Нақ ертең, сәрсенбінің сәтті күні еліміздің қонақжай төрі бүкіләлемдік державалар мен халықаралық қоғамдастықтар, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер үшін айқара ашылмақ. Сөйтіп, бұдан он бір жыл бұрын өткен Ыстамбұл форумының сабақтасқан жалғасындай болып Жетінші Астана Саммитінің өз жұмысын бастауы бүкіл қазақстандықтармен бірге, біздің талғарлықтарды да ерекше мерейлендіріп, үлкен қуанышқа бөлеуде. Елордамыз тағы да бітімгершілік идеялар мен тағдыршешті ой-жоспарларды тербетіп тудырар алтын бесіктей бейбітшілік пен ізгілікті іске асыру мақсатын көздеген әртүрлі саяси көзқарастар өкілдерін өз төңірегіне топтастырып, біріктіре түспек.
Астана әлемдік өркениеттер тартылысының кіндігі сынды үнқатысу алаңына айналып, барлық әлемдік жалаулар байтағымыздың көгінде асқақтай желбіреуде. Мұның өзі еліміздің, ең алдымен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың абырой-беделінің жарқын көрінісі. Қазақстанның табыстары алпыстан астам әлемдік көшбасшыларды ЕҚЫҰ мұраттары мен міндеттерінің төңірегіне біріктіре алған Елбасы тұлғасымен ажырамас байланыста. Осы орайда Ұлт Көшбасшысы, әріден толғайтын кең ауқымды сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев республикамызды бұрын болмаған биік деңгейге көтеріп, барлық елдер Қазақстанды Орталық Азия республикаларының ішіндегі ең ілгері кеткен озық ел, халықаралық қатынастардың тең құқықты әрі әділетшіл субъектісі деп есептейтін болды.
2010 жыл біздің Талғар өңірі үшін де мәнді оқиғалармен дараланған толымды жыл болуда. Өйткені, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің алдын ала кездесулері біздің аудан аумағындағы, Іле Алатауы баурайындағы “Ақбұлақ” спорттық-сауықтыру кешенінде өткені мәлім. Нақ осы арада биылғы жылдың шілдесінде табиғаттың тамаша қойнауына әлемнің 56 елінің өкілдері ЕҚЫҰ Мемлекеттері басшыларының Жетінші Саммитін өткізу жөнінде мәселе талқылап, ел үшін тағдыршешті шешім қабылдау үшін жиналған болатын. Сол кезде Алматы қаласы мен Алматы облысына келген барлық елдердің мәртебелі министрлері талқыланған мәселелер бойынша, соның ішінде алдағы саммиттің өткізілер орны мен уақытын белгілеп бекіту туралы пікірлері үйлесіп, мырза пейілге ырза көңілмен аттанған еді.
Бұған қасиетті Талғар өңірінің көрікті табиғаты, тұнық ауасы, кәусар суы, адами риясыздығы, үнқатысудың үлгілі өткізілуі де септігін тигізбей қалмаған болар деп ойлаймын. Сөйтіп, осының бәрі алқалы жиынның ақтығында толымды мәуесін беріп, саяси ауқымды шараны өткізу орайындағы біздің еліміздің мерейін үстем еткен-ді. Мен саясаткер болмасам да, еліміздің әлемдегі тұрақтылықты сақтау, демократияның тереңдей түсуі жолындағы қажырлы еңбегін жан-жүрегіммен сезінемін. Адамзаттың ортақ құндылықтары мәселелері бойынша саяси үнқатысуды біздің еліміздің жолға қоюы бір жағынан мақтанышқа бөлейді. Қақтығыстардың алдын алу және реттестіру, қауіпсіздікті бірінші кезекке шығару арқылы еліміздің бейбітсүйгіштігі, ізгілікті саясаты әлемге таныла түсті.
Астана Саммиті алмағайып әлемдегі ЕҚЫҰ-ның орны мен рөліне жаңа көзқарас философиясын орнықтырып, соның өзі Ұйымға қатысушы барлық елдер үшін құндылықтың бір бағдарына айналатындығына сенім зор. Қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстандағы ахуал, толеранттылық тақырыбы саммитті мазмұнды ете түспек. Адамдық өлшемдер күн тәртібіндегі өзекті тақырып болып отырғандығы да ғажап. Соның аясындағы гуманитарлық өлшемдер жөніндегі бірінші қосымша кеңес гендерлік тепе-теңдіктің ілгерілеуіне, әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге қатысу мәселесіне арналмақ. Сондай-ақ Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының әйелдердің мемлекеттік құрылымдарға қатысуын ұлғайту жөніндегі бағдарламасына демеушілік етуі де аса құптарлық жәйт.
Біздің еліміз мемлекеттік дамудың іргетасы ретінде тұрақтылық пен өркендеу үлгісін танытуда. Осы тұрақтылықты бекітіп нығайтуда өзінің жағрафиялық орналасуы һәм геосаяси ілкімділігімен басымдыққа ие болып отырған біздің өңіріміз де елеулі рөл атқаруда деп айта аламыз. Оңтүстік астананың айнымас серігі деп есептелетін Талғар өңірінде Елбасының халыққа Жолдауында айтылған міндеттері орайымен іске асырылуда, сыртқы және ішкі саясаттың тұрақтылығын нығайтуға бағытталған қадамдар бірауыздан қолдау табуда.
Ауданымыз қуатты стратегиялық және инвестициялық әлеуетке ие, көркем табиғаты туристік бизнес үшін де тартымды. Жақында оның аумағынан Қытайға қарай газ құбыры және Жетіген-Қорғас жаңа темір жол тармағы өтпек. Көз жауын алған Мұз сарайымен қоса, “Ақбұлақ” тау шаңғысы демалыс кешенінің бітімі бірегей дей аламыз. Алдағы Азиадаға дайындық аясында шаңғы-биатлон кешені қатарға қосылуда. Көп ұзамай Әскери кадет корпусы пайдалануға берілмекші. Түрік-қазақ лицейінің бірінші тасы қаланды, заманауи медициналық стационар тұрғызылуда, елді мекендерді түгел қамтитын газдандыру басталды.
Иә, біз татулық пен тыныштық, өзара сыйластық пен түсіністік қанат жайған қасиетті мекенде өмір сүрудеміз. Осы ретте еліміздің саяси мәртебесінің әлемдік деңгейде танылуы жасампаздық табыстарымыздың гүлтәжіндей болып көрінеді дер едім. ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың мұндайлық толымды мәреге жетуі мерейлендіреді. Отанымыздың осыншалық мәртебелі халықаралық Ұйымға басшылық етуі бәріміз үшін бақыт.
Биылғы жыл да мәреге таяп қалды. Оның сәтті аяқталуы бір жағынан Қазақстан төрағалығының сәттілігіне байланысты деп сеніммен айтуға болады. Игіліктер көбейіп, ұзақ мерзімге арналған жақсы жоралғылар молая түскендігі қуантады. Астана Саммитінен күтер үмітіміз де көп. Бұл саммит Қазақстан төрағалығының Талғардай биік шыңы болғалы тұрғаны да рас. Содан тараған шуақты сезімдер, парасатты пайымдар біздің Талғар ауданындағы қалың қауымның жүрегіне нұр болып ұялары сөзсіз. Бұл жағдай талғарлықтардың да тасы ілгері өрлеуіне, оң өзгерістерге ұмтылуына шарапатын тигізері анық. Демек, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және бейбітшілікті сақтауға талғарлықтар да өз үлесін қоса бермек. Олар үшін ЕҚЫҰ мен Қазақстан ұғымдары жаңа көкжиектер, жаңа мүмкіндіктер деген сөз. Олай болса, Астана Саммитіне Талғар шыңындай толағай табыс тілеуіміз орынды болмақ деп білемін.
Талғат ӨМІРӘЛИЕВ, Талғар ауданының әкімі.
Алматы облысы.