1985 жыл. Шіліңгір шілде. Орал қаласынан 41 шақырым қашықтықта, Жайық өзені жағалауындағы ит тұмсығы батпайтын қалың тоғайдың тұсынан жаңа шипажай ашылды. Бұған дейінгі “Орал” демалыс үйі базасында керегесін көтерген шипажайға “Ақжайық” атауы берілді. Осының алдында ғана бұл жерден табиғи минералды сулардың бай қоры табылуына байланысты бұл ем алу мен демалу орны бальнеологиялық сипатқа ие бола бастады.
25 жылдың жүзінен көз тастаған шақта “Ақжайықтың” ашылуына бастамашы болған басшының есімін айтпай кетсек шындыққа қиянат жасап алармыз. Ол сол кездегі Орал обкомының бірінші хатшысы Мұстақым Ықсанов болатын. Сөйтіп, “Ақжайық” суының емдік қасиетіне көз жеткізгендер қатары жылдан жылға көбейе бастады. Бұл жәйт Жайық жағасындағы шипажайға республиканың өзге өңірлерінен, Ресейдің көршілес Орынбор, Самара, Саратов, Астрахань және Волгоград облыстарынан келгендердің қатарын молайта түсті. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары ауруына бұл жердің суы мың да бір ем екені жиырма бес жылдың тәжірибесінде толығымен дәлелденді. Осыған бір мысал. 1987 жылы Алматыдан “Ақжайыққа” ем алуға ҚазМУ-дің журналистика факультетінде бірге оқыған курстасымыз Абдулхамит Досыбаев келді.Ол студент кезінен бері қан қысымы дертінен зардап шегіп жүретін.Әбекеңе емдеуші дәрігері аталмыш шипажайға келіп ем алуға кеңес беріпті. Айтып айтпай не керек, оған “Ақжайық” суы майдай жақты десе де болады. Алматыға аттанарда көңіл-күйі өте көтеріңкі болатын: қан қысымым 120/80 ғарышкердікіндей деп еді ол сонда бізге. Амал қанша екі-үш жыл өткен соң журфакқа он жыл трактор айдап келіп түскен курстың “ақсақалы” А.Досыбаевтың өмірден өткенін естідік.
Тоқсаныншы жылдардың орта тұсына қарай “Ақжайық” шипажайына қарасты нысандар ескіріп азып-тоза бастады. Оның жұмыс істеуі маусымдық сипат алды. Қыс айларында есігі демалушылар үшін жабық тұрды. 1985-2008 жылдар аралығында “Ақжайық” шипажайы көмірмен және сұйық отындар – мазутпен, жағармаймен жылытылды. Осы тұста газетімізде “Ақжайық” санаторийі жетімсіреп тұр деген сын мақала жарияланды. Бұдан соң тағы да бірнеше дүркін “Егеменнің” бетінде осы бір тамаша демалыс орнының ажары тая бастағаны жөнінде сараптамалық материалдар жарық көрді. Бұған елдің барлық өңірлеріндегі оқырмандар үн қосып, газет көтерген мәселе үлкен жаңғырық туғызды.
Бұл кезең 2007 жылдың жаз және күз айларына тұспа-тұс келеді. Шипажайға араша түсуді сұраған ел зиялылары мен соғыс және еңбек ардагерлерінің өтініш хаттары сол кезде Елбасы Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Бақтықожа Ізмұхамбетовке де түскен екен.
Сөйтіп, жаңа облыс басшысының тікелей араласуымен көп кешікпей бес қабатты жатын ғимарат, мәдениет үйі және асхана қалпына келтірілді. Оның бергі жағында курорт басшылары өз күштерімен үш қабатты әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жүргізген екен. Олардың бәріне жаңа құрал-жабдықтар мен жиһаздар сатып алынған. Күрделі жөндеумен қатар абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да қатар жүргізілді. Жайық өзені жағалауына дейін жарықталған жол салынды.
“Ақжайық” шипажайының тарихында 2008 жылдың қараша айы сірә алтын әріптермен жазылып қалатын шығар. Бұл кезде оған Жайық өзені арқылы газ құбыры жеткізілді. Су айдынының асты арқылы газ өткізу – өте күрделі технология. Мұндай жаңашыл қадамға газ өндірісшілерінің бәрі бірдей тәуекелі тұра бермейді. Сондықтан да мұны халық игілігі үшін жасалған ерлікке татитын іс десе де артық емес. Осыдан кейін шипажай ем алушылар мен дем алушыларға жыл бойы үздіксіз қызмет көрсете бастады. Жасыратын несі бар шипажайдың жиырма бес жылдық тарихында оны басқарушылардың өте жиі ауысуы ұжымның берекесін кетірді. “Ақжайықтың” арқауы босауына да бұл жәйттің тигізген теріс әсері жоқ емес. Өткен жылдың сәуір айында “Ақжайық” шипажайының директоры болып бұған дейін республиканың курорттық-санаторийлік жүйелерінде басшы қызметтерде болған, осы уақыт аралығында өзін іскер ұйымдастырушы ретінде көрсете білген азамат Хайдар Базаралиев тағайындалды. Ол аз уақыттың ішінде шипажайдың толық қайтарыммен жұмыс істеуіне негіз қалай алды.
– Бюджеттен бөлінген қаражатты жұмсауға көп ақылдың қажеті шамалы. Өресі тек соған ғана жететін курорт басшыларынан Хайдардың басты бір айырмашылығы әрі артықшылығы шектен тыс шаруақорлығында. Құнттылығында. Ылғи да бірді екі, екіні төрт етіп отыруында. Ол бір жылдың ішінде жиырма бес жылдан бері ауыстырылмаған жер астындағы және жер үстіндегі инженерлік жүйелерді бюджеттен көк тиын алмай өз қаражатына жаңартып шықты. Міне, басшы болса осындай болсын деп өз ой-пікірін білдірді осы материалды жазу барысында Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділғазы Нұрғалиев. Осы пікірді Орал қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағи Алдабергенов те қостады.
Бұған қосарымыз жаңа басшының тұсында “Ақжайыққа” келіп демалатындар саны 2,5-3 есеге дейін көбейген. Шипажай қызметкерлерінің орташа жалақысы биыл 55 мың теңгеге ұлғайған. Бұдан екі жыл бұрын ол 34 мың теңге көлемінде болыпты.
Әрине, осыған қарап “Ақжайық” шипажайының төрт құбыласы түгелденіп, барлық мәселелер толық шешімін тапты деуге сәл ертерек болар. Атап айтқанда, жоғарыда көрсетілгендей соңғы жылдары емделушілер санының күрт өсуіне байланысты емдеу ғимараты тарлық жасай бастады. Оның үстіне әлеуметтік қорғау органдарының арнайы жолдамасымен келетін соғыс ардагерлері мен зейнеткерлердің және мүгедектердің қатары да көбейіп келеді. Сондықтан да алдағы жылдары емдеу ғимаратын кеңейту шаралары белгіленіп отыр.
Сондай-ақ емдеу мен жатын ғимараттары арасында ұзындығы 250 метрлік ашық жер бар. Бұл күздің желі мен қыстың аязды күндері, лайсаң жауынды-шашынды күндерде емнен терлеп шыққандарға қолайсыз тиіп жүр.Осы ыңғайсыздықты ретке келтіру де әзірге шешімін таба қойған жоқ. Мұның басты жолы аталған екі ғимарат арасын жалғастыратын жабық, өтпелі дәліз салу болмақ. Тек сонда ғана емнен терлеп шыққандар жұқа киіммен жатын жайларға қарай сол терлеп-тепшіген күйінде емін-еркін бара бермек.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.
Суретте: “Ақжайық” шипажайының сыртқы көрінісі.