Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында көп мәселе қаралды. Бұл жолғы Үкімет отырысы да онлайн режімінде өтті.
Бірініші кезекте қаралған мәселе құқық қорғау жүйесін реформалауға қатысты болды. Елбасының аталған мәселеге қатысты тамыз айындағы Жарлығына сәйкес жүйедегі құрылымдық өзгерістерді, реформалық шараларды жүзеге асыру, құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұрынғы бірқатар заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажеттігі пайда болған болатын. Осыған орай Үкімет отырысында құқық қорғау қызметіне қатысты заң жобаларының тұтас топтамасы қаралып, мақұлданды. Аталған мәселеге байланысты қорытынды сөзінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бұл құжаттарда Елбасы тарапынан берілген барлық тапсырмалардың ескерілгендігін атап өтті.
Мұнан кейін Үкімет отырысы экономикалық блоктың мәселелерін қарауға кірісті. Тау кен-металлургия, электр энергетикасы, агроөнеркәсіптік кешен, мұнай-газ, туризм салаларын дамытудың 2010-2014 жылдарғы кезеңді қамтитын салалық бағдарламалары қаралды. Жобалары Үкімет отырыстарында бұрын да бірнеше рет талқылауға түскен аталған бағдарламалардың барлығы осы жолы қабылданды.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа кезеңдік бағдарламасы туралы баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, 8 бағыттан тұратын бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде еліміздегі астық өндірісінің орташа жылдық көлемі 17,8 млн. тонна деңгейінде қалыптасып, оның экспорттық әлеуеті қазіргі 6,7 млн. тоннадан 8,6 млн.тоннаға ұлғаяды, ал астық экспортындағы өңделген өнім үлесі 32 пайыздан 50 пайызға дейін өседі. Мал шаруашылығында асыл тұқымды малдардың орташа үлесін қазіргі 6 пайыздан 14 пайызға дейін көтеру көзделініп отыр. Ауыл шаруашылығындағы субсидиялардың орташа деңгейі 20 пайыздан 25 пайызға дейін көбейе түспек.
Сондай-ақ осы отырыста “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының “Қазақмыстың” жалпы акцияларының 11 пайызын сатып алғандығы мәлім болды. Сөйтіп, мемлекеттің “Қазақмыс” активтеріндегі үлесі, бұрынғы қолда барымен қосқанда 26 пайызға жетіп отыр. Мұның өзі Үкіметтің қажет бола қалған жағдайда аталған компания шешімдеріне тосқауыл қою мүмкіндігіне қол жеткізгендігін білдіреді.
Кәрім Мәсімов салалық жаңа бағдарламалар қабылдау үдерісін қазан айында аяқтау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, келесі аптада еліміздің 2010 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының тоғыз айлық қорытындысы қаралатындығын мәлімдеді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.