13 Қазан, 2010

Келешегі кемел құт-мекен

646 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Зайсан туралы мерзімдік басылымдарда аз жазылып жүр­ген жоқ. Ауданның жер аумағы шағындау болған­мен, табиғаты көркем. Ер­теректе осы өңірге келген Димекең “мына Зайсан қа­ласы Алма­ты­ның минима­кеті секілді екен” деген екен. Зайсан жері қазба бай­лықтан да кенде емес. Мың­ғырған мал, жай­қал­ған егін мен бау-бақша өз алдына. Бір сөзбен айтқанда, бұл өңір құт қонып, бақ дарыған жер. Аудандағы қырық мыңнан астам халық кешегі заманда да, бүгінгі күні де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, берекелі бірлік, тынысты тірліктерін таныта түсіп келеді. Соның айқын айғағын биылғы жылдың өткен сегіз айы мен күзгі жиын-терін қорытындысынан аңғаруға болады. Айталық, өнер­кәсіп саласында өнім өндіру көлемі ай сайын арта түсіп отырған. Со­ның ішінде көмір және балық өн­діру ісі көлемі біршама артқан. Аудан­да бірқатар кәсіпорындар халық­аралық сапа менеджментінің сертификатымен жұмыс істеуде. Соның ішінде “Отандық өнім” деген атпен Астанада өткен ұлттық-көрме жәрмеңкеде сапа белгісі дипломымен марапатталған кәсіп­орын­дар да бар. Қарабұлақ ауы­лын­да балықты Еуропа елдеріне жөнелтіп жатқан зауыт жұмыс істеп тұр. Аудан орталығында кірпіш зауы­ты, темір-бетон цехы жұмыс істесе, биылғы жылдың аяғына дей­ін мұнда ұн тартатын, сүт өні­мін өңдейтін зауыттар іске қосылмақ. Ал ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемі өткен жылдың осы мер­зімімен салыстырғанда 106 пай­ызға артығымен орындалды. Соның ішінде ет, сүт, жұмыртқа өндіру кө­лемі айтарлықтай арта түскен. Өткен жылғы кыстың қолайсыз­ды­ғына қарамастан мүйізді ірі қара, жылқы, құс саны артқан. Әр гектар­дан ал­ынған егін түсімі 17 центнерге жу­ық. Сондай-ақ мал азығын дайын­дау жос­пары күздің алғашқы айы­ның басына дейін артығымен орын­далыпты. Бұл мәселеде алдағы уа­қыт­та аудандағы Үйдене су қой­ма­сының, Кендірлік және Жеменей су бөгет­терінің септігі зор болмақ. Кендірлік су бөгеті бой­ынша биыл­ғы жылы 23 миллион теңгенің жұмысы атқарылыпты. Осындай оңды өзгерістерді аудан өмірінің басқа салаларынан да ай­қын аңғаруға болады. Аудан бас­шысы Серік Зайнулдиннің айтуы бой­ынша мұнда шағын кәсіпкер­лікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырған кө­рі­неді. Айталық, биыл жаңадан бес кә­сіпорын ашылыпты. Соның нәтиже­сінде өткен сегіз айда шағын кәсіп­керліктен түскен салық көлемі был­тырғы жылдың осы мер­зімімен са­лыс­тырғанда 14 пайызға жуық арт­қан. Жаңадан жұмыс ор­ын­дарының көптеп ашылуы жұ­мыс­сыздар санын кемітуге септігін тигізуде. Айта берсе аудан өмірінде мұн­дай жарқын мысалдар жетіліп ар­тылады. Соның ішінде “Жол кар­тасы” бағ­дар­ламасы бойынша ат­қарылып жатқан игі істерді айтпай кетуге болмайды. Биыл мұнда атал­ған бағдарлама бойынша жалпы құ­ны 219 миллион теңге болатын 23 жоба жүзеге асы­рылыпты. Сол жұ­мыс­тардың барлығы аудан кәсіп­керлерінің атсалысуымен жүзеге асы­рылған. Соңғы екі жыл­да ауданда 4 мәде­ниет үйі, 1 клуб, 8 орта мектеп­ке ағымдағы жә­не күр­делі жөндеу жұ­мыстары жүр­гізілген. 8 ауылдық округ орта­лық­­тарының орта­лық және Зайсан қа­ласы­ның 6 көшесі жөн­деліп, жа­рық­тан­ды­­рылған. “Жол карта­сы” бағ­дар­ла­масын жү­зеге асыру ба­рысында екі жүзден астам адам жұ­мыс­пен қамтама­сыз етілген. Бүгінде жұмыс істеп тұрған Кен­дірлік көмір кентінің көмір қоры 4 миллиард тонна. Сол себепті бұл өң­ір отыннан тарық­пайтыны айтпа­са да түсінікті. Со­нымен бірге Зай­с­ан қазаншұңқы­рында мұнайдың да мол қоры бар екендігі осыдан сек­сен жылдай уақыт бұрын анықтал­ған. Соны түпкілікті нақтылап, зерт­теу ісі еліміз егемен­дікке қол жет­кіз­ген соң ғана мүмкін болды. Бүгінде мұнда мол мұнай қоры бар екендігі нақтыланып отыр. Зайсан жерінен газдың да мол қоры табылды. Осын­дай орасан зор бай­лық келер жылдан бастап игеріле бас­тамақ. Бұған қоса ауданда құры­лыс­қа аса қажет бағалы тас­тар, цементке бер­гі­сіз топы­рақ, қиыршық құм, сон­дай-ақ қамыс, ағаш ма­териалдары да же­тер­­лік дейді аудан басшысы. Демек, бұдан аудан болашағы өте зор деген ұғым туады. Тек барды ұқсата білу керек. Мұн­дай игі істер­ге ұйытқы болуға Серік Зайнул­дин­нің қарым қабілеті артығымен жетеді. Жуырда Серік Зинабекұлымен Семейде кездестік. Ол мұнда был­тырғы жылдан бері облыс әкімі Бер­дібек Сапарбаевтың бастамасымен өткізіліп келе жатқан “Туған ел – ал­тын бесігім” акциясына орай зай­сандықтарды бастап келген екен. Бұл шара ауыл шаруашылығы жәр­мең­кесі, ойын-сауық түрінде өткізілуде. Ел мен елді таныстырып, табыс­тыратын осындай мазмұнды шараға жасыратыны жоқ қайсыбір аудандар­дың атүсті қарайтындары да жоқ емес. Ал зайсандықтар болса, ондай көзбояушылыққа бармапты. Соған орай олар мұнда көшіп келді десе де болады. Сондықтан жәр­меңке де, жәрмеңке басындағы ойын-сауық та өз мәнінде өтті. Олар мұнымен де шектелмей, тағы екі шара өткізді. Яғни, осын­дағы Абай атындағы кітапханада бүгінгі күні Зайсан қаласында тұ­ратын Абайдың Ақылбайының Исрайылының қызы, 85-тің сең­гі­ріне көтеріліп отырған Гүлзипа апа­ның бояуы әлі кеппеген “Ризамын, асылдың сынығы боп өткеніме” деген кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Кітапта хакім ақын өміріне қатысты, атасы Ақылбай, әкесі Исрайыл туралы тың деректер бар­шылық. Осындай құнды еңбектің жарыққа шығуына аудан әкімдігі қамқорлық танытқан. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы. -------------------------- Суреттерде: Зайсанда мұнай барлау жұмыстары жүріп жатыр; 2003 жылы алтын адам табылған Шілікті қорғаны.