13 Қазан, 2010

“Балапан” бағдарламасы тамырын тереңге жайды

732 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
“Білім негізі – бастауышта” деп жатады ұстаз­дар. Жөн сөз. Бірақ, борбас топырақта күнұзақ жалаңаяқ ойнаумен уақытын өлтіріп, бірінші сыныптың табалдырығын аттағанда “а” деген әріпті жазу үшін қиналып, мұрнынан ақбозаты текірек қағып шыға беретін бала мен балабақшада тақпақ жаттап, санамақ санап, өзін-өзі ұстау мәдениетін меңгерген баланың айырмасы көп болса керек. Яғни, өсем деген халықтың баласы балабақшамен қамтамасыз етілмей көкжиегі кеңеймейді. Елбасы халыққа дәстүрлі Жолдауында “Бала­пан” бағдарламасын қолдау жайын айтты. Оны әр аудан, қала өзінше орындап жатыр. Ал, оңтүстікте Созақ ауданы бұл мәселені түбегейлі шешудің кілтін тапқандай. Аудан орталығынан бөлек, барлық ауылдарда балабақшалар ашылып жатыр. Жеке балабақша салу мүмкін болмаған жағдайда орта мектептердің жанынан шағын орталықтар ашылуда. Қазан айында бес ауылда осындай орталықтар жұмысын бастады. Атап айтсақ, Сызған ауылдық әкімдігіне қарасты Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектеп жанынан 25 орындық, Жартытөбе ауы­лындағы Аққолтық елді мекеніндегі Ш.Уәли­ха­нов атындағы жалпы орта мектеп жанынан 40 орындық, Таукент кентіндегі І.Кеңесбаев атын­дағы жалпы орта мектеп жанынан 40 орындық, Тасты ауылындағы Абай атындағы орта мектеп жанынан 25 орындық шағын орталықтар балдырғандарға есігін ашты. Ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Бүгінгі таңда аудандағы 12 балабақша, 5 шағын орталықта 1235 бала тәрбиеленіп жатыр. Белгіленген жоспарға сай, 2010 жыл аяғына қарай Сызған ауылынан аудандық бюджеттен салынып жатқан 50 орындық балабақша құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. “2010 және 2015 жылдар аралығында “Ба­лапан” бағдарламасы бойынша аудан көлемінде барлық елді мекендерде балабақшалар болады”, – дейді Созақ ауданының әкімі Созақбай Әб­діқұлов. Теріскейде Елбасының тапсырмасы сөз­­­бен емес, іс жүзінде осылай орындалып жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы.