01 Желтоқсан, 2010

Ауа райы қандай болады?

645 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай, Қыс­тың басы бірі ерте, біреуі жәй», деп данышпан Абай айтпақшы, биылғы жыл мезгілі – майтоңғысыз нағыз қоңыр күздің өзі болып тұр. Құс қайырғандай қазанда бір соғып өтетін бұрқасын көзден бұлбұл ұшты. Жер-Ананы тоң құрсауға ала қойған жоқ. Оқтын-оқтын сіркіреп Алланың нұры жауады. Бұл топыраққа нәр болып құйылып, қар бір жауып жамылғы түскен соң, алдағы жылы көктер желекті бусандырып, құт-берекеге кенелтпек. Осындай қоңыр күз қыспен ұштасқан тұста төрткүл дүние көз салып, құлақ тігіп, көңіл аударып отырған Қазақ елінің астанасында өтетін Саммит күні ауа райы қалай болар екен деген сұрақ кімді де болса мазалары анық. «Бәрін айт та бірін айт – сөздің тұрар жерін айт» (А.Байтұрсынұлы), деп әлемнің әр өңірінен қаумалай келіп, келелі мәселелерді саммитте ақыл мен парасатқа жүгініп шешуге бел байлаған қыстың алғашқы күндері Астананың көк жүзінде қандай өзгерістер болады деген сауалымызға «Қазгидромет» РМК қызметкерлерінің берген жауабын қалың жұрттың назарына сала кетсек дейміз. Әрине, мал мен жанға  қолайлы болған күздің қысқа жалғасқан алғашқы күндері, яғни  30 қарашадан басталатын солтүстікбатыстан соғатын жел үдеп, ауаның температурасы түнде 12 градусқа дейін төмендесе, күндіз 7 градус суықты көрсетеді. Ал 1 желтоқсан күні Астана аспаны бұлтты болып, күндіз жауын-шашын түсіп, оның соңы тұманға, көктайғаққа айналады. Шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады. Оның күші 9-4, екпіні 18-23 м/с болады. Ал температура түнде 2... 7 аязды, күндіз 0... 5 аязды көрсетеді. 2 желтоқсан күні көк жүзін бұлт торлап, қар ұшқындап арты бұрқасынға ұласады. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-батыс бағытқа ойысып, оның күші 9-14, екпіні 18-23 м/с жетеді. Ауаның температурасы түнде 5-10 градус аязды көрсетсе, кешке қарай ол 13-18 градусқа дейін төмендейді. Сөйтіп, саммит кезінде Арқа төсіндегі ауа райы қонақтарға қоңыржай күздің қысқа ұласқан алғашқы қары мен боранын көрсетіп, жыл мезгілінің уақыты жеткенін дәйектейді. Отанымыздың абыройын асырып, мерейін өсіретін саммит тұсында «Қазгидромет» РМК кәсіпорны қызметкерлері қараша мен желтоқсанда күшейтілген режімде жұмыс істеп жатқанын айта кетуді парыз санаймыз.