Украина 2013 жылғы ЕҚЫҰ төрағалығына сайланды
2013 жылы Украина Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық ететін болады. Мұндай шешімді ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекеттің сыртқы істер министрлері консенсус негізінде “тыныштық рәсімі” арқылы қабылдады.
ЕҚЫҰ-да қалыптасқан дәстүрге сәйкес, болашақ төрағалық туралы шешім төрағалық басталуына екі жыл қалған кезде қабылданады. Еске сала кетейік, Қазақстаннан кейін ЕҚЫҰ-ға 2011 жылы Литва, ал 2012 жылы Ирландия басшылық етеді. Енді, міне, 2013 жылдың төрағалығы белгілі болды.
“Украинаны ЕҚЫҰ-ға 2013 жылы төрағалық ететін жоғары лауазымға сайлануына орай шын жүректен құттықтаймын. Біздің украиналық әріптестеріміз бен достарымызға осынау жауапты миссияны атқаруда табыс және алдындағы болған төрағалардың жаңа геосаяси шындық жағдайында ЕҚЫҰ-ны нығайтып дамыту бойынша күш-жігерін лайықты жалғастыруды тілейміз”, – деп мәлімдеді Ұйымның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев.
“Осы бағыттағы ерекше маңызды шара санаулы күннен кейін өткізілетін ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті болуы тиіс. Жоғары деңгейдегі бұл кездесу кезінде нағыз тарихи шешімдерді жасап шығару бойынша біздің барлық әріптестеріміздің жемісті жұмысын асыға күтеміз”, – деді Қ.Саудабаев.
Төрағалық туралы шешімге қол жеткізу үшін Украинаның қыруар күш-жігер жұмсап, сан кездесулер мен консультациялар өткізгенін атап өткен жөн. Шешімнің Қазақстан төрағалық еткен жылда қабылданғаны да көрнекті жәйт. Еліміз Украина бастамасын қолдаған алғашқы елдердің бірі болды. Биылғы жылы Іс басындағы төраға Қ.Саудабаев Киевке жасаған ресми сапары кезінде баспасөз өкілдеріне жауабында Қазақстанның Украинаның төрағалыққа сайлануын толығымен қолдайтынын ашық мәлімдеген болатын. Бұдан кейін, маусым айында Украина сыртқы істер министрі Константин Грищенко ЕҚЫҰ-ның Венадағы штаб-пәтеріне сапар жасап, Тұрақты кеңесте өз елінің Ұйымға төрағалық ету үміті мен ұстанатын саясаты туралы мәлімдеме жасаған болатын. Енді, міне, еліміздің стратегиялық әріптесі әрі жақын досы Украина Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ішінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін екінші мемлекет болып сайланды.
Аталған “тыныштық рәсімі” министрлерге іс жүзінде кездеспей, шешім жобасын қарастырып, қабылдауға мүмкіндік береді. Толықтыруы немесе ескертпесі бар министр оны жазбаша түрде немесе өкілі арқылы Іс басындағы төрағалыққа жеткізеді. Ал белгіленген мерзім ішінде ешкім қарсылық білдірмеген жағдайда шешім күшіне енеді. Биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде саммиті өтетіндіктен, Ұйым сыртқы істер министрлері ресми мәжіліске жиналмайтын болды. Сондықтан да қажетті шешімдер осындай “тыныштық рәсімі” арқылы қабылданды”. Еске сала кетейік, нақ осылайша, “тыныштық рәсімі” арқылы екіжақты және көпжақты кеңестердің нәтижесінде тамыз айында ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің Астанада 1-2 желтоқсан күні ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы шешімі қабылданған болатын.
Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, “Егемен Қазақстан” – Венадан.