Жасампаздықтың жарқын жетістігі
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына кіретін 56 елдің сыртқы істер министрлері 2007 жылы Мадридте бас қосып, Қазақстанның осы Ұйымға 2010 жылы төрағалық ететіні жөнінде шешім қабылдаған сәтте, бір жағынан, мемлекетіміздің халықаралық аренадағы абырой-атағы мен мәртебесінің өскеніне бүкіл ел болып қуансақ, екінші жағынан, бұл шешімнің елімізге көрсетілген үлкен сенім ғана емес, зор жауапкершілік екенін де сезініп, терең тебіренгеніміз әлі ұмытыла қойған жоқ. Өйткені, бұлай түйсінуге түрткі болған себептер де ол кезде баршылық еді. Мәселен, 35 жылдық тарихы бар ЕҚЫҰ өзіне төрағаны әдетте тек Батыс Еуропа елдері мен Солтүстік Атлантика аймағындағы АҚШ пен Канада секілді елдердің арасынан ғана таңдайтын. Ал кешегі Кеңес Одағы ыдырап, егемендігін жаңа ғана алып шыққан жас мемлекеттердің біріне Ұйымның төрағалық тізгіні тие қояды деген ой ешкімнің өңі тұрмақ түсіне де кірмеген болатын. Міне, сондықтан да болар, 55 елдің ұзақ та қызу талқысынан кейін Ұйым дәстүрінің сірескен сеңі бұзылып, консенсуспен қабылданған тарихи шешім мен таңдаудың әрі азиялық, әрі ТМД елдерінің бірі, әрі халқының басым көпшілігі мұсылман, әрі түркі тектес Қазақстан мемлекетіне бұйырған сәтте, әрине, Батыс әлемі қатты таңданып, қайран қалған болатын. Себебі, дәл сол кезде төрағалыққа қол созып, одан дәмелі болған өзге мемлекеттер де жетіп артылатын. Ендеше, осыдан төрт жыл бұрын Ұйымға мүше елдерді түгелдей елең еткізген әлгі тосын таңдау мен саяси шешімнің астарында не сыр жатыр еді деген жұмбаққа үңіліп, Ұйымның нысаналары мен мақсат-мүдделеріне сол кезде еліміздің қауһары мен жауапкершілік әлеуетінің қаншалықты сай болғанын таразылап көрелік. Біріншіден, атының өзі айтып тұрғандай, ЕҚЫҰ тек Еуропа аумағының шеңберімен ғана шектеліп қалған жоқ. Себебі, жаһандық форумға айналып үлгерген бұл Ұйымның жауапкершілігіне қазір батыс жарты шардағы Ванкуверден шығыс жарты шардағы Владивостокқа дейінгі еуроатлантикалық және еуразиялық алып аймақтарда, нақтырақ айтқанда, үш континентте орналасқан елу алты мемлекеттің әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық өлшемдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаты ғана емес, сонымен қатар, халқының саны бір миллиардтан асатын аталмыш географиялық кеңістіктегі өркениетаралық, мәдениетаралық, дінаралық және саяси үнқатысу мен сенім шараларын толассыз дамыту міндеті қоса кіреді. Бұл тұрғыдан, ЕҚЫҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ислам Конференциясы Ұйымынан кейінгі үшінші орында тұрған алып үнқатысу алаңы. Екіншіден, жоғарыда айтылғандардан бөлек, ЕҚЫҰ өзінің әріптестері саналатын Австралия, Ауғанстан, Жапония, Корея республикасы, Моңғолия, Тайланд және сол сияқты Жерорта теңізі маңындағы Израиль, Иордания немесе Африкадағы Алжир, Егиет, Марокко,Тунис сынды мемлекеттердің де қауіпсіздігі мен сенім шараларын тұрақты дамытып отыруды көздейді. Үшіншіден, ЕҚЫҰ Орталық Еуропа бастамасы, Еуропа Кеңесі, Араб мемлекеттерінің лигасы, НАТО, БҰҰ сияқты ірі халықаралық бірлестіктермен қатар, үкіметтік емес ұйымдармен де, сол сияқты өзіне қажет білікті мамандар таңдау үшін әйгілі университеттер, ғылыми-зерттеу институттары және дипломатиялық академиялармен де тығыз байланыс орнатқан. Демек, Ұйымның жаһандық ауқымы мен жауапкершілік жүгінің қаншалықты салмақты әрі зор екенін осы айтылғандардың өзінен-ақ біле беруге болады. Ал енді жасы жиырмаға әлі толмаған Қазақстанның ЕҚЫҰ сынды алпауыт ұйымды басқаруға әлеуеті жеткілікті болды ма деген сауалдың жауабын іздер болсақ, бірден басын ашып, кесіп айту керек, еліміздің экономикалық күш-қуаты да, саяси-дипломатиялық әлеуеті де, осы уақытқа дейін өзге аймақтық халықаралық ұйымдарды басқаруда жинақтаған тәжірибесі де ешкімнен кем емес болатын. Мұны төмендегі дәйекті дәлелдер толығымен айғақтайды. Біріншіден, Қазақстан бұрын Кеңес Одағының құрамындағы республикалардың бірі болған кездің өзінде де жер көлемі мен қойнауындағы табиғи қазба байлығының қоры жағынан Ресейден кейінгі екінші орынды иеленетін. Екіншіден, экономикасының басты салалары болып табылатын тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, металлургия өндірісі, ғылым-білім әлеуеті мен адами ресурстарының сапасы жағынан да Қазақстан сол кездердің өзінде Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында нық тұратын. Сосын Батыс елдері Қазақстанның ұлан-ғайыр байлықтың иесі екендігіне көзі жетпесе, кезінде елімізді Кеңес Одағының “нан себеті” деп атамаған болар еді ғой. Үшіншіден, бүкіл әлем қауымдастығы секілді көнекөз Еуропа да Қазақстанның егемендікке бет алған алғашқы сәтінде Президент Назарбаевтың ядролық сынақтарға қарсы әлемде теңдесі жоқ батыл қадам жасап, бұрынғы Кеңес Одағының қырық жыл бойы бес жүзге тарта тажал сынақ өткізген, соның салдарынан мыңдаған адамның өмірін жалмап, қоршаған ортаға өлшеусіз зобалаң әкелген Семей ядролық полигонын жапқанын да және ядролық сынақтарға біржолата тыйым салып, бүкіл әлемге тың үлгі көрсеткенін де ұмыта қойған жоқ. Төртіншіден, Қазақстанда орналасқан, көлемі жағынан әлемде төртінші орындағы ядролық арсеналдан Президент Назарбаевтың бас тартып, оны түгелдей жойып жіберуге шешім қабылдап қана қоймай, ол шешімін нақты іске асырғанын ғаламшардағы әйгілі саясаткерлер мен мемлекет басшылары да, ең абыройлы халықаралық ұйымдардың санатындағы ЕҚЫҰ да назарынан тыс қалдырмағаны шындық. Бесіншіден, Қазақстан Президентінің сындарлы ішкі саясаты мен көпвекторлы сыртқы саясатының нәтижесінде елдегі инвестициялық климаттың биік деңгейге көтеріліп, әлемді жаппай шарпыған қаржы дағдарысының алдында Еліміздің жалпы ұлттық ішкі өнімінің жыл сайын 9, 10 пайыздан төмен түспей, экономикамыздың үлкен қарқынмен дамып, Қазақстанның толағай табыстарға қол жеткізгені сырт көзден таса қалмағаны анық. Алтыншыдан, халқымыздың әл-ауқатының тез көтеріліп, Қазақстанның шет елдермен дипломатиялық және саяси-экономикалық байланыстарының қарқынды дамып, сауда-саттықты, әсіресе, Ресей, АҚШ, Қытай сияқты алпауыт елдермен қатар Еуропа Одағының сол сияқты Азияның ең қуатты мемлекеттерімен де, алыс-жақын мұсылман елдерімен де тез жолға қойып, дамудың демократиялық жолын таңдағаны ЕҚЫҰ назарынан тыс қалмағаны күмән тудырмайды. Жетіншіден, батыс елдері Қазақстанның қуат көздерінің, нақтырақ айтқанда, мұнай-газ, көмір және ядролық отын қорының өте зор екендігін де, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе, жоғары сапалы бидай мен ұн экспорттаудағы мүмкіндіктерін көріп, әлемнің энергетикалық әрі азық-түлік қауіпсіздігіне оң ықпал тигізе алатынын әлеуетінің жеткілікті екенін де ескерді десек, шындықтан алыс кетпейміз. Сегізіншіден, ЕҚЫҰ Қазақстанның Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздікті қалыптастыруға, оның ішінде Ауғанстанда орын алып отырған шиеленістерді еңсе-руге, аймақтағы қару-жарақ пен есірткі тасымалдауды ауыздықтап, лаңкестік топтарды тізгіндеуге де шамасы келетінін және халықаралық аренадағы мәмілегершілік тәжірибесінің де мол екенінен Батыстың хабары жеткілікті болды десек, артық айтқандық емес. Тоғызыншыдан, ЕҚЫҰ Қазақстанның әлемдік геосяси аренадағы орнына да жете мән берді. Төрағалыққа таңдау жасағанда Ұйым Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғастыра алатын мүмкіндігі мол мемлекет екенін де таразы басына салып, оның тоғыз жолдың торабында орналасқан әрі ынтымағы мен бірлігі жарасқан көпұлтты, көпконфессиялы және, ең бастысы, ежелден ешкімді кемсітіп-шеттетпейтін, рухани мәдениеті мен дәстүрі терең мемлекет екенін жақсы білетінін анық байқатты. Мұны мына бір айғақ толық дәлелдейді. 2008 жылы Ұйымның Іс басындағы төрағасының Мұсылмандарды шеттету-кемсітумен күрес жөніндегі жеке өкілі ретінде Варшавадағы Демократиялық институттар мен адам құқықтары орталығының АҚШ үкіметімен келісе отырып жасақтаған арнайы бағдарламасына сәйкес АҚШ-та болып, мемлекеттік органдармен қатар сол елде ресми тіркелген өкіметтік емес мұсылман ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, аталмыш елде орын алып отырған мұсылмандарға қатысты кемсітушілік пен шеттетудің ішкі-сыртқы сипатымен жақын танысудың реті келді. Әлгі ұйымдардың өтініші бойынша, көрген-білгенім мен ойға түйгенімді жіпке тізіп, ешбір бүкпесіз әлемдегі адам құқықтарының сақ-талуын қызғыштай қорып, бақылап отыратын Вашингтондағы Хельсинки Комиссиясының алдында есеп бердім. Баяндама аяқталған соң алдымен сұрақтар қойылып, соңыра жарыссөз басталды. Құрамына есімдері әйгілі 21 саясаткер (18 америкалық конгрессмен және 3 билік өкілі) кіретін әлгі салиқалы комиссияның төрағасы – конгрессмен Бенджамин Карден тыңдауды қорытындылай келе, Қазақстандағы толеранттылық дәстүрдің биік деңгейде екенін ерекше атап өтіп, бұл үрдістің басқа елдерге, оның ішінде АҚШ-қа да үлгі болатынын ақпарат құралдары өкілдерінің алдында жария етті. Ізінше бұл ақпарат әлемге тарап кетті. Себебі, тыңдаудың материалдары мен бейнемәтіні аталмыш комиссияның интернет сайтына тіркелген болатын. Оныншыдан, ЕҚЫҰ-ның Азиядағы баламасы болып саналатын әрі құрамына жиырмадан астам ірі-ірі мемлекеттер кіретін “Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің” Президент Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келгенін әрі ол кеңестің халықаралық беделінің жылдан-жылға өсіп келе жатқанын да, сонымен қатар, Қазақстанның ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТМД сияқты аймақтық халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі екенін де, тіпті әйгілі еуразиялық идеяның авторы да Қазақстан Президенті екенін ЕҚЫҰ өзіне төраға таңдарда біліп отырды. Мұның сыртында ТМД елдерінің Қазақстанның төрағалығына жаппай қолдау көрсеткені де Ұйымға үлкен әсер етті. Демек, кезінде Қазақстанның үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ-ға төраға болып бекітілуіне жоғарыда келтірілген факторлардың бәрі де шешуші рөл атқарғаны дау туғызбайтын шындық. Ал енді төрағалық тізгіні Қазақстанға тиген кезде ЕҚЫҰ-ның алдында қандай жауапкершілік пен міндеттер тұр еді және аталмыш Ұйымның мүше елдердің алдындағы саяси салмағы мен беделі қандай дәрежеде еді деген мәселеге келетін болсақ, тағы да біраз мәселенің басын ашып айтуға тура келеді. Біріншіден, Қазақстан тізгінді қолға алған кезде Ұйымның дәстүрлі үш өлшемі болып табылатын әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық себеттерінің қай-қайсысында да түйіні шешілмей, қордаланып қалған мәселелер жеткілікті болатын. Олардың ішінде Ұйым жауапкершілігіне кіретін мемлекеттердің бәрінің дерлік ұлттық кауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп отырған Ауғанстандағы соғыс өрті немесе трансұлттық ұйымдасқан қылмыстар тобына жататын заңсыз жолмен қару-жарақ таратып пайда табу, тура сондай мақсатпен есірткі тасымалдау, сол сияқты адам саудасымен айналысатын мафиялық синдикаттардың, сыбайлас жемқорлық пен лаңкестіктің, халықаралық көлеңке бизнестің белең алуы немесе Днестр жағалауындағы, Таулы Қарабақ пен Оңтүстік Кавказдағы созылмалы текетірестер мен жер дауына қатысты жаңжалдардан туындайтын қауіп-қатерлерді тізгіндеу Ұйым күн тәртібінің өзекті мәселелеріне айналған болатын. Екіншіден, Қазақстан төрағалығының қарсаңында Ұйымға мүше мемлекеттердің арасында дүрдараздық пайда болып, соның салдарынан ЕҚЫҰ беделіне сызат түсіп, тоқырау мен дағдарыстың кейбір белгілері сыр бере бастаған. Ол кездерде Ұйымға реформа керек, әсіресе, оның қауіпсіздік архитектурасын қайта жасақтап, оның тиімділігін арттыру үшін міндетті түрде Ұйымның Жарғысын бекіту қажет немесе Ұйым өзінің әскери-саяси өлшеміндегі қауіпсіздікке жете мән бермей, оны тасада қалдырып, экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға басымдық берді, ал гуманитарлық өлшемде адам құқықтарына қатысты демократиялық құндылықтарға назарды көбірек аударып, тек соларды ғана қаузай беретін болды, алайда бұл өлшем бойынша, Ұйымның, әсіресе, Венадан шығыстағы елдерге бағытталған сын жебесі шамадан тыс жиілеп кетті деген сияқты өкпе-наздар ТМД елдерінің, оның ішінде, Ресей тарапынан жиі айтыла бастаған. Сондықтан Ұйымның беделін күшейтіп, Венаның батысы мен шығысында орналасқан мемлекеттер арасындағы қиюы кете бастаған сенім шараларын нығайту кезек күттірмейтін мәселеге айналған болатын. Үшіншіден, түйіні шешілмей, қордаланып қалған мәселелердің соншалықты көбейіп кеткендігіне қарамастан, Ұйымның 1999 жылдан бері бірде-бір саммит өткізбеуі аталмыш Ұйымның дағдарыс пен тоқырау алдында тұрғанының айқын белгісі болатын. Ал жыл сайын тұрақты өткізіліп тұратын Ұйымға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің кеңесі үлкен рөл атқарғанымен, өкілеттігінің шектеулі екендігімен байланысты, қабылдаған саяси шешімдері міндетті түрде орындалуға тиісті құқықтық мәртебеге ие бола алмай, көбінесе тек декларативтік саяси шешім ретінде қабылданып, жылдан-жылға ауысып, қағаз бетінде қалып қоя беретін. Тіпті 1999 жылы Ыстамбұл Саммиті қабылданған саяси шешім де жайына қалған. Ол шешім бойынша, ЕҚЫҰ Саммиті әрбір екі жылда бір рет өткізіліп тұруға тиісті болатын. Бірақ одан бері көп жыл өтсе де, Ұйым тым-тырыс жатты. Төртіншіден, 2009 жылдың соңында, яғни Қазақстанның Ұйым төрағалығын қолға алар кезі жақындаған кезде, бүкіл әлем секілді, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер де ғаламшарды шарпыған қаржы дағдарысының құрығына ілініп, экономикалары ауыр күйзеліске ұшырап, тіпті біраз елдер мүлде тығырыққа тіреліп қалған еді. Міне, дәл осындай мезгілде, 2009 жылдың желтоқсан айында Ұйымның іс басындағы төрағасы Грекияға ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер ми-нистрлері өз кеңесінің кезекті отырысына жиналған болатын. Афинадағы кеңеске Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев та қатыстып, Ұйымның Іс басындағы келесі төрағасы ретінде сөз сөйлеп, Қазақстанның ұлттық лидері Президент Назарбаевтың 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның кезекті Саммитін өткізу туралы бастамасын жария етті. Бұл бастамаға бірінші болып қызу қолдау білдірген ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы, әрі Португалия парламентінің депутаты, бүкіл Еуропаға аты мәлім сясаткер Жоао Соареш Қазақстанның мәртебесін көтеретін өте бір маңызды мәлімдеме жасады. Сырт көз сыншы демекші, өз сөзінде аталмыш саясаткер ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы жұмысына өзінің жылдар бойы атсалысып келе жатқанын тілге тиек ете отырып, Ұйымның төрағалығына Қазақстан секілді соншалықты үлкен дайындықпен келген бірде-бір басқа мемлекетті атай алмайтынын жасырмады. Айтса айтқандай-ақ, кеңеске қатысқан министрлердің басым көпшілігі де Қазақстан Президентінің ЕҚЫҰ Саммиті туралы бастамасына ашық қолдау білдірді. Алайда Афинада өткен кеңестің қорытынды құжатына саммит туралы Қазақстан ұсынысын тіркеу үшін де кеңес мүшелерінің 100 пайыз қолдауы керек болатын. Сондықтан Ұйымға мүше кейбір мемлекеттің белгісіз себептермен іркілген, қалыс қалған немесе іштей қарсылық білдірген биік лауазымды дипломаттарымен нысаналы келіссөз жүргізу үшін және Ұйымға саммиттің ауадай қажет екендігіне олардың көздерін жеткізіп, келісімдерін алу үшін Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы әрі Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың басшылығымен еліміздің ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілдігінің дипломаттары тас түйіндей жұмылып, Афинада үлкен де батыл жұмыс жасады. Соның нәтижесінде күтілген нәтижеге де қол жеткізілді. Бірақ бұл алда күтіп тұрған одан да зор асуларды еңсеру үшін жасалатын іс-шаралардың басы ғана болатын. Себебі, Саммиттің қажеттілігіне мемлекет басшыларының көзін жеткізу министрлердің келісімін алудан анағұрлым қиын екені айтпаса да түсінікті еді. Сонымен, 2010 жылдың басында Қазақстан төрағалық міндетін атқаруға кірісіп те кетті. Бітер істің басына жақсы келер қасына демекші, Ұйымның негізгі үш өлшемі бойынша іске асырылған қыруар да сансыз іс-шаралардың қай-қайсында да Елбасының басшылығы мен бағыт-бағдары тайға таңба басқандай сезіліп тұрды. Мәселен, жыл басында Австрия астанасы – Венада Қазақстан басшылығымен өткен Ұйым Тұрақты кеңесінің алғашқы мәжілісі Президент Назарбаевтың бейнеүндеуімен ашылды. Бұл үндеу Ұйымды басқарудың қазақстандық жол-картасы деуге әбден лайық. Өйткені, бұл үндеуде Президент Назарбаев Қазақстан төрағалығының аясында Ұйымның әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық өлшемдерінде іске асырылатын іс-шаралардың бәрі де Ұйымның беделіне қылау түсірмейтін төрт қағидаға, атап айтқанда, Сенімге (Trust), Дәстүрге (Tradіtіon), Ашықтыққа (Transparency) және Төзімділікке (Tolerance) негізделетінін шегелеп айтты. Айтылған сөз – атылған оқ демекші, жоғарыдағы қағидалар жыл бойы Ұйым шеңберінде Қазақстан басшылығымен атқарылған барлық іс-шаралардың өзекті арқауына айналып, мүше мемлекеттердің толық қолдауына ие болды. Себебі, қандай бір мәселе талқыланбасын, мүше мемлекеттердің ой-пікірлері толық ескеріліп, кез келген шешім қара қылды қақ жарғандай, тек қана консенсуспен қабылданып отырды. Басқаша айтқанда, Қазақстан ешкімді алалаған жоқ немесе ешкімге бүйрегі бұрып, бұра тартқан жоқ. Есесіне, 55 мемлекеттің алдында еліміздің сөзде тұратын ел екені дәлелденіп, абыройына абырой, беделіне бедел қосылды. Сол беделдің басты ұпайын Елбасының қатысуымен Алматы түбіндегі Ақбұлақта өткен Ұйымға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми басқосуы әкелді. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені, министрлер Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы Президент Назарбаевтың бастамасын өз мемлекеттерінің атынан бірауыздан қолдап, тарихи шешім қабылдады. Қазақстан Парламенті Сенатының басшылығымен Алматыда өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының трансазиялық форумы да ерекше мәнге ие болды. Себебі, форумның бір сессиясы түгелдей Ауғанстандағы соғыс өртін тоқтатудың ең тиімді жолдарын іздестіруге арналса, екінші сессиясы Қырғызстандағы қанды қырқыстың салдарын еңсеріп, елдің мемлекеттілігін қайта қалпына келтірудің тетіктерін белгілеуге бағышталды. Форум өз жұмысын қорытындылай келе, Ұйымның әскери-саяси өлшемі ауқымында іс басындағы төраға – Қазақстанның Ауғанстандағы шиеленісті әскери күшпен емес, тек қана гуманитарлық бейбіт тетіктермен еңсеру қажет деген соны ұстанымы мен Қырғызстанға қатысты өте жылдам қолға алған іс-шараларына оң баға берді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына бағытталған, үстіміздегі күзде Қазақстан Парламентінің бастамасымен Санкт-Петербургте өткен парламентаралық конференция біздің елдің ғана емес, бүкіл Ұйымның абыройын көтерген ірі қадам екені дау туғызбайды. Ұйымның беделін көтерген және екі үлкен шара – Астанада Елбасының тікелей қатысуымен өткен үшінші халықаралық экономикалық форум мен толеранттылыққа бағытталған кең ауқымды халықаралық конференция. Ал елордада өткен жетпіс елдің басын қосқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы Қазақстанның ғаламшардың рухани жүрегіне айнала бастағанын паш етті. Осы орайда “Қой асығы демегін, қолыңа жақса сақа ғой, жасы кіші демегін, ақылы асса аға ғой” деген аталы сөз ойға оралады. Қазақ елі биыл он тоғыз жастағы албырт жігітке тән қайрат-күшімен сақа болуға да, аға болуға да әбден лайық мінез танытты. “Елу жылда ел жаңа” деуші еді дана халқымыз. Ал бүгінгі Қазақстан әлгі аталы сөзге түзету енгізіп, ақылмен басқарса, өте қысқа мерзімде де ел жаңартуға болатынын дәлелдеді. Қорыта келгенде, жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, үстіміздегі жылы Ұйымның жоғарыда аталған үш өлшемі мен “Еуропаға жол” атты мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде ел іші мен Ұйымға мүше мемлекеттер аумағында Қазақстан басшылығымен атқарылған қыруар іс-шаралардан мемлекеттік органдар да, университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтары да, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері де, шет қалған жоқ. Бәрі де иық тірестіріп атсалысты. Ең бастысы – қазақ дипломатиясы үлкен мектептен өтіп, еліміздің сындарлы ішкі саясаты мен көпвекторлы сыртқы саясаты өзіне көз тіккен әлем сынынан сүрінбей өтіп, шоқтан болаттай суғарылып, шыңдалып шықты. Алда ЕҚЫҰ-ны қайта серпілтіп, оған стратегиялық бағыт-бағдар сілтейтін Астана Саммиті күтіп тұр. Әділ АХМЕТОВ, сенатор, ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясының мүшесі, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Мұсылмандарды кемсіту-шеттетумен күрес жөніндегі жеке уәкілі.Азаматтардың мүддесі ескеріледі
Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:40
Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл күшейе түсті
Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:33
Жетісудағы тұңғыш иппотерапия орталығы
Аймақтар • Бүгін, 09:30
Жауапкершілікке тарту үдерісін жеделдету маңызды
Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:28
Күнкөріс деңгейі қалай есептеледі?
Қоғам • Бүгін, 09:25
Инфляция • Бүгін, 09:23