13 Қараша, 2010

16 қараша – Құрбан айттың алғашқы күні

616 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлық мереке құтты болсын!

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!

Алланы бір, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғам­бар­ды хақ деп білетін мұсылман баласы үшін Жа­ра­тушымыз белгілеп берген екі мейрам­ның ұлығы Құрбан айт күндеріне де жеттік. Алла тағаланың разылығы үшін мал шалы­нып, кең дастарқан жайылып, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін шат-шадыман қуа­нышқа бөленетін бұл ұлық мейрам Қа­зақ­стан жұртшылығына да ырыс пен береке әкелсін! Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жа­қындай түсуге тамаша мүмкіндік алады. Асы­лы, “Құрбан” сөзі де араб тілінен аударғанда, “жақын болу”, “жақындау” мағынасын біл­діре­ді. Олай болса, құрбандық шалу ғана емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жет­кізудің бір жолы деп түсінген абзал. Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пай­ғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Бұл ғибадат арқылы Алланың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Қасиетті Құран кәрімде: “Аллаға қүрбанның еттері, қандары, әсте жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықта­рың жетеді” (“Хаж” сүресі, 37-аят), – де­лін­ген. Аятта құлшылық ретінде сойылған құр­бандықтың маңызды бір шарты шы­найы­лық пен тақуалық екендігі ашық баяндалған. Олай болса, мәселе Алла жолына аталған мал­дың еті мен қанында емес, оны шалу­шы­ның тақуалығында. Сондықтан да құрбан шалынып жатқанда “Аллаһумма минкә уә ләке”  (Уа, Алла тағалам, бұл мал Сенен келді, Саған барады) деген дұғаның көбірек айтылуы тегін емес. Құрбан айт күндері шариғат бойынша нисап мөлшеріндегі, яғни 85 г. алтынға тең ақ­шасы бар, басы азат, ақыл-есі бүтін, жол­са­парда емес мұсылманға кем-кетіксіз бір жас­тағы қойды, не ешкіні яки бір адамнан жеті адамға дейін ниет ете отырып екі жасар сиыр немесе бес жасар түйені құрбан­дық­қа шалу уәжіп. Құрбандықтың уәжіптігі қа­сиетті Құранда: “Раббың үшін (айт намазын) оқы, құрбандық шал” (“Кәусәр” сүресі, 2-аят), – деп бұйырылған. Ал, әз-Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!”, – деп ескерткен. Бұл хадис құр­бан шалу мер­зімін бейқамдықпен өткізіп алмауға үндейді һәм сараңдық танытып, уәжіпті орындаудан бас тартудың күнә екенін білдіреді. Ардақты Алла елшісінің (с.ғ.с.) осы сүннетіне аса байыппен қарап, шын ризашылықпен дұрыс шалынған мал Алла тағала разылығына қол жеткіздіруі мүмкін. Құрбан айт мейрамының жамағат ара­сын­дағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты артты­ру­дағы рөлі аса зор. Айт намазын оқуға мешіт­ке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, қа­был болсын деу арқылы достық пен ағайын­дық­ты нығайта түседі. Мерекенің алғашқы күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, қош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен сәлемдесу, құрбандық етімен ауыз ашу үшін айт намазының алдында ештеңе жемей, оған бара жатқанда тәкбір айту хазреті Мұхам­мед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті. Сондықтан бұл күндері шариғат мұсыл­ман­дарға мешітке жиналып, бірге айт намазын оқу­ды, бақилық болған жақын-жұрағаттарына Құран бағыштауды бірін-бірі мерекемен құт­тық­тауды, үйлерінде тәтті тағамдар жасап, кел­ген қонақ­тарды күтуді, алыс-жақын туған-туыс­қандарымен жүздесуді, олардың ішінде қиыншылыққа тап болғандарына қарайласып, көңілдерін аулап, сыйлық беруді, сырқаттарға зиярат жасауды, араздасқандарға татуласуды міндеттейді. 2010 – Отанымыз үшін ерекше жыл. Тәуел­сіз мемлекеттер достастығына мүше елдер ара­сында Қазақстан тұңғыш рет 56 мемлекет құрамы­на енетін халықаралық аса беделді – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төрағалық етуде. Әлемдік үлкенді-кішілі мемлекеттердің басшылары мен ірі қайраткерлердің, сарабдал сарапшылардың бұған қатысты берген бағасы мен пікірі мейлінше жоғары. Құрбан айттан кейін Астанада осы ұйымға кіретін мемлекет бас­шы­лары мен халықаралық беделді ұйымдар өкілдерінің келелі басқосуы – Саммиті өт­пек. Онда әлемдік күрделі мәселелер қара­лып, талқыланады. Осының бәрі тәуелсіз Қа­зақстанның, оның дана басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың зор абыройы мен беделінің арқасы екенін әлем танып, мойындап отыр. Мұны әрбір отандасымыз зор мақтаныш етіп, үлкен жетістік деп біледі. Бұл үшін Алла тағалаға сансыз мақтау­ларымыз бен шүкірлігіміз болсын! Құрметті мұсылман бауырлар мен отандастар! Ұлық мереке құтты болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін! Әрбір отбасына бақыт, береке қонғай! Көп ұлт пен ұлысты Отанымызға бірлік пен ынтымақ бергей! Жаратушы Иеміз сүйікті Қазақстанымыз бен ел қамында жүрген Елбасымыздың мерейін үстем етіп, халқымыздың ауызбірлігін арттыра бергей! Әмин! Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.