“Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне арналған “ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар”, – деген тақырыппен халықаралық парламенттік конференция Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрамындағы ұлттық парламенттері өкілдерінің және әлемнің өзге елдерінің көрнекті саясаткерлері мен ғалымдарының қатысуымен үстіміздегі жылы қазанның 28-і күніне белгіленіп отыр.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі – мемлекетіміздің бұрынғы кеңестік құрамда болған елдермен стратегиялық әріптестік орнатудың жаңа деңгейге көтерілуіне және дүние жүзінің барлық елдерімен терезесі тең тәуелсіз мемлекет ретінде байланыс жасауына жол ашып отыр.
Аталған форум рухани және қоғамдық келісімді сақтау, қауіпсіздікті нығайту және ядролық қауіп-қатерді болдырмау жөніндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып отырған, ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы ретінде Қазақстанның бейбіт өмір сүру саясатын әлемдік қоғамдастық өкілдеріне таныстыру мақсатын көздейді.
Бүгінгі күні ЕҚЫҰ – әлемдік деңгейдегі халықаралық мәселелерді шешуге консультативтік кеңес беретін дүние жүзінде өзіндік орны бар халықаралық ұйым. Ұйымның құрамына Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте орналасқан Солтүстік Американың, Еуропаның, Солтүстік Кавказ бен Орталық Азияның 56 мемлекеті кіреді. Қазақстанның әлемдік деңгейдегі халықаралық ұйымға төрағалық етуі – тек ТМД елдері үшін ғана емес, барша қалыптасып келе жатқан еуразиялық мемлекеттер үшін де елеулі мәртебелі белес. Сондықтан да біз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы да сарабдал саясатының арқасында халықаралық деңгейде еліміздің беделінің әлем қауымдастығы алдында арта түскені деп білеміз.
Бүгін әлемдік қауымдастықтың назары Астананың осы тұғырлы тақтағы жасап жатқан саяси қадамдарына шоғырлануда.
Ел Президенті 2010 жылдың қаңтарында ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесіне жасаған өзінің бейне жолдауында қазақстандық төрағалықтың басты басымдығы ретінде осы жылы Астанада Саммит өткізуді белгіледі.
Үстіміздегі жылдың 3 тамызында Саммит өткізу туралы шешім Ұйымға қатысушы елдер Сыртқы істер министрлерінің кеңесімен бірауыздан мақұлданды, бұл халықаралық қоғамдастықтың Қазақстан халқының Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарына деген жоғары құрметінің белгісі деп білеміз. Елбасы өзінің Жолдауында: “Біз мұның еліміздің ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы тұғырында жұмсап жатқан күш-жігеріне ауқымды қолдау екендігін көреміз. ЕҚЫҰ Саммитін – барлық кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікте осындай ауқымдағы алғашқы халықаралық форумды өткізу – бұл тек асқақ абырой ғана емес, үлкен жауапкершілік те”, – деп атап көрсетті.
Н.Ә.Назарбаев соңғы рет 11 жыл бұрын өткізілген ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізу еліміздің әлеуметтік-экономикалық және демократиялық дамуына серпін беріп, қазақстандықтардың бірлігі мен патриотизмін одан сайын нығайтады деп көрсетті. Қазақстандық төрағалық ету төрт “Т” девизіне құрылады: “Trust” (сенім), “Tradіtіons” (дәстүрлер), “Transparency” (транспаренттілік) және “Tolerance” (төзімділік). Осы ұғымдармен белгіленетін үдерістердің мәні жоғары және барлық қауымдастық үшін өзекті. Осы төрт “Т”-да барлық халықтардың бейбіт өмірге, қауіпсіздікке, экономикалық тұрақтылық пен адами және азаматтық құқықтарды толық жүзеге асыруға деген мәңгілік ұмтылыстары тоғысқан.
Қазақстан еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету континенталды шеңберден шығып кеткендігі туралы тезисті белсенді түрде алға шығаруда. Қазірдің өзінде-ақ халықаралық қауымдастық еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік категорияларын қолдануда.
ЕҚЫҰ төрағалығына кірісе отырып, Қазақстан жаңа қауіптер мен әрекеттерге, ең алдымен, лаңкестік пен есірткі тасымалына қарсы әрекет етудегі Ұйымның рөлін нығайту ниетін жария етті. Қазақстандық басты басымдылықтар қатарына Ауғанстандағы ахуалды бейбіт реттеуге күш салуды арттыру, Қырғызстандағы оқиғаларға қатысты тиімді шаралар қабылдау, экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы Ұйым рөлін күшейту, экологиялық проблемаларды, әсіресе Арал проблемасын шешу енді. Елбасымыз Арал аймағын, Арал проблемасын үнемі назарда ұстап келеді. Соның нәтижесінде Арал өңірі халқының тыныс-тіршілігін жылдан-жылға жақсартуға бағытталған нақты істер атқарылуда.
ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерге Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістіктегі барлық үш өлшемдегі сақталып отырған және жаңа қауіп-қатерлерге қатысты бірлескен қадамдар әзірлеу күтіп тұр. Астанада өтетін Саммит ЕҚЫҰ дамуының стратегиялық бағыттары мен “жол картасын” айқындауға арналады. Жоғары деңгейдегі кездесу Ұйымды заманауи ақиқаттарға бейімдеуге мүмкіндік жасап, ЕҚЫҰ-ның “Хельсинкиден Астанаға” дейінгі табысты эволюциясын әлемдік қауымдастық алдында паш етеді.
ЕҚЫҰ-ның төрағалық тұғырына енгенге дейін де Қазақстан бірнеше рет ТМД елдерінің аймақтық бестігіне тек Еуроодақ қана емес, Солтүстік Америка елдерінің назарын Орталық Азияға – оның проблемаларына, экономикалық дамуына, энергетикалық және көлік тақырыптарына барынша тарту үшін күштерді үйлестіріп, биылғы жылды пайдаланып қалуды ұсынды. Тарихта алғаш рет айтарлықтай ықпалды халықаралық құрылымды Орталық Азия елі басқару жағдайында, барлық мемлекеттер мен оны құрайтындар қандай да болмасын өткендегі өкпе мен жазғыруларын ысырып тастап, бірлесе жұмылып, аймақты әлемдік шет аймақ тұғырынан Еуропа мен Американың саяси және іскер топтарының назарының дәл ортасына алып шығуы тиіс.
Егер де мұны олардың өздері жасамаса, олар туралы келесі жылы-ақ тек Ауғанстанға жүк тасымалданатын транзитті бағыт және еуропалық үйлерге жылу беретін мұнайгаз терминалы ретінде ғана естеріне алатын болады. Елбасымыздың жоғарыда көрсетілген проблемаларды шешуге шақырған ұсыныстары әлем қауымдастығының назарына жетеді деп ойлаймыз.
2010 жылдың тамызында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев “ЕҚЫҰ-ға 56 қатысушы мемлекеттің көшбасшыларының 1-2 желтоқсанда өтетін Астанадағы кездесуі қауіп-қатерлер мен іс-әрекеттерге лайықты жауап қатудың ғажайып мүмкіндігін береді”, – деп мәлімдеді. “Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылатын Астана Саммиті біздің елдеріміз бен олардың саяси көшбасшылары үшін ЕҚЫҰ құруға негіз болған жаппай қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету қағидаттары XXІ ғасырда да сондай өзекті әрі қажетті екендігін әлемге көрсетудің керемет мүмкіндігі болмақ. Саммитке дейінгі қалған уақытта бізге, Астанадағы осынау тарихи кездесу терең мазмұнды және жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуі үшін, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің көшбасшылары Ванкуверден Владивостокқа дейін “қауіпсіздік кеңістігі” тұжырымдамасынан “қауіпсіздік қауымдастығына” көшуге, біздің ортақ ұйымымыздың одан әрі нығайып, жаңаруына бастау салуы үшін көп жұмыстар атқаруға тура келеді”, – деді Қанат Саудабаев. Сонымен қатар, Алматыда таратылған бастамалар мәлімдемесінде ЕҚЫҰ Саммитінің басымдылығы Орталық Азиядағы жағдай болуы тиістігі айтылды. “Қырғызстандағы соңғы оқиғалар, Ауғанстанда күрделі күйде тұрған жағдайлар, жалпы Ортаазиялық аймақтағы ширыға түскен шиеленістер ауқымында Саммит аймақтағы жағдайды тұрақтандыру жолдары туралы пікірталас аша алар еді”, – делінген мәлімдемеде.
Бүгінгі күні ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің алдында күн тәртібінде тұрған маңызды міндет Таулы Қарабақ шиеленісін реттеу болып табылады. ЕҚЫҰ Минск тобының бірге төрағалық етушілерімен кездесу кезінде Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев осы топтың қызметі нақ Таулы Қарабақ шиеленісін шешуге бағытталғандығын атап көрсетті. Елшілер Б.Фасье (Франция), И.Попов (РФ) және Р.Брадтке (АҚШ) ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қ.Саудабаевты бірге төрағалық етуші елдердің ықпалымен өтіп жатқан Әзірбайжан мен Армения арасындағы келіссөздік үдерістің ағымды кезеңінің негізгі қырлары туралы хабардар етті. Ресей, Франция және АҚШ президенттерінің Мәскеудегі мәлімдемелеріне сәйкес, Алматы форумы кезінде өткен бірге төрағалық етуші “үштіктің” сыртқы істер министрлерінің Армения және Әзірбайжанның сыртқы істер министрлерімен кездесуінің қорытындысына өз алдына бөлек назар аударылды. Министрлердің кездесу қорытындысы бойынша РФ делегациясының басшысы С.Лавров, Франциядан Б.Кушнер және АҚШ-тан Дж.Стайнберг мәлімдеме қабылдады, онда Таулы Қарабақ проблемасын шешуге ықпал етуші бірге төрағалық етуші елдердің ұстанымдары белгіленді. Бірге төрағалық етушілер Қазақстан СІМ басшысына өздерінің қызметіне қолдау жасағанына және ЕҚЫҰ төрағасы тұғырындағы жұмсап отырған күш-жігері үшін алғыс білдірді.
Украина президенті Виктор Янукович үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Киевте Қазақстан Президенті Н.Назарбаевпен бірлесе өткен баспасөз конференциясында ЕҚЫҰ төрағалығындағы Қазақстанның іс-қимылына берген бағасының өзіндік үні бар. Ол “Мен Қазақстан Президентінің шақыруын қабыл алдым және осы Саммитке міндетті түрде қатысамын”, деді. Оның үстіне ол Қазақстанның осы ұйымға төрағалық етудегі, ең алдымен, “қатырылып тасталған шиеленістерді” реттеу мәселелеріндегі тәжірибесі Украина үшін қызығушылық туғызатындығын атап көрсетті. В.Янукович, сонымен бірге, Астанадағы форум әлемдегі жаңа іс-әрекеттердің алдын алу, атап айтқанда, ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру бойынша елдердің күштерін біріктіру жағынан жаңашыл бола алады деген сенімін білдірді. “Уақыттың осы кезеңінің жаңашылдығы барша әлем дағдарыстан ақырындап шыға бастауымен, десе де қауіпсіздік мәселелеріндегі күн өткен сайынғы туындайтын жаңа әрекеттер, іс жүзінде бізге қауіпсіздіктің бірқатар бағыттары бойынша күшімізді біріктіруге тиістілігімізді алға тартатындығымен тұжырымдалады. Міне, дәл сондықтан да Астана осы жаңа парақты ашатын форумға айналатыны кәміл”, деді ол.
Еуропалық және орталықазиялық аймақтардағы қауіпсіздік ахуалын бұзатын халықаралық және саяси шиеленістерден бөлек, шешілуі үшін мүдделі мемлекеттердің бірлесіп күш жұмсауын қажетсінетін көптеген экономикалық проблемалар бар. Олардың ішінде экономикалық қауіпсіздік бар. Бұл бағыттағы ахуалды талдауға жасалған ұмтылыс осы жылдың 13-14 қыркүйегінде Литва астанасы Вильнюсте өткен, энергетикалық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа Ұйымның келешекте қосар үлесін бағалау жөніндегі ЕҚЫҰ сарапшыларының арнаулы мәжілісі болып табылады. Іс-шараны ЕҚЫҰ-ның қазақстандық төрағалығы, Ұйымның 2011 жылғы төрағасы Литва, сондай-ақ ЕҚЫҰ экономикалық және экологиялық қызмет Үйлестірушісінің бюросы ұйымдастырды. ЕҚЫҰ-ның ынтымақтастық жөніндегі әріптестері мен қатысушы мемлекеттерінің, халықаралық ұйымдардың, іскер және ғылыми топтардың 200-ден астам өкілдерінің басын қосқан көрнекті іс-шараға Литваның сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис пен ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоның қатысуымен өткенінен хабардармыз. Құрамына мүдделі министрліктердің өкілдері кірген Қазақстан делегациясын ҚР СІМ айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Сержан Әбдікәрімов басқарды. Мәжіліс барысында сарапшылар энергетикалық қауіпсіздік саласындағы аймақтық ынтымақтастық мәселелерін, осы саладағы өзара іс-қимылды дамытудағы ЕҚЫҰ-ның рөлін, энергетикалық секторда инвестициялық климатты жақсартып, дамыту үшін қажетті жағдайлар жасау келешегін, энергия тасымалдаушылар рыногының транспаренттілігін арттыру, мемлекеттік және корпоративтік тиісті түрде басқару мәселелерін, маңызды энергетикалық инфрақұрылымдарды әлеуетті қауіп-қатерлер мен тәуекелдерден қорғауға қажетті тетіктерді қамтамасыз ету, энергетикалық инфрақұрылымдарды әртараптандыру мен модернизациялау арқылы энергетикалық қауіпсіздікті арттыру, сондай-ақ жаңғыртылатын энергия көздері мен көмірсутегілердің дәстүрден тыс ресурстары тәрізді қуаттың барабар көздерін пайдалануды кеңейту мәселелерін талқылады.
Жақында Италияда өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы мәжілісінде осы ұйымның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоның сөзінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ерекше сәтті болғаны, Қазақстанның жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді екіжақты, көпжақты талқылаулар барысында жақсы нәтижелерге қол жеткізгені айтылды. Әлемдік деңгейдегі саяси қайраткер Қазақстанның аталған ұйымға төрағалығы кезінде керемет белсенділік танытып, түйінді мәселелерді шешуге ұмтылысын жоғары бағалағанын ақпарат көздерінен оқып-біліп отырмыз. Қазіргі таңда Қазақстанның тәжірибесі мен белсенділігі арқасында ЕҚЫҰ қызметі жаңаша серпін алып, кез келген мәселені бейбіт жолмен шешуді басты қағидатқа айналдырғаны соның дәлелі.
Ел өміріндегі осындай халықаралық жоғары мәні бар тарихи шешімдер әрбір қазақстандық үшін зор мақтаныш, үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. ЕҚЫҰ – төріндегі төреліктің міндеті де осы. Қазақстан осы жауапты міндеттердің үдесінен шыға білуде.
Осының барлығы жарқын болашағымыздың көкжиегін айқындап, елін кемел келешекке бастап отырған Елбасының ерен еңбегінің жемісі.
Қылышбай БИСЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор.