Ақтауда мұнайлы аймақтың ғана емес, егемен еліміздің еңсесін көтере түсуге бағытталған “Жер-Теңіз-Аспан” мегажобасының құрамдас бөлігі “Ақтау Сити” қаласы құрылысының жүзеге асырылу барысына арналған конференция өтті. Оған осы күндері Ақтауда өтудегі аймақтық 5-ші “Мұнай-Газ.Инфрақұрылым-2010” көрмесі мен аймақтық мұнай-газ техникалық конференциясына қатысудағы мұнай-газ өндіру және сервистік қызмет көрсету кәсіпорындарының басшылары қатысты. Онда облыс әкімі Қ.Көшербаев Елбасы қолдауымен жүргізіліп жатқан мегажоба және басқа да игі істердің жүзеге асуы, жоғары қарқын ала түскен қазыналы түбектің әлеуметтік-экономикалық жетістіктері жайлы жан-жақты әңгімеледі. Қазақстан қала құрылысы одағының президенті Л.Нысанбаева, Англияның “Strategіc Partners” компаниясының президенті Ф.Робертсон және басқалар болашақтың қаласы, өркенді өңір туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Одан соң “Каспий” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы А.Нұрғалиев “Ақтау Сити” қаласы жобасының даму перспективасы “Аққу” деп аталатын бірінші шағын ауданның құрамында салынудағы нысандар туралы хабарлама жасады. Жалпы 2800 отбасын эконом-классты тұрғын үймен қамтамасыз ететін ауданда бұл күндері алғашқы алты үйдің құрылысы жүруде. Осы жерде екі орта мектеп, үш балабақша, сауда, мәдени орталықтар, спорт кешені сияқты әлеуметтік нысандар салынады. Ауданның инженерлік инфрақұрылымы мен абаттандыру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын орындаушы мердігерлер белгіленіпті. Жалпы құны 25,5 млрд. теңге болатын “Аққу” шағын ауданы жобасын “Каспий” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырмақшы.
Жоламан БОШАЛАҚ, Ақтау.