басты нәрсе болып табылатын дағдарысты еңсеруге қолым жетті. Ең маңызды қорытынды, сондай-ақ осы кезеңнің басты жетістігі – АТФ банкінің тұрақтылығы мен орнықтылығын дәлелдейтін дағдарыстан кейінгі кезең үшін жоғары көрсеткіші. Мұндай қорытындыға менің банкте жүргізген жұмыстарым да белгілі бір деңгейде өз көмегін тигізді деп айта аламын”, дейді қазақстандық АТФ банкінің басқарма төрағасы Александр Пикер өзінің 3 жылдық қызметін қорытындылай. А. Пикер мырзаның біздің газетімізге берген сұхбатында 21 қазан күні директорлар кеңесінде өз міндетін тапсырып, өз Отанына, Австрияға жиналатындығын жеткізді. Онда оны UnіCredіt тобына жататын банктердің орталығында жаңа қызметі күтуде. “17 жыл бойы шет елде жұмыс істеген соң, өз елімде де қызмет еткім келеді”, дейді банкир. Ал Қазақстандағы қызметін өз жұмыс баспалдағындағы маңызды және қызықты кезеңі деп есептейді. Сондай-ақ UnіCredіt менеджменті де Қазақстанға құйған ұзақ мерзімдік инвестицияларын оң көзқараста бағалайды және банк келешегі жақсы нәтижелер бермек деп болжайды.
– Пикер мырза, UnіCredіt-тің 2010 жылдың алғашқы жартыжылдығына арналған жинақ есебі жарияланды. Ол бойынша топтың таза кірісі 669 млн.еуроны құрағандығы белгілі болып отыр. Сондай-ақ есепте UnіCredіt тобына қарасты Қазақстандағы филиал бойынша 162 млн.долларға тең материалды емес активтің құнсыздануы да көрсетіледі. Еліміздегі еншілес банк шығынсыз деңгейге шыға алмай отыр ма?
– Есепте көрсетілген шығын банктің өз құнын түзеп, нақтылауы. Басқаша айтсақ, техникалық шығындарға жатады. Естеріңізде болса біз АТФ банкін дағдарысқа дейінгі кезеңде сатып алған болатынбыз. Сәйкесінше ол кезде баға да таза капиталдан жоғары деңгейде болды. Біздің есептеуімізше 5 есеге жоғары. Банк 2,2 млрд. долларға бағаланды. Активтердің аудиторлық бағасы жыл сайын жүргізіледі, оның шынайы құны анықталып, баланста көрсетіледі. Яғни, банктің шынайы жағдайына бухгалтерлік есеп жүргізіледі. Дағдарыстан кейінгі жүргізілген аудит қорытындысына сүйенсек шығын 200 млн. долларға жуық қаржыны құраған, ал бұл сатып алу бағасын ескерсек мүлдем сәйкес емес. Мен барлығы керемет дей алмаймын, дегенмен бұл апат та емес. Мұны UnіCredіt те көріп-біліп, түсініп отыр. Бұл көрсеткіш құбылмалы, ол үнемі өзгеруі мүмкін, өсуі немесе төмендеуі әбден мүмкін. Ал мына көрсеткіш банктің үлкен тексеріс жүргізуіне байланысты күткен нәтижемізді берді. Қазір олар барлық портфельдің 15,5 пайыз шеңберінде және ұдайы өсу үстінде. Біз оның шегіне келесі жылдың аяғына қарай қол жеткіземіз деген ойдамыз.
Жағдайдың шынайы бейнесі осындай. Австрия банкінің талаптарына сәйкес ол UnіCredіt есебінде обьективті түрде көрінуі тиіс. Бұл бізге берілген әділ баға, дәл қазіргі кезең үшін жақсы баға деуге болады. UnіCredіt ұзақ мерзімдік келешекке жүгінеді. Қазақстанда экономиканың өсуі жағдайында бұл өте қолайлы. Шығынның жартысын немесе ширегін құрамай шағын үлесті құрағаны да жағымды болып отыр. Егер топта Қазақстанда мүмкіндік жоқ деп есептесе барлығын шығынға жіберуі мүмкін еді. Ол соңғы 5 жылдық жоспарымызда жақсы өсу деңгейі байқалып отырғандығынан орын алмай отыр. Бұл өте маңызды. Ағымдағы жыл бойынша банктің кіріс бойынша +-ке шықпаса да бұл алдыңғы жыл еншісінде деп күтілуде. Бірақ топтың банкке құйған ұзақ мерзімдік инвестициясы жақсы деп бағалануда. Банкке аудиторлар да сенім білдіруде.
– АТФ банкі өсу жоспары бар әрі Қазақстан рыногының 10 % үлесін алып отырған ірі банктерінің бірі болып табылады. Қайта құрылымнан өткен екі банктің белсенді бизнеске оралуына байланысты бәсекелестік күшеюде. Осыған орай банк не нәрсеге маңыз аудармақ?
– Иә, банктер қайтып оралды. Бірақ мен олардың сыртқы мәселелермен айналыса отырып, “ішкі үй жұмысын” жақсы орындап шықты дегенге күмәнім бар. Біз ішкі мәселелерді реттеу бойынша 3 жыл бойы жұмыстандық, сол себепті біз Қазақстанда жүріп жатқан экономикалық өсімге жақсы дайындалғанбыз деп нық сеніммен айта аламын. Қазіргі таңда АТФ банкі жергілікті және халықаралық қаржы институттарының артықшылықтарын біріктірген банк болып табылады. Жуырда ғана АТФ банкінің директорлар кеңесіне кіретін, UnіCredіt басқарма төрағасының орынбасары Федерико Гиззони Алматыға келіп кетті. Гиззони мырза UnіCredіt-тің еншілес құрылымдарына байланысты ұстанатын стратегиясы бұрынғысынша сақталады. Оның қатарында АТФ банкі де бар. Топтың қазіргі төрағасы Алессандро Профумоның кеткенімен ештеңе өзгермейтін болады. Оған қоса АТФ банк UnіCredіt тобынан 2025 жылға дейін жұмыс істейтін 2 млрд.доллар көлемінде үлкен кепілдік алған болатын. Яғни, егер топ банктен бас тартар болса жаба алмайтын үлкен кепілдік бермес еді. Біздің бәсекеге төтеп бере алар тікелей артықшылықтарымызға 22 елді қамтитын үлкен филиалды жүйені, жоғары қызмет ету сапасын, банк сенімділігін жатқызар едім. Ал бұл клиенттерімізге топ құрамындағы өзге банктерден комиссиясыз қызмет ала алатындығын білдіреді. Оған қоса, АТФ банкі қазақстандық банктер арасында ең жоғарғы рейтингке ие. Fіtch Ratіngs ВВВ деңгейінде ұлттық валютасында ұзақ мерзімді ЭДР иеленді, сондай-ақ болашағын жағымсыздан тұрақтыға өзгертті. Moody’s те рейтингі бойынша болжамын жағымсыздан қалыптыға, тұрақтылыққа өзгертті. Қаржылық тұрақтылық рейтингі В3 деңгейіне сәйкес. Сондай-ақ, қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын зерттеу мен қадағалау агенттігінің аудитінен табысты өттік және реттеушінің қанағаттандырылған бағасын алдық. Реттеушінің қанағаттандырылған аудитін иелену де жағымды әсер береді.
– Клиенттерді қаржылық институттың тұрақтылығы жөніндегі сұрақтар мазалайтыны түсінікті. Дегенмен, олар үшін банктің өз клиенттеріне қандай өнім жүйесін ұсынатындығы, банк тарифтері мен ставкалары да қызықтырады...
– Біз әу баста тез өсуді жоспарладық. Бірақ өсім – 15 %-дан жоғары өсімді депозит көлемі көрсеткіші арқылы ғана көрсетті. Бұл ставкаларымыздың рыноктағыға қарағанда, әлдеқайда төмен екендігіне қарамастан, орын алып отырғанына назар аударғым келеді. Біз несиелік портфель бойынша аналогтық көрсеткіштерге қол жеткізе алмадық, бірақ жылдың екінші жартысына сенім артып отырмыз. Екінші жартыжылдықтың көрсеткіштері жақсы болатындығының айқын белгілері бар. Клиенттеріміз көбею үстінде. Банк шағын және орта бизнес өкілдері мен ұжымдық секторға несие береді. Ол жалпы портфельдің 70 %-ға жуығын құрайды. Ставканың барынша төмен болу факторы несие портфелінің өсуіне қызмет етіп отыр. Бұл демпинг емес. Оның мәнісі біздің қорымызды негізгі банк тобы жақсы қолдайды және депозиттердің төмен ставкада болу нәтижесімен түсіндіріледі. Бүгінгі күні біз Ресей және Түркия сияқты елдермен саудалық қаржыландыруды дамыту үстіндеміз. Клиенттерімізге несие және депозиттен өзге түрлі әріптестік бағдарламаларды, сондай-ақ олардың құралдарын, істерін қаржыландыру мүмкіндігін беретін пакеттік қызмет көрсету ұсынылады. Дегенмен, адамдар бұл қызмет түріне үйрене қойған жоқ. Қызмет көрсетудің жоғарғы сапасымен қоса, банк өз клиенттерін түрлі операциялар мен аударулардың жоғары жылдамдығымен қамтамасыз етеді.
– UnіCredіt тобының сарапшылары рыноктағы даму жағдайына ұдайы байлам жасап отырады. Қазақстан рыногы бойынша жылдың соңғы тоқсанына қандай болжам жасалуда?
– Соңғы тоқсанға 5 % деңгейінде жақсы өсім болжанып отыр. Біздің алдыңғы жобалауымыз сәл төмендеу, атап айтсақ 3,5 % болатын. Енді өсім жоғары болады деген сенімділік бар. Оның себептері де түсінікті. Қазақстанда мұнай мен газ рыногы, металл, жеңіл өнеркәсіп салаларының көтерілуі тікелей себеп. Тұтас экономиканың белсене түсуде. Экономиканың даму жолына түсуі бұл Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағытталған шараларының тікелей әсері деуге толық негіз бар. Оның ішінде ерекше тоқталатыным, АТФ банкі қатысушы болып табылатын “Даму” жобасы.
– Отаныңызға Қазақстаннан қандай әсермен қайтып барасыз?
– Ең жақсы әсерлермен қайтып барамын деуге болады. Сіздің ел дағдарысты алғашқылардың бірі болып сезінді. Сондай-ақ ең бірінші болып еңсереді. Бұл туралы елді сипаттайтын барлық индикаторлар, дағдарысқа қарсы тез арада біріге, ұйымдаса, бейімделе алған басшылығы, менеджменті, қоғамы көрсетіп отыр.
– Сіздің тілегіңіз..
Бастаған жолды жалғастыру қажет, ал дағдарысты тағдырдың үлкен сыйы деп қарау дамудың ары қарайғы стратегиясына маңызды түсінік болары сөзсіз. Мұнда дағдарыс апат секілді болған жоқ. Көптеген жақсы сәттер мен оған мемлекеттің сәтті реакциясы болды. Бірақ дәл қазір “дағдарыс өтті, 2006 жылдағы сияқты жұмыс жасауды жалғастырамыз” деп жайдан жай айта салуға болмайды. Соңғы 3 қиын жылды арнайы курс, лекция секілді қабылдап, одан дұрыс шешімдер шығара білу керек. Мұндай тәсілді қолдану барысында мен сіздің елді тек жақсы болашақпен көремін!