Кеше Сыртқы істер министрлігінде аталған ведомствоның баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың қатысуымен брифинг өтті. Онда жақын күндерге жоспарланған мәселелер айтылды.
Мәселен, 27-28 қазанда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Француз Республикасына ресми сапары өтеді. Сапар барысында Елбасының Франция Президенті Н.Саркозимен және Премьер-министрі Ф.Фийонмен кездесулері көзделуде. Сапар шеңберінде “Н.Назарбаев-Н.Саркози” Қазақстан-француз президенттік комиссиясының алғашқы отырысын, Қазақстанның Франциядағы экономикалық күндерін, Қазақстан-француз бизнес-форумын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Оған қоса, біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығының бастамаларын іске асыру мақсатында Париж Хартиясының 20 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтпек.
“ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Парижге сапары аясында бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдермен бірге коммерциялық келісім-шарттарға қол қою жоспарлануда” деді баспасөз хатшысы.
Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджанов бастаған парламенттік делегация үстіміздегі жылдың 26-29 қазаны аралығында Санкт-Петербург қаласында өтетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД), Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы (ЕурАзЭҚ) және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) Парламентаралық Ассамблеяларының іс-шараларына қатыспақ.
Алдымен Қазақстан парламентшілері өз жұмыстарын қазанның 26-сы, яғни сейсенбі күні Нева жағалауындағы қалада Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастайды. Осы күні ҰҚШҰ ПА Кеңесі жанындағы сараптамалық-консультативтік кеңестің, ТМД ПАА-ның жұмыс тобының отырыстары өтеді. Сондай-ақ ҰҚШҰ ПА-ның тұрақты комиссиясының отырыстары жоспарланған. Соның ішінде ҰҚШҰ ПА-ның қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына Мәжіліс депутаты Уәлихан Қоңырбаев қатысады.
Қазанның 27-сі күні ТМД ПАА-ның тұрақты комиссияларының саяси мәселелер мен халықаралық ынтымақтастық, аграрлық саясат, табиғат ресурстары және экология тақырыптарын қамтитын отырыстары өтпек. Осы күні ТМД ПАА-ның жұмыс тобының отырысы болады. ТМД-ға мүше мемлекеттер үшін Инновациялық кодекстің үлгісін дайындау мәселесі қаралады.
Сол күнгі бағдарламада сондай-ақ ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының Бюросы және ҰҚШҰ ПА Кеңесінің отырысы және осы ұйымның төртінші жалпы жиналысы өтетіні қарастырылған. Бұл шаралар ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың және Мәжіліс депутаты Әмзебек Жолшыбековтің қатысуымен өтеді.
Қазанның 28-інде Қазақстан парламентшілері ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының 35-інші жалпы отырысының жұмысына қатысады.
Сонымен қатар, аталған шаралар аясында Санкт-Петербург қаласында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына арналған “ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар” тақырыбында халықаралық парламенттік конференция мен фотокөрме өткізу жоспарланып отыр.
Ал 28-30 қазан аралығында Сауд Арабиясы Корольдігі Сыртқы істер министрінің орынбасары Ханзада Халед бен Сауд бен Халед Аль Сауд Астанаға жұмыс сапарымен келеді деп жоспарлануда. Ол Ханзада Халедтің Орталық Азия елдеріне сапары шеңберінде жүзеге аспақ.
“Сапар барысында саудиялық делегация басшысының ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Сарыбаймен келіссөздері жоспарланып отыр. Тараптар екі ел ынтымақтастығының саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзекті мәселелерін, сондай-ақ халықаралық және аймақтық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдың болашақтарын талқыламақ”, деді І. Омаров.
“Егемен-ақпарат”.