27 Қазан, 2010

Жалыннан жасқанбаған Жандос

588 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
БЕС ЖАСАР ЕРАСЫЛДЫ АЖАЛДАН АРАШАЛАП ҚАЛДЫ Шындығы керек, таулы аудан­ның бір шалғайында жатқан алыс ауылдағы қаршадай баланың қа­һар­мандығы жайлы хабарды кешігіп естідік. Ести сала елеңдеп, асыға жол­ға шықтық. Асығатын да, елең­дейтін де жөніміз бар еді. Қапысыз қаһармандық пен елеуге, ескеруге тұ­рарлық ерлікті елге, оқырман қау­ымға жария етіп, әлдеқашан сүй­­інші сұрарлық жағдай-тын. Алайда, одан бері біршама уақыт өтіп те кетті... Сонда да: “Бұл қай жерде, кім жа­саған ерлік?” деп сіз де елеңдеп отырған шы­ғар­сыз, құрметті оқырман. Оқиға орны алыстағы Рай­ымбек ауданының Шалкөде ауылы. Ал қа­һар­мандық танытқан осы елді мекеннің қаршадай баласы, орта мектептің 7-сынып оқушысы Ілияс Жандос. ... Сол күні, сол сағатта әдеттегі ауылдың әдеттегі ойын балаларынан еш айырмасы жоқ, көшеде велосипед теуіп ойнап келе жатқан жеткіншек қарсы алдынан жанұшыра көше бойымен жүгіріп, жылап бара жатқан кішкентай қызды көрді. “Әй, не болды, неге жылайсың?” – деген Жандостың сұрағына жауап берместен, сол көше бойымен жүгіре берді. Қыздың жанұшыра жүгіріп, жылап бара жатқаны бала болса да Жан­достың назарын аудартқан еді. Артынша-ақ ауыл­дың келесі жағынан әлгі қызды ертіп кері жүгірген бір әйелді байқап қалды. Ол кісі әлдене деп ай­қайлап, көмек сұрап келе жатқандай. Алға­шында не дегенін ұқпаған еді. Енді анық естілді. Үйде өрт, іште бала қалып қойыпты. Жандос ойланбастан апай нұсқаған үйге жүгіре жөнелген. Сыртқы есікті ашып ішке кірмек болғанда оны қою қара түтін қарсы алып, ішке жібермеді. Ол қайта шегініп, үстіндегі күртесін шешіп алып, басына орады да қою түтіннің ішіне қойды да кетті. Тұншыға айғайлап түпкі бөлмеге кіргенде бұрышта бүрісе жылап, қақалып-шашалып тұрған 5 жасар Ерасылды көрді. Оны көтере сала сыртқы есікке ұмтылғанда өрт қаулай түскен. Ашылған есіктен кірген ауа, жел әп-сәтте үй ішін отқа орап кете барды. Ал, Ерасылдың анасы сол кезде жүгіре жеткен еді. Бауыр еті – баласының өрт апатынан аман қалғанына мәз. Баласын да, оны құтқарып алған Жандосты да бауырына алып сүйе берді. Иә, өрт алауы, қою қара түтіннің ішіне еш ойланбастан қойып кетіп, жас бүлдіршінді төніп тұрған апаттан аман алып шығу кез келген адамның қолынан келе қояр ерлік пе?! Жоқ, мұндай қаһармандықты кез келген қаршадай бала емес, үлкендердің өзі жасай алмайды. Үлкендер жағы болса сәл де болса ойланады, бала болса үрейленіп қорқады. Мұның өзі адам бойындағы табиғи сақтану. Ал соның бірін де ескерместен, басы-көзін үстіндегі күртешесіне орап алып, қара бұйра түтін мен қызыл алаудың ішіне именбей кіріп кеткен Жандостың әрекеті нағыз ерлік емес пе. Иә, бұл нағыз ерлік. Қазақтың қара баласы­ның қаһармандығы. Қамалып тұрған өрт ашылған есіктен сыртқа шыққанда өршеленіп жан-жағын қызыл тілімен жалмай бастаған. Аттандаған дауыстан әп-сәтте көрші-қолаң жинала кетіп еді. Баланы құтқарған қаһарман Жандосты үлкендер жағы тағы бір іске, басқа арнада жатқан бұлақ суын осы көшеге бұ­рып келуге жұмсады. Велосипедпен зыр ете түскен ол бұл істі де тез-ақ тындырып келді. Бірақ кү­шейіп кеткен өрт ауыл адамдарының қажырлы қи­мылына да, шелекпен шашқан суына да дес бермей, дем сәтте қарағайдан қиып салынған, ағаш үйді жалмады да кетті. Үй иелері тауда мал бағып, содан жиған қаржысына осы баспанаға ие болған жап-жас Тұқаевтар отбасы еді. Енді үш бірдей жас баламен далада қалды. Дүние-мүлік, киім-кешек тұтас жанып кетті. Олар кішкентай Ерасылдың өрттен аман қалғанына шүкіршілік етіп отыр. Ал жас қаһарман Жандосқа оралар болсақ, ау­ыл әкімі оның ерлігін бағалап, арнайы дип­лом­мен марапаттапты, мектепте жиын өтіп, Ілияс Жандостың қаһармандығына тиісті баға беріліпті. Бірақ осымен шектеліп қалуға бола ма? Ерлік бас­қа бағасын алу керек қой. Ол үшін тиісті ор­ындар жеткіншектің ерлігінің нақтылы құ­жат­тарын жасап, жоғарғы жаққа марапатқа ұсынуы қажет-ақ. Патриотизмге тәрбиелеу осындайдан басталады. Н.ТОҚҚОЖАЕВ, К.ҚҰСАЙЫНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Шалкөде ауылы.