6.10.2010 ж. Астана қ
Пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге, сондай-ақ бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер жүргізу жөніндегі жұмыс тобы және оның құрамы туралы ережені бекіту туралы
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 57-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге, сондай-ақ бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер жүргізу жөніндегі жұмыс тобы және оның құрамы туралы ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің Жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар және өнім бөлу туралы келісімдер департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізуді және оны бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен соң күшіне енеді.
Министр С. Мыңбаев
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2010 жылғы 6 қазандағы № 347 бұйрығымен бекітілген
Пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер жүргізу жөніндегі жұмыс тобы және оның құрамы туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге, сондай-ақ бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер жүргізу жөніндегі жұмыс тобы және оның құрамы туралы осы ереже көмірсутегі шикізатын барлау мен өндіруге, сондай-ақ бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге тікелей келіссөздер жүргізу жөніндегі жұмыс тобының (бұдан әрі – Жұмыс тобы) қызметін реттейді.
2. Жұмыс тобы қызметiнің құқықтық негізін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңы, өзге нормативтiк құқықтық актілер, сонымен қатар осы Ереже құрайды.
3. Жұмыс тобы қызметінің негізгі мақсаты болып көмірсутегі шикізатын барлау, өндіру, бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге тікелей келіссөздер жүргізу және оның қорытындысы бойынша шешім қабылдау болып табылады.
4. Жұмыс тобының құрамы Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің немесе оның орнын басатын тұлғаның бұйрығымен бекітіледі.
5. Құзыретті органның тікелей келіссөздердің қорытындылары бойынша шешімі тікелей келіссөздердің хаттамасымен ресімделеді, оған Жұмыс тобының барлық қатысушы мүшелері қол қояды.
2. Жұмыс тобының міндеттері мен функциялары
6. Жұмыс тобының міндеттері:
1) көмірсутегі шикізатын барлау мен өндіруге, сонымен қатар бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға өтінішті қарау және бағалау;
2) көмірсутегі шикізатын барлау мен өндіруге, сонымен қатар бірлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын берудің негізгі шарттарын анықтау.
7. Жұмыс тобының функциялары:
1) тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын алуға өтініштерді уақытылы және сапалы қарауды қамтамасыз ету;
2) тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін ұсынылған өтініштерді объективті және жан-жақты бағалау;
3) тікелей келіссөздер қорытындылары бойынша шешім қабылдау.
3. Жұмыс тобының жұмысын ұйымдастыру
8. Жұмыс тобы:
1) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауызымды адамдардан және азаматтардан өз функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпараттарды сұратады және алады;
2) Жұмыс тобының мүшелерiн мәжiлiстерге шақырады және тыңдайды;
3) тікелей келіссөздердің қорытындылары бойынша шешім қабылдайды;
4) орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдармен, ұйымдармен бірлесіп әрекет етеді, сондай-ақ жұмыс тобының міндеттерін іске асыру мақсатында жұмысқа мамандар мен сарапшыларды тарта алады.
9. Жұмыс тобын төраға басқарады.
Жұмыс тобының төрағасы - құзыретті органның басшысы болып табылады.
Жұмыс тобының төрағасы оның қызметін басқарады, мәжілістер өткізеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерін іске асыру барысына жалпы бақылау жүргізеді. Жұмыс тобының төрағасы болмаған кезде оның функцияларын Жұмыс тобы төрағасының орынбасары атқарады.
Жұмыс тобының хатшысы Жұмыс тобының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жүйелейді, жұмыс тобы мәжілістерінің хаттамаларын әзірлейді.
10. Жұмыс тобының жұмыс органы Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің Жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар және өнім бөлу туралы келісімдер департаменті болып табылады.
11. Құзыретті орган өтініш берушіні тікелей келіссөздер өткізілетін күн туралы хабардар етеді. Тікелей келіссөздер өтінім келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі. Тікелей келіссөздер өткізу мерзімі құзыретті органның шешімімен ұзартылады.
12. Жұмыс тобының мәжiлiстерi қажеттiлiгiне қарай өткiзiледi және оған жұмыс тобы мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, заңды деп саналады.
13. Жұмыс тобының шешімі қатысушы мүшелердің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Жұмыс тобының мүшелері шешім қабылдау барысында тең дауыстарға ие. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.
14. Жұмыс тобы мәжілісінің қорытындысы бойынша хаттама рәсімделеді, оған Жұмыс тобына қатысқан барлық мүшелер қол қояды.
15. Жұмыс тобының қызметін ұйымдастыру, іс қағаздарын жүргізу, материалдарды жинау және сақтауды жұмыс органы жүзеге асырады.
16. Жұмыс тобы Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің бұйрығымен құрылады және таратылады.