25 Қараша, 2010

Басқа басылымдардан

366 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ҮМІТ ҮНҚАТЫСУ АРҚЫЛЫ АҚТАЛУЫ ТИІС Ресей Федерациясының ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі Ануар Азимов саммиттің Қазақстан ұсынып отырған қорытынды құжатындағы басымдықтарды РФ-ның қолдайтынын жеткізді. – Астана саммиті, – дейді тұрақты өкіл, – егер де ЕҚЫҰ жұмысы күн тәртібінің болашаққа негізделіп, алдағы талай жылдарға арналған стратегиясын бекітсе, онда ол әлемдік қоғамдастықтың үмітін ақтағаны. Және сондай-ақ ол саммиттің басты идеясы – еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі ешқандай шекарамен бөлінбейтін біркелкі қауіпсіздікке жетудің маңыздылығына шек келтірмеумен қатар, осы іске серпін беру қажеттігін ұғынуда түсіністікке жету көңілдерге қуаныш әкеледі. Саммитте Қазақстан төрағалығы тұсында ЕҚЫҰ-да пайда болған оң үрдіс ресми деңгейде бекітіліп, Ұйымға мүше елдер қандай да бір кикілжіңде, қиын мәселелерде үнқатысу мүмкіндігін пайдаланудың маңызды екенін айқын ұғынады, деп ойлайды Тұрақты өкіл. * * * МЕРЗІМІНЕН ЕРТЕ ҚОНАДЫ Ресей ғарышкері Федор Юрчихин командирі болып табылатын құрамында америкалық ғарышкерлер – Шеннон Уолкер мен Дуглас Уилоком бар “Союз ТМА-19” ғарыш кемесі Астанада өткізілетін ЕҚЫҰ Саммитіне байланысты Жерге жоспарланған уақытынан бірнеше күн ерте оралатын болды. Бұл жайында агенттікке Ресейдің ғарыш саласының мамандары хабарлаған. 30 қарашада Жерге оралады деген ғарыш кемесі 26-сы күні келіп қонбақ. Ал ғарыш кемесінің бұлайша жоспарланған мерзімінен ерте қонуы Астана әуе кеңістігінің саммит өткізуге байланысты 30 қараша күндері барлық ұшақтарға, тікұшақтарға жабық болуына байланысты жүзеге асырылмақ. * * * КҮШЕЙТІЛГЕН НҰСҚАҒА КӨШТІ Саммит өтетін күндері өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау үшін Астанада 557 құтқарушы адамдар мен 95 техника және Төтенше жағдайлар министрлігінің 2 тікұшағы жұмыс істейтін болады. Министр Божко журналистерге Астана қаласында негізгі және қосымша құтқару қызметтерінің өздерінің жұмыстарын атқару үшін күшейтілген нұсқаға көшірілгенін айтты. * * * МАҢЫЗДЫ ФАКТОРЛАР БАРШЫЛЫҚ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Астанада өткізілетін саммиттің 11 жылдан кейінгі форум екенін айтып, оның болуына бірнеше фактордың әсер еткеніне тоқталды. Оның қатарында Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің Еуропаның қазіргі замандағы қауіпсіздігіне тексеру (ревизия) жүргізу мен еуропалық қауіпсіздік келісімі жайлы ұсыныстары да ықпалын тигізген. Бас хатшы маңызды фактор қатарына Қазақстан төрағалығын жатқызып, Президент Назарбаев Ұйымның маңызын көтеруде көп жұмыс атқарды, деп бағалады. * * * КЕЗДЕСУЛЕРДІҢ ЖИІЛЕГЕНІ ЖАҚСЫ Армения Таулы Қарабақ мәселе­сін­дегі Ресейдің араағайындығына разы­лы­ғын білдіреді, деді осы елдің Пре­зиденті Серж Саргсян Кремльде Ресей басшысы Дмитрий Медведевпен кездесуі барысында. Жақын арада Астана Саммитінде осы мәселе бойынша шешім алынады деп үміттенеміз дегеннен соң әрі қарайғы кездесу журналистерге жабық болды. Жалпы, осы бір созылмалы сырқат – Таулы Қарабақ дауы бойынша келіссөздер жүргізілуі соңғы уақытта жиіледі. 2 жылдың ішінде Ресей, Әзірбайжан, Армения қатысуымен үшжақты кездесулер 7 рет өткізілді. Биылғы күзде Астрахань қаласында өткен кездесу аясында екі ортада тұтқындар алмасу жайында келісімге қол жетті. * * * СЫНДАРЛЫ ЖҰМЫСҚА ШАҚЫРДЫ Әзірбайжандық АПА агенттігінің хабарлауынша, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ұйымның Тұрақты кеңесінің отырысында барлық мүше мемлекеттерді саммитте қабылданар қорытынды құжатты дайындауда сындарлы жұмысқа шақырды. Іс басындағы төраға 11 жылдан кейін өткізілгелі тұрған саммиттің маңызына тоқталып, қорытынды құжатта ЕҚЫҰ-ның болашақтағы әлеуетін арттыру, түрлі кикілжіңдердің алдын алу мен олардың шешімін іздеу жолдары көрініс табуы керектігін атап көрсетті. РИА Новости-дің хабарлауынша, Мәскеуде журналистерге арналған баспасөз мәслихатында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Астанада 1-2 желтоқсан күндері болатын саммитте созылмалы кикілжіңдер, оның ішінде Қап тауындағы мәселелер де көтерілетінін көлденең тартты. Ал “REGNUM” Ақпарат агенттігі соңғы кездері Таулы Қарабақ мәселесін бейбіт жолмен шешуді қарастыратын ЕҚЫҰ-да арнайы құрылған Минск тобының жұмысы жанданғанын хабарлады. * * * ТЕҢГЕРІМДІ БОЛҒАНЫ ҰТЫМДЫ Астанада жақын арада жұмысын бастайтын саммит Еуропадағы қауіпсіз­дік және ынтымақтастық ұйымының бірлігін нығайтып, өзара сенімді күшейтуге көмектеседі. Бұл Ұйымда соңғы жылдары жетімсіздігі сезілген мәселе болатын. ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысында Ұйымның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ қауымдастығы саммитке келетін мемлекет және үкімет басшыларынан қауіпсіздікті нығайтуда Ванкувер және Владивосток арасындағы кеңістікте ынтымақтастық орнату ісінде бірауыздылық танытып Ұйым қызметіне серпін берілуін күтеді, деді. Сондай-ақ Іс басындағы төраға Қазақстан төрағалығы саммиттің қорытынды құжатының Ұйымға мүше елдердің барлығының пікірлері ескеріліп, теңгерімді болғанын қалайтынын жеткізді.