Аталған кезеңде Ғылым және жоғары білім министрлігі басшылығы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Солардың бірінде ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова 2025-2026 оқу жылына кадр даярлауға бөлінген мемлекеттік білім гранттары туралы мәлімет берді.
Ведомство дерегінше, алдағы оқу жылына барлығы 93 232 білім гранты бөлінген. Оның ішінде 77 084 грант бакалавриатқа, 13 229 грант магистратураға және 2 919 грант докторантураға қарастырылған.
Жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекет, қоғамдық қорлар, ата-аналар мен банктердің қатысуымен «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі енгізілген. Бұл жүйе 5 жастан бастап білім беру капиталын қалыптастыруды көздейді. Мемлекет тарапынан 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы бастапқы капитал беру қарастырылған. Жинақталған қаражатты болашақта жоғары білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда жүйе аясында 133,9 мыңға жуық салым есепшоты ашылған.
Сонымен қатар бакалавриат студенттеріне арналған шәкіртақы мөлшері соңғы жылдары едәуір артқан. Атап айтқанда, 2025 жылы шәкіртақы 52 372 теңгені, ал педагогикалық мамандықтар бойынша 84 000 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда екі еседен астам өсімді көрсетеді.
Айта кетейік, қабылданып жатқан шаралар Мемлекет басшысының ғылым мен жоғары білім саласын дамыту, кадр әлеуетін күшейту және жастарға тең мүмкіндік жасау жөніндегі тапсырмаларын жүйелі түрде іске асыруға бағытталған.