Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға жетекшілігіне арналған халықаралық конференция аяқталды
2009 жылдың желтоқсанында Мәскеуде Еуропа және Азия медиафорумы өткізілген. Оған бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер бұқаралық ақпарат құралдарының жүзден астам жетекшілері шақырылған еді. Сонда Ресей Президенті Д.А.Медведев: “ЕҚЫҰ-дағы төрағалықтың Қазақстанға өтуі бұл ұйымға өмір сұранысына ие халықаралық институттар арасынан өз орнын табуына көмектеседі”, деп мәлімдеген болатын. Айтқаны айдай келді. Төрағалық мерзімі 31 желтоқсанда аяқталады дегенімізбен, Қазақстанның Ұйымға жетекшілігі жемісті шыққанын қазірдің өзінде ауыз толтырып айта аламыз. Бұл баға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясының аясында Санкт-Петербургте ұйымдастырылып, “ЕҚЫҰ мен ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар” тақырыбымен Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалығына арналған халықаралық парламенттік конференцияның алдыңғы күні қабылданған декларациясында да берілді. Оның преамбуласында “Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы 2010 жылғы төрағалығын атқару жөніндегі қызметін, соның ішінде 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу жөнінде шешім қабылданғанын жоғары бағалай отырып” деп келетін сөздер бар, “алдағы Астана Саммиті Ұйымның әскери-саяси инструментариясын күшейтуде елеулі ілгерілеушілікке қол жеткізілетініне сенім көрсетіледі” деген тұстар бар, Қазақстан төрағалығының Қырғыз Республикасындағы саяси дағдарысты еңсеруге қосқан күш-жігерін жоғары бағалаған жолдар бар. Бұл жайында конференцияда Ресей Федералдық Жиналысы Федералдық кеңесінің Төрағасы С.Миронов, Украина Жоғарғы Радасының Төрағасы В.Литвин, Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысының Өкілдер палатасының Төрағасы В.Андрейченко, Тәжікстан Республикасы Маджлисінің Төрағасы Ш.Зухуров, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Р.Миглиори, Қауіпсіздік пен қорғаныс жөніндегі Еуропа Ассамблеясының Төрағасы Р.Уолтер сияқты көптеген лауазымды тұлғалар әр қырынан толықтыра айтты. “Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік”, “Әлемдегі экономикалық тәртіптің жаңа архитектурасы”, “Адамдық өлшем” деп аталған үш үлкен секцияның (конференцияның тек баяндамашылардың лауазымы мен сөйлер тақырыбы жазылған бағдарламасының өзі тұтас 11 бетті алып жатыр) қатысушылары да бізге Қазақстан төрағалығына разылығын ауызға алмай сөйлеген шешендер аз болғанын айтып жатты. Сол үш секцияның үшеуінде де қазақстандық депутаттар (Қуаныш Сұлтанов, Ахан Бижанов, Әмзебек Жолшыбеков) модераторлық еткені, сенатор Әділ Ахметов, Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов, сенатор Анатолий Башмаков, Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған баяндама жасағаны біздің бұл конференцияға қандайлық белсене атсалысқанымызды көрсетіп тұр. Танымал тарихшы Бүркіт бауырымыздың айтуынша, оның Қазақстанның индустриялық дамуы жөнінде жасаған баяндамасында келтірілген сандық көрсеткіштер ТМД елдеріндегі әріптестерін қайран қалдырған.
“ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен көкжиектер” деп аталған халықаралық парламенттік конференцияда Мәжіліс Төрағасы О.Б.Мұхамеджанов баяндама жасады. Орал Байғонысұлы сөзінің басында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ниеті алдымен Ресей тарапынан қолдау тауып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арасынан ұжымдық кандидат ретінде ұсынылғанын разылықпен еске салып өтті. Қазақстанның экономикадағы табыстары ел қоғамының өмірін одан әрі демократияландыруға алғышарттар жасады. Бүгінгі таңда біз Қазақстан дұрыс таңдалған стратегияның арқасында серпінді даму үстіндегі демократиялық мемлекетке, халықаралық аренадағы беделді де сыйлы әріптеске айналды деп айта аламыз, деді О.Мұхамеджанов. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы осы Ұйымның өзіне де абырой қосты, оның Венадан шығыс жақ беттегі ықпал аумағын кеңейтті. Біз бұл жайды стратегиялық ұлттық жоба, елдің өсе түскен халықаралық беделінің белгісі деп қана қарамаймыз, бұл жай Ұйымға тың тыныс қосып, жаңа леп ала келгенін де қоса айтамыз. Оның үстіне Қазақстанның төрағалығы тұсында әлемде көптеген маңызды оқиғалар орын алды, олар біздің еліміздің саяси кемелділігіне үлкен сын болды. Жаһандық қаржы дағдарысы, ланкестік, діни экстремизм, табиғи және техногендік катаклизмдер, азық-түлік пен ауызсудың жетіспеуі, этносаралық және дінаралық негіздегі қақтығыстар сияқты әлемдік қоғамдастық тарапынан көп күш-жігер жұмсауды күтіп отырған осы заманғы өркениет қатерлері аз емес.
Қазақстан төраға ел ретінде салған беттен ЕҚЫҰ қызметінде түбегейлі өзгерістер жасап тастауды мақсат еткен жоқ. Сонымен бірге кезекті төрағалық рөлін атқарып өте шығуды қанағат тұтпайтынын, жаңашылдық пен тың идеяларға арқа сүйейтінін аңғартты. Төрағалықтың алғашқы күндерінен Қазақстан Ұйымды тең дәрежелі үнқатысу алаңы ретінде нығайтуды, оның тиімділігі мен қазіргі қатерлерге сайма-сай жауап беру қабілетін арттыруды, еуропалық қауіпсіздік архитектурасын бекемдеуді, транзиттік-көліктік әлеуетті күшейтуді, кеңестен кейінгі кеңістіктегі созылмалы қақтығыстарды реттеуге, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға септесуді, еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістікте төзімділік пен бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын орнықтыруды ойластыратын қадамдарды жүзеге асырды.
Біздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыздың дара белгісі жекелеген мәселелер бойынша кеңесуден нақты келіссөздерге көшуден көрінді, деп қадап айтты Орал Байғонысұлы. “Корфу үдерісін” алға жылжыту, еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің болашағы туралы үнқатысу нақ Қазақстан төрағалығы тұсында нақты пішінге ие болды. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің Алматыда өткен бейресми кеңесінде қауіпсіздік көкейкесті мәселелері жөнінде кең тұрғыдан пікір алмасылды. Қазақстанға ЕҚЫҰ көшбасшысы ретінде елеулі сынаққа айналған Қырғызстандағы жағдай еліміздің кемелдену кезеңіне көшкенін күмәнсіз көрсетті. Қазақстан басшылығының жағдайға сай тез әрекет етуінің және Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуроодақтың, АҚШ пен Ресейдің белсенді көмегінің арқасында шиеленісті одан әрі өршітпеудің, елдегі жағдайды тұрақтандырудың орайы келді. Оған қоса, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға ел ретінде Қырғызстанның бауырлас халқына экономикалық тұрғыдан барынша көмек көрсетіп келеді.
Орал Мұхамеджанов кеңестен кейінгі кеңістікте шоғы қоздап жатқан қақтығыстарды реттеуге де Қазақстан төрағалығының ықпалы тигенін нақты мысалдармен айта алды. Биылғы мамыр айында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының аясында Приднестровье проблемасы бойынша “5+2” пішінінде консультациялар өткізілді. Бұл жайдың өзі Астананың осы қақтығысты реттеуге тек қана бейбіт, дипломатиялық құралдармен, үнқатысушы жақтардың мүдделерін ескере отырып кіріскенін көрсетеді. Орал Мұхамеджанов, әрине, Ауғанстанға Қазақстан төрағалығының ықпалы жөнінде де айтты. “Бүгінде еуропалық қауіпсіздік ұғымы құрлық аумағынан асып, Еуразия кеңістігін қамтып отыр. Міне, сондықтан да Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы Ауғанстанға ерекше көңіл бөледі”, деген болатын Мемлекетіміздің басшысы. Қазақстанның бұл мәселедегі қағидатты ұстанымы күрестің әскери-полицейлік әдістерінен ол проблемалардың туындау себептерін жоюға көбірек назар аударудан көрінеді. Сондықтан да біздің еліміз Ұйымның күш-жігерін алдымен осынау азапкер елді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан сауықтыруға салдыртып отыр.
Мәжіліс Төрағасының конференциядағы баяндамасында Қазақстан төрағалығының Ұйымның үш себетін қатарынан толтыруға нақты әрекет жасауы оны ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің құрметіне бөлегені де айтылды. Расында да, ЕҚЫҰ десе тек сайлау, тек демократия, тек адам құқы есімізге түсетіндей болып бара жатыр еді ғой. Қазақстан бұрын көп ауызға алына бермейтін экономикалық себетке көбірек көңіл бөлудің себепкеріне айналды. Біздің еліміз трансқұрлықтық көлік дәліздерін дамыту жөніндегі жобаларды алға жылжытуда, ұлттық көлік жүйелерін бір-біріне жалғастыру бойынша келіссөздерге қозғау салуда, жолаушылар мен көліктердің еркін қозғалуына жағдай жасау үшін күш-жігер жұмсауда. Қазақстан төрағалығы тұсында жалпы құны 3,4 миллиард АҚШ долларын құрайтын “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жолының құрылысы басталды. ЕҚЫҰ-ның экономикалық өлшеміне ІІІ Астана экономикалық форумы қосымша серпін берді. Ол форумда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев толыққанды Еуразиялық ықпалдастық идеясын жаңаша көтерді, оның негізгі қағидаттары мен бағыттарын айқындайтын ортақ құжат жасау қажеттігін дәлелдеді. “Соңғы рецессияның тағылымдары бұл бастаманың қаншалықты көкейкесті екенін қолмен қойғандай көрсетіп берді”, деп түйді өз ойын Орал Байғонысұлы.
Мәжіліс Төрағасының сөзінде Қазақстанның Ұйым жетекшісі қызметінде ұлтаралық және мәдениетаралық үнқатысуды барынша алға жылжытуға тиісінше көңіл бөліп отырғаны да айтылды. Еуразия құрлығының қақ ортасында, әлемнің ежелгі өркениеттерінің, Шығыс пен Батыс арасындағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени, идеологиялық байланыстардың тоғысқан тұсында орналасқан Қазақстанның діни төзімділік пен кеңдік жөнінде жинаған баға жетпес тәжірибесі бар. Осы тәжірибенің арқасында Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш съезін өткізе алды. Орал Мұхамеджановтың кеңдік тақырыбын Қазақстанның 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуімен де байланыстыра қозғағаны өте орынды шықты. “Кеңдік” сөзін контексте “толеранттылықтың” баламасындай қолданып отырғанымызға таңданудың жөні жоқ сияқты. Атамыз қазақ толеранттылық ұғымының бар мәнін “Кең болсаң, кем болмайсың” деген қысқа мақалдың қауызына сыйғызып жіберген емес пе?
Әрине, репортаждық сипаттағы мақалада Орал Мұхамеджановтай ойлы азаматымыздың алқалы жиындағы айтқандарының негізгілерін қамтып өту де оңай емес. Шарт та емес. Соның өзінде де бұл сөзде Астанадағы Саммитте әртүрлі әскери-саяси блоктарға енетін ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің арасындағы алшақтықты жақындатуға алдымен көңіл бөлу керектігі айтылғанын келтіре кетуді артық көрмей отырмыз. 56 ел делегациясын қатар қанағаттандыратын құжат қалыптастыру қиынның қиыны. Ондай тұста ешкім қарсы келе алмайтындай, жалпыадамзаттық тұжырымдарға салмақ салған жөн болар. “Қазақстан мұндай ауқымдағы іс-шараны ойдағыдай өткізуге бар күш-жігерін жұмсайды. Біздің әлемнен үйренеріміз көп. Сонымен бірге біз де әлемге жаһандық қоғам құрылымын өзгертуге әсер ететіндей жаңалықтар қосуға қабілеттіміз”, деді Орал Мұхамеджанов.
Халықаралық парламенттік конференцияны төраға ел Парламенті Мәжілісі Төрағасының қорытқаны да жарасып тұрды. Қорытынды сөзде Қазақстан төрағалығының ЕҚЫҰ-ны жаңғырту жөнінде бастаған үдерісі тек 2010 жылмен тоқталып қалмайтыны айтылды, алыс және жақын шет елдердегі парламентарийлерге Қазақстан төрағалығына берген жоғары бағасы, біздің еліміздің осы Ұйымға жетекшілік етуіне жасаған қолдауы үшін алғыс білдірілді. Кеше Мәжіліс Төрағасымен қысқа-қайырым сөйлесіп қалудың сәті түскен, сонда біз Орекеңе осы конференцияның материалдарын жеке жинақ күйінде жарияласа жақсы болар еді деген ойды айтып қалдық. Ұсынысымыз қолдау тапқан сияқты.
Елбасымыздың Брюссель мен Парижге сапары соншалықты сәтті болғанын мына жақта Интернет арқылы оқып, ЕҚЫҰ Саммитінің алдында төраға елдің төбебилік деңгейден тағы да табылғанына қуанып жатқанымызда, жеңісті де жемісті жолымыздың жақсы жалғасуына әркім өзінше, қал-қадерінше, қолынан келгенінше көмек көрсетуі керектігі ойға оралды. Осы тұрғыдан қарағанда, Қазақстан Республикасы Парламенті делегациясының Санкт-Петербургте кеше өз жұмысын аяқтаған ТМД Парламентаралық Ассамблеясының, ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Парламентаралық Ассамблеясының іс-шараларына қатысуы қай жағынан да тамаша табысты болды дей аламыз. Бұл сапарды ел Парламентінің Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына, жақында өткізілетін Астана Саммитіне дайындыққа қосқан үлкен үлесі деп бағалаудың жөні бар. Еліміздің ең биік белестегі қызметіне арналған халықаралық парламенттік конференция мінберінен көптеген мемлекеттердің заң шығарушы органдарының басшылары Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына жетекшілігі жайында жақсы-жақсы сөздер айтты, мемлекетіміздің мерейін тасытты. Егер халықаралық парламенттік конференция қатысушыларының Қазақстан төрағалығы туралы ойларын түйіндеп сөйлесек, ол ойлардың дәні біздің еліміз ЕҚЫҰ-дағы төрағалық ұғымына жаңа сипат бере алды, Ұйым беделін арттырды дегенге саяды.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ, “Егемен Қазақстан” – Санкт-Петербургтен.
----------------------------------
Суреттерді түсірген Сайлау МАЙЛЫБАЕВ.