27 Қазан, 2010

Ауған соғысына қатысқан Айша

950 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Тобылжан деген ауылда туған  Айша Үсенбаева 1983-1985 жылдары Ауғанстанда болған соғыс өртін көрді. “Шыңғысханның ұрпағысың ба?” деген рухты сөзді осы жерде естіді. Кабулдағы әскери госпитальда жастық күндерін жаралы  әскерлерді емдеп, жазумен ауыр күндерге айырбастады. Қазір ол облыс орталығындағы жедел жәрдем ауруханасының бас медбибісі болып қызмет етеді. Бірнеше орден-медальдардың иегері, кеудесінде “Жауынгер-интернационалист”  және еліміздің “Денсаулық сақтау ісінің үздігі” деген белгілері жарқырайды. Әдетте, әскерден жігітін қыздар күтеді... сағынып. Бірақ, әркімнің тағдыры әртүрлі, адам ойлағандай бола бермейтініне Айшаның көзі Кабулда жүргенде  жетті. Сүйгені соңында қала берді. Күтемін деп. Ауған жеріне аттанғанда 20 жастағы бой­жеткен  қыз еді. Кеңес өкіметінің кезінде болған бұл соғыстың сан құпиялы сырын қазір әртүрлі айтушылар бар. Қаншама қыршын жас осы белгісіз қанды қыр­ғын­да опат болып, қан кешті. Соң­дарында аңырап ата-аналары, сүйген жарлары, дос-жарандары қалды. Көкірекке мұң, ауыр қайғы салатын осындай соғыста болғанын еске алу біздің кейіпкеріміз Айшаға да оңайға түс­кен жоқ. Ауған соғысы жайлы қойған сұрақтарымыз жан дүниесін ауыртып жіберді ме, біразға дейін өзіне-өзі келе алмай, көз жасына ерік беріп жылап алды. – Мен өзім кішкентай талдыр­маш қыз болып өстім, соғысқа мед­сестра болып бара жатқан сол бір кішкентай ғана кезімді қазір ойласам жүрегім езіліп, міне, осылай жылап аламын, – деді бір уақытта. Әкем мар­құмның  ұлы болмады, біз бір отбасында Шолпан, Айсұлу, Күн­сұлу атты төрт қыз өстік. Ол кісі әлі есімде, әскерге кетіп бара жатқан көршілердің балаларына қызығып қарап тұрушы еді. Сондықтан ба екен, соғыс жүріп жатқан Ауғанстан жеріне аттанамын дегенімде, қарсы болмады. Ұлым болса ғой, әскерге мен де шығарып салып тұрушы едім деген жүрек түбіндегі ойын орындағандай болдым ба, қайдам, білмеймін. Әкесі Жұмаш марқұм заманы, сол кездегі патироттық тәлім-тәрбие аса жоғары болған уа­қы­ты солай ма, мейлі қыз, мейлі ер бала болсын ел басына қатер төнгенде Отанды қорғауды па­рыз, борыш деп түсіндіретін еді. Сөйтіп, 1983 жы­лы өзге елде соғысып жатқан кеңес әскер­леріне медициналық  көмек көрсету үшін Айша өз еркімен интернационалдық борышын өтеуге ша­қырылды. Бала кезінен дәрігер болсам деп армандаған қыздың жолы осылай соғыс өрті ораған Кабулдан барып бір-ақ шықты. Әуелі бұларды әскерилермен бірге медбике қыздар тобын Ташкент қаласында жасақтап, біраз күн дайындықтан өткізді. Бұл әскери топта сол кездегі Кеңес елінің әр түкпірінен келген қыздар, дәрігер жігіттер болды. Әскери ұшақпен көкке көтерілгенде барып елден, туған ауылы Тобылжаннан алыстап кетіп бара жатқанын түсінді. Айнала биік таулар қоршаған, табиғаты көз сүріндірер жерде соғыс жүріп жатыр деуге тіпті сенгісі де келмеді. Кабулдағы әскери госпи­тальда Айша өмірдің қымбат екенін, жалын атқан жастық­тың қадірін, өлім-мен өмір үшін арпалысқан жігіттердің жан мен тән азабына толы күресін көрді. Бойы кішкен­тай ғана ақ халат киген нәзік қазақ қызы өжеттігімен, біліктілігімен өзін таныта білді. Бірде госпитальға керек-жарақ алу үшін арнайы күзет арқылы Кабулдың ішіндегі екінші бір бөлімшеге бару керек болды. Қыздың көзі қызылда деп, жанынан өтіп бара жатқан сауда базарын аралап шығуға күзет бастығынан рұқсат сұ­рады. Соғыс жүріп жатса да сөрелерде көздің жауын алар неше түрлі бұйымдар, әше­кейлер толып тұр. Шашқа та­ғатын жылтырақтың баға­сын қанша деп  ымдап тү­сіндіріп еді, мұртты саудагер жігіт Айшаны көріп: “Сен қайдансың?” – дегендей болды да Орта Азия республикалары: Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстаннан келдің бе деп атап шықты, Айша басын шайқайды, сонда әлгі жігіт: “Шыңғысхан! Сен онда Шыңғысханның тұқымы екенсің ғой! Кассах!” – деп шашынан сипайды. “Иә!” –деп мен де мақтанышпен басымды изедім”, – дейді Айша күліп. Сол Кабулда жүріп өзімен аттас Айша деген ауған қызымен танысады. “Бәріміз бір мұсылман халықпыз. Аты-жөніміз де бір, салт-дәстүрі­міз де ұқсас. Бірақ мына бір белгі­сіз соғыстың дерті жақындыққа сызат түсіріп тұр­ғанын сол кезде біз қайдан бі­лейік, – дейді Айша. –  Жергілікті ауғандық тұрғындар бізге өш­пенділікпен қарамаса да, аса сақ­тықпен сөйлесетін. Мені мұсылман қызы деп өздеріне сана­ды. Кейде кеңестік елдің қызы деп оларды атағандай мені де “шурави” дейтін. Яғни, орыстар дегенді білді­реді. Кабулдағы әскери госпитальда күні-түні жаралы әскерлер түсіп жатты. Өрімдей жас жігіттер. Әртүрлі дене жарақаттарын алғандарына қарау мүмкін емес. Араларында қаншама жас өмірмен қоштасып қыршындары­нан қиылды. Кейде  осы сұмдық көрі­ністерді көруге дәтің шыдамай басқа бір жаққа қашып кететін кездер де болды. Сонда көргендеріміз біздің көз алдымызда мәңгілік қалды, қаталдыққа, мінезділікке, бірбеткейлікке үйрендік. Кейде бір қиындық болғанда: “Е, бұл біздің Ауғанстанда көрген  қиындықтың қасында түк емес”, деп өзіңді-өзің жұбатасың. – Кейде ойлаймын, бәріміз де адам баласымыз ғой, сол өзім жүрген, жас күндерім өткен Ауғанстан жерін бір барып көрсем, соғыстан кейінгі елдің тыныс-тіршілігіне қыдырып турист болып барсам деп. Сол мүмкіндік болып қала­тындай сезінемін өзімді, – дейді Айша. Әр адамның тағдыры әртүрлі екені рас. Тағдырдың талайынан, безбенінен қашып құтылмайсың деп жатады үлкендер. Ауған соғысы қыршын жас қазақ жігіттерінің ғана емес, қазақ қыздарының да өміріне, тағдырына сызат түсіріп, белгісіз соғыстың зардабын қалдырғанын енді оқып біліп отырсыз оқырман. Бұл – өткен күннің ерлігі, қазақ қыздарының ұлтының қанына сіңген рухының қайсарлығы, өжеттігі деп түсінуге болар. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.