Азиада жаршысы
“Егемен Қазақстанның” VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті
Азиадаға 81 күн қалдыАлауды кім жағады? Ол әзірше құпия ұсталынуда
– Алау эстафетасын өткізу идеясы қалай туындады? – Бұл идея Бейжің Олимпиадасы қарсаңында ойға келді. Есіңізде ме, сол кезде Алматы алауды ұстап жүрудің бірінші кезеңін өткізген еді ғой. Осы кезде біз де алдағы Қысқы Азия ойындарының алау шырағданын өткізу керек деп шештік. Бұл ұсынысымызды АОК қолдады. Сөйтіп, оның тұжырымдамасы, бағдарламасы жасалып, бекітілді. Осы құжаттарға сәйкес, алау эстафетасын 20 күнге қысқарттық және ол барлық облыстарды аралап шығатын болып шешілді. Алау эстафетасы бұған дейін айтылғандай, 2011 жылғы 11 қаңтар күні АОК штаб-пәтері орналасқан Әл-Кувейт қаласында тұтандырылады. Бізге дейін Азия ойындарының тарихында алау жарысты қабылдайтын елдің аумағында ғана тұтандырылғанын білесіздер. Ал біз жаңа дәстүрді бастап отырмыз. Енді бұдан кейінгі ойындардың бәрінде алау Әл-Кувейтте тұтандырылатын болады. – Алауды тұтандырудың қандай ерекшеліктері болады? – Оның мындай бір ерекшелігі бар. Мәселен, АОК символы – күн екені белгілі. Осыған дейін алау күн сәулесін жинақтайтын параболикалық шынының көмегімен тұтандырылып келсе, енді біздің Азиадамыздың алауы күн сәулесінен қуат жинайтын, сол арқылы от ұшқынын тудыратын күн батареясымен тұтанады. Ол 11 қаңтар күні тұтанғаннан кейін Алматыға 12 қаңтар күні Ту-154 ұшағының бортымен жеткізіледі. Ал алауды тұтындару рәсіміне АОК президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах, біздің жақтан велошабандоз Александр Винокуров пен хоккейші Талғат Жайлауов қатысады. Содан алау Алматыға келген соң, ол бүкіл облыстарды аралап шығады. Бұл жерлерде ол бір-бір күн өткізеді. Неге бір күн дейсіз ғой? Өйткені, біз 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиададан кейін ТМД елдерінің ешқайсысында болмаған алау эстафетасын отандастарымыздың жүрегіне ұялатып, сол арқылы Азия ойындарына деген қызығушылықтарын арттырып, адамның бойында отансүйгіштік сезімді оятып, қалыптастырғымыз келеді. – Алауды неше адам ұстап жүреді? – 1020 адам ұстайды. Басында 1000 адам ұстайтын болған. Яғни, облыстарда 60 адамнан, Алматыда 60 және Астанада 100 адам ұстап жүру керек деп шешкенбіз. Бірақ Алматы әкімі Ахметжан Есімов қаланың тарихын, оның алатын орнын айтып, алау ұстаушылардың санын 80 адамға жеткізу туралы ұсыныс айтты. Біз оған келістік. – Алау ұстаушылардың құрамы қалай болады? – Алауды бекітілген ережеге сәйкес кәсіптік деңгейін жоғары екенін көрсете алатын азаматтар ұстайды. Содан кейін ең бірінші рет ондай жандардың жасы 14 жасқа дейін төмендетілді. Жалпы, біздің ойымызша, Азиада, оның алау эстафетасы сияқты іс-шаралары бұқаралық спортты дамытудың маңызды факторы болу керек. Сол себептен біз тек спортта жоғары жетістікке жеткен адамдарды ғана емес, жеке басының басқаларға үлгі бола алатын, бұқаралық спортпен айналысатын азаматтар мен оттан, судан құтқарған отандастарымызды алауды ұстап жүруге лайық деп санаймыз. Сонымен бірге, оның құрамында мәдениет, өнер қайраткерлері, мемлекеттік қызметкер мен бизнес өкілдері де болады. – Алау сақшылары туралы айтсаңыз. – Бұл адамдар алау ұстаушының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін топты құрайды. Олар Кувейтте тұтанған алауды тасымалданбалы оттықта сақтап, Қазақстанға жеткізуі тиіс. Содан кейін олар алау құтының сөнбеуін қамтамасыз етуі керек. Біздің ойымызша, алау эстафетасы кезінде Бейжің Олимпиадасы басталар алдындағы жағдай болмайды. Ол кезде Тибетке байланысты алау сөндіру әрекеттері болғанын білесіздер. Ал біздің жағдайда мұндай тосын оқиғалар болмайды деп ойлаймын. Алау ұстаушы Алматыдан бастап 20 күнде күн сайын 12 шақырымды жүгіріп өтуі тиіс. Кейбір жерде ол атқа мініп, шаңғы мен шана, коньки тебуі де мүмкін. Алау сақшылары сондай кезде алау ұстаушымен ілесіп жүруі керек. Содан кейін алау эстафетасын тікұшақ пен Ан-30 ұшағы бақылап отырады. Олар адамның қан қысымы жоғары немесе төмендегенде жедел жәрдем көрсетеді. – Алау эстафетасының негізі мен түр-түсі туралы айтсаңыз. – Оған б.з.д. ІІІ-1 ғасырларға жататын Алматының маңында археологиялық қазбалардың нәтижесінде табылған сақ шырағданы алынды. Ал алау құтысында еліміздің символы барыс бейнеленген, онда кереге де бар. Оның салмағы 1,7 кг., биіктігі 65 см. Тасымалданбалы оттықта алау сақталады. Жылжымалы қазандыққа тайқазан символы алынған. Алаугердің киімі ақ түсті, сақшылардікі көк түсті болады. Көліктік лекке келсек, оның басы мен соңында полиция көлігі жүреді. Белгілі бір межеде түсіретін автобус, хаттамалық-түсірілімдер жасайтын медиа-карт, алаугерді жеткізетін топ, алау сақшылары отыратын көлік, өз межесін жүріп өткен алаугерді жинайтын көлік, жедел жәрдем мен техникалық көлік болады. – Алауды жағатын адамның есімі белгісіз ғой... – Иә, белгісіз. Белгілі болған жағдайды оны айтпас едік. Ол құпия болуы керек. Жалпы, эстафета 15 мың шақырымды құрайды. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН. Сіздің дауысыңыз маңызды Конкурстың қазылар алқасы 2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарының әнұранына лайық деген 10 үздік жұмысты таңдап алды. Биылғы жылдың 1 қарашасынан бастап “Қазақ радиосы”, “NS радиосы”, “Сәлем радиосы” эфирлерінен дауыс беру басталды. Енді әр қазақстандық Азиада әнұранына лайық деген әуенге өз дауысын бере алады. Ұнаған әнге өз дауысыңызды беру үшін Azіada деген сөзден кейін бос орын қалдырып, музыкалық композицияның нөмірі жазылған хабарламаны 1212 қысқа нөміріне жіберіңіз. Мысалы: Azіada 1 SMS-хабарлама “1” Ескендір Хасанғалиевтің “Азиада Алауы” әні үшін SMS-хабарлама “2” Кеңес Дүйсекеевтің “Азиада – Қазақстан” әні үшін SMS-хабарлама“3” Нұржан Теңізбаевтың, “Казақстан” әні үшін SMS-хабарлама“4” Бақтияр Құсайыновтың “Ел намысы” әні үшін SMS-хабарлама “5” “Мистерионс” тобының “Азиада” әні үшін SMS-хабарлама “6” Мақсат Жәутіковтің “Спорт” әні үшін SMS-хабарлама “7” Естай Әлекеевтің “Алға Қазақстан” әні үшін SMS-хабарлама “8” Дүйсехан Сыздықовтың “Азиада алауы” әні үшін SMS-хабарлама “9” Иван Бреусовтың “Азиада” әні үшін SMS-хабарлама “10” Еркеш Шәкеевтің “Азиада” әні үшін Дауыс беру 2010 жылғы 21 қарашаға дейін жалғасады. Қызметтер Kcell, ActіV, Beelіne, Neo сияқты GSM желісінің барлық операторлары үшін қол жетімді. Олар осында орналасады (АЛМАТЫ) ХОЛИДЕЙ ИНН Тимирязев к-сі, 2 д Төрт жұлдызды, 150 нөмірлі қонақ үй. Ұлттық олимпиялық комитеттердің президенттері мен бас хатшыларына арналған. ОТЫРАР Гоголь к-сі, 73 Төрт жұлдызды, 148 нөмірлі қонақ үй. Фристайлден командалар, ресми лауазым иелері орналасады. АЛАТАУ САНАТОРИЙІ Тау Самалы кенті, Шаляпин мен Ясауи к-нің қиылысы Төрт жұлдызды, 263 нөмірлі қонақ үй. Хосттаратушыларға арналған. АЙСЕР Пожарский к-сі, 1 Төрт жұлдызды, 45 нөмірлі қонақ үй. Халықаралық және ұлттық дәрежедегі төрешілер орналасады. ЕУРАЗИЯ Самал-1 шағын ауданы, Жолдасбеков к-сі, 9а Төрт жұлдызды, 50 нөмірлі қонақ үй. Шетел БАҚ өкілдеріне арналған.Ақжолтай!
Осы жұма күні Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтетін Жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында Қысқы Азиаданы ұйымдастыру комитеті мүшелеріне Азиаданың жалауы ресми түрде табыс етіледі. Сонымен бірге бұл рәсімде Астана мен Алматыдан кейін келесі ойындарды қабылдайтын қаланың аты жарияланатын болады. “Спорт шежіресі” Алматыдағы Орталық мұражайда осындай көрме өтуде Спорт саласының дамуы қазіргі заманғы мемлекеттер саясатының ұлт денсаулығын сақтаудағы маңызды да басым міндеті болып табылады. Алматыдағы ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде ашылған көрме Қазақстанның спорт дамуында өзіндік дәстүрлері бар спорттық ірі мемлекет дәрежесіне қол жеткізуімен өзекті болып отыр. Оның айғағы Астана мен Алматы қалаларында 2011 жылы VІІ Қысқы Азиялық ойындары екендігін қайталаудың қажеті жоқ. Еліміздің спорттағы майталмандарының қатысуымен салтанатты түрде тұсауын кескен көрменің айтары көп. Кеңес уақытында Қазақстан спортшылары бірнеше рет жоғары олимпиялық марапаттарға ие болды. Олардың қатарында Ғұсман Қосанов, Евгений Яровенко, Әлжан Жармұхамедов, Нелли Ким, Жақсылық Үшкемпіров, Шамиль Серіков, Анатолий Храпатый сынды спорт саңлақтары бар Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін төрт жазғы және төрт қысқы Олимпиадаларға қатысты, мұнда бір емес бірнеше рет республикамыздың Әнұраны ойналып, еліміздің байрағы көкке көтерілді. Елдің спорт тарихынының шежіресіне мәңгілік Юрий Мельниченко, Александр Парыгин, Василий Жиров, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Ольга Шишигина, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Илья Ильиндердің есімі енді. Қысқы спорт түрлерінің жарқын түлғасы, топжарған сайыпқыраны атақты шаңғышы Владимир Смирнов болып қала бермек. Ванкуверде өткен соңғы қысқы Олимпиадада Елена Хрусталева 12 жылдық үзілістен соң биатлон бойынша күміс медаль жеңіп алды. Көрмеде А.Құнанбаевтың тоғыз құмалағы, Ж.Үшкемпіров, О.Жарылқапов, С.Қонақбаевтың кешендері, КСРО халықтары спартакидасына қатысушылардың қазақша киімдері қойылды. Қысқы спорт түрлері және “Динамо” ОО ФСО ұсынған материалдары жеке экспозицияда ұсынылуда. Еліміздің спорттағы жетістіктерін ұлықтау республикамыздың спорт саласы дамуындағы, халықаралық олимпиада қозғалысындағы маңызды бағыт бола отырып, ұлт денсаулығын нығайтуға үлес қоса бермек. Әр бөлім хронологиялық тәртіп бойынша ұсынылып, фото құжат материалдарымен, оған қоса музей қорындағы заттай экспонаттармен толықтырылған. Осылайша, көрме Қазақстан спортының даму тарихын оның қайнар көзінен (дәстүрлі спорт түрлері) қазіргі кезеңге дейін қарастырып, және кеңес уақыты мен тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдердегі жеке спорт түрлерін Қазақстан Олимпиада чемпиондарының жетістіктері арқылы бейнелейді. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ. Бетті дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН.