“Бейбіт миссия – 2010”
Таяуда, яғни қыркүйек айының үшінші онкүндігінде біздің республикамызда “Бейбіт миссия – 2010” атты халықаралық әскери оқу-жаттығуы өткені мәлім.
Сарапшы мамандардың пайымдауынша, лаңкестікке қарсы бағытталған бұл іс-шараның деңгейі өте жоғары болды. Дос сүйініп, дұшпан күйінерлік деп осыны айтса керек. Қонақтың аз отырып, көп сынайтынын қазақтан артық кім білген. Жаттығуларға дайындық та осы талапты негізге алды десек болады. Қазақстан жағы бес ел қатысқан халықаралық маңызы зор бұл шараға барын салды. Тылдық, медициналық қамтамасыз ету, байланыс, бір ортадан командалық басшылық жасау сынды мәселелер талапқа сай болды.
Алдымен, “Мәтібұлақ” полигоны туралы бірер сөз. Бұл жер сипаты жағынан бригадалық-тактикалық жаттығуларды, атыс дайындықтарын, қару-жарақ пен әскери техниканың барлық түрлерінен оқу және жауынгерлік атыстарды жүзеге асыруға арналған. Сондай-ақ, халықаралық жаттығуларды өткізуге де қолайлы орын. Полигонның жалпы аумағы – 114 920 гектар, периметрі – 160 шақырымды құрайды. Жаттығудағы шайқас алаңы мен шабуыл шебі – 40 шақырым. Қазақстан Қарулы Күштерінің атынан осы жаттығуға “Оңтүстік”, “Шығыс”, “Батыс” өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің, Аэроұтқыр әскерлерінің жауынгерлері, ракета әскерлері және артиллерия, сондай-ақ авиация бөлімдері қатысты.
“Мәтібұлақ” полигонына алғашқы боп тыл мамандары шоғырланды. “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының тыл қызметі бұл жерге маусым айында келді. Тамыз айының басында әскери қалашықтың қазығы қағылып, аз ғана уақыттың ішінде қырда керемет шатырлы қалашық бой көтерді. Өзінің әкімшілік штабы, көшесі, асханасы және дүкені бар бұл қалашық жүздеген шатырдан тұрды.
“Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің инженерлік-саперлік бөлімшесі жаттығудың басынан аяғына дейін оған қатысушы жауынгерлерді қажетті мөлшерде ауыз сумен қамтамасыз етті. Сөйтіп, “Мәтібұлақ” полигонында ауыз суды тазарту мен жеткізуге барынша көңіл бөлінді. Далалық лагерьде қоныс тепкен бірнеше мың адамды Гвардейск қалашығынан тасымалданатын сумен қамтамасыз ету өте көп күш пен арнайы техниканы қажет етері сөзсіз. Сол себепті, “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының мамандары ауыз суды жерден қазып, тазартып беруді дұрыс деп тапты. Осы ұйғарыммен “ВФС-10” әскери фильтрлік стансасы әскери қызметшілерді күніне 150 тонна сумен қамтамасыз ете алды. Фильтрлеу, тазаланған ауыз суды белгіленген мерзімде сақтау сияқты барлық қажетті процестерден соң әскери дәрігерлердің мұқият тексеруінен өткен тіршілік көзі ғана қолданысқа берілді.
Жаттығуға қатысушы жеке құрамның денсаулығын қазақстандық әскери дәрігерлер ұдайы қадағалап отырды. Олардың қатарында Астана және Алматы қалаларындағы әскери клиникалық госпитальдардың дәрігерлері мен медбикелері бар.
“Бейбіт миссия – 2010” жаттығуын өткізу барысында оған қатысушылар байланыстың барлық заманауи түрлерімен қамтамасыз етілді. Әскери байланысшылар Интернеттің үздіксіз қызмет істеуін қамтамасыз етіп отырды.
Жаттығуға әзірлік барысында жауынгерлік атыстардан тұратын бірнеше дайындықтар өткізілді. Оның ішінде әскерлердің тактикалық іс-қимылдарының барлық кезеңдері қамтылды. Жаттығудың шешуші кезеңіне дейін ұзын саны үш рет дайындық өткізілді. Оның әрқайсысын жеке-жеке бірлескен жаттығу деп есептеуге болады.
Осы жерде атап өткен жөн, біздің Қарулы Күштеріміз, оның заманауи қару-жарағы мен әскери техникасы жаттығуларға молынан қатыстырылды. Соның бәрінде қазақстандық жауынгерлер жоғары жауынгерлік оқу мен шеберліктің үлгісін көрсете алды. Біздің армияның техникалық жарақтануы Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының ұдайы назарында. Қазіргі таңда Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасымен әскерлерге нағыз заманауи автоматты басқару жүйесі және жоғары дәлдікті қарулар қондырылған жауынгерлік техникалар көптеп келіп түсуде. Оның мүмкіндігін біз осы оқу-жаттығуларда молынан пайдалана алдық.
Қазіргі таңда Қазақстан армиясының құрамалары мен бөлімдерін заманауи қару-жарақ пен әскери техникамен жарақтандыру кең көлемде жүргізілуде. Осы мақсатта ескірген техникалардың барлығын жаңартуды ұйымдастыруға барынша мүмкіндік туып отырғанын айта кеткен жөн.
Жаттығудың бірінші тактикалық кезеңінде “Нүкте-У” зымырандық кешенінен жедел тактикалық зымырандар ату жүзеге асты. “Нүкте-У” жоғары дәлдікті зымыран кешені. Оның салмағы 18 тоннаны, ал, зымырандары 2 тоннаны құрайды. 120 шақырым қашықтықтағы қарсыластың маңызды нысандарын жоюға арналған. Түскен жері 25 гектар жердің күлін көкке ұшырады. Осы қаһарлы қарудың зымырандары өз елімізде жасалады.
Одан соң 300 миллиметрлік “Смерч” дүркіндетіп, оқ ату реактивтік жүйесінен зымырандық соққы берілді. “Смерч” дүркіндетіп оқ ату реактивтік жүйесін кешегі аңызға айналған “Катюшалардың” заманауи үлгісі десе болады. Ол әртүрлі мақсаттағы нысандарды жоюға арналған. Оның ішінде моторлы жаяу әскер, бронды танк техникаларын, қарсыластың командалық пунктін істен шығару бар. Сонымен қатар, 120 миллиметрлік “Айбат” минаатары да меймандар назарын өзіне бірден аударды. Бұл қару да өз елімізде жасалған. Ол заманауи байланыстың сандық жүйесімен, тактикалық компьютерлермен және бақылаудың автоматты басқару жүйесімен жарақтандырылған. “Айбат” та әуе нысандарын атып түсіруде өзінің айбатын таныта алды.
Жаттығуларда еліміз Қарулы Күштерінің авиациясы да бақылаушылардың назарын өзіне аударды. Бүгінде Әскери-әуе күштері қуатты зымыранды және зеңбіректік қарулармен жарақталған ұшақтар және тікұшақтармен жабдықталған. Олар – майдандық және бомбалаушы МиГ - 31, МиГ - 29, МиГ-27, Су-27 сынды әуе қарулары.
Жаттығуларда Қазақстан, Қытай және Ресей ұшқыштары әуеде қоян-қолтық әрекет етті. Әскери ұшқыштар бір мезетте ұшып шығып, белгіленген уақытта берілген тапсырманы асқан дәлдікпен орындады.
Бес елдің қарулы күштерінің басын қосқан халықаралық жаттығуларда қазақстандықтар аянып қалған жоқ. Оған дайындық пен өткізуде өзгелерге үлгі боларлық қырын танытты десек артық айтқандық емес. Бұл әскери оқу-жаттығулары төл әскеріміздің мәртебесін арттырып, мерейімізді өсіргеніне тағы бір куә болдық. Оны алыстан ат арытып келген меймандарымыз да бірауыздан құптады.
Мұхарбек МАХАМБЕТ, майор.
------------------------------
Суреттерді түсірген Қайыр Дінбаянов.