Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қырғыз Республикасының өтпелі кезеңдегі Президенті Роза Отунбаевадан хат келді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Роза Отунбаева өз хатында Қырғыз Республикасының көп ұлтты халқының атынан Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және туысқан Қазақстан Республикасына Ош қаласын, Ош және Жалалабад облыстарының елді мекендерін қалпына келтіру ісіне қосқан орасан үлесі үшін алғысын білдірген. Р.Отунбаева Қазақстан тарапынан көрсетілген 11 миллионнан астам доллар көлеміндегі құрылыс материалдары мен азық-түлік өнімдері түрінде жедел және тиімді гуманитарлық көмектер жағдайды тұрақтандыруға және Қырғызстанның оңтүстігіндегі шиеленісті ахуалды саябырсытуға айтарлықтай ықпал еткенін атап өткен.
“Белгіленген көмекті жүзеге асыру үдерісі толық күйінде жүріп жатқанын қанағат сезіммен атап өтемін, – деген Р.Отунбаева. – Ош қаласында қалпына келтіру және қайта құрылымдау жөніндегі бас дирекция 139 отбасына арналған биік қабатты екі тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. Ош және Жалалабад облыстарындағы елді мекендерде 1983 үйді салу және қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды, қазірдің өзінде олардың иелеріне атаулы көмектер көрсетілді. Бүгінгі күні осы нысандар бойынша іргетасын қалпына келтіру жұмыстары – 74 пайызға, қабырғалар тұрғызу – 41 пайызға, баспана салу – 11 пайызға орындалды. Гуманитарлық көмек еш ысырапсыз қатаң қоғамдық бақылау арқылы оңтүстіктің 15 мыңнан астам тұрғынына толық берілген.
Қалпына келтірілген үйдің 40 пайызын 2010 жылғы 1 қарашаға, тағы 40 пайызын 15 қарашаға, тұрғын үйдің қалған 20 пайызын қарашаның аяғына дейін беру жоспарланған. Қырғыз Республикасының Үкіметі республиканың оңтүстігінде зардап шеккен барлық азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жөнінде алға қойылған міндеттерді белгіленген мерзімде, суық түскенше орындайтынына сенемін.
Еліміз дамуының осы бір күрделі кезеңінде туысқан Қазақстан халқынан қажетті және дер кезінде материалдық әрі моральдық көмектер алған қырғызстандық отбасылардың атынан Сізге, аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, алғыс айтуға және зор денсаулық, амандық, Сіздің Қазақстан халқын өркендету жолындағы мемлекеттік қызметіңізге табыстар тілеуге рұқсат етіңіз”.