Еліміздің “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында Кәрі құрлыққа жақындасудың, мүмкіндіктер болса кірігудің түрлі амалдары мен тетіктері қолға алынғаны белгілі. Осыған орай Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа Одағының басшы құрылымдары орналасқан Бельгия Корольдігінің астанасы Брюссельге сапармен келіп, Корольдік пен Еуроодақтың басшыларымен кездесулер өткізді.
Жоқ, әңгімеміздің “әлқиссасын” осынау оқшау ойдан бастағанда, біз жаңсақ айтып, жазатайым жаңылып отырған жоқпыз. Шынында да Кәрі құрлықты құрсауында ұстайтын тегеурінді тетіктердің біразы шоғырланған бұл елде. Дәлірегі, сол қуатты құралдардың кілті бүкіл Бельгияның өзінде емес, оның астанасы Брюссельде жатыр. Бұл үшін ауызға алдымен Еуропа Одағының бас кеңсесі осы қалада орналасқанын алсақ та жеткілікті. Оның қабатындағы Еуропа Комиссиясы мен Еуропа Парламентінің орталықтары да осында. Еуропа Инвестициялық банкінің шенеуніктері де осы шаһардан шүлен таратады. Сондықтан Еуропаның есігі Брюссельден ашылатынына еш күмән болмаса керек. Мұның сыртында әлемнің талай бұрышына әмірі жүретін Солтүстік Атлант блогының, яғни НАТО-ның бас штабы да сол альянс құрылғалы бері осы қаланы мекен етеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 24 қазанда, жексенбінің талма түсіне қарай Бельгия Корольдігіне жол сызған ресми сапары жоспарын осы қабырғалы халықаралық ұйымдардың барлығының жетекшілерімен, сондай-ақ аталмыш елдің бірінші басшылары – Король Альберт Екіншімен және Премьер-министрдің міндетін атқарушы Ив Летерммен кездесулер түзді. Елбасы Еуроодақтың жүрегі іспеттес бұл қалаға сонымен қатар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуші елдің Мемлекет басшысы ретінде келіп отыр.
Бірақ, Президенттің бұл ежелгі белг кельттерінің атымен аталған мемлекетке бірінші рет жолы түсуі де емес. Осы жерде сөздің ретінде айта кетейік, Бельгия кезінде біздің тәуелсіздігімізді әлемде алғашқылардың қатарында таныған мемлекеттердің құрамына кіреді. Сол мойындау 1991 жылдың 31 желтоқсанына дөп келсе, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылғы 25 тамызда кереге керді. Содан бергі уақыт аралығындағы Қазақстан мен Бельгия арасындағы саяси байланыстар сындарлы үнқатысу сипатында өтіп келеді. Егер жаңылмасақ, Нұрсұлтан Әбішұлы осыған дейін Бельгия Корольдігіне үш мәрте ресми сапармен барып қайтқан. Соның ілкісі 1993 жылдың 1 ақпанынан арна тартады. Оның барысында Елбасы Король Бодуэн Біріншімен және Премьер-министр Ж.-Л.Деанмен кездесіп, нәтижесінде екі ел арасындағы Өзара қатынастар негізі туралы декларация дүниеге келді. Содан кейінгі сапардың сәті 2000 жылы маусым айында түсті. Соңғы үшінші реткісі 2006 жылғы 3-6 желтоқсан аралығында өтті. Тап осы жолғыда Президентіміз қазіргі Король Альберт Екіншімен кездесіп, оның қолынан Бельгияның аса көрнекті отандық және шетелдік қайраткерлерге тапсырылатын ең жоғарғы мемлекеттік наградасы – Үлкен әжілі төсбелгісі бар Леопольд Біріншінің Үлкен лента Орденін алды. Сапар барысында Н.Назарбаев Бельгияның Премьер-министрі Ги Верховстадтпен кездесіп, екі жақты ынтымақтастықтың мәселелерін талқылады. Кездесудің ақырында халықаралық автокөліктерді тасымалдау және кеден істеріндегі әкімшілік көмек жөнінде үкіметаралық келісімдерге қол қойылды. Ал таяуда Корольдің үлкен ұлы – Филипп ханзада біздің елімізде арнайы болып қайтты.
Бұл елге осы жолғы ресми сапар бағдарламасының ертеңіне басталатынын тиімді пайдалана білген Елбасы “Валь Дюшес” резиденциясына орналасып, аздап аяқ суытып алғаннан кейін, кешке қарай Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-министрі Жан-Клод Юнкермен кездесті. Бұл жылы рәуішті жүздесудің соңы екі мәртебелі тұлғаның кешкі асты бірге ішуіне жалғасты. Осымен Бельгия жеріне жеткен күнгі шаралар аяқталды.
Бұрын Бельгия аты ауызға алынғанда, біздің есімізге әуелі әйгілі Тиль Уленшпигельдің есімі, Брюссель капустасы, Морис Метерлинктің “Көк құсы”, шаптырып тұрған бала бейнесіндегі әуіз, таңқурайдың ызыңы, көз қарықтырар бриллиант тастар және... РСДРП-ның ІІ съезі түсуші еді. “Бельгия” дегенде, осы елдің атын айдай әлемге танытқан фламанд тілді Брейгель, Рубенс және Антуан ван Дейк ныспылары да еріксіз жадымызда жаңғырады. Орта ғасырлардағы Ренессанс дәуірінің толымды тұлғаларының бірі Рубенстің туған қаласы Антверпенді бельгиялықтар әлі күнге дейін ертедегі есімімен “Рубенс” деп атайды екен. Біздің білуімізше, Бельгияның осы Рубенстен кейінгі ең атақты суретшісі сюрреализмнің көрнекті өкілдерінің бірі саналатын Рене Магритт болса керек-ті. Ал бұл елдің ақындары арасынан ең тұшымдысы ретінде фламанд тілді Гвидо Газелле есімін біршама білетін едік. Кезінде ол бұл елде француз тілінің ғана үстемдік етуіне емес, Нидерландыда қабылданған нидерланд тілінің нұсқасына да қарсы болған. Өзі фламанд тілінің батыс үлгісінде жыр жазған. Онысын қазіргі фламанд тілділер толық түсіне бермейді.
Біз мұның бәрін неге тәптіштеп айтып отырмыз? Себебі, осыларды сөз етуге түрткі болған Бельгия – тілдік жағынан да, географиялық жағынан да барынша қарама-қарсы бояуы қалың мемлекет. “Табиғатында бельгиялық деген ұлт жоқ” делінеді екен мұндағы қанатты сөздердің бірі. Расында да ондай нәсіл ешқашан болмаған. Ал мемлекеттің атауы осы жерлерді біздің дәуіріміздің басында қоныс етіп жайлаған тайпа атынан алынған. Қазір олардың ізі мұндағы қай ұлт ұстынында қалғанын ешкім білмейді. Тарихының алуан түрлі аумалы-төкпелі кезеңдерінде Рим империясының, Испанияның, Нидерландының, Франция мен Германияның құзырына қарап, солардың жібін ескен бұл өлке өзінің тұңғыш тәуелсіздігіне 1830 жылы қол жеткізді. Осы тұрғыдан қарағанда, ол кәрі Еуропадағы ең жас мемлекет болып табылады. Біртұтас ұлты түзілмеген аймақтың бұлайша жеке отау тігіп кетуіне оны XІX ғасырдың басында Францияның басып алуы тікелей әсер етті. Ал Наполеон жеңілгеннен кейін өткен Вена конгресінің шешімі Нидерланды мен Бельгияның басын қайта біріктірді. Алайда, бұл жердегілердің көпшілігі бұл бірігуге жан-тәндерімен қарсы болды. Қарсылық ең алдымен нидерланд тілі мен протестант діні қайта үстемдік алып кетуінен қорыққан мұндағы француз тілді тұрғындар мен католик ғибадатшыларынан шықты. Cол қарсылық ұзамай революцияға ұласып, ол аймақтың ада-күде Нидерланды құрамынан шығып, өз тәуелсіздігін жариялауымен аяқталды. Осындай саяси текетірестердің нәтижесінде бұл елде үш тіл – фламанд, француз және неміс тілдері мемлекеттік болып қалыптасты. Қазір Бельгия халқының 58 пайызын нидерланд тілінің бір нұсқасында сөйлейтін елдің солтүстік бөлігіндегі фламандтар толтырса, 32 пайызын оңтүстік қапталдағы француз тілді валлондар құрайды. Бұлардан басқа шығыс кантондарда 70 мыңға жуық немістер тұрады. Бельгия жұрты корольдер әулетін тап осы алмандардың арғы тегі – сакс-кобургтерден таңдап келеді. 1980 жылдан бері бір жағы федералды мемлекет болып жарияланғанымен, өзінің тұма бастауынан конституциялық монархия болып жарияланған Бельгияны король билейді. Қазіргі мемлекет басшысы Альберт Екіншінің жасы 76-да, ол 1993 жылдың 9 тамызынан бері тақта отырып келеді.
Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасыл төбелері тегіс жазық далаларға, орманды алқаптары құмды пейзаждарға ұласа кететін ландшафты керемет керімсал елге ресми сапарының басы кеше, 25 қазан күні түске таман басталды. Алғашқы жол Еуропа Кеңесінің ғимаратына табан төсетті. Онда Нұрсұлтан Назарбаевты Кеңес президенті Херман ван Ромпей құшақ жая күтіп алды. Қазақстан басшысы мен Еуропа Кеңесінің президенті бетпе-бет жолығысқаннан кейін, ғимарат холлында ескерткіш суретке түсіп, бесінші қабаттағы ЕК президенті кабинетіне көтерілді. Осы жерде Елбасы Еуроодақтың басшысына ресми түрде Астана Саммитіне шақыруын табыс етті. Сосын екеуінің жабық есік жағдайындағы әңгімесі өрбіді. Кездесу соңында Херман ван Ромпей Елбасы құрметіне ресми ертеңгілік ас берді. Оған сонымен қатар Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, Президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Нұрлан Ермекбаев және Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Ерік Өтембаев қатысты.
Азанғы астан соң ЕК президенті мен Елбасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына келіп, кездесудің нәтижесі жөнінде айтып берді. Әуелгі кезекті Херман ван Ромпей алды. Оның сөзінен Қазақстан Мемлекетінің басшысын қатты құрмет тұтатыны салған жерден байқалып тұрды. Ол біздің Елбасымен биылғы сәуірде кездескенін айта келіп, бұл жолғы дидарласудың сол кезде орныққан сыйластықты тереңдете түсетінін баян етті. ЕК президентінің айтуынша, соңғы он жылда екі жақты байланыс едәуір нығайған. Мұнда саудадан бастап, энергетика мен қоршаған ортаны қорғауға, ғылыми зерттеулерге дейінгі аралықта көптеген тиімді қарым-қатынас қолға алынған. Ол екі арадағы ынтымақтастық келісімінің 2009 жылы жаңарғанына тоқтала тұрып, қазіргі күннің толғандырар халықаралық мәселелері жөнінде де Нұрсұлтан Назарбаевпен оралымды әңгіменің орныққанын ойға салды. Соның ішінде Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына өту жөніндегі талабына қызу келісім білдіріп, бұған Кеңес тарапынан қолдау болатынына сендірді. Оның аузымен Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы іргелі мемлекет екені айтылып, оның осы өңірдегі ахуалға да жауапты екені жеткізілді. Ал Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде бұл жауапкершілік жүгі еселеп артады. Әңгімелеуде Иранның ядролық бағдарламасы турасында да екі жақтың түсіністікті сөз қозғағаны белгілі болды.
Сөз кезегі келгенде Нұрсұлтан Назарбаев оны Херман ван Ромпей мырзаға меймандостығы үшін алғыс сезімін жеткізуден бастады. Содан кейін кездесудің өнікті келісімдер жасасуға мүмкіндік бергеніне разылық танытты.
– Осы жерде біздің өзара қарым-қатынасымыздың стратегиялық сипаты бар екенін, оның кең ауқымды және аймақтық қауіпсіздік, экономика, энергетика, сауда және инвестиция саласындағы ортақ мүдделерді анықтап беретінін атап өткім келеді, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы бұдан әрі. – Еуропа Одағы Қазақстанның басты сауда әріптесі болып табылады. 2009 жылы біздің тауар айналымымыз 30 миллиард дерлік долларды құрады. Үстіміздегі жылдың сегіз айында ол 25 миллиард доллар шамасына жетті. Қазақстан экономикасындағы шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы – бұл 50 миллиард доллар болады – Еуропа Одағы елдерінің еншісіне тиеді.
Қазақстан лидері келесі кезекте біздің еліміздің ОПЕК-ке мүше емес елдердің арасындағы Еуропаға энергия жеткізуші үшінші ірі ел болып табылатынын ауызға алды. Біздің беретініміз Еуропа Одағы елдеріне жеткізілуші жалпы энергия көлемінің 20 пайызын құрайды. Келіссөздер барысында екі жақ өзара ынтымақтастықтың келісімдік-құқықтық негізін жетілдіре түсудің маңызды екені жөнінде бір пікірге келген. Осы орайда олар Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы әріптестікті жалғастырудың жаңа келісімін бекіту туралы келіссөзді жеделдету жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізген. Қазақстанда жүзеге асып жатқан “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы мен Еуропа Одағының Орталық Азия жөніндегі стратегиясы шеңберінде Еуроодақпен өзара үйлескен іс-қимыл жасасудың мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жалпы қауіп-қатерлерге байланысты бірлесе әрекет жасасу төңірегінен түрен тартуға тиіс. Сауда және инвестиция, энергетика және көлік, білім және ғылым, қоршаған ортаны қорғау салаларында өзара ынтымақтастықтың үлкен әлеуеттері бар.
– Шикізат емес салаларды дамыту мен Қазақстанның инфрақұрылымын модернизациялау аясында Еуропа Одағымен ынтымақтастық жасасуға айрықша көңіл бөлінді, – деді Елбасы енді бір сәт. – Біз Еуропа инвестициялық банкімен қызметтестікті қалпына келтіру Қазақстанда бірлескен іскерлік жобаларды жүзеге асыруға жол ашып береді деп үміттенеміз. Келіссөзде халықаралық саясат мәселесіне қатты назар аударылды. Біз кең ауқымды және аймақтық саясаттың өзекті мәселелері жөнінде де пікір алмастық. Олардың қатарында халықаралық қауіпсіздік тақырыбы, Ауғанстан проблемасы, Қырғызстандағы оқиғаларға байланысты Орталық Азиядағы жағдайдың өріс алуы, сондай-ақ жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың зардаптарын жою мәселелері мен басқа да маңызды жәйттер қамтылды.
Елбасының шетелдерге шыққан сапарының қай-қайсысы да қауырт оқиғаларға толып өтуші еді. Бұл күні де бағдарлама өте тығыз болды. Мемлекет басшысы алдыңғы кездесу рәсімі толық біткен бойда НАТО-ның штаб-пәтері орналасқан ауданға қарай бет түзеді. Мұнда оны аталмыш альянстың Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен қарсы алып, хаттамаға сәйкес екеуі суретке түсті. Ал келіссөз екінші қабатта өтті. Оған біздің делегация жағынан Елбасыдан басқа Қанат Саудабаев, Нұрлан Ермекбаев, Ерік Өтембаев және Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қатысты.
Жалпы, Солтүстік Атлант келісім ұйымымен қызметтестік біздің еліміздің сыртқы саясаттағы маңызды бағыттарының бірі болып есептеледі. Тек биылғы 2010 жылдың өзінде ғана бұл альянспен саяси үнқатысу мен тәжірибелік ынтымақтастықты жоғары деңгейге көтерудің бірнеше пәрменді қадамдары жасалды. Айталық, 28 қаңтарда Брюссельде Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев НАТО-ның Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссенмен келіссөз жүргізіп, оның барысында тараптар ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен келешегін таразы басында бағамдап көрді. Ақпан айында ҚР Үкіметі мен Солтүстік Атлант альянсы арасында келісім-шарт жасалып, онда Ауғанстанға жүк жеткізу үшін Қазақстан темір жолын пайдалану мәселесі қарастырылды.
НАТО басшысымен кездесудегі әңгімеге негізінен осылардың жайы арқау болды. Мұны жүздесу біткен бойы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдына шығып, спич-мінбеден тіл қатқан Бас хатшы мен Елбасы біршама тарқатып айтып берді. Бастапқы сөзді алған А.Ф.Расмуссен бүгінгі кездесудің көп уақыттан бергі байланыстың жалғасы іспеттес болып табылатынын тілге тиек ете отырып, оның алдағы уақытта да жемісті бола бермегіне сенім білдірді.
– Қазір ғана менің НАТО-ның Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссенмен кездесуім аяқталды, – деп бастады өзінің сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. – Кездесу барысында біз Қазақстан мен НАТО арасындағы қызметтестіктің жайы мен келешегі туралы сөз қозғап, халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерінің өзегіне көз жүгірттік. Осыған орай біздің Солтүстік Атлант альянсымен арадағы қарым-қатынасымыздың жемісті дамып келе жатқанын атап өткім келеді. Ал “Бейбітшілік үшін әріптестік” бағдарламасының аясындағы 16 жылдық қызметтестігіміз тек қана әскери саламен шектеліп қалмай, ол өзара ынтымақтастығымызға айтарлықтай әлеует жинап үлгерді. Парламенттік Ассамблея мен НАТО-ның жұмысына Қазақстан бақылаушы ретінде қатысуда. Өткен жылғы маусымда біз Астанада кеңестік кеңістікте бірінші болып НАТО форумын – Еуропа-Атлант әріптестігінің министрлік кездесулерін өткіздік. Қазақстан аумағында НАТО бөлімшелерінің қатысуымен “Дала қыраны” атты халықаралық оқу-жаттығу жиыны жүріп тұрады. Қазір ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге жеткізген әріптестік қызмет жеке жоспарының екінші кезеңі жүзеге асуда.
Бұдан әрі Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның НАТО жанындағы Әскери өкілі тағайындалғанын мағлұм ете келіп, еліміздің қорғаныс және қауіпсіздік, Қарулы Күштерді модернизациялау мен жарақтандыру, құтқару және шекара қызметі салалары бойынша НАТО-мен қызметтес болуға мүдделі екенін еске салды. Бас хатшымен келіссөз барысында да Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдайлар талқыланыпты. 1-2 желтоқсанда өтетін Астана Саммитіне айрықша мән берілген. Ол Қазақстанның жалпыға ортақ қауіпсіздікті нығайту жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге қосқан айрықша үлесі ретінде қарастырылады. Осы ретте Мемлекет басшысы біздің еліміздің Ауғанстандағы халықаралық күштерге жүк жеткізу үшін әуе және темір жол дәлізін ұсына алатынын білдіргенін айтты. Қазақстанның халықаралық күштер штабына оқып-үйрену үшін бірнеше әскери қызметкер жіберуге шешім қабылдауы да осы ынтымақтастықты жаңа қырынан жалғастырудың бір жолы болып табылады. Сөзінің соңында Елбасы НАТО-ның Лиссабонда өткізетін саммитіне Қазақстаннан делегация қатыстыру жөнінде ұйғарым болғанын мәлімдеді.
Бесін белден өтіп, ақшамға қарай ауған шақта Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір маңызды кездесу өткізіп, бұл жолы Еуропа инвестиция банкінің президенті Филипп Майштадтпен емен-жарқын дидарласты. Бұл банкпен Қазақстан арасындағы байланыс 2008 жылдың күзінде басталған. Ол аталмыш банктің Орталық Азия елдеріне инвестициялық қаржы беру мүмкіндігін қарастырған Еуропа Одағының мандатын алғаннан кейін мүмкін болды. Ал мандатқа сәйкес банк қазіргі кезеңде бұл жаққа 1 млрд. еуро көлемінде ақша бөле алады. Өз кезегінде Қазақстан Еуроодақтың аса ірі қаражат құрылымымен ынтымақтастықты біздің мемлекетіміздің инвестициялық саясаттағы түйінді компоненттерінің бірі ретінде бағалап отыр. 2009 жылғы 16 желтоқсанда Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев Люксембургте Еуропа инвестициялық банкінің вице-президенті Ева Шрайбермен кездесіп, Еуроодақтың Орталық Азия үшін бөлінген құрамалы грантын Қазақстанға да қолжетімді ететініне көз жеткізді. Ал биылғы жылғы 25 қаңтарда Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев банк президенті Филипп Майштадтпен кездесті. Банк президенті өз кезегінде биылғы 1 шілдеде Астанада өткен экономикалық форумға қатысып қайтты. Осы сапары кезінде банкир елордада Мемлекет басшысымен де кездескен-ді. Оның түйінінде банк Қазақстанға жалпы сомасы 1,5 млрд. еуро болатын кредит беретін, оның 100 миллионын жылдың соңына дейін қамтамасыз ететін уағдаға жығылды. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының банк президентімен Еуропаның төріндегі кездесуі аяқ астынан пайда бола салған басқосу емес еді, оның әлгіндегідей әбден пісіп-жетілген алғышарттары болды.
Елбасы кешке қарай алдымен Бельгияның Премьер-министрі Ив Летерммен, сосын Король Альберт Екіншімен кездесті. Осы кездесулердің алдында ядролық сынақ құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болды. Ал кездесулер кештеу аяқталғандықтан, олар жайындағы есепті мақаламыз газеттің келесі нөмірінде жарияланатын болады.
Серік ПІРНАЗАР, “Егемен Қазақстан” — Брюссельден.
----------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.