24 Қараша, 2010

“Қара археологияны” қашан қоямыз?

1641 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Немесе тарих ғылымы төбелерді талқандап-төңкеруге ғана тәуелді ме? Таяуда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарихшы ғалымдары ректор Бақытжан Әбдірайымовтың бастауымен Сырдарияның ежелгі ескі арналарының бірінің бойында орналасқан, бұл күнде жұртшылық назарынан тыс қалған көне тоғыз қаланың орнын арнайы барып, аралап қайтқан еді. Сонда халқымыздың ежелгі тарихының талай кезеңдерінен бай мағлұмат беретін осынау алып қалалар жұртының мемлекет тарапынан қорғауға алынбай, зерттелмей, қолдарына металіздегіш құрал алып, пайда қуған әлдекімдердің еншісіне еркін тиіп, күтусіз, қараусыз жатқанын көріп, қайран қалды. Содан кейін олар осы төңіректе зерттеулер жүргізіп, республикамыздың біраз осы тектес тарихи орындарына барып қайтты. Өзіміздегі жағдайды өзгелермен салыстыру мақсатында Ресей жеріндегі “қалалар елі” атанған әйгілі Арқайымға сапар шекті. Осындай ізденістер барысында жазылған проблемалық мақаланы тиісті мекеме қызметкерлері мен мамандарына ой салар деген мақсатта көпшілік назарына ұсынып отырмыз. Қазақ тарихсүйер қауымын ерекше қызық­тыратын тақырыптардың бірі – Арқайым. Осы жазда біз Қостанай өңіріндегі белгілі өлкетанушы Қуаныш Ормановпен бірге Арқайым аймағына барып қайттық. Қазақстанның Ресеймен шекарасына жақын, ертедегі қазақ жұртының бір қанатына орналасқан бұл көне қалашықтың бізді қызықтыруы заңды да еді. Қазақстан жағынан Арқайым қаласы орналасқан жер Қостанай облысымен шектеседі. Табиғи-географиялық жағынан келсек бұл Жайық пен Тобылдың сол жағалауларының арасы, яғни Жайық Орал тауларынан төмен Каспийге қарай ақса, Тобыл Арқадан Солтүстік мұзды мұхитқа қарай бағыт алып Ертіске құяды. Міне осы екі өзеннің аралығындағы құнарлы, ұсақ төбелі, кішкене өзендер өрнектеген, тоғайлы, шалғынды аймақ “қалалар елі” аталып жүрген көне өркениет орталығына негіз болған. Бұл алқапты кеңес дәуірінде зерттеуді В.Ф.Генинг Сынтастыдан (Курган Синташта) бастаған еді, ал Арқайымды тауып “Күн қала” атандырып көпшілік қауымға алып шыққан Г.Б.Зданович. Бұл кезінде Қазақстанда көп жылдар қызмет жасаған археологтардың бірі. Көбінесе Орталық және Солтүстік Қазақстанның қола дәуірімен айналысты. Ресейге көшерінде Қарағанды университетінің археологиялық мұражайына жинақталған 25 мың тарихи жәдігерлікті де алып кеткенін көзі қарақты адамдар біледі. Қызығы, Қарағанды қаласынан кеткен Г.Б.Здановичтің Оралдың басқа жерінен емес, дәл Қарағанды өзенінің жағасынан 1987 жылы Арқайымды тапқаны. Тапқан сол маңайда ойнап жүрген балалар дейді, бірақ Ресейді мойындатқан, әлемге танытқан “Г.Б.”-ның өзі. Қарағандылықтар оны осылайша аббревиатурасын лақап ат қылып (тахаллус) атайды. Егер Г.Б.Зданович болмағанда Арқайым да, сол маңдағы басқа ескерткіштер де баяғыда сол маңда басталған тоған құрылысының астында қалар еді. Арқайым археологтардың “страна городов” атап жүрген қола дәуірінің протоқала өркениетінің орталық қалаларының бірі. “Прото” деген сөз қалалардың атасы деген мағынада қолданылады, яғни қазіргі қалалардың арғы атасы сол “қалалар елі” деген ишара. Оңтүстік Орал өлкесінде Арқайымнан басқа Сарымсақты, Жұрымбай, Сынтасты, Аланд, Бірсуат, Есеней, Черноречье сияқты қалашықтар толып жатыр. Барлық саны 20 деп есептейді. Қалашықтардың арасы 40-60 шақырым шамасы, яғни әр қала мен оның округінің иемденген жер көлемі радиусы 20-30 шақырым. Бұл жерде қалаларды мекендеген елдің бақташы қауым өкілдері екендігін еске алу керек. Аздаған тары, сұлы өсіретін суармалы егіншіліктер болған, кіші-гірім мыс қорытатын пештері бар, бірақ негізгі күн көрістері мал шаруашылығы. Арқайымды көремін деп барған адам, ең алдымен, үлкен туристік орталыққа кездеседі. Қарағанды өзенінің екі қапталындағы таулардың аңғарының әр жеріне көрікті құрылыстарды салып тастаған. Бұл жерде туристер тоқтайтын мекенжайлар мен мұражайлар қатар орналасқан және көне дәуірге қатысты тарихи жәдігерліктердің бәрі де қайта қалпына келтіріліп қонақтар үшін жұмыс істеп тұр. Қола дәуіріндегі үй-жайды көргіңіз келсе, ол дайын, тіпті қонып кетсеңіз де болады, ақшаңыз болса, одан әрі сармат көсемінің жерленген қорғаны, кірсең шыққысыз байлық, жауынгерлік дәуірдің сипатын көрсететін қару-жарақтар, одан әрі барсаңыз казак-орыстың усадьбасы, егіні салынып, малы сыртта жайылып жүр, тағы сәл қадам бассаңыз қазақтың киіз үйлері, ерттеулі тұрған ат, сапырулы сары қымыз. Қайта қалпына келтірілген жәдігерліктердің арасында кітап, сувенир, тамақ сататын дүңгіршектер мен дүкендер орналасқан. Осы жерде көлігіңізді қаңтарып, әрі қарай жаяу аралауға шығасыз. Туристік орталықтан Арқайым қалашығына дейін бес шақырым және өз бетіңізбен бір қадам да жүре алмайсыз, ақшасын төлеп, билетін алып, жаяулап гидтің соңына ересіз. Арнайы тарихшы маман екені сөзінен-ақ белгілі орыс келіншегі бізді Арқайымға бастады. Жолда үш жерде тоқтап жолай кездесетін көне дәуірдің жәдігерліктері мен Арқайымның ғажап тарихы туралы ақпаратты миға тықпалап жатыр. Бір қарасаңыз көзге түсетіндей де ескерткіштер емес, “мына жерде тас дәуірінің қонысы бар” дейді, одан әрі жүрсеңіз “мына жерде қола дәуірінің қабірі” дейді. Қазақстанның ескерткіштерін білетін адамдар мұндайдың көкелері бізде екенін осындайда салыстырып отырып-ақ аңғарады, бірақ көшті бастаған келіншектің әңгімесі адамды ұйытып, соңынан ерген көпшілік адамзат баласының өркениет ошағы тек осы Арқайым дегенге ақырындап илана бастайды. Бес шақырым жаяулап жүрсеңіз, жол бойы құлағыңыздың құрышын қандырып келіншектің әңгімесін тыңдасаңыз сіз де осы пікірге қарай құлай бастайсыз. Жайық пен Тобыл арасындағы қалалардың ішінде сыртқы бекініс қабырғасы дөңгелете, шеңбер сияқты салынғандары көп. Арқайымның әлемді таңғалдырып тұрған сырының өзі де осы шеңбер құрылысы. Қиялы қанаттанып ұша жөнелетін қазіргі заманның адамы қаланың дөңгелене түскен аэрофотосын көріп бірден керемет сезімдерге бөленеді. Г.Б.Зданович осы аймақты зерттеуге аэропланды жақсы пайдаланған және бір ғажабы оның нәтижесі де тамаша. Жоғарыдан қарасаң расында да күн қаланың өзі. Бекіністің ішіндегі үйлер де қала қабырғасын жағалай орналасқан және бір емес екі қатар. Кәдімгі цирктің сыртқы түрін көзге елестетсеңіз соған келеді. Г.Б.Здановичтің қайта қалпына келтірген жобасында бекініс қабырғасын айнала салынған үшінші қатар үйлердің орындары көрсетілген, бірақ біз қанша жіті қарағанымызбен ол үйлердің орындары көзге аңғарыла қоймайды. В.Ф.Генинг зерттеген Сынтастының да сыртқы қорғаны шеңбер сияқты болатын, бірақ ішіндегі үй-жайлары шеңбер бойымен орналаспаған, көше тәртібіне көбірек келеді. Гид келіншектің айтқаны ертегіге бергісіз, мүмкін шын, мүмкін қиял, ал қалай болса да тыңдаған адамға жағымды . Арқайымға мыңдаған шақырымды артқа тастап адамдардың ағылып келіп жатқанын басқаша түсіндіру қиын. Бұл жерде сіз бір сәт күнделікті тіршіліктің күйбеңінен босап, археоастрономиялық кеңістікке кіріп кетесіз, сіз дүниетанымның басқа үлгілерінің әсерін сезе бастайсыз, осы арқылы өзіңіз де сол әлемге енгендей сезім пайда болады. Арқайым қорық-мұражайын ұйымдастырған Г.Б.Здановичтің қазіргі адамзаттың қаланың беймаза тіршілігінен, ығы-жығы көлігі мен толассыз ұрып тұратын түкке тұрмайтын ақпарат тасқынынан шаршаған осалдығын дәл тауып, тамыршыдай баса білген ізденгіштігіне таңғаласыз. Біз көрген Арқайым қорық-мұражайы тәжіри­бесінің қазақ зерттеушілері мен мұражай қызмет­керлеріне үлгі боларлық тағы бір ерекшелігі бар. Г.Б.Зданович қалашықты түгел қазбаған. Қала­шықтың жалпы көлемі 20 мың шаршы метр болса, археологтардың күрегі қалашықтың тек үштен біріне ғана тиіскен, қалғаны бүтін сақталған. Қалашықтағы 60-шақты үйдің тек 20-ы ғана қазба жұмыстарына іліккен. Қазіргі кезеңде аяқ астында тапталып қалады деп қала маңына ешкімді жолатпайды, бекініс-қорғанның үстіне адам шығармайды. Оның есесіне қалашықтың қазылған жақ шеті қайта қалпына келтірілген, үйлердің орындары да, бекініс қабырғалары да, ордың ізі де тамаша көрініп тұр. Біздің пікірімізше Арқайым қалашықтары сол кезеңдегі ауа райының сууына, не күшейіп кеткен жаугершілікке байланысты уақытша салынған құрылыстарға ұқсайды. Адам бір жерде көп мекендесе соғырлым жердің мәдени қабаты терең болады, жанында зират-қорымдары да көп болуы заңды, күл-қоқыс та үйіліп қалады. Көне қаланың маңынан ондай ізді таба алмадық. Туристік орталықтың бір қабырғасында тұрған Лысая тауы, қазір Шаманка аталады. Лысая атануына қарағанда ертеде бұл қазақтың Қу төбе, немесе Қу тауы аталған топонимінің орысшаланған нұсқасы болса керек. Қаланың өзі әлемнің діңгегі, яғни кіндігі болса, оның маңындағы, қабырғасын қоршай аққан өзендер мен жылғалар әлемдік мұхит, ал Шаманка астрономиялық орталық, ғарышқа бастайтын сара жол. Қияли адамдар үшін Арқайым табиғат пен адамдардың әлеуметтік құндылықтары бір біріне әбден сәйкестенген қала, оның құрылысын жасаған адамдар, әрине, ғарыштан хабар алып отырған. Егер қалашықтың маңында тау болмаса оны сол заманда қолдан көтерген дейді Арқайым зерттеушілері. Мысалы, Арқайымда Шаманка бар және ол дүниетаным моделіне сәйкес қалашықтың солтүстік қанатынан, өзеннен әрі орналасқан, ал Сынтастыда тау жоқ, сол себепті оның жанындағы төбешік қолдан тұрғызылған. Шаманка Арқайымға туристерді тартатын негізгі құралдардың бірі. Күн шықпай ерте тұрып, таудың басына шығып, Күнді қарсы алу ескерткішке келген ел үшін тұрақты дәстүрге айналған. Шаманканың басына шығып “Авеста” жырларын жатқа айту қалтқысыз, үлкен шабытпен орындалатын ғұрыптардың бірі. Өзімізбен шекаралас аймақтан, өзіміздің тарихымызға қатысты ескерткіштерді дәріптеп, қалың елге Мекке жасап отырған ресейліктерге осындайда қызығасың. Неге біздің өз археологиялық ескерткіштерімізге қамқорлығымыз төмен? “Мәдени мұра” бағдар­ламасымен археологиялық қазбаларға миллиардтаған теңге ақша бөлінді. Ұлы даланың тарихының жаңа бетін ашамыз деген дақпыртпен қаншама баға жетпес ескерткіш тас-талқан болып қазылып, қазіргі күні аяқ асты болып жатыр. Жақында Сарыарқаның Баянауыл деген қасиетті жерінде болдық. Торайғыр көлінің жағасында сақ дәуірінің патша қорғаны алыстан көзге шалынушы еді. Соңғы жылдары бір емес, бірнеше археолог, алматылықтары да бар, жергіліктері де бар осы қорғанды асты үстіне шығарып қопарды. Археолог күрегі тимей тұрғанда көлдің жағасына ерекше өң беріп, көне тарихтың жеке куәлігіндей болып , жан -жағынан алып бұғы тастары мен тас бағандары мен мұндалып тұрған қорғаннан топырақ пен тастың үйінділері ғана қалды. Ең болмағанда, бұл жерде сақ дәуірінің патша қорғаны болған деп тақтайшаға жазып, не қоршап кетсейші. Археологтардың жағдайлары мен түсініктері осы, ал ел қалай? Елдің де тарихи танымы таяз. Бұл жерде біз осы қорғанға қаншама жылдар ие болып, археологтарға сеніп тапсырған Баянауыл халқын айтып отырған жоқпыз. Әңгіме жалпы елдің ескерткіштерге көзқарасы туралы. Осы ескерткішке бізді бастап барған орманшы көлдің жағасына демалыс-спорттық кешен салып жатқан астаналықтардың бұғытастардың біреуін құрылыстың іргетасына қалап жібергенін көріп елді жинап, шу көтеріп қайтадан орнына алып келдік дейді. Биіктігі екі жарым-үш метрдей бұғытасты үшке бөліп спортшы азаматтар құрылыстың табанына салған. Археолог қайда қараған, құрылысшы не ойлаған? Ұлттық сана қайда? Тарихи жады қайда? Әйтеуір абырой болғанда бұғытасқа ойылып салынған Күн бейнесі мен бұғы суреті іргетастың сыртына қаланып оны баянауылдық орманшылар көріп қалған. Ал жергілікті елдің көзін ала бере құрылысшылар іргетасқа қанша тарихи жәдігерлікті қалап жіберді? Бұл жағы әлі жұмбақ. Торайғыр көлінің жағасындағы сақ дәуірінің патша қорғаны маңайына құрылысшыны жолататын жер емес. Баянауыл ұлттық паркі осыдан кейін демалыс орындарына келген адамдарды алдын ала тексеріп құрылысшыларды мүмкіндігінше бұл маңға жақындатпауы керек. Баянауыл тек табиғи қорық емес, ол ең алдымен ұлттық құндылықтарды сақтайтын орын-резервуар. Бұл абыройлы міндет біздің алып Қазақстанда тек бірнеше ғана өлкенің маңдайына жазылған. Құрылысшыларды осылайша тоқтаттық дейік, ал археология ғылымын қайтпек керек? Археологияны институтымен, жергілікті орталықтарымен қоса мұражайлардың қарамағына берген жөн секілді. Ендігі қалған ескерткіштерді сақтаудың жалғыз жолы осы, бұл жол әлемнің дамыған елдерінің бәрінің де ұстанған жолы. Археология жеке ғылым емес, образдап айтсақ ол тарих ғылымының күрегі. Тарихты қайтадан қалпына келтірудің басқа шарасы таусылған уақытта тарихшы амал жоқ күрекке сүйенеді. Егер біз археологияны мұражайлардың қарамағына берсек қана тапқан заттарын қалтасына салдыратын, ұстап жүретін археолог қауымын тәртіпке шақырамыз, далада қаптап кеткен қолдарында металіздегіштері бар “қара археологияны” да ауыздықтаудың бір жолы осы болуға тиісті. Әйтпесе археологтардан мезі болған жергілікті елдің өзі оларды ит қосып қууға айналды. Шымкентке барған жазушы ағаларымыздың бірінің: “Бұл не деген сұмдық, әр төбенің басында бір археолог” дегенін бәріміз де естідік, Сыр бойының жуас елі де ортағасырлық жәдігерліктерді шұрқ-тесік қазып жатқан археологтар тапқан заттарының бәрін жергілікті мұражайларға неге тапсырмайды деп дауыс көтере бастады. Кеше ғана Қарқаралы азаматтарының археологтардың алтын адамды таптық деп тас-талқан қазып кеткен қорымын қайта жауып, аруақтарды енді мазалауға жол бермейміз деп тасаттық беріп жатқанын теледидардан көрдік. Біздің тарих ғылымы тек археологияға ғана қарап қалды ма? Біз әртүрлі саяси жағдайларға байланысты археологияны тарих ғылымының көшінің алдына шығарып жібердік. Кезінде тарихтың басқа салаларына күш салуға үстем идеология мүмкіндік берген жоқ. Сол себепті қазіргі уақытта көне шығыстық тарихнамадан мақұрым болған, төл шежіремізді түсініп түгендеуге тілден ажырап қалған қазақ қауымы, әсіресе шенеуніктер, археология біздің бүкіл тарихымызды түгендеп беретіндей көреді. Егер археология түгендеп берсе біздің тарих неге қырық жамау кинолента сияқты? Қазақстан тарихы бір-біріне қабыспайтын, ортасында дәнекері мен байланысы жоқ, тарихи-этностық қисыны жоқ бірнеше жалпақ кезеңнен тұратыны өтірік пе? Қазақ шежіре-аңыздары тарихшылар тарапынан зерттелді ме, оларды біз қазақ тарихын қайта қалпына келтіру үшін қолданып жүрміз бе? Қазақ шежіресінің көне қабаттарын қазып, өзге деректермен салыстырып, жарыққа шығарып жатқандар бар, бірақ оларды мойындаған басшы азаматтар жоқ! Еуразия даласын айқыш-ұйқыш кесіп жатқан көне сауда, елшілік, көш-керуен жолдардың бойымен тарихшы ғалымдардың арнайы экспедиция жасап жүріп өткені болды ма ? Ұлы даланы меридиан бойымен кесіп өтіп, өркениеттің көне соқпақтарын зерттесек деген талап бар шығар тарихшыларда, бірақ қолдаушы ел табылмайды! Мұражайларда, соның ішінде Археология институтының қорында жинақталған заттардың тізбесі, қазба жұмыстары туралы есептердің мәтіндері жарияланды ма, біз осы қолымызда не бар, не жоқ екенін білеміз бе?! Қазақстанда археология ғылымы соғыстан кейінгі ауыр кезеңде дүниеге келді. 1946 жылы Әлкей Хақанұлы Марғұлан алғаш рет арнайы архео­логиялық экспедиция жабдықтап, тарихшы ғалымдардың аяғы баспаған Бетпақтың шөліне қарай аттанды. Осыдан кейін отыз жыл бойы Әлекең ұлы даланы шиырлап қазақ тарихының көне сорабына дәлел болатындай дерек іздеді. Ол кезеңде шежірені ауызға алу қорқынышты болатын, ол кезеңде қазақта қытай, араб деректерін, әсіресе көне иран жазба дәстүрлерін білетін адамдар болған жоқ. Сол себепті академик қазақ тарихының іргетасын археологияға сүйене отырып жасады, басқа амал жоқ еді. Әлекеңмен сол кезеңдерде жұмыс істеген адамдар әлі де арамызда бар, атақты ғалымның көп уақытын көнекөз қариялармен әңгімелесіп, шежіреден сыр шертіп, қазақтың жыр-аңыздарынан қуат алып отырғанын олар майын тамызып айтады. Әлекең қазақтың қарияларын қалай қадірлесе, ескерткіштерін де солай мәпеледі. Бір ғажабы Әлекеңнің қолы тиген ескерткіштердің бәрі де өз орындарында тұр. Басқасын былай қойғанда қола дәуірінің финалдық кезеңінің ғажайып некрополі Бегазының өзі даладағы ашық мұражай сияқты, бір тасы құламаған, жан-жағы ласталмаған, осыдан төрт мың жыл бұрын қалай тұрды солай тұр. Ескерткіштерді жаппай қазу, қорғандарды аударып-төңкеріп, бульдозермен тегістеп кету кейін басталды. Қазақ даласында осы күнге дейін сақталған археологиялық ескерткіштердің көпшілігі біздің ата-бабаларымыз жерленген қорымдар. Қалалық мәдениеттің көзге көрінетін белгілері тек Сыр алқабында ғана басым. Ендеше кім болса да күректі ыңғайламас бұрын алдымен ойлануы керек. Көр қазу, ескі жұртты қопару оңай дүние емес, аса қажеттілік болмаса біздің ата-бабаларымыз, алдымыздағы аға ғалымдарымыз бұл іске бармаған. Әлекең кеткеннен кейін дәстүр жоғалды, архео­логиямен ғылыми атақ үшін кәсіби, немесе ақша игеру үшін айналысатын жаңа ғалымдар қалыптасты. Бір кандидаттық жұмыс үшін орташа есеппен 25-50-ге дейін көне қорым, не ескі жұрт қазылса, докторлықта ол екі еселенеді. Археологтардың тарапынан жаппай қазу, біздің ескерткіштеріміздің қадірін білмейтін бөгде этнос өкілдерінің көптеп енуі қазақ деген елдің көне дәуірдің ескерткішіне деген сакральді көзқарасын өзгертіп жіберді. Бұрын қорған-обаның жанынан дұға оқымай, ақ байламай өтпейтін қазақ енді оның тасын алып өзінің қорасына пайдалана бастады. Тас балбалдарды трактормен сүйретіп жүргендер пайда болды. Ал біздің ұлы далада ескерткіш онша көп емес, әр жерде шоғыр-шоғыр ғана. Бүгінгі күні сол аз ескерткіштің қаншасы аман қалғанын есептеу қажеттілігі күмәнсіз. Археологияның кәсібиленуі, арнайы инс­титуттың ашылуы оны тарихтың өзге салаларынан оқшаулады. Бұрынғыдай тарихшылар, этнографтар, фольклортану­шылар қосылып кешенді жүргізілетін іргелі жұмыстар азай­ды. Бүгінгі күні біздің археологтар академик Ә.Х.Мар­ғұлан тіріліп келсе оны “сен филологсың” деп археология инсти­тутының босағасынан аттатпас еді. Соңғы кезеңде археологтардың қаншама ақшаны игере отырып бір Арқайымға тұрарлық қорық-мұражай ұйымдастыра алмауын тіпті түсіну қиын. Біздің археологияның дағдарысы “алтын адамдар” серия­сынан-ақ көрінеді. Қай жерге барсаң да екі-үш алтын бұйым тауып алып тойлап, тележу­рналистермен қосылып улап-шулап жатқан қауым. Бұл археологияның тарих ғылымымен біржолата ажыра­сып, қазына іздеушілікпен отбасын құрап, қосылып кеткенін көрсетеді. Біздің көне жәдігерліктер үшін қазақ жеріндегі алтын адамға байланысты әр даурықпа апатпен тең, себебі әр телешоу жүздеген адам­дардың делебесін қоздырып металіздегіштермен, күрекпен, трактормен “қара археологияны” ескерткіштерге қарай итермелейді. Археологияның түбегейлі арманы мен мақ­саты алтын іздеу ме?! Қазақстанда қалалық мәде­ниеттің орталықтары, көне кен орын­дарының қалдықтары, сауда және көш жолдарының сорап­тары мен бекеттері сияқты тамаша ескерткіштер бар емес пе? Еуразия даласындағы қала мәдениетінің тарихы б.з.д. 4-3 мыңжылдыққа, яғни Шумер дәуіріне бастайды. Кейбір зерттеулерге қарағанда Чатал-Күйік сияқты Түр­кия жерінде орналасқан қалалық мекендердің тарихы 7-6 мыңжылдықтармен астасады. Иордания жерінде Иери­хон қаласы Библияда аталады. Үндістандағы Мохенджо-Даро және Хараппа қалалары б.з.д. 3-2 мың­жыл­дықта, Түркіменстандағы Копет Даг тауының бау­райына, Мургаб өзенінің жағасына орналасқан – Алтынтөбе, Қоңыртөбе, Тоғылық –б.з.д. 3-2 мыңжыл­дықтар. Егер біздің солтүс­тіктегі көршілеріміз өздерінің шекарасындағы Арқайым бастаған қалалар елін б.з.д. 3-2 мыңжылды­қтармен байланыстырса, біз ескі құрлық­тың ортасында жатқан Ұлы дала не оңтүстікте жоқ, не солтүстікте жоқ, айда­лада Көктөбенің басында қалып қойғанымыз ба? Осы сияқты толып жатқан мәселелер қалалық мәдениет ұғы­мына терең, байыпты көзқарас керек екенін дәлел­дей түседі. Бұл жерде тек күрекке сүйенген археологиялық зерттеу онша өнім бере қоймайды. Осы жағдайда қазақ жерінің оңтүстік қапталында Сыр бойында орын тепкен Жетіасар мәдениеті еске түседі. Ұзақ жылдар Хорезм экспедициясына жетекшілік жасаған С.П.Толстов пікіріне сүйеніп біздің тарих ғылы­мы бұл көне өркениет белгілерін қаңлы мәдениетімен байланысты қарастырады. Оның өзге өлкелерге әсерін С.П.Толстовтың “аральский узел этногенеза” деген анықтамасынан-ақ аңғарасың. Асарлардың зерттеушілер назарына түскен үстіңгі қабаттарының уақыты шамамен б.з.д. бірінші мыңжылдық деп есептеледі. Ал бізге белгілі асарлардың бәрінің де маңы жүздеген-мыңдаған қорым, яғни осының өзі де қаланың тарихын бірнеше мыңжылға тереңдетеді. Біз Хорезм экспедициясының Жетіасарды қаңлы мәдениетімен байланыстырғанын қолдаймыз, бірақ бұл бертінгі ерте көшпелілер дәуіріндегі қаңлылар емес. Кемі Уыз ханға ерген жұрт, яғни сақ – скиф аталатын дәуірдің қаңлылары. Тіпті бұл жерде Афрасиаб туралы әпсана-жырларда айтылатын Тур елі, Тұран жұрты туралы әңгіме қозғау орынды болар. Олай болса біз Арқайым дәуіріне жақындай­мыз. Жетіасар Ұлы дала мәдениетінің тамаша шоғырланған жері, осы жерде жүргізілген қазба жұмыстарының олжалары тек Ұлы даланы ғана емес көне өркениеттің барлығын қамтиды. Л.М.Левинаның: “Изделия всех ныне известных древних мастерских, в том числе стекольных, от Египта до Китая, от Переднего Востока, Ира­на и Индии до Центральной Европы и Прибалтики, также были найдены в джеты-асарских курганах”, деген сөзі тегін айтыла салынған сөз емес, осы жерді елу жыл бойы ерінбей-талмай зерттеген маманның сөзі. Жетіасар ескерткіштерінің орналасқан жері Сырдың төменгі ағысында, дарияның сол жағалауында. Асар аталатын көне қалалар шоғыры қазіргі Қызылорда тұсынан басталып Сырдың байырғы арнасы Ескідариялыққа қарай қалыңдай береді. Асарлар жалпы Жетіасар аталады, бұл Жосалы станциясының маңында бір-біріне жақын орналасқан бірнеше қоныстардың орыны. Қазіргі күні олар Бидайықасар, Алтынасар, Қаралыасар, үлкен және кіші Қосасар, Томпақасар деген атпен танымал. Олардың ішінде біреуі ерекше үлкен, сол кезеңдегі тайпа көсемдерінің мекені болған болуы тиісті. Ал жергілікті елден ақырындап сұрастырып қарасаң Ескідариялыққа қарай Қарақасар, Үңгірліасар, Жалпақасар, Дома­лақасар, Қараасар, Сырлыасар, Кескен Күйік қала, Алып сияқты көне дәуірдің қалалары барын анықтайсың. Осы жиырмадан астам қалашықтың бәрі де Арқайым сияқты бекініс қамалы бар құрылыстар. Көп жағдайда олар­дың дөңгелене біткен сыртқы формасы да Оңтүстік Орал беткейіндегі қола дәуірінің қала­ларын еске түсіреді. Әрине Сыр бойы қала­лары Тоғызақ пен Сынтастының жағасында, ұсақ шоқылар мен төбелердің арасында, таудан аққан кішкене өзеншелерге иек артқан томпиған қалашықтар емес. Қала есебінде өмір сүруі бірнеше мың жыл бұрын тоқтаса да қазіргі күні асарлардың үлкендігі кіші-гірім тау сияқты. Мысалы, Жетіасар мәдениетінің тамаша өкілдерінің бірі Қуаңдарияның құрғаған ескі арнасының жағасында орналасқан Алтынасар. Бұл ескерткіш Жосалы стансасынан оңтүстік-батысқа қарай 50 шақырым жерде. Бүгінгі күнгі сақталып тұрған биіктігі 12-15 м. Қаланың көлемі 16 га, көптеген тұрғын үйлердің орны сақталған. Оның біреуі шартты түрде үлкен үй аталады, көлемі 150х150 м., екіншісі “кіші үй” жерлеу орыны, қалған екі құрылыс бірі дөңгелек, бірі төртбұрышты дуал-қоршаулар. Олардың неге салынғаны белгісіз. Егер қазіргі күні осыншама көлем мен биіктікті алып жатса, көне дәуірде Алтынасар қалай болды екен ?! Біз Жетіасар мәдениеті Еуразия тарихындағы әлі де сыры ашылмаған ерекше құбылыс деп есептейміз. Бір ғажабы Жетіасар қалашықтары дәл өзімен іргелес жатқан Іңкәрдария мен Ақшадария сияқты Сырдың ескі арналарына орналасқан Шірік-Рабат, Үйғарақ, Түгіскен, Қоян қала, Бәбіш молда, Барақ там сияқты толып жатқан қалалық орталықтардан ерекше. Басқасын былай қолғанда Жетіасардың бекініс қорғандарының зәулім биік қабыр­ғаларын соңғылардан көре алмайсыз. Бұл жағынан алыста жатса да Жетіасарға Оңтүстік Орал атырабында жатқан Арқайым қалалары көбірек туыс сияқты. Осы ұқсастықтың сыры неде ? Өкінішке орай, қалалар тарихына қатысты көптеген сұрақтарға әлі жауап жоқ. Біз өзіміздің тарихымыздың ең қызықты қатпарларын археологияға тапсырып қол қусырып отырған адамға ұқсаймыз. Оған этностық тарих дәл бүгінгі күні аса қажет емес сияқты. Ең бастысы тарихтың барлық қыр-сырын қанша жерден қазса да материалдық мәдениет ашып бере алмайды. Қазақ­станның оңтүстігінде Сыр бассейніндегі көне қалалардың ішіндегі зерттелгендері Шірік Рабат пен Көк Мардан қалалары. Шірік Рабат Сырдарияның ескі арнасының бірі Жаңадарияның жағалауында орналасқан б.з.д. 6-5 ғғ.. Қызылордадан оңтүстік-батысқа қарай 300 км. Қызылқұм етегінде. Қаланың жалпы ауданы 51 га, ұзындығы 850 м, ені -600 м. Қала барлық жағынан екі қатар дуалмен және су толтырылған ормен қоршалған. Сақ-апасиақ­тардың мекені деп есептеледі. Көк Мардан – б.з. 4-5 ғғ. Арыс өзені бойында орналасқан, ол туралы да білікті зерттеулер жоқ. Соңғы кезде Торғай даласынан түсіріл­ген аэро­фотосуреттер арқылы табылған көне қала жұрт­тарын “Тургайская свастика”, “Шилийский квадрат”,  т.б. деп атап тарихқа қатысы жоқ адамдар игеріп жатыр деп естиміз. Бір ақшасы көп кәріс азаматы археологтарды жалдап қазғызып жатыр-мыс дейді елдің әңгімесі. Ғылыми жағынан келсек бізде тарихтың көне кезеңдерінің негізгі сұлбасы, заңдылықтары, ірі қозғалыс­тар зерттелмегендіктен әр жерді шұқып қазып жүргеннен еш нәтиже шығатын түрі жоқ. Бұл жерде зерттеудің жаңа бағыттары керек, ең алдымен тарихшы, этнограф, антрополог, тілші, геолог, гео­граф, ботаник, т.б. маман иелері қатысқан кешен­ді зерттеулер. Ескерткіштерді қам­қорлықта ұстауға тиісті жауапты шенеуніктердің де осы мәселені ескергені жөн. Екінші мәселе Ұлы меридио­налды жолдардың бойында Еуразияның ұлы даласын кестелеп жатқан сауда-керуен соқпақтарының бәрі де тыңғылықты зерттелуі керек. Тіпті алысқа бармай-ақ “Но­ғай­лы жолымен” Оралдан Жаркентке, “Сарысу жолымен” Ертістен Түркістанға түсетін соқпақтар нақты зерттелмей біз не Арқайым туралы, не Жетіасар туралы пікір айтуымыз қиын болады. Қай заманда болмасын қала сауда мен қолөнердің орталығы, тоғыз жолдың торабы, ал тарихшы осы жолдармен жүрмей ешқашан дала мен қала арасындағы, ел мен ел арасындағы, Арқайым мен Жетіасар арасындағы тамыры тереңге кеткен тарихты түсінбейді. Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғалым-жазушы. Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.