26 Қазан, 2010

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Еуропа Одағы мен Қазақстан барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдете түсуде

516 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Президентінің еуропалық “New Europe” басылымына берген сұхбаты – Президент мырза, 25-26 қазанға Сіздің Брюссельге сапары­ңыз жоспарланған. Сіз Қазақстан мен Еуропа Одағының ынтымақ­тастығын қалай бағалар едіңіз? – Еуроодақ Қазақстанның аса ірі экономикалық әріптесі болып табылады. ЕО-мен өзара тиімді қатынастарды дамыту – біздің стратегиялық басымдығымыз. 2009 жылы біздің арамыздағы тауар айналымы 20 миллиард еуро­ны құрады. 2010 жылдың І жар­тыжылдығында біз 14 мил­лиард­т­ық деңгейге қол жеткіздік. Атап айтайық, ЕО-ның біздің ел­мен сауда-саттық көлемі Орталық Азияның басқа мемлекеттерінің бәрін бірге алғандағыдан жоғары. Еуроодақ – қазақстандық экономиканың негізгі ин­вес­тор­лары­ның бірі. Сонымен қатар біздің бизнесмендер де Еуропа елдерінің рыногына айтарлықтай қаржы салуда. Үстіміздегі жылдың сәуірінде біз Еуропа инвести­ция­лық банкімен ынтымақтастық ту­ралы келісімге қол қойдық. Мұның өзі біздің экономикалық ықпал­дас­тығымызды кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Әрине, біздің ортақ мүдделе­рі­міз бизнес-жобалармен шектел­мей­ді. Оларға сондай-ақ адам құқығы, білім беру, экология, қауіпсіздік және есірткі трафигіне қарсы тұру салалары жатады. Біз барлық мә­се­лелер бойынша әріптестік қа­ты­настарды тереңдетуге мүдделіміз. Қазақстанда “Еуропаға жол” мем­лекеттік бағдарламасы іске асы­рылуда. Бұл Кәрі құрлықпен жа­қын­дасуға, оның институттық, құқықтық және экономикалық ре­формаларының тәжірибесін игеруге бағытталған саналуан шаралар кешені. Он бір жыл бұрын біз ЕО-мен әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім жасастық. Осы жыл­дарда болған өзгерістерді ескере отырып, қазір жаңа өзекті Келісім жасасу жөнінде жұмыс жүргізілуде. ХХІ ғасырда біз осы заманғы проблемаларды шешуде өзіміздің стратегиялық ықпалдастығымызды нығайта түсетінімізге сенімдімін. – ЕО, Қытай мен Ресей Қазақ­стан­ның энергия ресурстары үшін өзара бәсекелесуде. Қазақстан осы­лар­дың қайсыбіріне артықшылық бере ме? – Қазақстан аса ірі континент­тің кіндігінде орналасқан және Еуропа мен Азияның арасындағы ма­ңызды транзитті торап болып та­былады. Бізде пайдалы қазбалар­дың мол қоры бар. Осы екі фактор бірігіп келіп, біздің экономикалық табысымыздың негізін құрайды. Біз кен орындарын игерудің ашық саясатын жүргіземіз. Барлық инвесторлар тең жағдайда болады. Қазақстанда жұмыс істейтін мұнай компаниялары өз өнімдерін сатып алушыларды таңдауда абсолюттік тұрғыда еркін. Біз басшылыққа алатын басты қағидат – экономикалық қай­тарым және бағыттың қауіпсіздігі. Біз бүгінде экспорттық жолдар­дың тар­­­мақталған желісіне ие болып, со­нымен бірге жаңаларын игерудеміз. Біз мұнайды Иран арқылы тран­зитпен Парсы шығанағына жібере аламыз. Ресей жаққа және одан әрі ЕО-ға КТК және Аты­рау-Самара тұрба құбыры кетеді. Қытай бағытына Атасу-Ала­шаңқай желісі тартылған. Босфор және Дарданелль бұ­ғаз­дарын айналып өтуге бағыт­талған жобаға қызығушылық бар. Біз Еуропа рыноктарына мұнай жеткізу үшін оны пайдалану мүм­кіндігін жоққа шығармаймыз. Жыл өткен сайын көмірсу­тегін өндіруді өсіре түсудеміз. Бірақ та мен Қазақстан үшін ши­кі­заттық бағыт – өтіп кеткен кезең екенін атап көрсеткім ке­леді. Қазір біз эко­номиканы мо­дернизациялау міндетін ше­шудеміз. Елімізде 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары қа­был­данған. Алдағы онжылдықта біз шикізатты өңдеуге және жоғары қосымша құны бар өнім шығаруға бағытталған көптеген жаңа кәсіп­орындар тұрғызамыз. Осы жылға 144 нысан жос­пар­­лағанбыз, олардың көп бөлігі қа­зір­дің өзінде салынып болды. Бұл он­даған мың жаңа жұмыс орындары. Қазақстан экономикасын мо­дер­низациялау – ауқымы жағы­нан орасан зор, инвесторлар үшін тартымды жоба. Біз батыстық білім мен технологияларсыз бола алмай­тынымыз сөзсіз. Сондықтан да мен еуропалық бизнесті осы жұмысқа қатысуға шақырамын. – Егер, әсіресе, Қырғыз­стан­дағы этностық тұрғыдағы маусым қақтығыстарын ескерер болсақ, Қа­зақстан Орталық Азияны тұрақ­тан­дыруда қандай рөл атқара алады? – Орталық Азия – болашағы өте зор өңір. Әлеует тұрғысынан ол болашақ көп кіндікті әлемнің бір кіндігі. Бірақ та қазір қолда бар мүмкіндіктерді іске асыру жеке­леген мемлекеттердегі тұрақ­сыздық салдарынан қиындап тұр. Қазақстан Республикасы – өңір­дің ең тұрақты мемлекеті. Біз­дің елімізде 140 этностың өкілдері бейбіт қатар өмір сүруде. Олардың арасында этностық немесе діни тұрғыдағы жанжалдар жоқ. Тәуел­сіз­діктің ең алғашқы күндерінен бастап біз қоғамды топтастыра ал­дық. Бүкіл ел еге­мендік туралы ежелгі арманды іске асыру үшін бірікті. Біз өзі­міздің көршілерімізде де тұрақты әлеуметтік-саяси ахуалдың бол­ғанын қалаймыз. Қырғыз Республикасындағы жуырдағы оқиғалар – үлкен қасі­рет. Қазақстандықтардың бұл елде орын алған оқиғаға қабыр­ғалары қатты қайысты. Қазақстан ахуалды реттеу үшін ЕҚЫҰ ая­сында көп­қыр­лы дипломатияның түрлі тетіктерін пайдаланды. Халықаралық қоғамдас­тық­тың, соның ішінде ЕО-ның да, күш-жігері арқасында Қырғыз­стандағы жанжалдың өршуіне жол берілмеді. Бұл ел даму жолына түсті. Конс­титуция қабылданып, Пар­ла­ментке сайлау болды. Солай болса­да­ғы жағдай күрделі болып қалып отыр. Қырғызстан әлі де қолдауға мұқтаж. Этносаралық жанжалдан оң­түс­тік облыстар барлығынан көп зар­дап шекті. Оларды калпына келті­руге 1 миллиард доллар қа­жет. Осы­ған байланысты Еуропа одағы­ның таяудағы үш жылда Қыр­ғыз­станға 118 миллион еуро бөлмек ниеті – бұл өте ізгі әрі айтулы ишарат. Өз тарапымыздан мынаны айта аламын, Қазақстан көрші­міздің тұқым себу және жиын-те­рін нау­қандарын өткізуге жәр­демдесті, гуманитарлық көмектер берді. Оның жалпы көлемі 10 миллион доллардан асады. Біз сондай-ақ Ауғанстанға кө­мектесудеміз. Ауғандық 1000 сту­дентті азаматтық мамандықтарға оқытуға 50 миллион доллар бө­лін­ді. Өткен жылы біз бұл елдегі мек­теп­терді, ауруханаларды және жол­дар­ды қалпына келтіруге 4 миллион долларға жуық қаржы аудардық. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төраға­сы ретінде Ауғанстанға көмек көрсе­туге зор мән береді. Біз өзіміздің еуропалық әріп­тес­терімізді Орталық Азиядағы транс­өңірлік сипат алып бара жатқан проблемаларды шешуге белсене қатысуға шақырамыз. – Қазақстан Иранға қарсы санкция енгізуді қолдай ма? – Менің алғашқы президент­тік Жарлығымның бірі Семей поли­гонын жабу туралы шешім бол­ғанын білесіздер. Оның жа­былған күні – 29 тамызды БҰҰ Ядролық сынақтарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күні деп жариялады. Біз өзіміздегі жаппай қырып-жоятын қарудың запасы­нан толығымен бас тарттық. Біздің тәуелсіз мемлекеттің бас­тапқы қадамдары тек бейбіт­сүйгіш сипатта болды. Олар біз­дің одан арғы бүкіл саясаты­мызды айқындап берді. Қазақстанның бастамасы бой­ын­ша Орталық Азия ядролық қарудан ада аймаққа айналды. Өзіміздің ядролық қарусыз әлем ұстанымымызды мен біздің әріп­тес­теріміздің ой-санасына жеткізуге ұмтылып келемін. Иран басшы­лы­ғын біз әрқашан МАГАТЭ алдында ашығырақ бо­луға шақырып келе­міз. Кез келген ел атомды бейбіт мақсатта дамытуға құқылы, бірақ ол халықаралық бейіндік инсти­тут­тардың бақылауында болуы қажет. Қазір Иранға әлемдік қоғам­дас­тықпен келісімге келіп, қалып­тасқан жағдайдан шығу үшін қазіргі бар үнқатысу алаң­дарын белсен­дірек пайдалану қа­жет. Бұл тек бейбіт жолмен жү­зеге асырылуы тиіс. Жақында Иранның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесі мүшелерімен келіс­сөздерді жалғастырғаны ту­ралы хабарды әлем оң қабыл­да­ды. Те­һран әлемдік қоғамдас­тық­тың се­німін нығайтатын нақты қадам­дарға барып, МАГАТЭ-ге қарай жүреді деген үміттеміз. Осы жылдың сәуірінде Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі Ва­шинг­тон саммитінде Қазақстан өзінің аумағына Ядролық отын банкін орналастыруға дайын екендігін қуат­тағанын атап өткім келеді. Банк бүкіл әлемдегі атом электр стансаларын қамтамасыз ете алар еді. Бұл мемлекеттерге уран байы­тудан үнемдеуге, ал әлемдік қоғам­дастыққа бұл үде­рістерді бақылауға мүмкіндік бе­реді. Сонда біз бо­лашақта иран бағдарламасына бай­ланысты әлем тап болған қиын­дықтардан арыла алар едік. – Халықаралық лаңкестік құ­ры­лымдар ядролық бомбаларға қол жет­кізу үшін барынша күш-жігер жұм­сап бағуда. Жаппай қырып-жою қаруының таралуына жол бермеу үшін қандай шаралар қол­дану қажет? – Ядролық қатер XXІ ғасыр­дың ең елеулі проблемаларының бірі болып табылады. Жылдан-жылға радиоактивті материалдар өндіру көлемі үздіксіз өсіп бара­ды. Олардың “қара базарға” және әрі қарай лаңкестік құрылым­дардың қо­лына түсу тәуекелі айтарлықтай жоғары. Зор қажеттілік жағдайында осы заманғы технологияларды пай­да­ла­на отырып өте қауіпті ра­диология­лық қаруды – “лас бомбаны” дай­ындау қиынға түс­пейді. Бұл қатер ерекше назар аударуды қажет етеді. Қазақстан бірнеше мәрте атал­­ған сынақтарға қалай қарсы тұруға болатыны туралы ұсы­ныстарын айтты. Бәрінен бұрын Ядролық қаруды жалпыға ортақ көлбеу әрі тіктеп таратпаудың жаңа әмбебап шартын дайындау қажет. Аталған құжат “қосарланған стандарт­тарды” бол­дырмауы керек және онда тәртіп бұзушыларға сак­ция­лар қолдану­дың нақты тетіктері болуы тиіс. Сондай-ақ ядролық қарусыз аймақтардың халықаралық- құ­қық­тық мәртебесі туралы мәсе­лені мүмкіндігінше жедел шешу қажет. Мұндай аймақтардың қата­рына, Қазақстанның күш-жігері арқасын­да, Орталық Азия кіреді. Біздің еліміз “Үлкен сегіз­діктің” Ядролық ланкестік акті­лерімен күрес жөніндегі жаһан­дық бастама­сына және Жаһандық әріптестік бағдарламасына қолдау білдіреді. Біз барлық мүдделі мем­лекеттерді осы бағдарлама­ларға қосылуға ша­қырамыз. Сондай-ақ маңыздысы, бүкіл әлемдік қоғамдастық бір ауыздан және біржолата ядролық қарусыз әлемге қарай жүру ниеттері ту­ралы мәлімдегені маңызды. Осыған байланысты мен Жал­пы­ға ортақ ядро­лық қарусыз әлем деклара­циясын әзірлеп, қабыл­дауды ұсындым. Бұл мәселелерді соза беруге болмайды. – Сіз бұрынырақта БҰҰ-ның біртұтас валютасын жасау туралы бастама көтерген едіңіз. Қалай ой­лайсыз, бұл сияқты шаралар қар­жы дағдарысы бола қалған жағ­дайда тәуекелдерді төмендетуге кө­мектесе ала ма? Еуропа ресурс­тарға бай Орталық Азияның кө­мегімен қаржы тәуекелдерін тиім­дірек жеңіп шыға ала ма? Қазақ­стан экономикалық дағдарыс қо­рытындыларынан қандай сабақ алды? – Резервтік валюта рөлін бір елдің, тіпті ол өте қуатты болса да, ақ­ша бірлігіне жүктеуге бол­май­тыны айдан анық. Әлемдік валютаны шығару мен айналымға қосу жөніндегі барлық мәселелерді әлемдік тауар-ақша қатынастарына қатысу­шы­лардың бәрі бірлесе отырып шешуі тиіс. Бұл үдеріс бүкіл адам­заттың мүдде­сін ескеруі керек. Осы арқылы біз әлемдік экономиканың бір мем­лекеттегі іс жағдайына тәуелді бо­луы­нан құтыламыз. Менің жаһан­дық дең­гейдегі ахуалға көзқарасым осындай. Бірақ валюта жүйесінің осал­дығы – әлемдік дағдарысқа түрт­кі болған жалғыз ғана фактор емес. Шындығында, олар одан әлдеқайда көбірек. Кез келген бейбереке­т­сіз­діктің негізінде белгілі бір реттілік жатыр, тек соны тани білу қажет. Қа­зіргі заманғы экономика шал­дыққан барлық сырқаттарды тауып, сылып тастау керек. Өйтпейінше адамзаттың одан әрі дамуының негізіне айналатындай жұмысқа қабілетті жаңа модель қалыптас­тыру мүмкін емес. Бұл тұрғыда мен түрлі өңірлік альянстардың, жаңа “полюс­тердің” мәнінің арта түсуін ма­ңызды әрі оң үрдіс деп есептей­мін. Биылғы жыл­дан бастап Ре­сей, Беларусь және Қазақстанның Кеден одағы жұмы­сын бастады. Біз 170 миллион халқы бар, ІЖӨ көлемі шамамен 2 триллион дол­ларды құрайтын ры­нок құрдық. Біздің республика – оның құ­рамындағы жалғыз орта­лықа­зия­лық мемлекет. Бірақ бір­тіндеп бірігу орбитасына өңірдегі өзге елдердің де енетініне мен сенім­дімін. Ол Орталық Азияның өз әлеуетін ашуына көмектесіп, сөз жоқ, оның ЕО-мен экономи­ка­лық ықпалдастығына оң әсерін тигізетін болады. Егер дағдарыстан Қазақстан­ның алған сабағына келер болсақ, бұл жерде өте маңызды бір ме­зетті на­зарға алу қажет. Қазақстан өз тәуел­сіздігі жылдарында мұндай ахуалды талай рет бастан өткерді. Біздің еліміз ХХ ғасыр­дың соңғы онжылдығында түрлі дағдарыс­тар­мен және проблема­лар­мен ұзын-сонар күрес жағ­дайында болды. Біз ол сияқты келеңсіз ахуал­дардың қайталанбауы үшін қажет дегендердің бәрін жасадық. Басқа шаралармен қатар, 2000 жылы менің бастамам бойынша Ұлттық қор құрылды. Бұл келешек ұрпақ үшін біздің мемлекеттік ре­зервіміз. Қор өзіне артылған сенімді то­лық ақтап шықты. Біз одан дағ­дарысқа қарсы бағдарлама үшін қаржы алдық. Қазір Қазақстан экономикасы өзінің өміршеңдігін сенімді түрде көрсетіп келеді. Дағдарысты 2009 жылдың қо­ры­тындысы бойынша ол 1,1 пайызға өсті. 2010 жылы біз бұл көрсет­кіштің жақсаратынына сенім артып отырмыз. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша нақты ІЖӨ 8 пайызға артты. Өнеркәсіп өндірісі 11 пайызға, ауыл шаруа­шы­лығы өндірісі 3 пайыздан ас­там­ға ұлғайды. Елдің халықара­лық резервтері 5,7 миллиард дол­ларға өсіп, 53 миллиард дол­лардан асты. Биылғы жылдан бастап біз экономикамызды жаңа деңгейге көтеретін Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарлама­сын жүзеге асыруды қолға алдық. – Бүгінде Қазақстан Еуропадағы ең ірі ұйымдардың бірі – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Астана өз төраға­лығының мақсаттарына жете алды ма? – Төраға міндетіне кірісе оты­­рып, біз бір жыл ішінде бар­лық проблемалардың шешілмей­тінін түсінген болатынбыз. Де­генмен Қазақстан өзі мәлімдеген барлық басымдықтар бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде және көптеген нәтижелерге қол жеткізді де. Біз халықаралық қауымдас­тық­тың Орталық Азия проб­ле­маларына назарын аудардық. Көбіне-көп біздің еліміздің күш-жігер жұмсауы арқасында Қыр­ғызстандағы жанжал тоқтатылды. Ауғанстан да назардан тыс қалған жоқ. Біз ислам респуб­ликасына гуманитарлық құрамдағы халық­аралық көмектің күшейтілуі­не қол жеткізгіміз келеді. Экология мәселесі – біздің төраға­лығымыздың маңызды қыры. Мыңдаған қазақстандық­тар Арал экологиялық апат ай­мағында қа­лып отыр. Қарашада халықаралық донорлық конфе­рен­ция өтпек. Онда Аралды қал­пына келтіруге ЕҚЫҰ мүшелері тарапынан қар­жы­лық және тех­никалық үлес қосу мәселесі қаралатын болады. Маусымда Астанада ЕҚЫҰ-ның кеңдік пен кемсітпеуші­лік жөніндегі жоғары дәрежелі кон­фе­ренциясы өтті. Бұл гума­нитарлық “себет” шеңберіндегі шешуші іс-шара. Бірақ біздің төрағалығы­мыздың ең басты нәтижесі, біз ЕҚЫҰ-дағы пікірталас ахуалын түбегейлі өзгер­те алдық. Өзара түсіністіктің жоғары дең­­гейі еуропалық және еура­зия­лық қауіпсіздіктің болашағын талқылау­дағы оң ілгерілеуші­лік­терге жағдай жасады. “Корфу үдерісі” тұрғы­сында өткен 11 жыл ішінде бірде-бір жаңар­тыл­маған 1999 жылғы Вена құжаты бойынша консульта­цияларға жан бітірудің сәті түсті. Осы жылдың жазында Ыстам­­бұлда өткен АӨСШК-нің ІІІ сам­митінде мен ЕҚЫҰ-АӨСШК Форумын белгілеуді ұсындым. Іс жүзінде олар бір құрлықтың екі бөлігін бейне­лейтін өзара теңдес құрылымдар. Олардың өзара іс-қимылдары Қауіпсіздіктің құрлық­тық тұғыр­намасын қалыптастыруға және Еуразия кеңістігіндегі тұрақ­ты­лықты нығайтуға бастау болмақ. Астаналық ІІІ экономикалық форум барысында біз жаңа “Маас­трихт плюс” құжатын әзір­леуді бас­тауды ұсындық. ЕҚЫҰ-ның Бонн құжаты мен қолда­ныстағы Маас­трихт стратегиясы қазіргі заманғы жағдайларға толық жауап бере алмайды, әлемнің дағдарыстан кейінгі дамуын ескермейді. Осы Форумда мен кең ауқым­ды еуразиялық интеграция және ЕҚЫҰ шеңберінде оның негізгі қағидаттары мен бағыт­тарын бейнелейтін бірегей құжат әзірлеу идеясын ортаға салдым. Біздің төрағалығымыздың қо­рытынды аккорды ЕҚЫҰ мемле­кеттері басшыларының Саммиті өтетін 1-2 желтоқсанда Астанада мәлім етілетін болады. 2010 жыл Ұйым үшін айрық­ша жыл болды деп қазірдің өзін­де ай­туға болады. Алғаш рет оған мұ­сыл­ман халқы басым орталық­азия­лық мемлекет басшылық жасады. ЕҚЫҰ-ның менталите­тін­де, фи­лософиясында өзгеріс­тер сезіледі. Сондықтан да биыл­ғы жыл Ұйым тарихындағы жаңа дәуірдің алғы­сөзі бола алады. 2010 жылғы 24 қазан.