09 Қараша, 2010

Қазақстан статистикасына – 90 жыл

793 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Статистика агенттігінде еліміз статистикасының 90 жылдығына және дүниежүзілік статистика күніне арналған “Қазақстан статистикасы: даму қорытындылары және болашағы” тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Халықаралық конференцияның ашылуына орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев арнайы құттықтау жолдады, оны Президент көмекшісі Бақыт Сұл­та­нов оқып берді. Онда Елбасы статис­тика агенттігі қызметкерлерін мерейлі күнімен құттықтап, олардың жұмысы маңызды саяси шешімдерді қабылдауда және қоғамды дамытуда өте үлкен рөл атқарғандығын атап өткен. Әлемдегі ұлттық статистика қызметтерінің көп жылдар бойы өзара табысты әрі бірлесе әрекет етуінің арқасында азаматтардың ауқымды проблемаларын шешуге кө­мек­тесетін халықаралық статистикалық жүйені құру мүмкіндігі туды. Біздің елі­міздегі бүгінгі айтулы датаның Дүние­жү­зілік статистика күнін атап өтетін жылмен сәйкес келуінің ерекше мәні бар. Бүгінде Қазақстанның статисти­ка­лық жүйесі жоғары халықаралық стан­дарттарға сай келеді, делінген Пре­зи­денттің құттықтау хатында. Бұдан соң Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен Парламент Мәжілісінің спикері Орал Мұхамеджановтың құттықтау хаттары оқылды. Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев Үкімет Статистика агент­тігіне өз мәліметтер базасын өзге де мемлекеттік органдардың мәліметтер базасымен біріктіруге 49 млн.теңге бөл­гендігінен хабардар етті. Оның ай­туын­ша, “Электронды үкіметтің” ақпараттық жүйесі жұмыстары шеңберінде стат­агент­тіктің мәліметтер базасын өзара біріктіру жобасын Үкімет қолдап, соған орай тиесілі қаржы бөліп отыр. Оның 15 млн.теңгесі экономикалық-техникалық негізді жасап шығаруға арналса, қалған 34 млн. теңге біріктіру жүйесін жасап, оны дамытуға бөлінбек. Вице-премьер­дің пікіріне құлақ салсақ, бұл жұмыс­тар­дың жүзеге асуы заманауи ақпараттық технологияларға сәйкес болып, 2013 жылы ақпараттық инфрақұрылымды одан әрі жақсарта түспек. Бұдан соң сөз алған Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов агент­тіктің соңғы жылдары жүргізген жұмыстарының қорытындысына тоқтал­ды. 90 жыл бойы еліміздің әлеуметтік, эко­номикалық және өзге де салала­рын­да жүргізілген статистикалық жұмыс­тарға тоқтала келіп, 1999 және 2009 жыл­дары өткізілген ұлттық санақтарды да ерекше атап өтті. Соңғы халық сана­ғы­ның қорытындысы таяу уақытта бас­пасөзде жарияланбақ. “Санақты жүр­гізуге қатысты барлық жұмыстар аяқ­талды. Ол туралы үстіміздегі жылғы ақ­пан айында қысқаша қорытындыны хабарлаған болатынбыз. Енді алдағы 2-3 күн ішінде қалған ақпараттарды жа­риялайтын боламыз”, деді Ә.Смайылов. Венера ТҮГЕЛБАЙ.