01 Желтоқсан, 2010

Жоғарғы комиссардың жосықты әңгімесі

426 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Саммиттің Халықаралық баспасөз орта­лығында ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебектің журналистермен кездесуі алдын-ала белгіленген уақытынан кешігіп басталды. Сөзін ұшақтың кешігіп қонуына байланысты баспасөз мәслихатына кешігіп келгеніне кешірім сұраудан бастаған Жоғарғы комиссар келесі кезекте осыдан 11 жыл бұрын саммит өткенде төраға бол­ғандығын алға тартты. Және 56 мемлекет басшы­ларының жиылуы ЕҚЫҰ аясындағы басты қағидат­тардың – ынтымақтастық пен қауіпсіздік мәселе­лері­нің бүгінгі күні қандай маңызды екендігін көрсетеді, деді. Ал Ұйымның төрағалығын Қазақ­станның ат­қаруы­ның, ЕҚЫҰ Саммитінің бұрынғы кеңестік кеңістік шеңберінен шыққан елде өткізілуінің өзі бүгінгі дәуір үшін нышандық мәні бар мәселе. Осы­лай деген Кнут Воллебек өз мандаты турасына да тоқтала кетті. ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары қызметі 1999 жылы ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу мақсатында құрылыпты. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалардың ошақтары ЕҚЫҰ кеңістігінде баршылық. Ал Қазақстанға келсек, мұнда ұлтаралық, дінаралық толеранттылық деңгейі жоғары. «Осы жетістікпен мен Қазақстанды, ел басшылығын құттықтағым келеді. Бұл, әсіресе, көп тілді мектептердің жұмысында жақсырақ көрінеді», деді. Кнут Воллебек айтса айтқандай, ұлт мектеп­терінің жоқтығын, тіпті барларының өзі жабылып қалуының мысалын көптеп келтіруге болады. Қытайда, Өзбекстанда қазақ мектептерінің саны қысқарып, жабылып жатса, көрші Ресейде тұратын қазақтар үшін ұлт мектебі орындалмас армандай. Жоғарғы комиссар Қазақстанның осы тәжірибе­сін өзге аймақтарға таратудың маңызы зор дегенде, ойымызға шетелдердегі бауырларымыз оралған. Мұнан соң Кнут Воллебек Қырғызстандағы жағдайға тоқталды. «Бұл елдегі ахуал әлемдік қоғамдастықты ойландырып отыр. Мен осы елде 5 рет болдым, соңғы рет осыдан екі апта бұрын барып қайттым. Таяуда Ошта болған кезімде ондағы жағдайдың алаңдатарлықтай екендігін байқадым. Менің пайымдауымша, Президент Роза Отунбаева бұл тұрғыда оңтайлы шараларды қарастырып отыр. Алайда, жағдай тек Отунбаеваға тікелей байланысты болмауы мүмкін, негізгі мәселе жергілікті жерлердегі шешімдерге қатысты», – деген ол осы жерде оң іске Қырғызстандағы бұқаралық ақпарат құралдарын­дағы әсіреұлтшыл жарияланымдардың тигізетін кері әсерін де тіліне тиек етті. Бәріміз жақсы білеміз, Қазақстанда көптеген этностар тұрып жатыр. Олардың ішінде саны жағынан қарасы көптері қайсылары екені де жақсы мәлім. Олардың бәрі үшін де білім беру орталықтары мен мектептері ашылған. Қазіргі кезде біз Қазақстан Үкіметімен білім беру жүйесін күшейтіп, мемлекеттік тілді дамыту жолында бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Осы орайда айта кетер жәйт, Қазақ­стандағы өзге ұлттар осы елдің мемлекеттік тілін меңгерулері тиіс. Себебі, тек мемлекеттік тілді меңгеру арқылы ғана олар қазақстандық қоғамның толыққанды мүшесі атанып, қоғамдық өмірге белсене араласа алады, – деді сөзінің соңында К.Воллебек.