Кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қырғызстанның өтпелі кезең Президенті Роза Отунбаевамен әңгімелесті.
Қ.Саудабаев көрші мемлекет басшысын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атынан парламенттік сайлаудың сәтті аяқталуымен тағы да құттықтады. Әңгімелесуші тараптар Қырғызстан парламенті мен үкіметінің тез арада құрылу керектігінің, елдің әрі қарайғы әлеуметтік-экономикалық дамуының басты шарты болып табылатын тұрақтылық пен қоғамдық келісіммен қамтамасыз етудің және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешудің қажеттілігін атап өтті. Осыған орай, күз және қыс айларында халықты дер кезінде азық-түлікпен және отынмен қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралардың тез арада қолданылуының маңыздылығы баса көрсетілді.
Әңгіме барысында сондай-ақ ЕҚЫҰ мен Қырғызстан арасындағы бұдан былайғы ынтымақтастық, Ұйым тарапынан араласу және көмек көрсету мәселелері талқыланды. Осы контексте Қырғызстандағы ЕҚЫҰ полицейлік- консультативтік тобының жұмысына қатысты мәселелер қарастырылды.
Әңгіме соңында Р.Отунбаева Президент Н.Назарбаевқа парламенттік сайлауға орай білдірген құттықтауы және Қырғызстанға тұрақты көмегі мен демеуі үшін алғысын айтты.
“Егемен-ақпарат”.