01 Желтоқсан, 2010

Үнқатысулар арқылы реттеуге болады

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Өнер ұлттық институтындағы баспасөз орталығында шетелдік және отандық журналис­тердің қатысуымен әртүрлі тақырыпта бес брифинг өтті. Соның бірі ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо өткізген брифинг болды. Ұйымның Бас хатшысы жоғары деңгейдегі Астана Саммитінің ашылуына бір тәуліктен де аз уақыт қалғанын, өткен төрт-бес күн ішінде болған жиындар барысында қол жеткізілген мәселелердің аз еместігін айта келіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірегей ұйым болып табылатын ЕҚЫҰ-ның қызметі мен міндеттеріне тоқталды. – ЕҚЫҰ қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететін бірден-бір ұйым, – деді Марк Перрен де Бришамбо осы жайында. – Қызметі ұйымның үш өлшеміндегі міндеттемелерінде көрсе­тіл­ген жалпыға ортақ құндылықтарды қалыптас­тыру­ға негізделген және аса ауқымды кеңістікті қамтыған мұндай ұйым өте сирек. Ұйымға қатысушы елдердің мемлекеттер және үкіметтер басшылары Астана Сам­митінде қарастыратын құжаттарды әзірлеуге ЕҚЫҰ-ның құрылымдық институттары белсене қатысты. Олар күні-түні жұмыс істеді, талдады, зерттеді. Алғашқы сұрақтарды Әзірбайжан телеарнасы­ның тілшісі мен грузин журналисі ретіне қарай Таулы Қарабақ проблемасына және Ресей мен Грузия арасындағы түсініспеушілікке қатысты қойған болатын. Марк Перрен де Бришамбоның жауабына қарағанда,  Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ проблемасын реттеуге байланысты Минск тобы жұмыс істеп жатыр. Ұзаққа созылған бұл күрделі мәселеге ЕҚЫҰ-дан басқа халықаралық ұйымдар араласып, проблеманы шешуді қолға алатын болса, ұйым оған қолдау білдіреді. Өйткені, ЕҚЫҰ – қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететін ұйым болып табылады. Ал Бас хатшы Ресей мен Грузия арасындағы жағдай аса өзекті проблеманың бірі екендігін атады. «Караван» газетінің тілшісі Ауғанстанды саяси жағынан тұрақтандыру туралы сұрақ қойған болатын. Бұған М.П. де Бришамбо Ауғанстанды тұрақ­тандырып, онда бейбітшілік орнатуға ЕҚЫҰ тарапынан нақты іс-шаралар қолға алынып жат­қанын, осының негізінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Ауғанстан президентімен кездескенін, Қазақстан ұйым төрағасы ретінде ауғандық жас­тарды қазақстандық жоғары оқу орындарында оқы­туға қомақты қаржы бөлгенін, Ауғанстанның бола­шағы сол елдің халқының өз қолында екенін айтып, осы негізде жауап қайтарды. Бас хатшы, сондай-ақ Астана Саммитінде Ауғанстанды тұрақтандыруға ерекше назар аударылатынын да атап өтті. Брифингте Приднестровье проблемасын реттеуге, ЕҚЫҰ-ны реформалауға байланысты да сұрақтар қойылды.