Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі британиялық жазушы және мемлекет қайраткері, “Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның құрылуы” атты кітаптың авторы Джонатан Айткенді қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Д.Айткен Президентті Қазақстан жайлы жаңа кітап жазатыны туралы өз жоспарынан хабардар етті.
“Хабар” телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында танымал ағылшын жазушысы және биографы тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне жоғары баға берді.
– Менің Қазақстан туралы жеке әсерім – тамаша! Бұдан 20 жыл бұрын сіздердің республика туралы әлемде ешкім білген жоқ. Ал, бүгінде Қазақстанның табысы туралы барлық халықаралық қоғамдастық айтуда. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды көшбасшы ел жасады. Және бұл лайықты таңданыс, – деп атап өтті Д.Айткен.
Джонатан Айткен – Британия үкіметінің және парламентінің бұрынғы мүшесі. Үлкен саясаттан кеткеннен кейін ол әлемдік тарихтағы белгілі тұлғалардың өмірбаянын зерттеумен айналысты. Ол – 12 кітаптың авторы. Бұл кітаптар Ричард Никсон, Джон Ньютон, Чарльз Колсон туралы болса, ал енді солардың ішінде Нұрсұлтан Назарбаев та бар.
Мен әлемдік тарихта Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания тарихындағы Черчилльден кем рөл ойнамайды деп ойлаймын. Қазақстан Президенті қуатты ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқанда-ақ әлемдік саясаткерге айналған болатын. Маған Вашингтондағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте Нұрсұлтан Назарбаевты қандайлық сый-құрметпен қарсы алғанын бақылаудың сәті түсті, – деді өз сөзінде британиялық жазушы.