01 Желтоқсан, 2010

Түйінді тарқату талқылаудан басталады

444 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Саммит өтетін Тәуелсіздік сарайы ғимаратында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бюро отрысы болып өтті. Грекия Парламентінің депута­ты Петрос Эфтимиу 2010 жыл­дың шілдесінде Ос­лода өт­кен ЕҚЫҰ Парла­мент­тік Ассамблеясының жыл сай­­­ынғы сессиясы нәти­же­­сінде осы құ­ры­лым­ның президенті болып сайланды. Бұған дейін бұл лауа­зымды қызметті пор­ту­га­лиялық Жоао Соа­реш атқарған-ды. Қазір ол – ПА-ның Құрметті төр­ағасы. Бүгінде Қ.Тоқаев (Қа­зақстан), В.Гроссрук (Авс­трия), П.Крис­т­мас Меллер (Дания), Ж.Гар­детто (Мо­нако), О.Билорус (Ук­раина), Б.Кардин (АҚШ), Р.Милиори (Ита­лия), А.Коз­ловский (Ресей) және И.Посуэло (Испания) ЕҚЫҰ ПА Төрағасының орынбасарлары бо­лып табылады. Ал Бюроның оты­рысын өткізу Төрағаның шақыр­туымен немесе мүшелерінің үш­тен екісінің дауысымен шешіледі. Отырыс барысында Ұйымның Іс басындағы төрағасы, Қазақ­стан­ның Мемлекеттік хатшысы –Сырт­қы істер министрі Қанат Сауда­баев Бюроға қатысты бірқатар мә­­селеге назар аударды. Содан кейін ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­­блея­сының қазынашысы Роберто Бат­тел­ли мен Парла­менттік Ассам­блея­ның бас хат­шысы Спенсер Оливердің баян­дамалары тың­далды. Сонымен, ЕҚЫҰ ПА Бюро оты­рысында Ұйымның 7-ші Сам­ми­тіне Ассамблеядан деле­гация­ның қатысу барысы тура­лы ақ­па­рат жан-жақты пысықталды. Жи­ыр­мадан астам ел өкілдері қатыс­қан басқосуда осы құ­рылымның қызметі қоры­тын­ды­ланып, парла­ментшілердің сай­лауларды бай­қау жөніндегі мис­сияларға қа­тысуы талқыға са­лынды. Осы орайда, Қыр­ғыз­стандағы жағдай да әң­гіме етілді. Сонымен қатар, Ас­сам­блея жұмысына қатысты бір­қа­тар баяндамалар тыңдалып, олар бойынша пікір алмасулар жүрді. Бюрода 2011 жылы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының отырыстарына дайындық бағы­тын­дағы іс-әрекеттер жайы да назардан тыс қалған жоқ. Одан белгілі болғанындай, ПА-ның қысқы отырысы келесі жылдың 24-25 ақ­па­ны күндері Вена қаласында (Авс­трия) өтеді деп күтілуде. Ал Бюро отырысы Да­нияның астана­сы – Копенгаген қаласында келесі жыл­дың 11 сәуірінде ұй­ым­­­­дас­­ты­рылмақ. Бюро отырысы Ұйымды да­мытудың жаңа үлгілерін алға жыл­жытуда, басым­дық­тарды белгілеуде маңызды оқиға болып табылады. Біз жи­ынға қатысқан бірнеше адамды сөзге тартқан едік. ЕҚЫҰ ПА Төрағасының орын­басары Александр Коз­лов­ский (Ресей) Қазақ­станның төр­аға­лығы жо­ғары дең­гейде өткен­дігін, көптеген құнды идеялар мен бастамалар көте­рілгенін көл­де­нең тартты. Одан кейін бұ­қа­ралық ақпарат құрал­да­ры өкіл­де­рінің алдына шық­қан ЕҚЫҰ ПА Құр­метті төр­ағасы Жоао Соа­реш елі­міздің іс-әрекеттерін бай­қау төрағалық басталмай жатып жүр­гізіл­гендігін, ал төрағалық кәсіби деңгейде ұласқан­дығын сөз етті. Әсіресе, осы жерде вице-президент Қасым-Жо­март Тоқаев­тың рөлі ерекше аталды. Осыдан бір жыл бұрын Құрметті төраға Қа­зақ­стан Пре­зидентімен және Іс басындағы төраға, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездескендігін, сол кездің өзінде Астана Сам­митін өткізу идеясын қолда­ған­дық­тарын еске алды. Бюро отырысында ЕҚЫҰ ПА Төрағасы өз атынан арнайы мә­лім­деме жасады. Қазақстан өзінің төрағалығы барысында Ұйымға деген сенімді арттыр­ғандығын тіл­ге тиек еткен ол елі­міздің ЕҚЫҰ кеңістігіндегі үн­қатысуды әрі қарай жылжы­туға үлкен үлес қосқан­дығын ерекше атады. Әсіресе, Шығыс пен Батыс ара­сындағы қарым-қатынастарды орнықтыруда Қазақстан жеке араағайындық жасай отырып, төраға ел ретінде тиімді басқаруды қамтамасыз ете білді.