Елімізде тәуелсіздіктің тұғыры терең орнығуымен бекзат табиғаттың жаратылыс жасаған табиғи қорын сақтау мен өсімін молайту бағытында түбегейлі бетбұрыстар жасалды. Ақтөбе облысындағы “Ерекше қорғалатын табиғи аумақ” дәрежесінде Ырғыз ауданындағы табиғи кешендер батыс өлкеміздегі бірден-бір сулы-батпақты өлке мен далалық биологиялық алуан түрлілігі бойынша ерекше қорғауды қажет ететін табиғи ареалдар тоғысуымен ерекшеленетін өлкелер қатарына енгізілді.
Әлемдік құбылыстағы сирек кездесетін ландшафтық жаратылысының ерекшелігі сол сулы-батпақты өлке мен шөлді дала болып алшақ жатқан эволюциялық түрлердің егіз қатар орналасуында. 2000 жылдарға дейін өлкенің сұлу да бай табиғаты, оның тарихы мен мәдени ескерткіштері ғылыми орта назарынан тыс қалып зерттелмеуі, соның салдарынан аяусыз, есепсіз пайдаланылуына жол берілуі қынжылтады.
70-жылдары азық-түлік бағдарламасы кең етек алып, сол қажеттілікті өтеу мақсатында жыл сайын 220 мыңға тарта киіктер ауланып, кәсіпшілікті өркендеткен. Байтақ бассейнінен 1 мың тоннадан астам балық дайындалып, Арал балық зауытының мекені болған 90-нан астам су қоймалары атмосферадағы қалыпты экологиялық ахуалды қалыптастырған аймақ табиғи қоғамдық құрылыстың мүдде- мақсатын толық орындаған.
Бүгінде жаратылыс заңы өзіне жасалған кінәраттарға тепе-теңділік шарттарының бұзылуы бойынша бірнеше еселеген динамикалық өсімімен қарсы әсерін тигізіп отыр.
2007 жылы Қазақстан зоологиялық зерттеу институтымен бірлескен есеп жүргізу нәтижесінде Бетпақдала түрлілігі бойынша киіктердің миграциялық жолында 7 мыңға жетер-жетпес бас қана қалуы, өсімдіктер дүниесінің, соның ішінде сирек кездесетін дәрілік түрлерінің 68-70 жылдардағы есепке алынған картотекадағы тұқымдастарының 2009 жылғы есеп бойынша жартысына жуығының табылмауы, өлкенің негізгі табиғи байлығы балықтардың жойылып кету қаупі деңгейіне баруы кемшілікке кеңшілік жасаудың ретсіздігінің айқын дәлелі.
2007 жылы Үкімет қаулысымен көлемі 763 549 га “Ырғыз – Торғай мемлекеттік табиғи резерваты” мемлекеттік мекемесі құрылып, оған бұрынғы Торғай зоологиялық қаумалының (заказник) 296 мың га жері қосып берілді. Резерват аймағын 2 өзен, 21 көл, қаумал жерін 4 өзен, 32 көл меншіктеген. Су бассейндерінде құстардың 250 – ге тарта түрі, олардың 32-сі “Қызыл кітапқа” енгізілген.
Ерекше қорғауға алынған киіктердің бұрынғы 7 мыңға жуығы 2009 жылдың күзіндегі аэроесепте 80 мыңның шамасында өсуі өзін-өзі қалпына келтіру үдерісіндегі биотехникалық шаралардың айқын дәлелі.
Ал 2008-2009 жылдары көктемгі судың тасуымен толығатын көлдер қыс айларында қардың аз түсуі салдарынан тасымай тайыздап, құрғап қалу жағдайында болды.
Енді өлкенің байлығы– балықтарды сақтау мен өсімін молайту жұмысын сындарлы сынақ күтіп тұрғандай. Оған себеп 90 көлді Ырғыздың соңғы жылдары облыстық атқарушы биліктің шешімімен “Ерекше қорғалатын табиғи аймақтағы” көлдерден шектеулі балық кәсіпшілігін жүргізуге жеке кәсіпкерлерге 10 жылға рұқсат беруімен қатар, кәсіпшілік көлдерінің, киіктердің миграциялық жолдарының жақын жатуы, техникалардың есепсіз қысы-жазы қозғалысы, балықтардың арасында ауру тарауына себепші Қытайдың арзанқол ауларының пайдалануы және балық аулау мерзімдерінің өлкенің фауналық ерекшеліктеріне терең талдау жасалмауы, кәсіпкерлердің мелиоративті шаралар туралы бейхабарлығы болды.
Жалпы ережеге сай балық аулау 1 қыркүйектен бастап қыс айлары мен 15 сәуір аралығында жүргізіледі. Ырғыз жеріне миграциялық жолмен құстар наурыздың аяғы, сәуірдің басында келіп, олардың 90% көлдер жүйесінде балдырлармен қоректенеді. Өткен жылдардың тәжірибелік тексерулерінде Байтақ көл, Қармақ көл, Малайдар, Жаркөл, Бөкенкөл бассейндерінде құрылған ауларға көптеп түсіп, тұншығып өлу фактілері тіркелді. Күзде балапан шығарып, ұшып кетуі бірінші қарашаға дейін жалғасып, балық кәсіпшілігі мерзімінде табиғи ортаның ареалдық ерекшеліктері эколог мамандардың уақытында құзырлы органдарға білдірмеуінен кеткен кемшілік, табиғатқа жасалған таршылық болып табылады. Сондықтан балық аулау маусымын 1 қарашадан 1 сәуір аралығына көшіру қажетті шара.
ҚР Балық шаруашылығы зерттеу институты Арал филиалының мамандары су тапшы болған 2008-2009 жылдары көлдердің тайыздануынан қыс айларында қалың мұз құрсауында қалып жаппай қырылып қалуы мүмкіндігін есептеп, мелиоративтік аулауға рұқсат беріп, оны облыстық балық инспекциясы қадағалады. Алайда резерват тарапынан жүргізілген бақылау бойынша сараптамалары көрсеткендей, жекелеген көлдердің тереңдігі, су тұздылығы, мұз қату параметрі, балықтардың тығыздығы жалпылама шығарылып, жаппай сүзіп алуға рұқсат беру салдарынан, биылғы көктемнің мол суында аудан бойынша қорғауға алынған аумақпен қатар, жалпы аңшылық пен балық аулауға рұқсат етілген аумақтарда балықтың болмауы, олардың қорының жоғалып кету қаупінің туындағанының көрінісі.
Қорғау аймақтарында су тартылуының себептерінен аң-құстардың аудан территориясына жаппай таралуы кездесіп, киіктер, су құндыздары (ондатр), дала шошқалары жалпы пайдалану жерлерін мекендеп, күзгі лицензиямен ауланып кету ықтималдығы артып отыр. Келтірілген деректер негізінде облыстағы табиғи ерекше аймақта облыстық атқарушы билік, облыстық мәслихат, табиғат қорғау прокуратурасы мен облыстық балық инспекциясы тарапынан зерттемелер жасалып, алдағы екі жылға аң-құстармен қатар, балық аулауға мораторий жариялау қажет.
Б.АЙМАНОВ, “Ырғыз-Торғай МТР” ММ директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары.