05 Қазан, 2010

“Қара жорғаға” ықылас ерекше

581 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Атырауда бұл биді бір мезгілде 15 120 адам биледі Қазақтың ұлттық өнерінің бірі – би. Әсіресе, ұмытыла бас­тағандай болып, қайта орал­ған “Қара жорға” биіне жас­тар­дың ықыласы ерекше. Еліміздің әр өңірінде, әр өнер ұжымында осы биді үйренгісі, билегісі келетіндер көп. Атырауда да дәл осылай. Өткен сенбіде Атырау қаласының 370 жылдық мерейтойы аясындағы мереке­лік шарада “Қара жорға” биін 15120 адам биледі. Рас, бір мез­гілде осынша адамның бұл  биді билеуі тіптен оңай емес. Ол үшін үлкен дайындық қажет еді. Өңір жастарын ұлттық биді билеуге  машықтандыру мақса­ты­мен Атырауға “Қара жорға” ұйымының жетекшісі  Жамали Диханұлы бастаған бір топ маман келді. Олар Атыраудың әр жастағы жастарын  Исатай-Махамбет алаңына жинап, “Қара жорғаны” билеудің қыр-сырына қанықтырды. Дайын­дық бірнеше күн жалғасты. Дайындыққа аудандардан да жастар келді. Жамали Дихан­ұлы­ның өзі аудандардағы бір­не­ше елді мекенге арнайы ба­рып, жастарды ұлттық биді билеуге үйретті. – “Қара жорға” биін қазақ халқының ұлттық құндылық­та­ры­ның қатарына жатқызуымыз қажет. Ұлттық құндылықтары­мыз­ды бойына сіңіріп өскен жас ұрпақтың рухы берік, жі­гері мықты болады. Бұл жас­тардың санасына отаншылдық сезімді қалыптастыруға да ықпал етеді, – деді облыс әкімі Бергей Рысқалиев Исатай-Махамбет алаңына жиналған өңір жұртшылығын қала күні мерекесімен құттықтап тұрып. – Сол себептен ұлттық биіміз­дің әсіресе, жастардың ара­сын­да кеңінен таралуына қолдау білдіреміз. Аумағы атшаптырым алаң­ды қаумалай жиналған жұрт­шы­лық алдында Атырау жас­та­ры “Қара жорға” биін нақы­шы­на келтіре биледі. Үкілі кәм­шат, бүрмелі көйлек киіп, бе­ліне сегіз өрім қамшы қыс­ты­рып, саз ырғағымен билеген қыз-жігіттердің жанарларынан ұлттық өнерге деген жанашыр­лық, ынтазарлық байқалып тұр­ды сол сәтте. Тек Исатай-Ма­хамбет алаңында ғана емес, сол мезетте қаланың өзге де алаңдарында, өңір орталығына іргелес елді мекендерінде  де жастар осы биді биледі, деді газет тілшісіне Атырау қаласы әкімінің орынбасары Киікбай Жаулин. Исатай-Махамбет алаңында “Қара жорғаны” 4 рет билеген жастардың біразын сөзге тар­ту­ға тырыстық. Бәрінің де айтары біреу: би ұнады, үйрену қиын емес. Бәрінен бұрын жастар тарапынан биді үйре­ну­ге ынта-ықыластың табылғаны қуан­та­ды. Оның үстіне “Қара жор­ға­дай” ұлттық өнердің жан­да­нуы­на, сөйтіп, халық ара­сында ке­ңі­рек насихатталуына еңбек сі­ңірген ұйымдасты­ру­шылар мен билеген жастарды Исатай мен Махамбет батырлар рухы қол­дап тұрғандай әсер берді. Осы шара аясында қазақ­тың белгілі композиторы, Мем­лекеттік сый­лықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиевтың орын­дауын­да­ғы “Атамекен”, “Ауылым әнім”, “Жасай бер, қазақ” ән­дері жұртшылық рухын көтерді. Сонымен бірге, танымал әнші Сембек Жұмағалиев пен жергі­лікті өнерпаздар да өз өнер­ле­рімен көпшілікті   тәнті етті. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. ---------------------------------- Суретте: “Қара жорғаны” билеген атыраулық жастар. Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.