Бұл — сапа белгісінің атауы
Өнімдері халықаралық абыройға ие болған “ФудМастер” компаниясына сын таға алмайсың. Тақырыпты “Мінсіз” деп неге қойдық. Өйткені, кәсіпорын биыл Дүниежүзілік тұтынушылар күнінің қарсаңында Қазақстан тұтынушылар лигасының “Мінсіз” халықтық сапа белгісі сыйлығымен марапатталған.
Төле би ауданының Көксәйек ауылында орналасқан кәсіпорынға аудан әкімі Әуелхан Тұрғымбаев бастап келді. Ірі компанияның осындағы филиалының директоры Ысқақ Әбдіғалидың өмірде көңілді жан екендігі көрініп тұр. Күліп жүріп бәрімізге қызыл халат кигізді. Қонақтарға арналғаны екен осындай түстің. Миығынан күліп жүріп бір реттік бас киім мен бахил ұсынды. Күлімсіреп жүріп су сабынмен қолымызды жуғызды.
Күліп жүретіні кәсіпорынның ішіне кіргенде сыртқы есіктен ар жағында қалып кетті. Білімді, өз ісіне жетік маман болмаса қайдан басшы болсын. Никель тұрбалары айқыш-ұйқыш, кнопкалы аппараттармен басқарылатын қондырғылардың ішіне кіріп кеттік. Мұнда қытай тауарларының иісі аңғарылмайды, бәрі еуропалық.
Әбдіғали Әбілқайырұлы түсіндіріп жүр. Біз отандық өндірістің кемелденіп келе жатқанына қуанулымыз.
“ФудМастер” компаниясы Қазақстан нарығындағы сүт өнімдерін өндіру саласындағы көшбасшы болып табылады. Республикамыздың аумағында көптеген сүт санаттарының өндірістерін іске қосу біріншілігі осы компанияға тиесілі. Алғашқы қазақстандық йогурт 1995 жылы, түйіршікті сүзбе 2005 жылы, картонды асептикалық қораптағы ультрапастерленген сүт 1999 жылы өндірілген. Компания отандық өндірушілер арасында азық-түлік өнімдерінің ең бай тізімін шығарып, әрқашан қазақстандықтардың талғамы мен сұраныстарын қанағаттандыруды алға қояды. Олардың ішінде тұтынушылар сүйіспеншілігіне ие болған “ФудМастер” айраны, “ФудМастер” қаймағы, “Домашний” сүзбесі, йогурттар мен “Дольче” құймаланған ірімшіктері, “БИО-С” ұйыған сүті, қатық және т.б. өнімдер бар. Қазіргі уақытта компания зауыттары сүт өнімдерінің 100-ден астам атауын шығарады. Компания жыл сайын ассортиментін жаңартып, қазақстандықтарға дәмдік сапасы жетілдірілген жаңа өнімдерді ұсынып отырады.
“ФудМастер” өнімдері тұтынушылар тарапынан да, сүт өндірісі саласындағы сала сарапшылары мен мамандары тарапынан да танылып, халықаралық және республикалық тағам байқауларының жүлдегері атанған. 2004 жылдан бастап “ФудМастер” өнімдері 35-тен астам беделді сыйлық иесі болып келеді. Оларға 2004-2010 жылдар бойынша “Қазақстан нарығындағы үздік өнім”, 2009 жылдың мамырында Алматы қаласында өткен сүт өнімдерінің республикалық байқау жарысының нәтижелері бойынша Ауыл шаруашылығы министрінен және ЗТБ “Қазақстандықтардың Сүт одағынан” бірінші дәрежелі үш диплом беріліпті. Сонымен қатар, компания мұрағатында республикалық байқау жарысына ұсынылған үлгілердің: йогурттар және сүзбелі жеңсік асы, қатық, “БИО-С”, “ФудМастер” қаймағының жоғары сапасы үшін номинациялары тағы бар. Сондай-ақ осы жылдың наурыз айында “ФудМастер” айраны Қазақстанның тұтынушылар лигасынан “Мінсіз” халықтық сапа белгісін иеленді.
2004 жылы “ФудМастер” компаниясы әлемнің әртүрлі елдерінің 150-ден артық кәсіпорнын біріктіретін және дүние жүзіндегі жоғары сапалы сүт өнімдерін өндіру бойынша көшбасшылардың бірі болып танылған Халықаралық Лакталис тобына (Франция) кірді.
Бүкіл өндіріс үрдісі сапаны қатаң бақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Компания үшін бұл жұмыс – ең маңызды және өзекті.
“ФудМастер” зауыттарында жоғары технологияларды қолдану, сақтау мерзімі 21 күнге дейін болатын өнімдерді алуға мүмкіндік береді.
Компания шығаратын өнім ветеринарлық, санитарлық-эпидемиологиялық және техникалық қадағалаудың мемлекеттік органдарымен тексерілген және мақұлданған. Бақылаушы органдар зертханаларында жүргізілетін зерттеулер “ФудМастер” өнімдерінің жылдан жылға мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін көрсетіп отыр. Сонымен қатар “ФудМастер” компаниясы сүт өнімдерін қауіпсіз өнім ретінде Қазақстаннан Ресейге әкелуге РосПотребНадзор рұқсатын алған қазақстандық өндірушілер тізіміндегі аздаған компаниялардың бірі.
“ФудМастер” компаниясының негізгі міндеті Қазақстан сүт өндірісін тұрақты дамыту және халықты табиғи құрамдастардан даярланған, әлемдік сапа стандартына сәйкес өніммен үздіксіз қамтамасыз ету болып табылады.
Кәсіпорынның жетістіктерін термелеген Әбдіғали Әбілқайырұлынан мамандарды қайда даярлап, қайда оқытатындарын сұрағанбыз. Алматыдағы оқу орындары мен шетелдегі жеңіл өнеркәсіп компанияларымен іскерлік байланыста екендігін айтады. Жылына үш-төрт мәрте тренинг өткізіліп тұрады. Шетелден арнаулы мамандар шақыртылады.
Ал жұмысшылар – осы төңіректегі ауылдардан. Айлықтары кәсіби біліктілігі, қызметінің үлкен, кішілігіне қарай 30 мың мен 100 мың аралығында екен.
– Ақ ішіңіздер, – деп “ФудМастердің” мақтаулы өнімдерін алдымызға қойды.
– Апам, “балам, ақ ішіп жүр, ішің ағарады, денсаулығың жақсы болады”, – деген соң үнемі ақ ішіп жүремін дейді екен бір алқаш, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сержан әзілдеп.
– Ақ? Қай ақ? – дейді Әбдіғали таңырқап.
– Ақ арақ қой.
– Ой, айтады екенсіз. Біздің ақ денсаулықты ұрламайды, қайта нығайтады...
Күліп жатырмыз. “Мінсіз” деп сапа белгісіне қалай тауып қойылған. Кей-кейде дүкендерде ақырып кеткен айран, іркіттей ірімтіктелген қаймақ, көк суы бетіне шыққан сүт көресің. Байқамай сатып алған соң. Шағын цехтардікі. Олар да жетілер. Жаңа кондырғыларға да қолдары жетер. Солай болса ғой деп ойлайсың ғой.
“ФудМастер” сияқты компаниялар саны неғұрлым көп болса, тұтынушы көңілі соғұрлым сирек қайтып, босқа ақша жұмсау азаяды”, – деген екен Тұтынушылардың ұлттық лигасының президенті Светлана Савченко.
Сапа белгісі тұтынушыға бос іздеу пен елеулі қаржылық қателіктерге уақыт кетірмей, сапалы өнімдерді бірден тануға мүмкіндік береді.
Отандық өндірістің сүт өнімдері жөнінен іргелі компаниясының бір көшеті тау бауырындағы ауылда молынан бүршік жарыпты. Соған қуандық. Олардың қатары көбейіп, ну тоғай болғанын тілейікші.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Төле би ауданы.
Суреттерді түсірген автор.