Кеше Астанада ЕҚЫҰ Шолу конференциясы аясында Ұйымның үшінші себеті – адами өлшемдерге арналған басқосу, яғни азаматтық қоғам мәслихаты да болып өтті. Үнемі жинала бермейтін Азаматтық қоғам өкілдері Астанадағы кездесулерін осындай, тағы бір шара жасаумен тиімді өткізуге тырысқандары көрініп тұрды. Оған үкіметтік ұйымдар, қазақстандық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, белгілі құқық қорғаушылар, т.б. қатысты.
Конференция жұмысын Азаматтық қатысудың бүкіләлемдік альянсынан келген Соня Зильберман ашып, жүргізіп отырды. Ол конференцияға 120-дай адамның қатысып отырғанын, осының өзі оған деген қызығушылықтың үлкен екендігін көрсететінін атап өтті.
Жиын өз жұмысын жуырда АҚШ-та көз жұмған, кейбіреулердің пікірінше, шаршамайтын құқық қорғаушы саналып келген Абдыманоп Пулатовты үнсіз еске алудан бастады. Оның қандай істер жасағанын көпшілік біле бермесе де модератордың тілегімен тегіс орындарынан тұрып, марқұмның рухын үнсіз еске түсірді. Содан кейін Соня Зильберман алғашқы құттықтау сөзді Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосыноваға берді. Шешен бұл жиынның кешегі Шолу конференциясында айтылған мәселелерді жандандырып, ЕҚЫҰ үшінші себеті жұмыстарының белсендірек болуына тиімді әсер ететініне үміттенетінін білдірді және Қазақстанның ҮЕҰ-лары атқарып жатқан кейбір істерге тоқталды. Одан әрі, Қазақстан ҮЕҰ жұмыстарын қолдап, оның дамуына үлкен көмектер жасап отыр, дей келіп, Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтардың бір парасын айтып берді. Қазақстан ҮЕҰ-лардың халықаралық ынтымақтастығының дами беруіне де барлық жағдайларды жасап отыр, деді ол.
Үзілістен кейін конференция өз жұмысын сессияларда жалғастырды. Алғашқы сессия “Іргелі бостандық мәселелерін талқылау және адамгершілік өлшемдерін жетілдіру бойынша ЕҚЫҰ-ға ұсыныстар жасау” деп аталды. Оның жұмысын Грузия университетінің профессоры Олег Панфилов жүргізіп отырды. Екінші сессия бұрынғы Кеңес Одағы республикалары орнында пайда болған мемлекеттердегі жағдайды саралауға арналды.
Біз конференция үзілістерінің кезінде Президенттің кеңесшісі, бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевқа микрофон ұсынып, оның конференция жәйлі пікірін білген едік.
– Мұндай жиынның өтіп жатқандығының ешқандай оғаштығы жоқ. Оның өтуін қолдауымыздың өзі біздің елдің барынша ашық ел екенін көрсетеді. ҮЕҰ-лар – кез келген демократиялық қоғамның ажырамас үш бөлігінің бірі, сондықтан оларға үлкен құрметпен қарап, қолдап отыруымыз керек, – деді ол. Одан әрі Е.Ертісбаев өзінің министр болып жүргенде бұл қозғалысты қатты қолдағанын, бүгінгі жиында солардың арасынан өзіне жақсы таныс адамдардың көбін көргенін ауызға алды. “Мәселен, мен бүгін 15-20 жыл бойы құқық қорғаушылықпен айналысып келе жатқан кейбір жандарды да көрдім. Әрбір мемлекеттің ең үлкен байлығы адамдар, ал олардың әртүрлі азаматтық позицияда болуы заңды. Меніңше, ҮЕҰ-лардың ЕҚЫҰ-мен байланысы тығыз болғандығы дұрыс. Дамыған азаматтық қоғам орнату үшін ұлттық билік пен ҮЕҰ арасындағы ынтымақтастық та берік болмағы керек. Сондықтан өз басым мені осы жиынға шақырғанда оған қатысу үшін еш ойланбастан келдім”, деді Е.Ертісбаев.
Сөйтіп, ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті қарсаңында Шолу конференциясы шеңберінде тағы да бір үлкен жиын ұйымдастырылды.