Теңдік Шайқызы маңдайына жазған тағдырдың тауқыметін кішкентайынан тартты. Тұлымшағы желбіреп, балалық шақтың алаңсыз қызығында жүрген ол аяқ астынан мүгедектікке ұшырап, жарымжан болып қалды. Ерке қыз ата-ананың арқасында қиындықтың не екенін білмей өсті. Балиғатқа толып, оң-солын танығаннан кейін оны өмірдің өзі ширатты. Адамдардың аялы алақанын көп көрді.Олардың жабырқау жанына дем берген жылы сөздері өмір сүруге деген құштарлығын арттыратын. Ал, аяқ-қолы балғадай кей қызметтестерінің аяқтан шалуы көңілін жабырқатып жіберетін. Тумысынан бірбеткей батыл қызды көңілі қарау жандардың бақталастығы иілдіре алмады. Шындық үшін жертабандап жатып алудан тайынбайтын ол қайда жүрсе де адалдығынан айнымады. Оны алда тағдырдың тағы бір ауыр соққысы күтіп тұрды. Құдай қосқан қосағынан айрылып, аңырап қалды. Жесірліктің күйін ерте кешсе де, екі ұлын қатарынан кем қылмай жеткізді. Бүгінде олардан Дана, Дариға, Дәулет есімді үш немере сүйіп, алданыш етіп отырған жайы бар.
Осыдан бір мүшел бұрын асырауында балалары бар қызылжарлық мүгедек аналарды бір ұйымға біріктіріп, үлкен міндет атқарды. Содан бері аз қамтылған 70-ке жуық отбасылармен қоян-қолтық араласып, асырауында бар 45 балаға қамқорлық жасаудан қол үзбей келеді. Облыс өміріне қатысты қоғамдық мәселелерге де белсене араласып, тұрмысы төмен, аз қамтылған мүгедек аналардың өтініш-тілектерін тиісті орындарға жеткізуден шаршаған емес. Бірде бұған қоғамның белді мүшесі Морозова Людмила келіп, жалғыз қызының болашағы жайлы ақылдасты. Мектеп бітірген қызын одан әрі оқытайын десе, мүгедектікке берілетін өтемақыны неге жеткізерін білмей дал. Теңдік Шайқызы жүрек мұңын шаққан жалғызілікті ананың жағдайына әбден қанығып, тура СҚМУ-ға тартты. Жоғары оқу орны басшысының қабылдауында болып, мәселе түйінін шешіп шықты. Қазір Ксения—университеттің екінші курсында оқиды. Грант иегері. Жан жылуы өзгелерге де шуақ болып таралды. Мұң шалған талай балғындардың жүздеріне арай нұры құйылды. Билік тұтқасын ұстап отырған кей шенеуніктер оның алашапқын болып жүргенін басқаша түсініп, қабақ түйіп қарсы алатындары бар. “Зейнетақысын алып, жанын күтіп отырмай ма?” деп оның өзге үшін өзегін жұлып беруге әзір жанкешті әрекетін ұнатпайды. Ашынып айтқан ащы сөздерін арызқойлыққа балап жататындар да кездеседі. Сонда да алған бағытынан айныған емес.
Асырауында балалары бар мүгедек аналардың облыстық “Асыл ана” қоғамдық ұйымының мүшелері “Нұр Отан” ХДП-ның бағдарламаларын іске асыруға да үлкен ыждаһаттылықпен атсалысады. Т.Сәрсекеева жетекшілік ететін ұйымның 25 мүшесі осы саяси партия қатарына өтсе, жуырда тағы 9 адамға толықты. Салтанатты шара “Түркістан” мейрамханасында ұйымдастырылып, оның қожайыны, облыстық мәслихаттың депутататы Гюлага Илдырымов демеушілік жасады. Жергілікті саяси ұйым атынан арнайы өкілдер келіп, партия билеттері мен құрмет грамоталарын табыс етті. Марапатталғандар арасында Наталья Подольская, Күлмайра Ахметова, Людмила Морозова секілді есімдері облыс жұртшылығына жақсы таныс аналар бар.
–1997 жылы “Есіл” мейрамханасында ұйымның тұсаукесер рәсімі өтіп, Гүлжан Бекенқызы демеу қолын созғаны әлі есімде. Содан бері мүгедек аналардың мұң-мұқтажын жақсартып, тұрмыс-тіршілігін оңалту жолында атқарған ісіміз—бір төбе. Алда бәрімізді үлкен шаруалар күтіп тұр. Күрмеуі көп қиын жолды таңдап алуымыз тағдырдың жазуы болуы керек,— деп Теңдік Шайқызы толғана сөйлеп еді.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.