Алматыда “Көп бейнелі жемқорлық: қазіргі жағдайы және онымен күрес тәсілдері” атты дөңгелек үстел болып өтті. “Әділет” демократиялық партиясының “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясымен бірлесіп өткізген жиынында негізінен елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қарқынын арттыру мен оны одан әрі жетілдіру туралы кеңінен сөз болды. Бүгінгі таңдағы басты мәселелердің біріне, анығырақ айтқанда, қоғамның дертіне айналып отырған сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған іс-шаралар қатары көбейгенімен, нәтиже көңіл көншітпейтіндігі жасырын емес.
Бұл жөнінде дөңгелек үстелде сөз алған “Әділет” демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Төлеген Сыдық атап айтты. Төлеген Сыдықтың пікірінше, “мемлекеттің жемқорлықпен, өзге де қылмыстармен күреске деген ықпалы, дайындығы бүгінде оның демократиялық құндылықтарға, өркениеттілікке деген маңызды көрсеткіші ретінде қаралатындығы сөзсіз”.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі ең өзекті жағдай, халықаралық тәжірибеде атап көрсетілгеніндей, мемлекеттік биліктің саяси ерік-жігері болып табылады. Ал, енді мемлекет басшылығының жемқорлықпен күрестегі ерік-жігерінің жоғары деңгейде екендігін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Мәселен, “Транспаренси интернэшнл” үкіметтік емес ұйымының мәліметіне қарағанда, біздің елімізде “жемқорлықты қабылдау индексі” бойынша көрсеткіш биылғы 2010 жылы алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама жақсарғаны анықталды, – дейді Төлеген Сыдық.
Жасыратыны жоқ, көп жағдайда бұл көрсеткіштерге тоқмейілсудің қажетсіздігін тәжірибе көрсетіп отыр. Оның басты себебі, әсіресе, қылмыспен, оның ішінде сыбайлас жемқорлықпен күрес жүйелілікті және жауапкершілікті талап етеді. “Нұр Отан” партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі Мұрат Қалматаевтың есептеуінше, “парақорлық күресте қоғамның қалың бұқара тобын тартудың, сондай-ақ көпшіліктің бойында жемқорлыққа төзгісіздік қасиетті тәрбиелеудің қажеттілігі зор”. “Нұр Отан” ХДП сыбайлас жемқорлықпен күрестің арнаулы бағдарламасын жасады. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, бұл бағдарламаға мемлекеттік құрылымдар жұмысын азаматтық белсенді бақылау, сонымен қатар, көпшілік арасында жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру сияқты маңызды мәселелер енгізілді.
“Нұр Отан” және “Әділет” партиялары өкілдерінің пікірінше, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын төмендетуге ықпал ететін көлеңкелі құбылыс жемқорлыққа тосқауыл қою – мемлекеттің ғана емес, сондай-ақ қоғамның барлық мүшелерінің де басты әрі өзекті міндеті. Әлеуметтік олқылықты тұрғындардың заңнамалық біліктілігін арттырғанда жеңуге болатындығы айтпаса да түсінікті.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.