11 жыл бойына үзіліп қалған ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өткізілуіне де аз уақыт қалды. Жауапты сәт күн санап жақындап келеді. Оған ел ішіндегі әзірліктермен қатар, шет елдердегі біздің елшіліктер де қызу дайындалу үстінде. Осыған байланысты біздің тілшіміз ғаламтор көмегімен Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысовпен тілдесіп, бірнеше сауал қойған еді.
– Ерлан Әбілфайызұлы, тәуелсіздік алғанына 20 жыл толмай-ақ Қазақстан халықаралық беделді ұйым–ЕҚЫҰ төрағалығын атқаруға қол жеткізді. Ванкувер мен Владивосток аралығындағы ұлан-ғайыр алқаптағы мемлекеттердің бірауыздан Қазақстанды төрағалыққа лайық деп бағалауы еліміздің мерейін көтергені анық қой.
– Еліміз егемендікке қол жеткізген күннен бастап, халықаралық қатынастар жүйесінде орын алып жатқан барлық үдерістерге белсенді түрде араласып кетті. Қазақстан көптеген беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып қана қоймай (БҰҰ, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ИКҰ және т.б.), сонымен қатар, өз тарапынан бірнеше жаһандық бастамалар көтерді. Солардың бірі – бүгінгі таңда әлем жұртшылығы мойындаған, құрамына Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия, Иран секілді қайратты мемлекеттер енген Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес болып табылады. Бұл жас мемлекетіміздің халықаралық аренадағы үлкен табысы екені сөзсіз.
Дегенмен, құрамына 56 мемлекетті біріктіріп, Ванкувер мен Владивосток аралығын қамтитын беделді Ұйымға Қазақстанның төрағалық етуі тәуелсіз еліміздің тарихындағы аса маңызды оқиға деп есептеймін. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі республикалар арасында бұл Ұйымды басқарып отырған тұңғыш мемлекет және бұл еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-демократиялық қоғам құру және адам құқықтары, т.б. салалардағы жетістіктерінің мойындалуы деген сөз. Халықаралық қоғамдастық тарапынан мұндай баға алу қай елдің болсын мерейін көтерері анық.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету – бұл мемлекет басшылығының жүргізіп отырған көреген және сарабдал саясатының жемісі, халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалу және жас дипломатиямыздың сыртқы саяси сахнадағы бірден-бір жеңісі болып табылады. Екіншіден, мыңдаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан бай тарихымызды, мәдениетімізді, өнерімізді әлемге паш ететін бірегей мүмкіндік. Үшіншіден, аталған Ұйымға төрағалық ету арқылы еліміз мол саяси тәжірибеге кенеліп, мемлекет ретінде кемелдене түсетін болады.
– Ұйымның атында тұрғанындай, мұндағы мәселелер тек қауіпсіздік қана емес, жалпы ынтымақтастыққа келіп саяды. Ал әлемде ынтымақтаса шешетін мәселелер бастан асады. Мысал ретінде, ЕҚЫҰ-ның басымдықтарының 3 себеттен тұратынын айтсақ та болар.
– Ұйымның пайда болу тарихына үңілсек, онда оның халықаралық қатынастардағы дүрбелең кезең, яғни “қырғи-қабақ соғыс” заманында дүниеге келгенін көреміз. Дәл сол уақытта бір-біріне қас державалар КСРО мен АҚШ-тың бұл ұйымға мүше болуы әлемдегі мәселелердің күрделілігін, алуандығын және оларды ынтымақтаса отырып шешу қажеттігін байқатты. Осы мақсатпен 1975 жылы Еуропа елдері мен АҚШ және Канада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесін (ЕҚЫК) құрып, мәселелердің алуандығын ескере отырып, оларды үш себетке бөлген болатын (әскери-саяси, экономикалық және гуманитарлық).
1991 жылы КСРО күйреп, әлемдегі биполярлы жүйе ыдырағаннан кейін жаһандану үдерісі жаңа қарқынмен дами бастады. Жаһандану нәтижесінде қауіпсіздік мәселелерінің шеңбері өзінің дәстүрлі ұғымынан ауытқи бастады. Мәселен, халықаралық терроризм, экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, адам және есірткі саудасы сияқты қауіпсіздіктің дәстүрлі емес түрлері кеңінен етек жайды. Бұл мәселелердің барлығын халықаралық қоғамдастық біріге отырып шешуі тиіс болды. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер алдында осы және т.б. індеттермен ынтымақтаса отырып күресу міндеті тұр.
Бүгінгі таңда халықаралық қатынастардағы саяси, экономикалық, әскери мәселелер бір-бірімен тығыз байланысып, сабақтасып жатыр. Оған соңғы, ызғары әлі де тарай қоймаған, әлемдік қаржылық дағдарыс барынша куә. Сондықтан әлемдегі орын алып отырған мәселелерді шешуде халықаралық қоғамдастық үшін ынтымақтастық ауадай қажет. Осы орайда қазақтың “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген ұлағатты бір сөзін айта кетудің реті келіп тұр:
– ЕҚЫҰ-ның әлемдік саясаттағы орны баршаға мәлім. Дегенмен, оның әлемдік кеңістікте өзге де халықаралық ұйымдармен ықпалдастықты нығайтуға ұмтылуы да қажеттілік емес пе? Мысалы, БҰҰ-мен және Еуроатлантикалық қауіпсіздікке қатысты өзге де халықаралық ұйымдармен дегендей.
– Сұрақ өте орынды. ЕҚЫҰ – аумақтық және халықаралық қауіпсіздік жүйесінде өте беделді, тәжірибелі және маңызды Ұйым. Құрамына АҚШ, Ресей, толықтай Еуропа және ТМД мемлекеттерін біріктірген Ұйымның әрекет ету алаңының кеңдігін оңай байқауға болады. Айта кетер жәйт, еліміздің бұл Ұйымға төрағалық етуі оның 35 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы 35 жыл ішінде ЕҚЫҰ эволюциялық дамуында бірнеше сатыдан өтіп, бүгінде әлемдік қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқару үстінде.
Атап өткенімдей, жаһандану үдерістерінің нәтижесінде әлемдегі кез келген мәселе бір-бірімен сабақтасып жатыр және АҚШ, Еуропа Одағы, Жапония, Ресей тәрізді алпауыттардың өзі күрделі мәселелерді біріге отырып шешу қажеттігін мойындайды. ЕҚЫҰ да өз тарапынан бұл қажеттілікті жете түсінеді және осы бағытта қызмет атқарып келеді. Мәселен, бұрын Ұйымның қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңбері еуроатлантикамен шектелсе, бертін келе енді еуроазиялық бағытқа да назар аударып отыр. Мұнда Қазақстанның үлесі зор екендігін атап өткен жөн.
Үстіміздегі жылдың 16-17 шілдесінде Алматыда өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі аясында Қазақстанның бастауымен алғаш рет әлемнің әр бөлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысатын бірнеше беделді халықаралық ұйым, атап айтсақ, НАТО, Еуропа Одағы, Еуропа Кеңесі, ТМД, ҰҚШҰ және АӨСШК өкілдері кездесті. Бұл кездесу барысында ЕҚЫҰ аталмыш ұйымдармен жақын қатынастар орнатуға бірегей мүмкіндік алды. Бұл кездесуді тарихи деп атамасақ та, халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты құрудағы маңызды қадам деп есептеймін. Және осының барлығы біздің төрағалығымыздың тиімділігінің айқын көрінісі болып табылады.
– Ерлан Әбілфайызұлы, ЕҚЫҰ – әлемде демократиялық үдерістерді дамытуды басты мақсатының бірі етіп қойған Ұйым. Ал біздің еліміздің тәуелсіз, экономикалық қуатты, демократиялық мемлекет құрудағы табысының мойындалуының белгісі деп осы төрағалық тізгінін 56 мемлекеттің бірауыздан сеніп тапсыруын айтуға болатын шығар. Оған еліміздің өзге де табыстарымен бірге, ел ішіндегі ауызбіршілік, татулық оң әсерін тигізіп отырғаны тағы анық. Айтыңызшы, мұхиттың арғы жағындағылардың қазақстандықтардың осы жетістігіне пікірлері қандай?
– ЕҚЫҰ халықаралық қатынастардағы биполярлы жүйе ыдырағаннан кейін қауіпсіздіктің дәстүрлі емес мәселелеріне ерекше назар аудара бастады. Оның ішінде адам құқықтары мен демократиялық үдерістерге бақылау жасау бар. Бұл жерде ЕҚЫҰ-ның екі дербес институтын атап өткен жөн: Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро мен Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссар. Аталмыш институттардың негізгі қызметі әлемдегі адам құқықтарын қорғау және демократиялық үдерістердің дамуына жағдай жасау болып табылады.
Әрине, 56 мемлекеттің біздің төрағалығымызды бірауыздан қолдауын егемен еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және т.б. салалардағы жетістіктерін мойындауы деп бағалауға болады. Біршама елдер Қазақстанның қысқа мерзімде қол жеткізген табыстарына зор құрметпен қарайды. 70 жылдық тоталитарлық режім құрсауынан босанып шыққан жас мемлекетіміз қоғамды демократияландыру бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Елімізде адамның негізгі бостандықтары мен құқықтарын қорғау үшін барлық жағдай бар. Және бұл бағытта жүйелі түрде қызмет атқарылып келеді. Мәселен, ҚР 2009-2012 жылдарға арналған Адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспары мен 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы жасалып жатқан жұмыстың айқын көрінісі. Сонымен қатар, қысқа мерзім ішінде толықтай демократиялық қоғам құру мүмкін еместігін атай отырып, демократиялық қоғам құру ұзақ сапардың мақсаты емес, мәресі болып табылатынын айтқым келеді.
Еліміздің бірлігі, ынтымағы және жарқын болашағының бірден-бір кепілі болып саналатын ұлтаралық татулық пен төзімділік моделі кімді болса да тәнті етері сөзсіз. Батыстағылар Қазақстанның бұл жетістігінің маңыздылығын атап, ұлтаралық татулыққа қол жеткізуінің моделін зерттеп келеді. Жалпы, Мемлекеттік департамент, бірқатар сенаторлар, америкалық ойшылдар мен сараптамашылар мемлекетіміздегі ұлтаралық татулық пен діндер арасындағы келісімді жоғары бағалайды. Ал америкалық діни ұйымдардың басшылары Қазақстандағы діни төзімділік пен бостандықты бірегей деп санайды және үш жылда бір рет Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің дәстүрлі қонағы болып келеді.
– Соңғы сауал, осыдан 11 жыл бұрын Ыстамбұлда кездескеннен кейін ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары ЕҚЫҰ аясында жүздескен жоқ. Ал әлемде осы 11 жылдың ішінде қаншама ақылдаса отырып жүзеге асыратын мәселелер туып жатыр. Басқаны былай қойғанда, қаржы-экономикалық дағдарыстың салқыны қай елге де оңай тиген жоқ қой. Соған қарағанда, желтоқсанда өтетін саммиттің көтерер жүгі салмақты болатыны күмәнсіз ғой?
– Өзіңіз атап өткендей, ЕҚЫҰ шеңберінде жоғары деңгейдегі кездесу соңғы рет 11 жыл бұрын Ыстамбұлда өтті. Бұл жиында бірқатар маңызды құжаттар қабылданған болатын, атап айтсақ, Еуропа қауіпсіздігі хартиясы, Қорытынды саяси декларация, Сенім шаралары туралы жаңғыртылған Вена құжаты. Аталған құжаттар еуроатлантикалық аумақтағы қауіпсіздікті қамтамсыз етіп, нығайтуға бағытталған болатын. Содан бері халықаралық қатынастарда, оның ішінде қауіпсіздік алаңында талай маңызды оқиғалар орын алып, түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Мысал үшін АҚШ-тағы әлемге әйгілі “11 қыркүйек” оқиғасы мен Ауғанстандағы соғысты, Ирактағы соғыс пен посткеңестік кеңістіктегі қақтығыстарды және жанжалдарды алсақ та жеткілікті ғой деп ойлаймын. Аталған оқиғалар әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа кері әсерін тигізіп, мемлекеттер мен діндер арасында терең ынтымақтастық пен үнқатысу қажет екендігін көрсетті.
1-2 желтоқсанда Астанада өткелі тұрған ЕҚЫҰ-ға мүше-мемлекеттер басшыларының басқосуы халықаралық қатынастардағы орын алып отырған көкейкесті мәселелерді тақылайды. Нақтылай айтсақ, еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік жүйесінің бірыңғай, тұтас және бөлінбестігі қағидасына жіті назар аударылатын болады. ЕҚЫҰ кеңістігінің көлемін ескере отырып, мұндағы талқыланатын мәселелердің алуандығын оңай аңғаруға болады.
Қазақстан саммиттің мейлінше жемісті өтуіне бар күш-жігерін салып, Ұйымға мүше мемлекеттердің ұсыныстары мен пікірлерін ескеріп, сонымен қатар, мәселелердің шынайы жағдайына үлкен көңіл бөліп, еліміз және Ұйымның өзі үшін аса маңызды 56 мемлекет басшылары жиынының күн тәртібін нақтылауда. Мемлекетіміз төрағалықты алған күннен бастап Ұйымдағы (үш себет) тепе-теңдік қағидасына ерекше маңыз беріп келеді және саммит күн тәртібін қалыптастыруда осы қағиданы ұстанады. Әрине, әр мемлекеттің ұлттық мүдделерінің әркелкілігі мен қарама-қайшылықтарын назарға алсақ, бұл өте күрделі жұмыс екені айтпай-ақ түсінікті.
Дегенмен, Астана Саммитіне қатысушылар оның маңыздылығы мен қажеттілігін түсінеді және оның айғағы ретінде бүгінде 40-тан астам мемлекет басшыларының саммитке қатысу туралы мәлімдемелерін келтіруге болады. Әрине, бұл жоғары деңгейдегі кездесу барлық аталмыш мәселелерді шешеді деу қиын, алайда соңғы 11 жыл ішінде орын алып отырған қауіпсіздік мәселелерін шешу жолдарын талқылап, баға беріп, болашақтағы іс-қимыл мен ынтымақтастықты жоспарлауға жол ашады.
Жалпы алғанда, 56 мемлекет басшыларының Астанада басқосуының өзі үлкен маңызға ие деп есептеймін және саммиттің жемісті өтетіндігіне сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.