08 Қазан, 2010

Заң жобалары сапалық қамтуды көздейді

528 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен сәрсенбі күні палатаның кезекті жалпы отырысы болып өтті. Күн тәртібіне енгізілген мәселелерді қарау барысында бірқатар экономикалық заңдық құжаттар талқыға түсіп, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Ипотекалық кредит беру және қаржылық қызметтерді тұтынушы­лар мен инвесторлардың құқықта­рын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өз­герістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заң жобасы қаралды. Ол бойынша баяндаманы Қаржы на­рығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің төр­айымы Елена Бахмутова жасады. Белгілі болғандай, заңдық құжат аза­маттардың әлеуметтік кепілдік­те­рін қамтамасыз етіп, бағалы қа­ғаздар нарығында тұтынушы­лар­дың, инвесторлардың құқықтарын қорғаудың біртұтас жүйесін құру арқылы қаржылық қызметтер сапасын арттыруды көздейді. Яғни, кепіл беруші жеке тұлға жазбаша бас тартқан жағдайда сондай-ақ жеке тұлға микрокредит (кредит) беру туралы шарт жасасқан кезде кепілге қойылған мүлікті соттан тыс сатуға тыйым салуды белгілеу қарастырылған. Депутаттардың қызы­ғушылы­ғын тудырған тағы бір заң жобасы сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық акті­лерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заң жобасы бол­ды. Ол бойынша баяндаманы Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова жа­сады. Сауда қызметі саласындағы қолданыстағы ұлттық заңнаманың сауда опера­цияларын дамытуды ынталандыру немесе қолдау сипатынан гөрі, реттеу сипатына ие екендігі белгілі болып отыр. Заң жобасымен сауда қызметінің субъектілеріне, тауар­ларға, жабдықтарға, сауда объек­тілерін ұстауға қойылатын талап­тарды белгілеу және сауда нүкте­лерін жүйелендірудің, сондай-ақ олардың қызметтерін регламенттеу мен реттеудің қажеттілігіне бай­ланысты сауда қызметін ұйым­дастыру бөлігінде толықтырулар енгізілген. Екі заңдық құжат та бірінші оқылымда мақұлданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.