20 Қазан, 2010

Апта айшықтары

447 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
“Алтын дән – 2010” мерекесі Өткен жұма күні Сыр диқандары мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің “Алтын дән” мерекесі өтіп, сырбойылықтар молшылық шуағына бөленді. Салтанатты шарада Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қызылордалықтарға құттықтау жеделхаты оқылды. Мұнан соң облыс әкімі Болатбек Қуандықов диқандарды егін жинау науқанының аяқталуымен құттықтады. Бұдан соң өндіріс озаттары марапатталып, оларға облыс әкімінің алғыс хаттары мен сыйлықтар табысталды. Еңбекте озық шыққан аудан әкіміне қаржы сертификаты берілді. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. Кәсіпкерлік мәселелеріне арналды Жуырда Семей педагогика институтында “ Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерліктің дамуы: жетістіктері мен болашағы” деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Аталған шараны өткізуге қалалық әкімдікпен бірге, Біріккен Ұлттар Ұйымының “Семей қаласындағы бұрынғы ядролық полигон аймағында адам қауіпсіздігін күшейту” және “Кеңейген Еуропа: Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және ТМД-ның батыс елдерінің сауда ісіне жәрдемдесу” жобалары қызу атсалысты. Дөңгелек үстел жұмысына Жапония мен Финляндия елшілігінің өкілдері де қатысты. Алқалы жиын барысында қаламен бірге, ауылды жерде кәсіпкерлікті дамытуға байланысты бірқатар құнды ұсыныстар талқыланып, бекітілді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. Өзара ынтымақтастық меморандумы “Еуразиялық банкі” АҚ-тың филиалы Қызылжар өңірінде 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде ол 3,5 мыңнан астам жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетеді. Биылдың өзінде несиелік демеуқаржы 1 миллиард теңгеге жетті. Облыс әкімі Серік Біләлов пен аталмыш банктің басқарма төрағасы Майкл Экглтонның кездесуі шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау, ауыл шаруашылығын, құрылыс, жол жөндеу салаларын дамыту мәселелеріне арналды. Аймақ басшысы өз сөзінде кәсіпкерлікті өркендетуге бөлінген қаржы 9 миллиард теңгені, тұрғындардың депозиттік салымдары 30 миллиард теңгені құрағанын атап өтті. Кездесу соңында облыстық әкімдік пен “Еуразиялық банкі” АҚ өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы. Шығыстың шыңырау күйлері Осындай атпен Өскеменде жаңа кітаптың тұсаукесері болып өтті. Оның авторы – мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы өзінің Алтай мен Тарбағатайды табанын тоздырып аралағаны, күй мен күйшілер шығармаларын тауып, нотаға түсіргені жайлы қызықты етіп баяндап берді. Бұл кітаптың құндылығы сонда, әр күйдің тарихы, оны орындау кезінде күйшіге қандай шеберлік керек екені сөз болады. Автор кітапты шығаруға демеушілік жасаған облыстық мәдениет басқармасы басшыларына алғысын айтты. Ертеңінде Қ.Тасбергенов, Т.Әсемқұлов, Ж.Жүзбаев сияқты күйшілер шертпе күймен сайысқа түсті. Сонымен бірге, шертпе күйдің техникасы жайлы шеберлік-сынып сабағы өтті. Оңдасын Елубай, Өскемен. Мәдениет қайраткері атанды Ана тілдің жанашыры болу – үлкен жауапкершілік. Өйткені, алдымен тілдің қоғамға қажеттілігін түсіну, оны, әсіресе, өзге ұлттар арасында терең насихаттай білу қажет. Міне, осы тұрғыдан айтқанда, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, мұнайлы өңірдегі “Қазақ тілі” қоғамын құрушылардың бірі Қадір Жүсіп қазақ тілінің шын жанашыры деуге лайық. Ол сонымен бірге, қаламынан жауһар жырлар төгілген ақын, ғылыми қисынды ойларымен танылған ғалым. Өткен аптада Қадір Жүсіпке Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бұйрығымен “Мәдениет қайраткері” атағы берілді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы. Бұрынғы және жаңа балабақша Бұлай деуімізге себеп бар. Кезінде үлкен кәсіпорынның балабақ­шасы болған осы ғимарат мектеп жетіспегендіктен, бүлдіршіндерді үйіне қайтарып, білім ошағына лайықталған еді. Мемлекеттің “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасына байланысты Түлкібас кентінде зәулім мектеп бой көтерді де, бұрынғы балабақша бүлдіршіндерге қайтарылып берілді. Қайта жөндеу жұмыстарына аудан бюджетінен 14,5 млн. теңге бөлінді. Бүгінде балабақшаға жүзге тарта бөбек қабылданып, отызға тарта жұмыс орны ашылды. Осы күндері “Алтын дән” балабақшасынан сәбилердің күміс күлкісі естіледі. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы. Келіңіз, бауырсақтан ауыз тиіңіз!.. Өткен аптада елімізде құрылған “Студенттер альянсы” жастар қоғамдық бірлестігі облыстық бөлімшесінің мүшелері жиналып, қызықты бір шара өткізді. Облыс орталығында осымен екінші рет ұйымдастырылған бұл мерекелерін олар – “Бауырсақ күні” деп атапты. Осы күнді ұйымдастыруға демеуші болған қаладағы “Крендель” серіктестігі 50 кг бауырсақ пісіріп, келушілерге тегін дәм татырса, “Сүт” АҚ қаймақ, ірімшік, айран толы дастарқан басына шақырды. “Достық үйінің” алдына жиналған жастар бауырсақ жеу сайысын, басқа да ұлттық тағамдарға сай ойын жарыстарын өткізді. Үлкен апайлар жағы бауырсақты өздері қалай пісіретіндерін жарыса айтып жатты. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.